Өлең жазумен әуестенуім тым ерте басталды ғой деп ойлаймын. "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлең айтпайтыны жоқ" — дегендей, өз әкем Құсайын ел ісінің әлдебір шаруасымен жолаушылап ұзағырақ жүріп қалған кезекті сапарынан інім екеумізге арнап: "Атыңнан айналайын Сәкен, Секен, сендерді көретін де күн бар ма екен?!" — деп өлеңмен хат жазғаны бар. Сол хаттағы осы екі жол менің есімде өмір бойына қалып қойып еді.
Менен тұп-тура он жас үлкен Нүсіп ағам өлең шығаратын. Бозбала кезінде ауылдағы құрбылас қыздарының біріне өлеңмен хат жазып, онысын төрткөз дәптердің ортасынан "сыдырып" алған темірімен "түймелеп", "оқыма!" — деп маған шегелеп тапсыратын да, апарып бер!", — деп жиі-жиі жұмсайтын. "Ит қорыған жерге әуес" дегендей, тыйым салынған нәрсенің бәрі жұмбақ, бөрі дәмді болып көрінетін әдеті емес пе, егер ағам: "Пәлен қызға апарып бере сал!" — десе, кім біледі, "бұл не?" деп сұрамастан жалаңаяқ қалпымда желдей есіп барып жеткізіп берер ме едім. Бірақ әлгіндегі: "Оқыма!" — деп қатаң ескерткен соң құмарта қызықпай қалай тұрмақпын, оқымай, қалай шыдамақпын...
Өлеңге деген құштарлығым да сол ағама шабарман болып жүрген кезден басталса керек-ті.
Біздің ауылды айналдыра қоршай қалың ши, құрақ өсуші еді онда. Сол қалың құрақ арасындағы алақандай көгалда жасырынып жатып, әлгі хатты "тіккен" темірін сындырып алмауға тырысып еппен ашамын да, ойда келіп бас сала қызыға оқымаймын ба. Сонда күн сайын өзім көріп жүрген ауыл қыздары бірте-бірте ертегіден еститін періштеге айналып, күнде естіп жүрген қарапайым сөздерімнің өзі ұйқасып барып сыңғырлаған өлеңге айналғанын көргенде сыйқыршының таңғажайып ойынына арбалғандай таңырқап, сол оқығанымды іштей қайталап, арбалап ұзақ отырып қала беруші едім.
Сол ағаммен жарыса жүріп әзім де ептеп өлең жазатын болдым. Алғашында оны көрсетуге ұяла тұрсам да, келе-келе: "не дер екен?" — деген құмарлықпен жазғандарымды көрнекті жерге әдейі ашық қалдырып кететін әдет те шығара бастадым. Бір күні естір құлаққа ерсілеу тиетін бір бәдік өлең жазып, стол үстіне әдеттегідей "ұмытып" тастап кете бергенмін. Қайта келіп қарасам, ағам әлгі өлең жазылған қағазымды күлдей етіп жыртыпты да, бір бетке ірі әріптермен: "Мұндайды қой, бауырым! Қайдағыны айтып, қаңғыбас сөзге үйір болма!" — деп жазып кетіпті.
Үйде ешкім жоқ еді. Егер жердің тесігі болса кіріп-ақ кетер едім, ұялған тек тұрмас дегендей, өлең жазып жүрген дөптерімді отқа атып ұрдым да, көпке дейін ағамның көзіне көріне алмай жүргенім есімде...
Нүсекең бар болғаны бастауыш мектептің төрт класын бітірген адам. Ауылда мектеп жоқ, басқа жерге барып әне оқимын, міне оқимын деп жүргенде Отан соғысы басталып кетіп, үй-ішіміз болып анда көштік, мында көштікте, сабақтан біржола қол үзіп қала берген. Бірақ қайда жүріп қай уақытта оқып алғанын қайдам, мен үшін оның білмейтіні де, оқымаған кітабы да жоқтай көрінетін. Әйгілі Дюманың "Үш сайыпқыран" романының ("Три мушкетера") желісімен де алғаш рет сол кісінің ауыз әңгімесі арқылы танысқан болатынмын. Ол қасына өзі сықылды 14-15 жастардағы бозбала жігіттерді жинап алып, әртүрлі хикая шертетін, қиссаларды жатқа соғатын. Атос, Портостармен де (ол кісі Артос, Портос деп айтушы еді) сол әңгімелер үстінде қаныққан едім. Жазуы да маржандай, өрбір әрпі тасқа басылғандай дөңгелене барып, қағаз бетіне қиғаштай түсіп жататын. Ауылдағылардың бәрі ең қажетті хат-құжат, арыз-мұңының бәрін екі тілге де сауатты Нүсіп ағама жаздырып алатыны есімде.
Сол ағам мен әлі мектепке бармай тұрған 5-6 жас кезімде колхоздың (ұжымдық шаруашылық) бір аға шопанына көмекші болып, қой бағуға шықты. (Отыз жеті мүшел жасында өмірден өтуіне де сол тесік өкпе балалықтың сызат зардабы себеп болды ма, кім білсін!)
"Талапкер" деген жерде тұрамыз. Қыс ортасы болып қалған мезгіл-ді. Соғыстың соңғы жылы болатын Ел ішінің берекесі кетіп, күйзеліп-ақ қалғанын бала да болсақ сезетінбіз. Ұзақты күнге салп-салп етіп колхоз жұмысында жүретін шешеміз кешкілік етегіне түйіп бірер кесе шикі бидай алып келер еді. Қара қазанға соны қуырып" келіге түйіп, "ақ талқан", "қара талқан" жасайды. Қатықсыз қара суға қосып жеген талқан қайбір қарын тойғызсын, сол баяғы жарты құрсақ қалпымда әлденені уайымдап ұйықтап кетсем керек, кенет үй ішіне тараған бір жұғымды иіс танау жарып қоя бергені. Бірер түшкіріп барып, қыбырлап, ұйқыдан оянсам керек, Нүсіптің: "О, міне, Сәкен де оянды!" — деп келіп құшақтап сүйгенінен ұйқым шайдай ашылып, орнымнан қозғала тұра бердім. Үйдің ішін біз көптен бері ұмытып кеткен сүрдің иісі алып барады екен...
"Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді" — деген сөз бар, ал аш жатып ұйықтап, тұра сала біздің көзден бұлбұл ұшқан сүрге тап болып, туған ағаңа еркелей отырып жеген ет, ішкен сорпаның иісі мен дәмі әлі күнге сол оқиға есіме түссе ұдайы лықсып келіп қолқамды қабады, танауымды жыбырлатып, тілімді үйіргендей болады да тұрады.
Кейін естіп-білдім, шалғайдағы Сарыбөктер деп аталатын қысы жұмсақ тау іші қыстауында мал жайып жүрген Нүсіп әлденеше күншілік жерден ауылға өгізге мініп келіпті. Келгенде де жай келмей, бір қойдың етін бөктіріп ала келген. Оған қоса қоржынында сарымай, құрт, ірімшігі тағы бар. Кейіннен білдім, қой жайып жүріп қысыр қалған бірлі-жарым саулықты қалайы қалбырға сауып алады екен де, соның сүтін жинастырып, әйелдердің біреулеріне жалына, біреулеріне жағына жүріп қыстың көзі қырау демей май, ірімшік, құрт жасатып, онысын сұқ көзден қору тағы бар, әйтеуір ауылдағы біз ашығып қалмасын деп өз аузынан жырып, сақтап келген. Мен оны қалай ғана ұмытайын!
Сол кезде, бүгін санап отырсам, Нүсекең бар болғаны 15-16-га қараған жаста ғана екен-ау...
Екінші, не үшінші сыныптың бірінде оқып жүрген кезімде Нүсіп ағам екі шана қамыс отын шауып әкеліп: "Осыларды Үшаралға, орыстарға (аудан орталығы, екі ара 10 шақырымдай жер) апарып сат та, сол ақшаға "Сельматта" (селолық магазин) "Мың бір түннің" екі томдығы түр, соны алып кел!" — деп қалашы, базаршыларға қосып жолға салып жіберді. Қасыма өзім қатарлы ауыл балаларының бірін қосып берді-ау деймін, о жағы есімде қалмапты. Қан базарда күні бойы табанымнан сыз өте тапжылмай тұрып, әлгі екі шана қамыс отынды ағам айтқан бағасына (өр шана отын 25 сом) бұлдап саттым да, "Мың бір түннің" әр томы 25 сомнан екен, қалтамдағы 50 сомға екі томын сатып алып, айдап отырып келген ізіммен кері қайтқанмын. Үйге келгенде: "Әзірге бір кітап та жетер еді ғой, екіншісінің орнына бір шәй алмай!" — деп шешеміздің жатып кеп кейігені де есімде қалыпты.
"Тәте, келесі базар күні тағы екі шана отын әкеліп, Сәкенді жіберіп сатқызам да, соған түгел шәй алдырам", — деп ақталып жатты Нүсекең. Онда менің шаруам болған жоқ. Ойым да, зейінім де өзім алып келген, әдемі түптеліп, көркем әдіптелген екі кітапта еді.
Отыз-қырық үйлі шағын ғана ауылмыз. Тұрғындардың бәрі бір-бірімен туыс, жекжат, жұрағат адамдар. Кешкілік мал жайлап болған соң, қап түбіндегі жылы-жұмсағын қазанға салып қойып, кезекті бір үйге жиналады да (көбіне Сәрсебай атам үйі) "Мың бір түнін" алып келсін — деп маған қолқалап бала жұмсайды. Алғашында едәуір бәлсініп арып, кітабымды қолтығыма қысқан күйі мен де жетем сол үйге.
Кейде жетілік, кейде ондық кәресін шамның күңгірттеу жарығында: "Ей, ұлы бақытты патшам", — деп сұңқылдай жөнелемін де, көзіме әбден ұйқы тығылып, жанарым бұлдырап барып өліп-талдым дегенде бір-ақ тұрамын орнымнан.
Осы ауылда "кітапты суылдатып, мүдірмей оқитын Сәкен ғана" деп үлкендер талай мақтап отырғанына да құлағым үйреніп қалған. Оның үстіне өзім сатып әкелген кітабымды да басқа біреудің қолына ұстатқым келмейді. Есім кіріңкіреп қалған, кей кезде: "Патшасын құшақтап Шаһаризада да төсегіне жатты" деген сияқты ауыл баласы айтуға ұялатындай жері болса оқымай тастап кетуге тырысатыным бар. Бірақ бір сөзін қалт жібермей, қалт мүлгімей тыныш тыңдап отырған үлкендер жағы ол "қулығымды" айтқызбай сезіп қояды да: "Түгін қалдырмай, тегіс оқы!" — деп ескерту жасайды. Ұяла тұрсам да, бір сөзін қалдырмай түгел оқып беруге тырысамын.
Қойшы, сонымен не керек, ақпан айында басталған "Мың бір түннің" екі томдығы көктемді шығарып барып тәмамдалды ғой деймін. Ел де разы, мен де разы. Үлкен-кіші, әрине, алғыстарын кітапты табан ақы, маңдай терімен тапқан адал пұлына сатып алған Нүсіпке емес, көз майын тауыса күн сайын жалықпай оқып беріл жүрген маған айтады. Нүсекең соны білетін, білетін де қолтығына кітап қысып үйден шығып бара жатқан мені көріп, құптай күліп қала беретін.
Менің анам Жұпар да сөзге сараңдау, әңгімесіне әмісе мақал-мәтел араластыра сөйлейтін ұстамды адам еді. Ауылдағы жалғыз тракторға жанармай таситын Нүсіптің ауыр-ауыр темір бөшкені арқалай көтеріп жүргенін көріп: "Аса қайрат жанға қас" деуші еді, қарағым, байқасаңшы!' — деп ескертіп отыратын. Абысын-ажынымен әртүрлі ауыл-үй әңгіме. үстінде де мен түсінбес бірер мәтелді қыстырып жіберіп отырушы еді жарықтық. Бұл күнде өзім ұдайы қолданып жүретін азын-аулақ нақыл сөз, мақал мен мәтел сол кісінің аузынан қағып алып, бала кезде жадымда жатталып қалғандар. Кейін естіген, көзбен оқыған сөзімнің кебісі бір кулактан кіріп, екіншісінен шығып жатты, қайтейін.
Әке-шешем де, тіпті Нүсекеңнің өзі де мені ақын болады-ау деп ойлаған жоқ. Ойламаған соң сөз өнеріне әдейі бұрып баулымады да. Тек менің кітапқа деген құмарлығыма бөгет жасамай, қолдап, қуаттап жүрді. Әйтеуір, біздің шағын ауылдағы ең кітабы көп отбасы — біздің үй еді, соны жақсы білемін. Өйткені, бәрін де өзім оқып тауысқаным.
Мен төртінші сыныпта оқып жүргенде алғаш рет ауылда кітапхана ашылды. Оны "ақсақ Шодыр" аталатын орыс азаматы ұстайтын. Ол өзі бір жағынан "Маслопромға" сүт тасиды: Нүсекеңнің көп қимас досының бірі, сондықтан да болар, күн сайын кешкілік әйелі екеуі екі аяқты өгіз арбамен колхоздың сүтін тартқызуға алып кетеді де, әлі мектепке бара қоймаған Шөрке дейтін баласын маған тапсырып, үйіне қалдырады. Кітапхана сол үйде. Сөйтіп, олар оралғанша үш-төрт сағат бойы осындағы иен-байлық — сыйқырлы әлем иесі өзім боламын да қаламын.
III
Сол күз бен қыста "Барон Мюнхаузеннің басынан кешкендері", "Том Сойердің басынан кешкендері" мен "Геклбери Финнің таңғажайып оқиғалары" деген кітаптармен қатар М.Шолоховтың "Көтерілген тыңын" оқып шықтым. Нүсіп "Абай жолы" романын оқып жүрген, ара-тұра ол кітапты үзіп-жұлып мен де оқып қоятын едім. Әкем де құлақ қоя көп тыңдайтын...
Әкем демекші, ол кісі соғыстың алдында бір жылдық арнаулы ветеринария мектебін бітіріп шыққан орта дәрежелі мал маманы болатын. Ғұмыр бойы сол мамандығына орай қызмет істеді. Өз кәсібін жете меңгерген, ауыл-аймағына, үлкен-кішінің бәріне сыйлы кісі еді.
Біздің ауылда жалғызілікті Қойтұяқ дейтін шешеміз болды. Үйі де ауылдың шетінде, елден оңаша, оқшау тұратын еді. Сол жарықтық таңертең үйінен шыта сала себеп-салдарсыз әлдекімдерді шетінен сықпырта сыбап келе жататын. Құлағы әбден үйреніп кеткен жұрт онысын елең де қылмайды, ауырламайды да. Біздің үйдің тұсынан өте бере: "Әкеңнің аузына пәлен етейіндер, өкіметім аман болсын, Құсайын қайным (менің әкем) аман болсын, мені құдай өлтірмейді" — деп бара жататын еді дауысын бұрынғысынан да қаттырақ шығарып. Бәрін естіп, бәрін көріп отырған әкем ләм-мим деп үн қатпаған қалпы жымиып қана күліп қала беретін.
Қойтұяқтың "Құсайын аман болсын" дерінде де үлкен мән жатар еді. Нүсіп екеуіміз шөпке баратынбыз. Ырдуан арбаға келістіре тиелген көк шалғын шөпті қора төбесіне қыздың жиған жүгіндей етіп үйеміз. Арба түбінде бірер айыр шөп қалғанда, әкем: "Болды, ендігісін Қойтұяқ апаларыңа апарып түсіріп беріңдер", — деп әмір етеді. Мен күйіп-пісіп ызалана бастаймын, күні бойы ақ тер, көк тер болып жинап-терген еңбегімізді біреуге тегін беру деген оңай болып па, бірақ Нүсекең үндемейді, өгізді солай бұрып, қалған шөпті Қойтұяқ қорасына түсіріп беріп қайтатын едік.
Отыз-қырық сотық (бізде солай деп атайды) жерге бау-бақша саламыз да, көбіне картоп егеміз. Оны да жаз бойы бағып-қағатын біз, өйткені әкеміз көбіне-көп ат үстінде жүреді де, үй шаруасына бұрылып қарауға мұршасы бола бермейтін. Күзде арба-арба етіп картоп, жүгері, асқабақ жинап аламыз. Ең соңғы арба аулаға кіре бере әкем тағы: "Мұны Қойтұяқ апаңа апарып беріңдер!" — деп тұрады. Жаз бойғы табан ақы, маңдай теріміз, бірақ амал жоқ, әке сөзі — бізге заң. Арбаны бұрып, Қойтекең үйіне қарай тартамыз. "Өкіметім мен Құсайын қайным аман болса — мені құдай өлтірмейдісін" айтып, әлдекімнің жеті атасынан бері түгін қалдырмай тағы сыбап Қойтұяқ кемпір қала береді.
Сол әкем мені де өзінің ізін қуып мал маманы — зоотехник не ветврач болады деп көп үміт етіп еді. Бірақ бір рет Жамбылдағы техникумға, бір рет Семейдегі институтқа жіберіп, түк өндіре алмады. Мен де не түрлі сылтау-себеп тауып, орта жолдан үйге қарай қайта оралып отырдым.
Әкем болса менің әйтеуір аштан өліп, көштен қалмауымды ғана емес, сол кезгі үрдіске сай ауылға қажет мамандықтың бірін меңгеріп, ел қатарлы атқа мінсе деп ойлайды екен-ау. Атқа мінгенде де анау-мынау емес, не колхоз, совхоз, не аудан басқарса дейтінін аңғаратынмын.
Нүсекең інісін түсіне бастады. "Өзі білсін де, аға, — деді әкеме бірде, — зорлағанмен бола ма, көңіліне жақпаса, әдебиетші болам деп жүр ғой, еркіне жіберсеңізші".
Содан да мен біраз кешеуілдеп барып әупіріммен Қазақ университетіне сырттай оқуға түскен болатынмын.
1959 жылдың күзінде аудандық газет редакциясына енді ғана орналасқан маған "Лениншіл жас" газетінің сол кезгі редакторы Ә.Бөлдекбаевтан жеделхат келді. "Сізді газет редакциясына қызметке шақырамыз, келіссөз, хабарласыңыз!" — деген іспетте. Соның алдында ғана ол газетте "Отардан жазылған хаттар" аталатын топтама очерктерім жарияланған болатын. Сол жазғандарым ұнап, қалғанын кейін редакция жігіттерінен естіп білдім. "Согласен!" — деп телеграмма жібере салдым да, салып ұрып ауылдағы әкеме тартайын. Ауыл арасы 9-10 шақырым болғанымен, жаяу адамға едәуір жер. Жүрегім алып ұшып ентіге жетсем, әкем тұмауратып төсекте жатыр екен. Қасында әңгіме айтып Нүсекең отыр.
Көкірегім көк тіреп жерге сыймай жеткен мен әкеме әлгі жеделхатты ұстата бердім. О кісі сабырмен бірер рет көз жүгіртіп оқып шықты да, бас жағындағы қобдишаға қоя салды. Бір қырын жатып маған мойын бұрған күйі: "Жақсы екен, балам. Бірақ жұмыстан жұмыстың жорғасы жоқ. Газет қызметіне орналастым деп едің ғой, сонда істей бер!" — дегені.
Жаңағы алып ұшқан көңілім су сепкендей басылып, не дерімді білмей әлденені міңгірлей берсем керек, Нүсекең тұрып:
— Аға, осы жалпақ жатқан Алакөлде кімнің баласын елеп Алматыға "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетіне шақырып жатыр. Етектен тартпасаңызшы, барсын, — деді.
Сөйтті де маған қарап:
— Ақшаң бар ма жолға? — деп сұрады да, мен басымды изеген соң. — Ендеше еамолетіңе билет ал да, жүріп кет. Жолың болсын! — деді.
Әкем үндеген жоқ. Үндемегені келіскені деп ұқтым да, жолға дайындалдым.
Сөйтсем әке жарықтық мені әйтеуір өз маңынан ұзамай көз алдында жүрсін дейді екен ғой, оны да балалы болғанда барып түсіндік...
Ең алғашқы "Туған ауыл" деп аталатын кітабымда ("Жазушы" баспасы, 1966 ж.) "Алғыс" деп аталатын Нүсіпке арналған өлеңім бар. Сонда:
... Сүйдің бе қатал сезіммен,
алда деп ұғып сынар күн,
әйтеуір менің өзімнен
өзімді жасап шығардың.
Борышты болам сол үшін,
Сөнгенше жанар ең кемі —
Күндерім үшін — толы сын,
Жақсылық үшін мендегі, —
деген жолдар жүр. Бұл менің өмір бойына естен шығармай берік ұстанған тұжырымым еді.
Өмір сүру бар да, со өмірді ата-ананың ақыл-кеңесі, өнеге-үлгісі бойынша заманға лайықты етіп құра білу бар. Әкем жарықтық менің өмірімнің тоқ қарын жағына, жақсы болуы жағына қарай икемдеп, соған біржола бейімдей әрекет етсе, Нүсіп ағам ез түйсігімен өмір сүрсін, өз тағдырына өзі ие болсын деген бе деп те ойлаймын қазір.
Ол бірде-бір рет "мынауың дұрыс, мынауың бұрыс" деп менің тірлігіме орынсыз қол сұғып араласқан емес. Құптаған, құптамағанын да білдірмейтін. Тек қана бір рет Алматыда берекесіздеу тірлік кешіп жүрген Свет Оразаевты ауылға ертіп келіп, жұмысқа орналастырып, бірер жыл қасыма ала жүре туған бауырымдай бас-көз болғанымды аса бір жақтыра қоймаған сыңай танытып, онысына мен құлақ аспағасын: "Өзің біл, бірақ дос таңдай алмайды екенсің, айтпады деме!" — дегені ғана бар.
Сол "Лениншіл жас" газетінің редакциясында қызмет істей жүріп, басшыларының өзіме деген айрықша ықылас-пейілін пайдаланып, тапсырмамен жазылған әртүрлі очерк, мақаладан басқа бір жылда екі-үш рет топтама өлеңдерімді жариялап жібердім білем, бір күні ауылдан ағам телефон соғып: "...Өлеңдеріңді де оқып жүремін" — деді де қойды. "Қалай екен?" — деп мен сұрамадым. Пәлең деп о кісі баға бере қойған жоқ. Тек қана "менің өлеңімді ағам да оқып жүреді екен-ау" деген ой көкейден кетпей, не жазып, не жарияласам да енді "со кісі қалай қарар екен?" — деген бір үміт, бір күдікке аралас сезім жетегінде отыратын болып алдым.
Әлем әдебиетінің көп үлгілерімен танысқан шығармын, Нүсіптің нұсқауынсыз-ақ рухы бір ұлыларынан үйреніп, үлгі-өнеге алған да шығармын. Бірақ әдебиетке деген құмарлықты бала жастан бойыма сіңірген алғашқы ұстазым — сол өзімнің туған ағам Нүсіп еді. Ол — даусыз.
Өзі де өлең шығаратынын әңгіме басында аттым ғой. "Сол өлеңдерің қайда?" деп сұраған Исанай досына: "Сәкеннің өлеңдері жариялана бастаған соң пешке жағып жібергем, бір үйден бір ақын шықса да жетпей ме", — дейді екен күліп.
Шын ба онысы, құрдасына айтқан әзілі ме, тірі кезінде өзінен сұрап анықтау ойыма келмепті. Бірақ өлең жазған дәптерін іздеп таба алмағаным анық.
Нүсіпті әке-шешем ертерек үйлендірді. Өзіміздің ауылдағы Әбдірәсіл етікшінің қызы Қазизаға құда түсті де, айналасы бірер ай ішінде опыр-топырын шығара той жасап, жиырмаға толар-толмастағы жастарды шаңырақ иесі етті де шығарды.
Тұңғыш балалары дүниеге келгеннен кейін әскерге алынған Нүсіп, 1951 жылы Қиыр Шығыстан кеудесіне айықпас дерт жамап қайтты. Бұрынғыдай ауыр жұмысқа жарамай, көбіне-көп үй маңы тіршілігімен ғана айналысып кетті.
Киімді өте таза, сәнді киетін еді. Бір күні "Промкомбинатқа" тіккіздім деп, кәдуілгі парашют материалынан ақ түсті костюм киіп шыққаны бар. Аяғында ақ брезент штеблет бәтіңке. Соның алдында әйелінің Семей жақтағы туыстарынан қызыл жібек көйлек киіп қайтқан болатын, енді соның бәрі қосылып, құйып қойғандай-ақ өз бойына айрықша жарасып шыға келмесін бе.
Біздің жақта ақ костюм киіп жүрудің өзі ерсілеу сияқтанатын. Қара жолдың шаңы шыға бұрқырап, сәл-пәл жаңбыр жауып өтсе болды, айнала ми батпақ, лайсаңға айналып шыға келетін. Сонда үстінде кір шалдырмай жүретін Нүсіпке құрдастары Исанай, Ахметтер (шешен жігіті) қалжыңдап: "Осы сен басыңмен жүресің бе, Нүсіп? Біз керзі етікпен батпаққа малшынып жүргенде ақ бәтіңкеге кір жұқтырмайсың", — деп қағытатын.
Нүсекең күлетін де қоятын еді. Маған да кербездік сол кісіден жұқса керек.
Өзінің қолынан келмейтіні жоқ. Ағаштан түйін түйетін еді. Не істесе де жүрдім-бардым орта жолда қалдырмай, ақырына жеткізе, діттеген жерінен шығатын. Сол баяғы Сарыбөктерден келген жолы бірнеше ағаш ысқыруық жасап келіп бергені бар. Біздің үйдегі ең ұзақ сақталған бұйым — өрнектелген ағаш кереуетті бір қыс бойы, шешемнің: "Үй ішін ақ жоңқа етіп ыбырсытып біттің-ау!" — деп күңкілдей кейігеніне қарамай, ешкімнің көмегінсіз бір өзі жасап шыққаны да есімде.
Бірінші сыныпта Биша дейтін мұғаліміміз болды. Өзі бізге ағайын адамның қызы, адуын, еркелеу еді. Сол мұғалімім бір күні маған әдемі бір ойыншық наган сыйлады. Қорғасын мен қалайыдан қосып істелген соншалық бір көз тартар мүлік еді. Амал не, менің балаларға "пұх, пық" деп көздей беруімнен қауіп қылды ма, жоқ басқа себебі болды ма, әйтеуір бірер күннен кейін Биша апайым мені жылатып отырып әлгі сыйын өзі тартып алды.
Жылап-еңіреп өкпелеп үйге қайттым. Не болғанын сұрап біліп алған Нүсіп, шұрқ етпе дегендей мені жұбатты да, бір ағаштан жақсылап жонып сол наганның сұлбасын жасады. Әр жерін ыңғуырмен ойып, өрнектеді де, бір кесек қорғасынды қол бақырға ерітіп алып, ыстық күйінде әлгі өрнектеріне құйды. Соның бәрін маған көрсетіл отырып, көз алдымда жасады. Әне-міне дегенше Биша тартып алған наганнан аумайтын, тіпті одан гөрі жеңіл де ыңғайлы ойыншық қаруды қолыма ұстатты...
... Қазір тірі болғанда Нүсіп ағам 74 жастан асып бара жатады екен. Амал қанша, иманы көміл болғыр, осыдан 37 жыл бұрын балаң кезде бойға жабысқан өкпе дертінен 37-мүшел жасында қайтыс болып кетті. Менің ең үлкен ақылшым да, өнеге-үлгім, ұмытпас ұстазым да өзі еді. Әлі күнге рухымен сырласып жүремін.
Ұлы-қызы, немере-шөберелері өсіп жатыр. Соған да шүкір дейміз біз...
2004 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі