Өлең, жыр, ақындар

Жеті басты жалмауыз

Депутат болып сайлансам, Парламентке мүше болсам дейтін, тіпті ел басқарудан дәмесі бар үміткерлердің бағдарламасына қайыра бір көз жүгіріп көріңіз, қала берді өз қасыңыздағы ұлтыңыз бен жұртыңыздың жанашыры қатарында жүрген дос-жарандардың әңгімесін тыңдаңыз, — барлығы да бір ауыздан бұл күнде елімізде әбден етек алып болған коррупцияға (сыбайлас жемқорлық, жең ұшынан жалғасу дейсіз бе, басқаша атайсыз ба, — өзіңіз білесіз) қарсы аяусыз күрес қажет екенін зығырдандары қазандай қайнатпақ сөз етіп жатады. Ол ол ма, тіпті қазына мүлкіне көз сұғын қадауға бейім, соған мүмкіндігі де жеткілікті жемірлер, жемқорлар, жырындылар мен жұлымылардың өздері де әртүрлі мінбелерден айқайлап айтып: "Заңсыздықтарға жол бермеу, қарғыс атқыр сыбайлас жемсаулардың көмейіне құм құйып, құлқынын тығындау керек" деп жататындарын естіп те, көріп те жүрген жоқпыз ба?! Олар тіпті бұл жайлы басқаларымыздан да асыра, "ашына" айтатынын қайтерсің. Көріңіз де тұрыңыз, күні ертең сайлау қарсаңындағы кездесулерде айтылатын депутаттықтан үміткерлер сөзінің, уәде-байламының негізгі көзірі де сол бір жең ұшынан жалғасуға қарсылық жайлы болары айдан анық. Олар жұрт алдына тыр жалаңаш шықса шығар-ау, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрамыз деген сол баяғы құрғақ сөз, жалған уәдесіз аттап баса қоймасы бесенеден белгілі.

Бұл жердегі ең басты кесел сол, тіл-жағына сүйеніп суырыла сөйлеушілердің өздері де, оларды "ұйып тыңдап" отырған былайғы көпшіліктің біразы да "осының бәрі мүмкін-ау" деген ойға илануға бейім, өкіметтің қолы ұзын, ұры-қарыңды тырп еткізбей жегенін желкесінен шығарып бүріп бір берер, "әй, бәлем, сонда..."

Иә, сонда не бола қояр деп ойлайсыз? Арғысын айтпағанда, егемен ел болғалы бергі тарихымызға ғана үңіліп көріңіз, қазына мүлкіне суық қолын сұққандардың бетіне қара күйе жағып, ағаш атқа теріс мінгізердей сынадық, құлаттық, жылаттық, ащы тілімізді сұқтық, біразын түрмеге де тықтық. Ұры-қарыға біржола тиым сала алдық па, бірақ? Қоғам ішін әбден жаулап алған осынау бір созылмалы дерттен аз да болса айықсақ керек еді. Түйірдей болса да әйтеуір сабақ алар нәтижесі болса керек еді. Жоқ, тиым да жоқ, сабақ, болар нәтиже де жоқ. Орысша айтар болсақ, өлі күнге тас қараңғы үйде көмірдей қара мысықты қуалап жүрген сыңайымыз бар. Билік басында ұры-қары көбейіп кеткенін, кез келген уақытта кез келген ірі шенеунікті жауапқа тартудың дәлелі бары жайлы өзге емес, ел Президентінің, өзі айтқан. Бірақ сол жең ұшынан жалғасу, парақорлық, жемқорлықпен (мәселе атыңда емес, затыңда) күрес ешқандай нәтиже бермей келеді. Есептен ұтылмайтын, ешқашан тұтылмайтын жемірлер көбейген үстіне көбейе түсуде. Қаншама сөз, қаншама қаржы желге ұшты. Күресеміз деген қарекеттің бәрі бос далбасаға айналып барады. Ендеше, жұртты бекерге емексітіп, елеңдете бермей, осы бір шаруаны біржола жылы жауып қойсақ та бола ма, қалай?

Мен ұры-қарыларға, әсіресе жең ұшынан жалғасып, ел байлығын сүліктей соратын қанағатсыз қарын, ындыны кепкен обырларға қарсы күресті мүлдем тоқтатайық деп отырған жоқпын. Күресу керек болғанда қандай, тіпті басқасын былай қойғанда, қоғам мүлкіне қол сұққандар ауыр жазалануға тиіс дейтін қылмысты істер кодексі де қатаң сақталуы керек емес пе. Оған қоса халық та өз мемлекетінің қол қусырып бекер қарап отырмағанын, біржолата құрдымға кетіре құрта алмаса да, ұры-қарыны әжептәуір ауыздықтай алатынын көріп, "алда разы болсын" айтып отырмас па еді.

Бірақ жоғарыда айтқандай, шегінен шыға асқынып, ем қонбас созылмалы дертке айналған сыбайлас жемқорлыққа бұл да дауа болып жарытпақ емес. Аз күнге ғана бебеу қақтыра сыздағаны басылып, көз шырымын алдыруға ғана жарар жараса. Жеті басты жалмауыздың бір басын ғана шабармыз, қалған алтауы бұрынғыдан да ащы ызамен қомағайлана түсері, обырлық-жемірлігін үдете түсері хақ.

М.Е.Салтыков-Щедрин бе, жоқ сол деңгейлес орыс біргірлерінің басқа біреуі ме, есіме түсіре алмай отырмын, әйтеуір: "Я не скажу, что все госчиновники казнокрады, а все казнокрады — госчиновники, что точно!" — дегені бар еді. Қазақшаласақ — "мемлекеттік шенеуніктің бәрі қазынаға қол сұғар ұры-қары деп айта алмаймын, ал бірақ қазынаға қол сұғар ұрының бәрі — мемлекеттік шенеунік екені анық" болып шығар еді.

Өкімет жағы біле ме, жоқ па, қайдам, ал біздің көбіміз сол шенеуніктердің жемірлігі негізінен заңды түрде, толық заңдастырылған түрде жүзеге асатынын байқай бермейміз. Қазіргі таңдағы кредит, лизинг, тендер, лицензия, бюджеттік қаржыны болу, әртүрлі мемлекеттік тапсырыстар, түрлі дәрежедегі жеңілдік, айналымдағы жылжымайтын мүліктер түпқазығы негізінен сол шенеуніктер қолында, жоғары деңгейде заңдастырылған, қандай құйтырқыға барып, әрі қарай қалай бұрмалаймын десе де өз еркінде, қолын қағар, жолын бөгер ешкім жоқ. Соны жете меңгеріп алған, "қайдан құлақ шығаруды"өзі ғана білетін шенеунік өзіне жүктелген ресми міндетін "абыройлы" өтеумен бірге, қай жерде қалай жымқырып қалуға болатынын, қай тұста жауырды жаба тоқып, жасырына білуді де меңгеріп алады. Сырт көзге оныкі ұрлық та емес, өйткені заң жүзінде бәрі дұрыс. Сондықтан да ұры-қары шенеунікті ұстау да оңай бола қоймайды, олар да "ұсталмаған ұры емесін" білген соң, ештеңеден, ешкімнен айылын да жимайды, сынаптай сырғып қолға да тұрмайды. Жымқыра білмейтіндерге мүсіркей қарайды.

Айталық, мен жасы біразға келген қазақтың ақынымын. Аты-жөнім де айналама біршама белгілі шығар-ау деп ойлаймын. Сөйте тұра 5 адамдық отбасыммен бірге кооперативтік 3 бөлмелі пәтерде (Кеңестер Одағы кезінде сатып алғанмын) тұрып жатырмын. Айтарға демесең, тарлау, әрине. Әйеліміз екеуміз ұйықтайтын қуықтай бөлменің бір бұрышында жазу столым түр. Түннің бір уағыңда жазудан шаршаңқырап керіліп-созылып отырғанда жарықтан бетін көлегейлеп қойып, шырт ұйқыда жатқан әйеліме шынтағым тиіп кетіп, сөгіс еститін кездерім де аз емес. Бірақ амал қанша, басқадай барар жер, басар тау жоқ.

Ал бесіктен белі жаңа шыққан дерлік, бірақ әлдене себептермен мемлекеттік қызметке ертерек іліккен 25-35 жастың о жақ, бұ жағындағы жігіттер пәтерден пәтер ауыстырып жатады. Ебін тауып, есебін түгендеп айналасы ат шаптырым, ауласы автокөлікке толы сарай салдырып алады.

Үйінде екі-үштен үй қызметкерін, аспаз, бағбан ұстайды. Жұрттың бәрі көріп-біліп отыр-ау деп қымсынбайды. Оларды бір қарағанда "ұрлық түбі — қорлық" деп білетін бірен-саран ары таза, ақ адал қызметкерден ажыратып алу да қиын. Сыртқа сырын білдірмей, майлы мұртын бір сыйпап қойып, еркінсіп жүре береді. "Иектегі сақалын надан болып өсірген" бізге танау шүйіре төбеден қарайды. Әсіресе сот, прокуратура жағында жүргендердің тал таңы шектен шығып барады. Атасынан мұраға қалған да түгі жоқ, айлығы да жұрт қатарлы ғана болуы мүмкін. Сонда олар қаражатты қайдан алады? Қайдан алатынын сіздің ішіңіз сезеді, әрине, өздері де жақсы біледі, бірақ айыл жия қоймайды.

Қазақ үшін ұрлықтан асқан сорақылық жоқ еді бір кезде. Басқа амалы құрығанда өлген малдың етін жесе жер, ал ұрлық малдың етін жемейтін еді біздің қазақ. Бала-шағаны да сол бір ұлттық, бекзат қасиетті бойына сіңіре отырып тәрбиелейтін еді. Қазір ішіп-жем, мінер көлік, киер киім, баспана, — бәрі де ұрлықпен келіп жатқанын бесіктегі бала да біледі, үлкендерінің еті үйреніп кеткен. Олай болса, ел ішінде ұры-қарының көбеюі бақылаудың жоқтығынан немесе осалдығынан, жазаның ауыр-жеңілдігінен емес, қазіргі ереже-ұстанымның технологиялық әлсіздігінен етек алып отыр деп білу керек.

Бұл әлсіздікті де кездейсоқтыққа апарып тели салу қиын. Бәрі де әріден ойластырылған, сол шенеуніктердің өз қолдарынан өткен заңға негізделе құрылған. Өйткені әлі де сол баяғыша бірде-бір мемлекеттік ұстанымның шенеуліктің тікелей араласуынсыз шешілмеу жағы жете қарастырылған, сол қағида әлі де қатаң сақталумен келеді.

Сыбайластық аталатын жеті басты жалмауызбен күресу үшін құр айқай, жең ішінен жұдырық көрсете жаппай кіжіну аздық етеді. Одан гөрі қуаттырақ басқа амал, әлуетті әдіс қажет сияқты. Өйткені шенеунік бар жерде сыбайластық қоса жүреді. Кез келген шенеуніктің өзіндік заңды құқығын пайдалана отырып, өз дәрежесіне лайық кез келген уақ-түйек мәселені шешуге тиіс жердің бәрінде ол сәт сайын, сағат сайын туындап, қаулап өсіп-өніп, жетіле, жетісе түсіп отырады. Ендеше шенеуніктік ұрлықпен күресте жазаның ауыр-жеңілі пәлендей басты рөл атқармаса керек. Бұл жерде заңдық күші бар жалпы ереже-тәртіп атаулының қай-қашан мүлтіксіз сақталуын қатаң қадағалаудан өзге тиімді жол көрініп тұрған жоқ. Ондай бақылаудың түпкі мақсатының өзі шенеунік біткеннің "айттым — бітті, кестім — үзілдіге" саятын "өзім білеміне" тиым салу, тиым сала алмағанының өзінде белгілі бір кезеңге тежей түру деп білген жөн. Кез келген сападағы, кез келген көлемдегі алыс-беріс, актив айналымының тағдырын шешу тек қана белгілі бір шенеуніктер қолында болмауын қарастыру керек. Олардың ашкөздігін оятып, мешкейлігін үстей түсер жолды қайткенде тарс бекітіп, сыналай кірер тесік бітпенді тарылтпай болмайды. Үлкен бе, кіші ме, әйтеуір әмір-билік қолына тиген шенеунік заңдық күші бар құқығын пайдалана отырып былайғы ұры-қарымен бірге өзі де керегінше қарпи асап қалуға тырысары белгілі. Оның бірі көпе-көрнеу көзге ұрып тұрса (қолындағы билікті қалай пайдаланамын десе де өзі біліп, бәрін өз ыңғайына қарай билеп-төстеуі), енді бір қырын біз көрмейміз де білмейміз. Содан барып ұры-қарының араны ашыла түседі, келе-келе өз құлқынының құлына айналады. Оның ендігі түйені түгімен жұтар кеңсаба кеңірдегінен не өтіп, не қойып жатқанын бір айырса тек заңды бес саусақтай білетін кәнігі кәсіпкер, көпті көрген көнекөз заңгер ғана анықтап бере алады. Біз тек сырттан жорамалдаумен тынамыз. Билік басында екі-үш жыл болған мемлекеттік шенеуніктің баяғы 12 қақпалы Бұхара қақпасындай тас қамал қоршау ішіндегі үш қабат, бес қабат үйін көріп күйініп, талтаң-талтаң жүрісіне кіжіне қараумен шектеліп қала береміз. Сондай шектен шығушылықты тезге салын отырар, асқанға тосқан болар дейтініміз — Республика Парламенті еді. Онда да қазір кешегі обком хатшылары, бертіндегі әкімдер, министр, қалтасы қалыңдаған қомағай шенеуніктер отыр. "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" дейтін орыс мақалын олар бізден гөрі жақсы біледі, жеріне жете меңгерген. Егер Парламент тек қана саңлақ туған санаулы жақсылардан, қара қылды қақ жарар ақ адал тура билерден түзілсе, мемлекеттік қызметкерлер бір жағы солардың бақылауына тәуелді болса, Парламент ел ісіне жедел де жіті араласып отырса, жұрт үстінен күн керетін қулармен күрес те белгілі бір арнаға түсіп, жақсы нәтиже бере бастар еш. Мемлекет, әрине, өз шенеуніктерінің ел ішінің, ел ісінің бәрін қамтырлық қауқарлы болуын қалайды, анаған да, мынаған да солар бас-көз болса дейді. Содан олардың санын да көбейтіп, жалақыларын да үсті-үстіне көтеріп, әспеттеп-ақ жатыр. Бұл күнде кейбір дәрежедегі мемлекеттік шенеуніктердің айлық ақысы 2-3 мың АҚШ доллары мөлшерінде, бұл да болса олардың жең ұшынан жалғасып, онды-солды жымқырғандарын, қоғам мүлкіне қол сұғуын қояр ма деген ниеттен туындаған болса керек. Бірақ бір ашы.лып алған аран оған бола тойым көріп, толатын ба еді. Қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып, заңның өзі мүмкіндік беріп тұрғанда қарбыта асап қалмай бола ма!

Амал не, әзірге біздің қос палаталы Парламент ел мүддесі үдесінен шыға алмай жатыр. Оны бәріміз де көріп, біліп отырмыз. Парламентте қабылданған, қаралып жатқан заңдардың көбі сол қолында әмір-билік бар шенеуніктердің қарбыта асап қалуы, асай беруі үшін әдейі ойлап табылған сияқтанатыны бар. Оған мысал іздеп әуре болудың қажеті де жоқ, сол Жер туралы Кодекс, жекешелендіру жөніндегі жаңа қаулы-қарарлар, валюталық бақылау дейсің бе, әйтеуір бәрі де жайын ауыз, кең құрсақ шенеуніктердің үңгіп асап жей беруіне қолайлы жағдай туғызып-ақ тұр.

...Қалтасында көк тиыны жоқ сыпайы сырдаң бір жігіт қызбен қыдырып келе жатса керек. Қыз бала жігітіне назданып: "Такси ұсташы, шаршадым" демесін бе. Жігіт такси ұстамақ болып қызы тұрған жақтағы қолын көтереді екен де, екінші қолымен тоқтай берген таксиге "кете бер, тоқтама!" деп ымдайтын көрінеді.

Тура сол сияқты біздің қадірлі өкімет те бір қолымен жеті басты жалмауызды (сыбайлас жемқорлық) құртпақ болып әрекеттенеді де, екінші қолымен оның аман-есен қалып, жемсауын тығындай беруіне керек жағдайдың бәрін жасап, от пен суын молайтып, өрісін кеңейте түсіп келеді. Ендеше жеті басты жалмауыздың әзірге қауіптенер түгі жоқ, алаңсыз ғана жасай береді, қомағайлана қарбытып асай береді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз