Алакөл өңіріндегі үлкен-кішінің ешқайсысы көзге де, сырттай да Исағұл Жолжанов ақсақалдың атын тура атамайды. Бәрі де бірімен-бірі уәделесіп қойғандай, айырықша бір ықылас-құрметпен Исаға, Исеке десіп тұрады. Бұл есім аталғанда елең етпейтін, жалт қарамайтын адам кезіге қоймайды. "Ауылыңның ағасы кім? Игі жақсыдан кімдер бар?" — деген көлденең сұраққа да ең алдымен "Исағаң" деп жамыраса жауап беретіндеріне біз бәс тіге аламыз. "Алакөлдің ағасы, алтынды тонның жағасы" дегенге бұл күнде бәріміз де әбден ден қойып алғанбыз.
Исекең мұндай құрметті біреуден қолқалай қалап та, сұрап та алған жоқ. Осы елге, өскен жерге сіңірген ұшан-теңіз еңбек, сол еңбегі арқылы жылдар бойы жинаған берекелі ісі мен беделіне орай өзі іздеп келген абырой бәрі. Айналасына тигізген пайдасы, көрсеткен үлгісі мен өнегесінің алтын тамыр жемісі.
Бұл әзі шын мәнісінде жер басып жүрген жұмыр басты пенденің бәріне бұйыра берер бақ емес еді. Жақсылығы мен жамандығы, әділеті мен әбілеті алма-кезек ауысып, әмісе жеңісе алмай, зәу бір тұста итжығыс түсіп те жататын мынау бір жалған да есепті дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, әрдайым таразы басын тең ұстап, теңселмей өту, жүзін сыртқа, арқасын ыққа бермей, ақ адал ғұмыр кешу де екінің бірінің қолынан келе бермес, даналарға ғана даритын сирек қасиет болса керек.
Біздің Исекең шепті жарып, шеңбер бұзбаса да, ақырын жүріп анық баса отырып, қоғам өмірінің көп жүгін арқалап келе жатыр екен. Біз сияқты егделер үшін күні бүгінгідей болып көрінетін сонау бір қанды соғыс кезінде ол аудандық комсомол ұйымын басқарды. Жас еді, жалынды еді, әрине. Бірақ оның өзі жаспын демеді. Кемелі де бар, кембағалы да жоқ емес талай бір келелі жиын, кеденді кеңе1 іс жұрт арасынан суырылып шығып, өз тұстастарына бас бола білді. Мүгедекпін деп мүдірмей, қиындықты көріп кідірмей, бойдағы қуат-күшін түгел жұмсап, ақыл-сананы сарқа пайдаланып отырды. Содан барып ол басшылардың да, былайғы жақсылардың да көзіне түсті, солардың бәріне кісілігімен де, кішілігімен де ұнады. Әлдекімдерше әлекедей қаланып, битін сала іздемесе де бұйырған лауазымның, қолдан келер қызметтің ешқайсысынан ат-тонын ала қашқан жоқ. Сатылай өсіп, еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің атқару комитетіне төрағаның орынбасарлығына жоғарылады. Жиырманың үстіндегі жас жігіт үшін ол, әрине, үлкен мәнсап болатын. Бірақ оған Исекеңнің басы айнала қойған жоқ. Қандай іс болса да ақыл-сабырмен шешті, ешкімге ой-көпір атанбады. Қошемет, қолпашқа бола елігіп, қолына билік тигенге желігіп те кететіндер аз емес қой, Исекең ондайға бармады, обал-сауап дегендердің болатынын да ешқашан естен шығарған жоқ. Әркімнің басында бола беретін артық-кем істер мен ағат-ауыт сөздердің өзінен де аяғын тарта білді. Ойламай айтып, көздемей атқан кезі жоқ.
Ол өзінен кейінгі жастардың пікіріне де ұдайы құлақ асып, сөзін жерге тастамауға тырысатын еді. Жассың деп ешкімді жасқамады, жарлысың деп жарты жолға тастамады. Қашанда болса қасындағыларды көзбен демеп, көңілмен жебей жүрді.
Исағұл Жолжанов табаны күректей 25 жыл бойына сауда қызметінде — Алакөл аудандық тұтынушылар одағының торағасы қызметінде болған адам. Қарауында толып жатқан сауда базалары, құрылыс мекемелері, біршама селолық тұтыну кооперациялары бар сауда мекемесін басқару, әсіресе азды-кем қажет дүниенің бәрі шетінен қат болып тұратын, кісіні ділгерліктен барып діл-зарлыққа ұрындыратын кешегі кеңес кезінде мұндай сан-салалы үлкен шаруашылықты игеріп әкету, жолдан таймай, ақ сөйлеп адал жүру екінің бірінің қолынан келе бермес еді. Өзінің алдындағы, соғыс кезінің таршылығы мен тапшылығы кезінде осы мекемені басқарған адамдардың біразы өзіне ұнағанды ішіп, өзгеге ұнағанды киіп, асып-желігіп, тасып-төгілем деп жүріп, біреуі сотталып, біреуі жоқ болып жатқан әрекеттері де сабақ болған шығар, жоғарыда айтқандай, әр нәрсені ақылмен пайымдап, сабырмен таразылай білген Исекең осы қызметінен зейнеткерлікке шыққанға дейін басшыдан сөгіс, басқадан сөз естіген емес. Кайта керісінше, осы 25 жыл ішінде ел құрметіне бөленіп, жұрт аузына ілігіп, әртүрлі ордендер мен медальдардың иегері болды. "Қазақстан сауда жүйесінің озық қызметкері" деген атақпен марапатталды.
Шыр айналар шіркін тауық,
Жемің болса қолында.
Қайдағысы сені тауып,
Қыт-қыттайды жолында, —
деп Сәкен Сейфуллин жазғандай, қазан басында, онда да сауда мекемесі сықылды майлы қазан басында жүрген адамның жолын тосып қыт-қыттайтындар да, ләббайлап құттықтайтындар да көп болады. Бірақ Исекең құлағы ондай желсөзге келгенде түк естімес тас керең болып шыға келетін. Оны өзіміз де көрдік, өзгеден де талай естідік.
Қоғамдық жұмыстағы, қызметтегі жауапкершілікті дүнияуи тірліктегі сауапкершілікпен парлап жегіп, қатар игерген адам ешқашан абыройсыз болмақ емес. Көп пенде осының бірін ұстаса, екіншісіне ие бола алмай сорлап қалып жатады. Исекеңнің айналасына сыйлы, ағайынына сыйымды болуының өзі осы жауапкершілік пен сауапкершіліктің ара жігін тең ұстай білуінде шығар дейміз.
Екі адамға билігі жүрсе болды айналасына шекесінен қарайтын, алдына жүгіне келген адамдар түңіле шығатын басшылар да болады. Исекең өз бойын ондай пендешіліктен таза ұстай білді.
Аштықты да, тоқтықты да бір кісідей көрген, желге де, шөлге де шыдас берген азамат әйтеуір, қалай еткенде де хақ жолынан аттамауға барын салып-ақ бақты. Әлі күнге дейін сол.
Қуат күші бойында, қайраты қайтып, қажыры сарқылмаған Исекең көп жылдар ақсақалдар алқасын басқарды. Ол тұста да, қазір де ешкімнен өзінің уағыз-тәлімін аяп көрген адам емес. Алыс-жақын ағайын, тұрғылас, құрбыластары ұлын үйлендірсе де, келіп түсірсе де, баласын жетелеп жоғарғы оқу орына апара жатса да, тіпті от басы, ошақ қасының дағдарысқа ұшыраған ділгерлік тұсында да Исекеңе ақыл салып, алдынан өтіп пікір сұрауды дағдыға айналдырып алған. Өзіміздің ибаз-базда басымызға түскен тірліктің тар жол, тайғақ кешуі кезінде Исекеңе ақылдаса барғанымызды, орнықты ой түйіп, ұлағатты ұйғарымына разы болғанымызды да ұмыта қояр емеспіз. Жадырағанның қасында, жамырағанның басында жүретін қасиетіне қанық болғаннан да еді ол.
Он шақты жылдың қарасы болды-ау дейміз, Исекеңнің құдай қосқан қосағы Жанбытай дүние салды да, бала-шаға, келін-кепшік, немерелерінің енді бар салмағы өзіне түскен ауыр күндерді басынан өткізіп еді. Бірақ қайғыны да қара нардай көтеретін Исекең ешқайсысына аяулы аналарын жоқтатпай, үлкен-кіші ұрпағының бәрін қанатының астына алып, пана да болды, ата мен ана да болды. Сол пейіліне орай құдай тағала оған келісті ұл, келбетті келін, қылықты қыздар берді. Қазір ұлдары Мұхтар мен Бақтұр ел басқарып жүрген азаматтар қатарында абыройлы келе жатса, қыздары да ешкімнен жүзін төмендетпей төрт-бес шаңыраққа не болып, түлей түсіп, түтін түтетіп келеді. Исекең оған да үнемі шүкіршілік айтады.
Дәулеттен гөрі қадір мен құрметті қастер тұтып өскен, мақтауға жығыла қоймайтын, мақтануға мүлдем жоқ Исекең біздің бұл мадағымызға да миығынан күлер де қояр. Өйткені ести сала сенетін, тыңдай сала көнетін кісіңіз ол емесін де жақсы білеміз. Бірақ жақсының жақсылығын айту қатарластары үшін қашанда парыз ғой. Біріміз қатар жүрген жан досы ретінде, екіншіміз үзеңгілес інісі ретінде де, жарым ырыс — жақсы лебіз білдірудің ешбір сөкеттігі де, артықшылығы да жоқ деп түйген едік. Ел ішінде жүрген асылдарымызды айту да елдіктің белгісі емес пе!
"Егемен Қазақстан" Тамыз, 2001 жыл
(Бұл мақала туыстас ағам, Алакөл түлегі, профессор, марқұм Жұмахан Балапановпен бірігіп жазылған)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі