Төлеген екеуміздің таныс-біліс болғанымызға да бір мүшелден асып барады екен. Ең алдымен оны маған қазіргі белгілі заңгер, менің ескі досым Мақсұт Нәрікбаев: "Сауда жағында істейді, менің жақсы інімнің бірі!" — таныстырған болатын.
Балғын жүзінде кісілік пен кішіліктің белгісі — беттілік те, өзіне өзі сенген жастық тәкәппар тектілік те қылаң бере қойып тұрған Төлеген онда Алматы қаласы Совет ауданындағы асханалар мен ресторандар тресін басқарады екен.
Соған іле-шала менімен бірге "Жазушы" баспасында қызмет істейтін талантты ақын дос ағам, марқұм Сағи Жиенбев:
— Темекің таусылған жоқ па? — деп сұрап қалды дәліз бойында ойда жоқта ұшырасып.
Ол кезде кіл ғана "Қазақстан" сигаретін тартамыз. Оның өзі дүкендерге жиі түсе бермейтін аса қат дүние. Сауда басындағы тамыр-таныстық арқылы реті келіп жатқанда 30-40 қорабын бір-ақ алып, үйде де, түзде де тығып ұстап, шым-шымдап шегіп, үнемі үнемдеп жүреміз. Сағаң соны меңзеп тұрғанын аңғардым.
— Жүр, ендеше, бір жерден мол етіп "Қазақстан" алып келейік, — деді ол.
Саған дәйім ғана ақшыл түсті жекеменшік "Волгасын" баптап мініп жүретін. Соған отырып, екеуміз салып ұрып стадион маңына орналасқан Төлеген кабинетінен шықтық.
Төлеген бізді сонша бір кішілік ізетпен күлімсірей қарсы алған. Алдымызға тәтті дәмі де бар кофе қойғызды. О заманда мұндай ілтипат сирек ұшырасатын. Сосын да болар, біз (әсіресе мен) разы болып қалғанбыз.
Содан кейін ол біздің алдымызға қос-қос блок (әр блокта 20 сигарет болуы керек) "Қазақстан" сигаретін қойып, жылы жүзбен күліп тұрып шығарып салған болатын.
— Бұл жігіт менің ең кіші туған бажам, — деп еді қайтып бара жатқан жолда Сағи Жиенбаев.
"Е, — деп ойлап едім мен сонда, — Мақсұттың інісі, Сағидың бажасы болса, осал жігіт болмады ғой бұл, тегі!"
Расында да солай болып шықты. Мен оның әр жерде азаматтық ірі қимыл көрсетіп, ағайын арасының ұлы — кіші шаруаларына бас-көз болып жүретінін байқаушы едім. Сондайда оның ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болып, аса сүйсініп қала беретінмін.
Жаңағы Мақсұт Нәкірбаев осыдан он жыл бұрын 50 жасқа толды да, сол мереке дастарханын жаятын орынды да, дастархан мәзірін де Төлеген өз мойнына алып, біздей пақырыңыздың тойағалық (тамада) қызмет атқарғаны бар еді. Сол тойға қатысқан үлкен-кіші, алыс-жақын жүрген ағайынның бәрі Мақсұтқа, оның отбасына ғана емес, туған күннің өзін думандатып өткізген Төлеген екеумізге де разы болып аттанғаны есімде.
Алпысқа толар — толмастан әйгілі ақиық ақын Сағи Жиенбаев та бұл дүниеден аяқ асты аттанып жүре берді де, "Ағайын бір тіріде, бір өліде" дегендей, марқұмның артын жақсылап өткізу рәсімдерінің бәріне білгірлікпен бір кісідей ат салысқан да осы азамат болатын. Бұл да болса оның жөн білетіндігінің, кісі қадірін қастерлейтіндігінің белгісі еді.
Өзі ұнататын, өзін сыйлайтын ағаларының тірісіне де, өлісіне де қызмет көрсетіп, қол ұшын беру кім көрінгеннің қолынан келе бермейтіні хақ. Оған да азаматтық белсенділік, кісі басын қастер тұтар қасиет керек.
Содан бері де бірқыдыру қилы заман өтті.
...Мақсұт есіп кетті, Сағи бақиға мәңгілік "көшіп" кетті. Кеңестер Одағының шаңырағы ортасына түсіп, жаңа заман орнап, тың тіршілікке қарай ойыстық та, әркім өз басымен болып, Төлеген екеуміздің арамыз біраз жылдарға алшақтаңқырап кеткен болатын.
Осыдан 4-5 ай бұрын облыс әкімі аппаратының басшысы өткізген бір жиналысқа кіре бере Төлегенмен тағы ұшырасып қалдым. Ағалы-інілі адамдардың төс түйістіре амандасу рәсімінен кейін сыр тартып байқасам, ол осы әкімшілікке қызметке келген екен, "Сауда және қызмет көрсету салалары кәсіпорындарының қызметін үйлестүру мен бақылау жөніндегі" деп аталатын аты салақұлаш бөлімнің бастығы болыпты.
Әңгімелесе келе, Төлегеннің осынау жылдар ішінде біраз шаруаның басын қайырып тастағанын аңғардым.
— Осыдан үш жыл бұрын Кербұлақ ауданындағы Қаспан ауылында болып едім, — деп әңгімелейді Төлегеннің өзі. — Жұрттың көбі жұтаңқырап — ақ қалған екен. 80 шаңырақтан тұратын ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, өндірістік кооператив құрдым. 3000 гектар жерге астық ектік. Оның тұқымын сонау Шарбақтыдан сатып алуға тура келді. Алғашқы жылы әр гектар жерден 19 центнерден астық батырдық. Ауыл тұрғындары бір көтеріліп қалып еді.
— Амал не, — дейді әрі қарай Төлеген, — "Семіздікті қой ғана көтереді" дегендей, бір күн қарын тойса — кешегісін ұмытып, ертеңін ойламайтындар да бар ғой. Сол кооперативтің жұмысын өздері жандандырады деп сенім артқан біраз тепсе темір үзер азаматтар, "үлесімізді былай да аламыз ғой" деп, жұмысқа салқын қарай бастағанын байқадым, алғашқы қарқын азайған.
Кезінде Төлеген құрған "Дастархан" фирмасы да игілікті жұмыстар атқарып, біршама адамдардың күнкөріс көзіне демеу болып отырған жайы бар.
Облыс әкімінің шешімімен Талдықорған қаласында "Жыр арқауы — Жетісу" аталатын жазба ақындар мүшайрасын өткізбек болып, соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды. Бұл өзі әйгілі жүйрік Бақтыбай ақын Жолбарысұлының 165 жылдығына орай өткізілу тиіс іс-шара болатын. Сол кезде, "Құланның қасынуына мылтықтың басуы" дегендей, бұрынғы Крупская атындағы ауыл үкімет қаулысымен Бақтыбай атына көшірілді де, бәрі бір арнаға тоқайласып қалды.
Талдықорған қаласы, Ескелді, Көксу, Кербұлақ аудандарының басшылары, облыстық мәдениет басқарамасы, Қазақстан Жазушылар одағы қол ұшын бергенде де, 10-15 ақынға сый-сыяпат жасау қияндыққа соқтырар болған. Сонда көмекке осы Төлеген келді. Демеуші ретінде мүшәйра шығынының қақ жартысына жуығын өзі көтеріп, белсенділік көрсетті. Өзі бірге барып, басы-қасында жүрді.
Бұдан бұрын Ескелді би, Балпық би, Қожмамбет билердің, Орақ батырдың республикалық деңгейде өткен мерейтойларының өз дәрежесінде атқарылуына, Нұрмолда Алдабергеновтің 90 жылдығына арналған салтанатқа тиісті қаржы аударып, қол ұшын бергенін де білетін едік. Бұл жолы да уәде үдесінен шыға білді бұл жігіт.
Бұл жерде біз "Жақсының жақсылығын айт — нұры тассын" деген қағиданы да басшылыққа алып отырмыз. Ешкімінің де тастай алмай жүрген жаны, бекерге шаша алмай жүрген малы жоғы белгілі. Бірақ аруақты сыйлап, ақындар көңілін көтеріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жәрдемін аямаған, оған ғана емес, соны ешкімге айтқызбай, өзі жасаған жігіттің азаматтығына, әрекеттінің ірілігіне бәріміз де сүйсініп қалғанбыз.
Мәрттіктің де мәні мен маңызы, жомартықтың да жөні мен жосығы бар. Елге, еліңнің ардагер тұтар азаматтарына жасаған жақсылық желге ұшып, зая кетпесі және хақ.
Қарап жүріп мақтағың, мақтанғың келетін жасы кіші азаматтарым бар. Олар маған ештемесін өткізіп те қойған жоқ. Бірақ тілеуі дұрыс, маған деген ықылас — пейілі жақсы. Солардың бірі, бірі ғана емес, тіпті бірегейінің өзі осы — Төлеген. Ол да бүгін ер жасы елуге толып отыр екен. Жалпы біздің қазақта: "Ердің жасы — екі елу" деп жатады. Солайы солай шығар. Кісілік, жігіттік жылмен ғана өлшенбес болар. Әйтсе де, соның алғашқы елуіне айналаңа танымал, ағайын арасына абыройлы, дос-жараныңа қадірлі дәрежеде, бүгінгіше айтсақ, болған, толған мерейіңмен жақсы болып келгенге не жетсін, шынында біздің Төлеген Шойынбеков те — сол деңгейден көріне біліп келе жатқан ұлтжанды, ұлық тұлғалы азамат. Ер жасының ендігі елуін де осы биікте өткізе берсін дегеннен басқа айтарымыз жоқ оған.
2000 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі