Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды
Поэзия — ақынның жан сыры, өмір жыры. Жүректің жалынын да, арының да, ақынның дарынын да өлеңге құйып сыртқа шығаратын жан бұрқанысы, толғамы, ой толқыны. Екінші сипатпен айтқанда, поэзия — сезімнің ыстық ұшқыны, іліп түсер ұшқыры. Әрі серісі, әрі тәкаппар кербезі, әрі елгезегі.
Менің жазу столымда өзім бірнеше рет оқып шыққан ақын Сәкен Иманасовтың жаңа өлең кітабы "Адырна" жатыр.
Ақынға тақырып көп. Ал, ақын осылардың қайсысын жазса да өлімсіз өлең — ұзақ өмірлік, өміршең етіп жазу ақын дарынының бірегей құдіретіне ғана бұйыратын қасиет. Талғам талабынан тасырқамай тартатын төрт тұяғы болаттай дүлдүл жүрісті сезіміңді ысытатын да ойнататын, жанарыңа нұр үстейтін, жүрегіңе жаңа бір сыр, сиқырлы сыр құятын өлең жыр тілейді оқырман. Поэзия жүректен туып — жүректерге қызмет ететін керемет болуы шарт.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін —
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін, —
деп өзіне де, өзгеге де осы шартты өсиет етіп өткен ұлы Абайдың ескерткіші алдында Сәкен Иманасов ақын:
Көңілге келе жатқан толмай әлі,
Айтарым өлең қамы сол баязғы,
Бүлініп жүргендер бар жүлде десе,
Жүгіріп — жерге тимей қолды-аяғы.
Сақтаған саф алтыңдай таза тілін,
Жазғырып отыр деме аз ақынын.
Көкейін көлем кернеп, өлеңді ермек
еткенде қолданатын жаза түрін, —
сұрайды Абайдан.
Сәкенге мұны айтқызып отырған — шындық. Өйткені соңғы жылдарда "екінің бірі" дерлік өлең жазуды жеңіл кәсіп ретінде "желпілдетіп", жеңсік қып барады. "Жүлде" үшін, "көлем" үшін "екпіндеулердің" бар екені де рас емес дей алмаймыз.
Басқа ақын қаламдастарына қойған талап-талғамды Сәкен алдымен өзіне қоя білгенін осы "Адырна" атты өлең кітабындағы поэзиясы сипаттайды екен.
Сәкен сергек сезімді, қанатты да алғыр, өжет ақын. Сол сергек сезімділікті, қанаттылықты, өжеттікті аспанда жасап, жыр қанатын сонда қағып, жер әлеміне ғарыштан қарап жазып жүрген жоқ. Өз ортамыздағы, халықтың қалың ортасындағы ақын. Өмір сырын, ашысы мен тұщысын жүрек сырына ұластырып, өрнектей білетін суреткер ақын. Өмірге құштар үлкен ойдың, сезімнің ақыны екенін. "Адырнадағы" әрбір өлеңінен аңғаруға болады. Мысалы "Шарт емес" деген өлеңін алайық.
Шарт емес көрінгенге ұнамағы...
Ақындар үндемей-ақ жүре алады.
Сонда да... көкірегінде күркіреп қыр,
Күніне қанша бомба сыналады.
Ішінде тасып ағып таза қайнар,
Шартта-шұрт жарқылдайды нажағайлар.
Сот сайын жүрегінен жатады өтіп,
Қанша бір қайталанбас ғажап ойлар.
Ақын жанының жалтақсыз шындығы, өмір шындығы, арманымен міне осылай шиыршық атады.
Оқып, көріп отырсыздар, осындай тебіренісі де, тегеуріні де жаныңды жадыратады. Өмірдің ой-ойпат, ор-қырлары, өрлері, өрістері, бүгіні мен алдағысы, арманы мен қызу қимылын, құлқы жаман қыбыр сыбырын айнаға түсіргендей бүркенішсіз суреттейді, шыншыл ерлікке шақырады. Толғанысты ой тастайды.
Ақын көзіне, ақын сезіміңе болымсыз үй-күйі «Қарлығаштың ұясындай» бөлмелері он сегіз мың ғаламға ашалады. Сондай сәттерде, өзі тұратын үй — "қораш қана құжырадай үш бөлме, үш құрлыққа айналды да кетті енді".
" Мынадай нашар үйде тұрады екенсің ғой" — деп кекеп мұқатқан, елден келген құрдасына ақынның "қайдағы бір құрдастықты малданып, қыжыртам деп қытығыма тимей кел!" — дегеніне дән риза боласың.
" Күш" деген өлеңіндегі:
Отыз бесім оралғандай қайтадан,
Асқақ қаран, аңыратып айтам ән.
Түрім қандай жүре берген жаңарып.
Үнім қандай аспан астын шайқаған!
немесе:
Көкірегім қызыл-жасыл от кілең,
Төбеммен де тірей алам көкті мен! —
дегенде ақын сезімінің жалынды жанартау боп атылып, жүйрік көңілі шалқып кетеді.
Ақын жаны жанар тау жалындайды. Жалындайды... Ешкімге жағынбайды! Теңіз өзі — өмірді хақ сапырып, тәңір — өзі ешкімге табынбайды. Жұдырықтай жүрегі жұлқыну мен, өлген күні ғана тек дамылдайды", — дейтініміз осы ғой.
Ақын жыр Музасымен оңаша қалған уақытта айтпаған, айтылмаған сыр қалмайды. "Үрей" деген өлеңінде үрейін алған иттің өзі асыраған күшігі боп шыққаны, әлдекімге меңзеу болса кеше өзін күндеген пысықтар: "Мағандағы мінбеден сөз береді".
Құз басында қалқып ұшар күңдерінің қыз қасында өтті-кеттісіне өкінеді. Бұл да — өмір шындығына тізе бүге білуі дер едік.
Даласының шегі жоқ елдің ақыны "тартып тудым тегіме" деп те бүгін шалқақтап шалқып алар кез келгенін несіне жасырсын.
Тауы да бар бойымда, өзені де,
Тартып туған ұлмын-ау өз еліме!
Қыран болып шүйілем тепсінгенде,
Теңей көрме әлде бір көжегіңе, —
дейді асқақ мінезді, туған елін, туған жерін орынды мақтаныш ететін әр ақын.
Бірде Қарағанды қаласындағы жырқұмар жастар қауымының ақынға, оның өлең-жырларына көрсеткен құрметі ақын жанын алғыр құстай түлетеді.
Құдай-ау... кеше ғана көптің бірі ем,
Әп-сәтте-ақ аспандап-ақ кеттім білем.
Маздадым Қарағанды көміріндей,
Қып-қызыл ортасында оттың кілең!
"Көңіл кірін отпен қағып тастап", түлеп шыға келеді. Күштіге қарсы шығам деп, "тірнектеп түндер бойы тергенінің бәрін шашып алғаннан" кейінгі күндерінде Қарғанды жастарының көрсеткен құрметі ақынның көңіл кірбіңін шайдай ашары ақиқат қой? Ақиқат!
Ауыл өмірі ақын сезімінің аяулысы:
Шыр айналып тіршілік ұршығына,
Шалдығатын шағы бар жыршының да.
Ат шалдырып, ауылдан аулақ барып,
Аунап-қунап қайтайық, жүрші қырға!
"Ән шырқап, танды бірге атырайық! Бұлақ күліп төменде құлақ түріп жатайықшы қырдағы бар дүбірге", — дейді ол. Өмір шындығы жүректің аңсарлы лүпілін мөлдіретіп отырған тәттілігі бар, сәтті туған өлең. Оның үстіне: "Қашып талға тығылған ғашықтар ма, Айналаның барлығы күбір-күбір... Қайдағыны есіңе салар қиырды қайтерсіз! Оқып қана қоймай, жүрегіңе жұтып қойғың келеді дер едім мұны. Өйткені бүгін — қаладағы, кешегі — дала перзенттерінің қайсысының болса да ауыл, ел, ен дала, қыр-қиыр қағидасын жаңағы шумақ есіне салатындығына мүлтік болып па!
Сәкен махаббат жырына да өзгеше, өзінше келеді:
Білмеймін бүгінгі түн кімді алады?
"Сүйемін" деуге бірақ тіл бармады..
...Сөйлеуді қайда, қалай білетін ем,
Тілімді байлағаны дірілдеп үн.
Немесе:
Қиялға еретінің қызық екен —
Әлі де көретінің мені балғын...
"Сүйдім, күйдім", — тәрізді алдамшы ерсіліктері, нанымсыздықтары жоқ, періште шындығындай ақиқат жүрек лүпілін тазалық сеніміне бекіткен екі жастың сезім сырының бағалығын құрметтейтін жыр шумақтары осылай жазылса керек!
Көбіміз күнделікті қажетімізге жаратып жүрсек те елей бермейтін кәдімгі қағаз ше? Қағаз болғанда — ақ қағаз. Бұл қағазға қаншама арыз, хат, өсек-жала, дарынды да, дарынсыз өлең, жыр, қара сөз ақ бетін шимайлайтынына, суық хабар жеткізерде — қас-қағымда қарайып кететініне, соның бәріне көніп келе жатқанына көңіл аударады да қынжылады. Жақсы өлең мен жақсы лебізден басқаны дарытпасқа тырысқанын, ұзақ жасар ұлағаттардан басқаның бәрін сызып тастағысы келетінін жыр етумен адам жанын тек қана ізгілікке шақырады.
Ана туралы өлең-жыр әдебиетімізде баршылық. Ал Сәкен Иманасов ана туралы жазған өлеңінде бұрынғы-соңғы үлгілерден өзгеше ізденіспен, өзгеше толғаныспен келген екен. Перзентінің жүрегінде туған ананың мәңгі тірі жүретінін дәл тауыпты.
Көз алдыңа күрсінгенің: күлгенің,
Дұғам болып бара жатыр бұл менің.
Жоқтығыңды біле тұра әлі де,
Ренжітіп алдым ба деп жүргенім, —
деп шертеді перзенттік сөзін. Ана туралы бұл шындық біздің бүгінгі жастарға да, кейінгі ұрпақтарға да: қара басың қара жерге енгенше анаңды құрметте қарызыңды өтей біл! — деп отыр.
Отансыз ұл — үнсіз бұлбұл үнсіз бұлбұл — бір сұр құс қана екені рас! Бұл ретте Сәкен Отан-анаға деген махаббатына шекара күзетінің сақтығын, беріктігін парыз етіп, жыр жолдарын Отан күзетіне арнайды. Топтама өлеңдері ішінде бізді әсіресе, "Шекарадағы балама" өлеңі тебірентеді. Отан — ұрпақтан-ұрпаққа мирас екенін шекарадағы баласына айтумен: баласы күзетте тұрған шекара — шекара болғанда қандай: Алтын Алтай, Ақ Ертіс, Нұр Зайсан, ботаның көзіндей мөлдір Марқакөл айдын тәрізді аяулыларымыз екенін ескертеді.
Болмаса да көзге түсер ерлігің,
Шекарада тұрсың балам, сен бүгін.
Күзетерсің туған жердің аспанын,
Өзен-суын, кеңдігін, көлемдігін елдігін.
Сонда:
Күзетінде тұрмын деп біл езінді
Ар мен ұят, заматтық парыздың.
Немесе:
Ұмытпа тек, тұрғаныңды күзетіп,
Жақсылық пен жамандықтың арасын!
деп үлкен ой, философиялық ой тастайды. Бүгінгі өскелең поэзиямызға қойылып жүрген талап-тілектерге жауап ретінде өзінің жанрлық табиғатымен, жарқындығымен, жаңа өрнектерімен, соны теңеу-бейнелеулерімен, жалынды ойларымен Сәкен шығармалары поэзиямызға жаңа бір үлес болып қосылды деуге құқылымыз. Сайып келгенде айтарым С. Иманасов ақынның "Адырна" өлеңдер кітабы — талап пен талғам таразысынан шыққан, оқырман құрметіне бөленуге лайық шырайлы еңбек!
"Қазақ әдебиеті" 24 тамыз, 1990 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі