Мен телевизия маманы емеспін, көрерменмін. Сол көрермен ретіндегі көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді, түйткілдер мен түйіндеулерімді ғана айтқым келеді. Үй-ішіміз болып қазақша хабар тыңдайтынымыз бар. Сондағы дикторлардың, әртүрлі тақырыптық хабарларды жүргізушілердің, шолушылардың пікіріндегі келеңсіз ойларға, тіліндегі мүкіске шыдамай кетіп: "Қап, мынау бүлдірді-ау. Өзінен басқаның бәрін ақылсызға балаганы ма, дікектеп, дігерлеп бітті-ау" — деп қопаңдап қалатыным бар. Енді қайтейін, қазақтың ойлау сипатындағы логиканы бұзып жатса, тілімізді бүлдіріп жатса — күйінбей, қалай тыныш отырайын.
Ақпарат құралдарының баршасы секілді қазіргі телевизия да бізге ең алдымен жаңалықтарды жеткізуші. Ол жедел ақпараттың, қала берді сол тасқынды хабар-ошар мен ойын-сауықтың жөне бизнестің ортасынан жаралған жаңа бір синтез бе деп қаламын. Әлемдік өнегеге назар аударар болсақ, рынок қандай тауар қажет деп тапса, теле кәсіпкерлер де соған қарай бейімделіп шыға келетінін байқар едік. Алысқа бармай-ақ, ежелгі көршіміз Ресей телеарналарының ақпараттарына ден қойсаңыз да соны байқар едіңіз.
Мен көбіне-көп "Хабар", "Хабар-2", "Қазақстан-1" телеарналарының ақпаратына құлақ түретінім бар. Әрине, мемлекеттік телеарна болғандықтан да шығар, бұларда көбіне егіз қозыдай бір-біріне ұқсас хабарлар беріледі, біз де соны талғажу етіп үйреніп кеткенбіз.
Біздің ұлттық телеарналар әлі күнге дейін үйрену үстінде сияқты. Сондықтан да болар, не жүректі жылытпайтын, не сезімді селт еткізіп, ойға түрткі болмайтын құрғақ сөз, қысыр әңгімеге құмарлық басым. Экраннан көрінген адамның не айтып, не қоятынын да комментатордың хабарламасынан-ақ аңғара қоясың да, әрі қарай тыңдауға құқың бола бермейді.
Аттарын атап жатпайын, қазір қазақ сөзінің қадірін кетіріп, аяқ асты етіп жатқанына арлана қояр тележурналист кемде-кем. Бұл әсіресе онсыз да ана тілінің уызына әлі жари алмай жүрген кейінгі жастарымызға кері әсерін тигізіп-ақ жүр. Әлі күнге "ң" дыбысын айта алмайтын, қала берді әңгімесінің әр сөйлемі сайын "күтілуде", "орын алуда", "көрінеді", "сыңайлы" сияқты сөздерді қолданып, кейде сан есімнен кейінгі сөзге көптік жалғауын жалғап та жіберетін журналистеріміз бар. Олар үзіп-жұлқып сөйлегенде тынысың тарылып, демің жетпей қалады. Олар онысын сөкет деп те санамаса керек, әйтпесе бүгінгі қатесін ертең тағы қайталап, өші бардай-ақ үсті-үстіне төпеп айта бермес еді ғой. Бұл орыстың "ожидается", "имеет место", "похоже" сөздерінің сөзбе-сөз аудармасы екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Кейде мен тележурналистер сөзін тыңдап отырып "ой, бүгін бір тіл білетін басшысынан қатырып сөгіс еститін болды, сірә, тыйым да салынар" — деп ойлап қалам. Бірақ "баяғы жартас, бір жартас", басшылары да мемлекеттік тілді әлгі жүргізуші, шолушылары дәрежесінде меңгерген адамдар, не өз хабарларын өздері де көріп жарытпайтын кісілер ме дегенге табан тірей беремін.
Орыс тілді телеарналар хабарына жұрт неге құмар деген пікірталас мені де жайбарақат қалдыра алмайды. Қазақ тіліндегі телехабарлар көбеюіне тілектестердің бірі бола тұра, біз неге Владимир Познер, Татьяна Митькова, Светлана Сорокина, Евгений Киселев, Владимир Молчанов, Андрей Карауловтардың атын жатқа білеміз де, өзіміздің жігіттер мен қыздарға келгенде кібіртіктей береміз.
Өйткені, олар жұрттың көкейіндегі ойды дөп басып, түйінді пікір айта алады, азулы, көтерген проблемалары төңірегінде өз ойларын да именбей, жалтарып-жалтақтамай ашық білдіре алады. Қазіргі қазақ тележурналистикасында солардың қатарына тұра алар біреу бар ма, — дегенде кәдімгідей қиналып-ақ қаламыз.
Бұрындары "телегеничность" деген ұғым болатын. Қазір ол да аса маңызды емес. Қазіргі тележурналистер имиджінің жөні басқарақ. Сыртқы сымбатынан гөрі ойлылығы, жедел де нақтылығы, көкейкесті тақырыпты қозғауы, отырыс-тұрысының табиғилығы, әр сөз, әр сөйлемді сауатты түрде орнымен қолдануы қажеттірек. Кезге де сол арқылы түсіп, көңілде де сонысымен қалады. Әйтпесе, біз жоғарыда айтқан Познер, Осокиндер де анау айтқандай әкетіп бара жатқан келбет те, көз тартар көрік те шамалы ғой. Әзіміздің о жақ, бұ жағымыздағы ғана адамдар. Бірақ, тиянақты ой тұжырымды пікір, ең бастысы, өр дыбыс, әр сөзі арқылы бір көргеннен іші-бауырыңа кіріп, баурап ала жөнеледі. Осыған қарай, бүгінгі өрбір тележурналистің өз тағдыры, болашағы өз қолында дегенге ойысасың. Шеберлікті шындай беру ешқашан көптік етпесін сезінесің.
Таты бір тілек, біздің телехабар жүргізуші жігіттеріміз бен қыздарымыз тым ақылгөйси бермесе екен. Көзін ежірейтіп, саусақ безеп, жұртқа ақыл айтып кетуден сақтана жүрсе болар еді. Жеке адаммен сұхбат жүргізген кезде әлдебір сұрақты қойып алып, әлгі кісі ойы мен бойын жиып алғанша: "Сіз былай дегелі отырсыз той" деп, "Иә, солай дегелі отырмын" деп құптатумен сөзін аяқтайтын да журналистер бар. Бұл да абырой әпермес қылық. Тек күлкіңді келтіреді.
Өткен аптада бірнеше телеарналар бойынша Америка Құрама Штаттарына барып қайтқан, Конгресс мәжілісіне қатысқан адамдардың пікірін тыңдадық. Сонда өлі күнге дейін ол жақта Қазақстан деген елді ешкімнің білмейтінін кердік. Белгілі тілші талым Өмірзақ Айтбаевтың күйіне сөйлеген келбеті де көз алдымызда түр. Ендеше, бізге шет ел хабарларын төпеп көрсете бергенше, өзімізді шет елдерге насихаттау жағына баса көңіл бөлген жөн сияқты. Бұл "Хабар" сияқты қаржылық мүмкіндігі мол, шығармашылық жатынан қуатты телеарна үшін аса қиын да шаруа болмас деп ойлаймыз.
Ресейлік тележүргізушілердің тәжірибесіне сүйенсек, олар "шайнап берген ас болмасын" жақсы білетінге ұқсайды. Апта бойы тілшілерден түскен материалды олар өздері іріктеп, сұрыптап, елеп-екшеуден өткізіп барып, ең қат, ең қажет, яғни бүгінгі күнге ең керегін алады екен де, талғамнан тықпай қалғанын қайтарып беретін көрінеді. Бағдарламаның бүкіл композициясын өздері құрастырып, бағыт-бағдарын өздері қалыптастырады. Біздің тележүргізушілеріміз бұрандалы қуыршақтай, кезін мәтіннен айырмаған күйі қатады да қалады. Жазып берген материал мәтінінен асып та кетпейді, кем де түспейді. Қысқасы, біздің қай арнамызда да жүргізушілеріміз бәз-баяғы диктор күйінде қалып келеді.
Бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп отырған жайымның жоқтығын баса айта кеткім бар. Телевизия біздің өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналды. Ол тек ақпарат қана емес, ұтқыр да ұтымды күлкісі, әжуасы, әзілі аралас әр түрлі мазмұндағы телеқойылымы арқылы да өзіне тарта білуі керек. "Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел" дегенді керісінше алсақ, сол мазмұны терең, танымдық, тақырыптық хабарларды көруге'зиялы оқырман да, қоғам да дайын, тек...
Қайталап айтсам, ауызды қу шөппен сүртіп, "бізде түк жоқ" деуден аулақпын. Тек болған үстіне бола, толған үстіне тола түссек деген үміт-тілектен туған ойлар еді бұл.
"Егемен Қазақстан", тамыз, 2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі