Өлең, жыр, ақындар

Бетбұрыс

Туған жер қай перзентіне ыстық емес, жұрттың бәрі секілді біз де өзіміз туып-өскен өлкенің, кір жуып, кіндік кескен өңірдің түрлене түлеп, гүлдене түсуін тілейміз. Тілеп қана қоймай, қолымыздан келгенше соған септігімізді тигізіп, қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы болса да қол ұшын беріп қалғымыз келіп тұрады.

Оның үстіне негізгі дені ауылдан шығып, жусаны мен жуасының иісін жұтып ержеткен қазақ ақын-жазушыларының, қалам ұстап жүрген қайраткерлерінің ауылды аңсап жырламағаны, ауылы, ауылдастары жайында әйтеуір бір шығарма жазбағандары кемде-кем. Ақындар жағы бір кезде, тіпті, әлденеге ренжіп, әлдекімнен көңілі қалған сәттерде, қаладағы күнделікті күйкі-қиқым тірліктен жалыға түңіліп кеткен шақтарында: "Ауылға кетіп-ақ қалсам ба екен?" — деген сарындағы топтама өлеңдер де жазып, көзіне жас ала "жылап" жататын. Бір кезде біздің өзіміз де:

Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын,
Арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
Ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын, —

деп жазып алып, сол бір ана құшағындай аңсап барып, бір сәт мауық басып қайтатын ауылымыздың да көз алдымызда кетеуі кетіп, аз жыл ішінде байырғы береке, ежелгі ажарынан айрыла бастағанына жанымыз аши құлазып:

Ауылдың да өз қайғысы, мұңы бар,
Бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар,
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
Азамат та азайыпты тіл ұғар! —

деп күйзелгеніміз бар еді.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап еді деп айтуға ауыз бармайды, әрине. Бірақ қырқасы малға, ойпаны егіске толып, қысы-жазы дүбірлі еңбек әсте бір толастамай жататын ауыл тірлігін көріп сүйсінетініміз рас еді. Қарын қамы, мал тойымын қана күйттемей, алыс-жақын жақсыдан, жылт еткен жаңадан үйреніп, үлгі алып, үдере ілгерілеп бара жатқан ауылдастарымызды мақтаныш тұтатынбыз.

"Егемен болдық, ел болдық" деп кепкімізді аспанға ата дүрлігіскен анау жылғы бір аласапыран, ала шапқын кезінде дарияның жарға соққан толқынындай жан-жаққа алаңдап, не болып, не қойғанымызды біле алмай әуре мен сарсаңға түсіп кеткен әуейі шақта мысқылдап кірген сол дәулет батпандап шашылып бір кеткен. Елу-алпыс жыл бойына ел болып еселеп жиған ен дәулет ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жырымдалып және кете беріп еді.

Кешегі мыңғырып өскен малдан тігерге тұяқ қалмауға айналды. Күні кеше тонналап өнім беретін бетегелі бел, құйқалы қырат, көкжасыл мауытыдай көркем жайлау-жайылымның бәрі құлан жартпас кербаланың шөліне айнала бастады. Алыс жүрген біз түгілі, соның бәрін қолымен ұстап, көзімен көріп отырған, мал қарап, шаруа баққан ауыл тұрғындарының өзі: "Апыр-ау, кеше бәрі бар еді, қайда құрып жоғалды?" — десіп таңырқасты. Құдай кері келтірейін дегенде өстіп, басқа түскен таршылық бір келсе себелеп емес, селдетіп келетіні бар емес пе. Иығынан бодандық жүгі сыпырылып түскенге мәз болған жұрт кешегі қоғам малын хан талауға түскендей-ақ қастай шауып, қасқырдай талып, аз жылда ауылды аздырып, даланы тоздырып алды. Ұжымшар, кеншарлардың (колхоздар мен совхоздар) ауласына сән, аймағына әр беріп тұратын ескі-жаңа техника — жүздеген автомашина, трактор, ондаған комбайндардың әр жерде қаңқасы қалқиып, іріп-шіріп, тот басып, топалаң асып, әйтеуір "көзі жоғалып" тынды.

Ауыл тұрғындары қап арқалап қалаға қарай шұбырды.
Мұқағалидың баяғы ел аман, жұрт тынышта:
Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан,
Ұят болды-ау ағайыннан, ұят болды-ау бауырдан! —

дейтіні бар еді. Қайран да сол Мұқаң бүгінгі күйзелген ауыл тіршілігін көрсе қайтер еді, қалай күңіреніп, қалай егіле жырлар еді деп те ойлайсың.

Туған ауыл, ескен жердің азыңды-тозыңды осындай сиқын көріп, бірақ қандай қаракет жасап, қалай қол ұшын берерімізді білмей дағдарған дәрменсіз күйіміз бар еді. Өрісіне мал, егісіне дән толады-ау деген үміттен де күдер үзіп бара жатқан сияқты болатынбыз.

Сол бір үзіле бастаған үміттің тұла бойына қан жүгіртіп, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дүниеге келді. Қазақстан баспасөзі бетінде бұл Жолдаудың әрбір тарауы, әрбір концепция-тұжырымы ондаған онды әңгімеге арқау ма болып келе жатыр, әлі де бола бермек.

Сабақты ине сәтімен дегендей, енді осынау Жолдаудан өзімнің не түйіп, не қойғаныма келейін. Жас кезімізде аудандық, облыстық газеттер редакциясында қызмет істей жүріп «Ауылына қарап азаматын таны", "Азаматын көр де ауылын көр" — деген сияқты айдармен (мәдени, экономикалық тақырыптарға) мақалалар жазатын едік. Әрбір жақсы істің басында қандай шаруа болмасын қалауын таба білетін қабілетті адамдар жүрсе ғана ауыл маңы ажарланып, ел іші тоғайып, түрлене, түзеле түсетінін білеміз. Президент Жолдауында да әсіресе сондай іскер, "еңбексүйгіштігін көрсеткен" адамдарға енді мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады екен.

Мен өзіміздің ауылдағы біраз азаматтың басына түскен ауыртпалыққа куә болған адаммын. Жүгері, бидай егіп, қоңыр күзде содан алған өнімін қайда өткізерін білмей, оның үстіне астық сақтайтын қоймасы және жоқ, тығырыққа тіреле келе, амалсыз әлгі табан ақы, маңдай терімен тапқан дәулетін әлдебір алаяқтарға су тегін дерлік арзанға беруге мәжбүр болып, келесі жылы бәрінен түңіле қолды бір-ақ сілтеген жігіттерді де көргенмін.

Енді өнім өткізу рыноктары өз іргесінде болады екен. Соған кепілдігі бар, алданып қалмасына көзі жеткен диқан еселеп еңбек ете бастары сөзсіз.

Шаруа қожалықтарының қажетті несие алуы жолындағы кедергілер біршама жойылатын сияқты. Әйтпесе, сұраған нәрсесі қолына тиіп болғанша жырымдалып, әрбір айлакер, алаяқ делдалдың "қолын майлауға" жұмсалып, ит әуреге түсетін.

Ең бір жақсы жері — салық ауыртпалығының азаюы. Әйтпесе, көтерем егіздей болып бауырын көтере алмай жер бауырлап жатқан шаруаға "төле де төленің" астына алып алым-салық жинаушылар келгенде, екі аяғы бір етікке тығылатын. Мұның өзі үстінде лыпасы жоқ тыржалаңаш адамға "шешін де шешін" дегенмен бірдей еді. Сол жағы заңды түрде оңтайлы тұжырым тапса, шаруаның дәл қазіргі хал-ахуалына қарай реттеліп отырса, онды болары ақиқат.

Кеңестер одағы кезінде экономикалық жағынан әлсіз, техникалық қуат-күші кемшін шаруашылықтар оқтын-оқтын іріленіп, ұсағы ірісіне қосылып, қисайған жүгін ондап жататын. Ол әбден заңды еді де, ешкім реніш-өкпе білдірмейтін.

Біз болсақ жекеменшіктендірудің алғашқы кезеңінде сол кемеліне келе іріленіп, малы да, жаны да бір орталыққа шоғырланған шаруашылықтарды 20-30-ға бөлшектеп бөліп жібердік. Қаржы-қаражат жағынан да, техникалық жабдықтау жағынан да бірден ойсырап, тапшылық тығырығына тірелген шаруа қожалықтарының ілуде біреуі болмаса, көбі өз аяғынан көтеріліп кете алмай, бұл күнде өлместің ғана күнін керіп отыр. Біз жақта (бұрынғы Үйгентас ауданында) сол баяғы Дзержинскийдің атымен аталатын ұжымдық шаруашылық (бастығы Бабичев деген жігіт) бас-басына би болып, бөліп әкетпей, малды да, бау-бақша, тіпті омартаға дейін әу бастағы қалпында ұстап қалды. Қазір бұларда мал да бар, егін де жайқалып өседі. Бір орталыққа ұйыса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауыл еңбеккерлерінің тұрмысы да күйзеліске ұшырамай, бірқалыпты тәуір дәрежеде келе жатыр.

Бәлки, жер ыңғайы, адам құрамына қарайлай отырып, осындай қуатты шаруашылық ұстап, соның ішінен мүмкіндігі жетіп бөлінем дегеніне кедергісіз және көмек беріп, қолдап отыру тиімді болмас па екен деген де ой келеді.

Қазіргі таңда облыстық ауылшаруашылық департамент! бар, әкім аппараты жанындағы ауылшаруашылығы және айнала ортаны қорғау бөлімі, осылардың үстіне Ауылшаруашылығы министрлігінің аймақтың басқармасы деген мекемелер бар. Бұлайша шашыраңқы шым-шытырықтан гөрі бір орталықтан басқарылатын, шаруа қожалықтарына техника, тұқым, жағар және жанармай, тыңайтқыш сияқты агроөнеркәсіпке ең қажет сұранымын дер кезі өтей алатын билік жүйесі керек сияқты. Басқаруды да, бақылауды да өз қолына алған ондай ұжымның жауапкершілігі де артар еді. Ел сенімі де ұлғая түсер еді. Оның үстіне бұл өзі Президент аппаратына, не тікелей Үкіметке бағынышты мекеме болғаны да дұрыс сияқты. Әйтпесе, қазақша айтқанда: "Қойшы көп болса — қой арам өледінің" кебін киіп жүреміз бе деген де қауіп ұялайды көңілге.

Біз "нарық, нарық" дегелі қанша болды? "Нарық өзі бәрін де реттеп, бәрін де жолға қойып, жөнге салады" деп жатамыз. Мемлекеттің өзі реттеп, түп тұтқасында өзі отырмаса рынок өзін өзі ешқашан басқара алмайды. Хаос, анархияға апарып соғады түбі. Содан сақ болуымыз керек еді, енді соның алғы шарты жасалмақ.

Қысқасы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы бәріміздің де көңілімізге сенім ұялатады. Әйтеуір бір шұғыл бетбұрыс болатыны сөзсіз сияқты. Тек алдынан жарылқасын делік. Деп қана қоймай, бәріміз жұмыла кірісіп, қолдау көрсетелік.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз