I
Осыдан бес-алты жыл бұрын "Жалын" баспасы Мұқағали Мақатаев жайындағы естеліктер кітабын басып шығарған болатын. Сол кітапты дайындау кезінде де, одан да кейін інім Айтақын Әбдіқалов маған да қолқа салып, Мұқаң жайлы көрген-білгенімді жазып беруімді өтініп, қолқалап көп-көп сұраған еді. Бірақ оған мойным да жар бере қоймады, сол кезгі құлқым да шамалы болды-ау деймін. Өйткені ақынның алпыс жылдығы қарсаңында (1991 жылдың басы) сол Айтақынның қолқалауымен бірнеше дүркін теледидардан сөйлеп, жоғары оқу орындарында өткен кездесулерге қатысып, өзімнің Мұқағалимен азды-кем бірге болған кездерім жайлы, ол кездесулердің көбі сырахана маңында, буфеттер мен ресторандарда, шөлмегі молырақ дастарқан басында болғанын айтамын деп "аса сақ" ағаларымнан осының бәрін айтудың қажеті қанша еді деп сөгісте естіп, едәуір тіксініп қалғаным бар еді Дәл биылғы жылы осы "Жетісу" газетінің өзінде "Үндемейін десем де" деген шағын мақалам жарық көрген. Сонда редакция қызметкерлерінің "Арағын ішіп, сырасын сіміріп" деген жолдарымды "Ашқылтымын ішіп, сусынын сіміріп" деп өзгерткенімен қоймай, менің «Мұқағали өмірден қорлық та, зорлық та көрген емес" деп сөзіме дау айтып, реніш білдірген ағайынның да болғанын айтпай кетуге болмай тұр.
Қашанда біздің "Со жағын айтудың қажеті бар ма еді, керегі не соның" деген сияқты жауырды жаба тоқығыш қазақы қылығымыз қалмайды. Тозақты пейіш деп көрсетуге, періден періште жасауға әуес-ақпыз. Мен білетін Мұқағали ондай "өңдеп-жөндеудің" ешбіріне мұқтаж да, зәру де болған емес еді. Алып тұлға, байсалды бойымен біраз жұрттан озып тұратын адуынды асқақ ойымен, "ертұрманы бүтінделмей" кеткен алқам-салқам алпамса қалпында ақты да өтті дүниеден. Ешкімнің мүсіркеуіне де, мінеуіне де кіріптар болған, кідіре тоқтаған жері жоқ. "Халқым, мені осынау өзгеден оғаш жаратылған қалпымда қабылда" деп бітім-болмысын жоғалтпай, қоғамның майыстырам дегеніне икемделмей, берілмей, еркін жүріп, еркелеп-ақ өтіп еді. Арақ ішсе де ақылын ішпегеніне бүгінгі бәріміз оқып тауыса алмай жатқан мол-мол мұрасы куә. Өле-өлгенше (өлгеннен кейін де) жұрты жабыла іздеп оқитын екі ақын болса біреуі, бір ақын болса соның дәл өзі дерлік дәрежеде сөзінен дәм, өзінен мән кетпеген күйі өткен-ді.
Уақыт жылжып, күн озған сайын абыройы асып, атақ-даңқы аспандап, ақыл мен ойдың, парасат пен пайымның, ақыры айналып келіп қазақ қара өлеңінің құдіретті қуат күшіне айналған тұлғаға енді ешкім де дақ түсіре алмасын ескерте кетпекпіз.
Алпысыншы жылдардың аяғында (жетпісінші жылдардың басы да болуы мүмкін) Ғали Орманов ақсақал бастаған, іштерінде ақын Сәду Машақов, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбековтер бар бір топ жазушы ағайын Талдықорғанға келді де, бес-алты күн солармен бірге болудың сәті түсіп еді маған. Мұқағалимен бұрынғыдан жақынырақ таныс-біліс болуым да сол жолы басталған болатын. Өлеңіне онсыз да қанықпын ғой, Еркін Ібітановтың өзі-ақ осыдан он жыл бұрын өзімдікі деп біразын жатқа оқып беріп жүретін. Кейін Мұқағалидың кітабы қолға тигенде "Мұның қалай?" деп сұрасам, Еркін "Әй, бізде сенікі-менікі деген болмайды. Ағайын адамдармыз. Өлең түгілі мал-мүлкіміз де осылай араласып жүре береді" деген болатын міз бақпай. Сөз арасында айта кетейін, осыны өзі айтып, өзі естіп тұрғандай етіп ретті жерінде еппен пайдаланып жүргендер де бар. Керек десеңіз, бәленшеден естіп едім деп сілтеме де жасамайтындарын қайтерсің.
Мұқағали дегеніміз жайшылықта аса ақ пейіл, кісіге қарап қатты сөз айтпайтын, сенің алдында кінәлі адамдай имене сөйлеп, қысыла күліп тұратын жігіт болып шықты. Өлеңінде кездесетін адуын мінездің бірі де байқала қоймайтын. Кей-кейде шөлмек шіркін мөлшерден сәл көбірек босаған тұстарда ғана артық-ауыс сөз айтып, айналасына жайсыздана түседі екен. Бірақ ондай мінез кімде жоқ. Ондай-ондай хан қызында да болады деп еш біреуіміз қырғи-қабақ таныта қоймадық-ау деймін.
Әйтсе де сол сапардан кейін мен оның тасқа басылған бірде-бір сөзін жерге тастамай, желге жібермей қағып алып оқып жүрдім. Кейін Алматыда шұбырып, соңына еретін көп інілерімен бірге кезіккенде қасынан мен де қалмайтын едім. Қызыға қараған да, қысыла тараған да кездеріміз болды. Рет санын ұмыттым, Қазақстан жазушыларының кезекті бір съезіне келіп алып (тұңғыш қатысуым еді) бірден Мұқағалиға ілестік те, екі үш күн соның үйіре қайырып, иіре жусатуына бодан болып, ресторандарда теңселіп жүріп алғанымыз да бар. Ішімізде Атырау жағынан келген Жәрдем Тоқашов бар еді. Ол өзі қалталы да жігіт болуы керек, қоржын түбінде қалбыр-қалбыр қара уылдырығы бар, Мұқағалидың алдына түсіп алып айтқанын екі етпей елпілдейді де отырады. Сөйтіп жүріп съездің аяқталғанын да аңғармай қалған менің өкінішіме: "Сен несіне ренжисің, осы бізбен жүргеніңнің өзі съезд емес пе? Одан артық не естиін деп едің, зәнталақ, қой ондайыңды!" деп тыйып тастаған болатын Мұқаң.
Өмірінің соңғы айларының бірінде, жазғытұрым бас почтамптың қасынан кездейсоқ ұшырасып қалып, қоярда-қоймай үйіне ертіп апарғаны бар. Үш-төрт сағат бос уақытым болған соң тартынбай ілескенмін. Төрінде отырып дәмін де таттқанмын.
Лашын жеңешемнің де есінде шығар, кабинетіне кіргізіп, Мәскеуде жоғалтып алған қалың бір дәптер өлеңімнің сексен процентін қайтадан қалпына келтірдім. Тыңда, оқып үйренейін" деп ең кемі бір жарым-екі сағат бойы маған сол өлеңдерін оқып еді. Хаққа мүлгігендей қыбыр етпей отырып тыңдағанмын. "Бұл неткен жады" деп ойлағам мен сонда. Өзіміз жоғалтып алған бір өлеңімізді еске түсіре алмаймыз. Құрығанда кішігірім бір кітап боларлық кере қарыс қалың дәптер өлеңді қалпына келтіру, сірә, Мұқағалидың ғана қолынан келген шығар.
Мұқағалидың аса көп оқыған ақын екендігін бұрын да аңғаратынмын. Арғы жағын қоя тұрғанда, Кеңес Одағында азды-кем аты шыққан орыс һәм басқа да әйгілі ұлт ақындарының шығармаларын аса жетік білетіндігіне таңырқаушы едім. Тоқығанымыз қанша екендігін қайдам, оқу жағынан біз де ешкімге есе жібермеспіз деп жүрген жасырақ кезім ғой, бірақ сөйлесе, сырласа келе оның әйтеуір арғы-бергі әдебиетке қанығуы екі жоғары оқу орнын бітірген менен молырақ екеніне көзім жете түсіп еді.
II
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шапан жауып өзіне қайтарамын, —
дейді Мұқағали Мақатаев.
Осы бір қарапайым екі жолдың өзінен-ақ Мұқағали ақынның берекелі болмысы, өмір бойына өзгені араластырмай, басқаға билетпей өзі ғана ұстанған дара табиғаты, поэтикалық позициясы қылаң беріп қалар еді. Бұған ешкім де дау айта алмас. Олай дейтінім, екінің бірі білетін қазақтың қатардағы ғана қарапайым сөзі Мұқағали қаламына іліккен тақта өз-өзінен жан біте түрленіп, әлденіп, өрленіп, шымырлай қайнап, ширыға құлпырып, ажарланып, аспандап ала жөнеледі. Біз болсақ көк пен жердегі жоқты іздеп, тосын бір дүние туғызардай әуреге түсіп, шала бүліне сарсылар едік. Ал Мұқағали олай етпейді. Кең дастарқан басында немесе алқалы топтың алдында елдің бәріне түсінікті, бөрінің де көкейін тескен, жан жүрегін сыздатып жүрген аса қат бір кепті ақтара шертіп кеткендей тыңдаушысын еңсере ұйытып, сезіне ұйлықтырып қойып, өзі де соған ұйып, үздікпей, үзіле жаздамай жайбарақат сөйлеп тұрғандай әсер етер еді. Біз болсақ, басқасының үстіне тағы сол әр өлеңге оқыс бір тиянақты түйін (концовка) іздеп те әлекке түсер едік, ал Мұқағали өлеңнің соңы қалай аяқталуына көңіл аударып, ой тоқтатып жатпайды. Ең алдымен қалай басталуына қарайды, сол тосын саз, тосын сарынмен жұрт құлағын елең еткізе өзіне қаратып алады да, сенің көңіліңді енді жерге түсірмей биіктетіп, бауырына ала баурап, екпініне ілестіре қай-қайдағы саған беймәлім тылсым бір жаққа жетелеп әкетіп бара жатады. Кей-кейде сырт көз үшін өлеңдегі ой оқыс үзіліп, орта жолда қала бергендей болып та көрінер. Бірақ оған да көңіл бөліп кілт тоқтап қалмайсың. Келесі өлеңі сол үзілген жерден қайта басталғандай болып, сен де тосылып, тосырқамай, кібіртіктей тасырқамай, әлгі әуенге ілесе ілгері тарта бересің. Ұлылық феномені дегеніміздің өзі де осы шығар-ау, бәлкім.
Мұқағали ақындығын көзі тірісінің өзінде-ақ үлкен-кішінің бәрі де мойындады. Мойындағысы келмегендерін талантына табындыра, дарынына жүгіндіре отырып еріксіз иіп әкеп мойындатты. Оған дарыған ақындық қуат, талант табиғатының басқаның басына бұйыра бермес құпия сыры да осында еді.
Бізде өзінің оң жамбасына келетін белгілі бір тақырып аясында алдына жан салмайтын үздік ақындар баршылық. Олардың біреуі интимдік лириканың хас шебері, екіншісі азаматтық асыл да нақыл сөздің мұхитын жалғыз иемденген алпауыт, үшіншісі эпикалық жанрда ешкімге дес беріп көрмеген жүйрік. Ал Абайды қай жанрдың ақыны деп бағалар едік? Оның мұңы — адамзат мұңы, қайғысы — әлем қайғысы. Атар таң мен батар күн, арман мен мұрат, махаббат пен ғадауат гимні. Отбасында өрбіген әңгіме өткен мен кеткенге ұласып, толқымалы, толғақты ойлар түйініне айналып, шоғырлана түспейтін бе еді. Мұқағали да солай, бұл сипатты тұлғалардың табиғаты бөлектеу. Оларды оқып отырып тіршілік атаулы, тірлік атаулыны тұтас қалпында ғана қабылдап күйінсе де, күлсе де, қамықса да, тарықса да жеке басы ғана емес, сенің де жоғыңды жоқтап, мұңыңды мұңдап отыр деп білесің. Біліп қана қоймай жан-тәніңмен түгел қабылдап, сөз сиқырына түгел сіңіп кете бересің.
Елі үшін де, жері үшін де қабырғасы қайысып жарытпайтын, басы ауырып, балтыры сыздамаса, тамағы тоқ, көйлегі көк болса болғаны, бала-шағасы аман болса жеткені, қалған дүние қараң қалса да шаруасы жоқ алаңсыз отырып, өлеңін жазып, атақ-абырой қуып, оны берсе қолынан, бермесе жолынан ала білетін ақындарға дауа жоқ, әрине.
Мұқағали олай ете алмайды. Ондайға жаны түршіге қарсы болады. Оның өлеңдеріндегі, тіпті туа бітті барлық шығармашылығындағы үзілуді білмеген ащы жас, ауыр өксік, өкініш пен өкпе, ашу мен ыза, соларға ілесе көп тұста шаң беріп қалып жататын шарасыз дағдарыс, үргедек көңіл, үркек ой, дәрменсіздіктің сарыны, міне, содан барып туған. Кейінгі көп "зерттеушілердің адастырып жүрген де, оларға: "Мұқағали тірлігінде қорлық пен зорлықтан көз ашпаған екен-ау" дегізіп жүрген де сол сарын.
Өйткені, ұлы жүректі ұлт ақыны өзінің қасірет-мұңын қарабас қайғысын қоғамнан бөле жырламайды. Ол күңіренсе сол баяғы айналасындағы адам шошыр алапес қылық, қоғамдағы келеңсіздікке күйінгеннен, соған күйзелгеннен күңіренеді. Өзі де нар, соған лайық сөзі де бар ақынға амалсыз зар шектіретін де сол. Өзінен көп төмен, оған біткен талант пен дарын, ақыл мен арының қасында қыл есуге жарамайтын құр кеуде пенделер алдын орап, ақысын жегенімен қоймай, ақыл үйретіп, жөн сілтеп, жол көрсетіп жатса — ақынның алапат жаны оған қалай төзіп, қалай ғана шыдасын. Бір өзінің ғана көрген құқайы болса шыдас берер еді-ау, өзің сықылды ақылдың азабын тартып жүргендер аз емес, соларға ара түсе алмай амалсыз бармақ шайнаған тұстары болмады дейсің бе. "Ағайын бек көп, айтамын ептеп" деп күйіне, күңірене отырып, тағы да ақ қағазға төнді. Селт етіп жатқан бірі жоқ, баяғы жартас бір жартас. Қолына билік тиген кешегі тұс-тұсын да салғырт тыңдап, салқын қабақ танытады. Содан барып қазақтың жігіттерінен жәрдем таппай, Фәриза қызға шағынды. Жанымды түсіне гөр деп жалынды.
Бұл халқым қайда бара жатыр. Бұрын да осындай ма едік. Болашақ не болар деген сұрапыл ойдың сергелдеңге түскен бір сәттері еді. Бұл оның тәніндегі емес, жанындағы жара болатын. Жегідей жесе сол жеді. Екі шекесін солқылдатып, ұзақ түнге ұйықтатпай, удай ашыта дуылдатты, құлағы мен миын шуылдатты. Содан кейін барып өлеңнің ақ маржаны аралас ащы запыран ақтарылды.
Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,
Мына халық жатыр неге тойламай, —
деп те жазып еді сол тұста. Сонда бүгін болмаса ертең туған халқының өзіне айрықша ықылас білдіріп, құрмет көрсетіп атын да атап, тойын да тойлайтынын ақынға бұйырар тылсым түйсікпен болжай біліп, ертеңге сенген сезім де бой көрсетіп қалған. Ақынның рухани еркіндігін, еңсесінің биіктігін көре алмай қағаберісте қамшы үйірген қасына келсе танауын шүйірген әлгі бір қағынып туған көк жұлын немелердің біразы сол тойлардың үстінде ақын қонағының қолына су құюға да жете алмай жүретінін, болмаса өрт сөндіргендей ала шапқын болып сол тойды өткізуге амалсыз атсалысарын да алдын ала көре білді, көрегендікпен сезе де білді.
Әйтпесе:
Әй, Сергей, Сергей, Сергей,
Сергей, Сергей,
Түстім ау сергелдеңге
мен де сендей, —
дегізерлік зобалаң ақынның жеке басына түсе қойған жоқ еді. Тұрғылас-құрбыластан, теңдес теңінен қудалау да, қуғын да көрмегенін біз жақсы білеміз.
Тақыр жерге қақ тұрмайды. Мұқағали да көктен түсе қалған жоқ. Өзіне дейінгі қазақ жырының барша інжу-маржанын сүзіп теріп, су түбінен суырып алған асылына сұқтана сүйіне, соның бәрін бойына сіңіре өзі де сіміре жүріп ер жеткен. Халық өнерінің қайнар бұлағынан қанып ішіп, қалтқысыз қабылдап, қайыра өзіне ұсынып отырған. Өзіне дейінгі дәстүрдің бәрін дәріптей білуінде де сол үлгі, сол өнеге жатыр. Қазақ жырындағы асыл да асқақ рух, аңсарлы да аяулы алтын сөз, шабытты ширықтыра түсер төгілмелі өкпелі қуатты құдірет, елде жоқ екпін Мұқағалиды ұдайы биікке қарай жетеледі де отырды. Оның ақын ретіндегі ең негізгі құралы да осылар. Өзінен ешкім озбайтын, уақытпен бірге тозбайтын хас шеберге ғана тән қасиет те осылар.
Алғашқы жырларымен ақ жалғандық, жасандылық атаулыға қарсы шығып, жәдігөйлік аярлық пен арбау алдаудың бәрін талантымен ықтыра, дарынымен бұқтыра келді де, сыпайы күлкі, сырбаз мінезінен айнымай жүріп-ақ бітімге көнбес бірбеткейлік танытты. Жақсының ғана жанашыры, тектінің ғана демеушісі болды. Содан болар, қайтыс болғаннан бергі ширек ғасыр ішінде Мұқағалиды оқыған да арманда, оқымаған да арманда болып жүргені. Өйткені ол әр өлеңі арқылы сенің де көңіл пернеңді дөп басып, соңынан дедектете ілестіріп әкетер еді. Оқи бастағаннан-ақ ойыңда, санаңда солай қарай ойысып, сиқырлы әуен соңынан өзіңнің қалай ілескеніңді аңғармай да қалар едің. Оқыған адамның ой-санасын осылайша билеп алып, жыл өткен сайын бір өзіне тәуелділікпен табындыра түсіп келе жатқан ақынға, қалаймыз ба, жоқ па — біз де әрдайым тағзым ете табынамыз.
III
Мұқағали жырларын соңғы бір кездерде қайырыла бір соғып өте көп оқыдым. Өз көңіл-күйіме орайлас келер тұстарына көбірек ден қойып, ойланып ұзақ ұстадым. Оның рухы мені де қайрап, өлең жазуға құлшындыра түскендей, жігеріме жігер, күдеріме күдер қосқандай болды. Мұқағали құдіреті, Мұқағали феномені хақында тебірене түсіп ұзақ-ұзақ толғана жазғым келді. Бұл жолы газет ауқымы көтермес, көп ұзатпай қайта бір оралып соғармын деп ойладым.
IV
Ұлы дарын, қазақ поэзиясының даусыз классигі Мұқағали жайлы бұрын да жазылып жүр еді, сол сөздердің қатары биыл тіпті көбейе түсті. Дұрыс дедік қостадық, қосылдық, бірақ мына бір жағдаятты айтпай кету және де әбестік болар еді. Бір кезде Жамбыл— Жәкемнің: "Сталинге теңеу таба алмай, қысылған Жамбыл жері осы" дегені бар еді. Біздің де кейбір есімі белгілі азаматтарымыз Мұқағалиды мақтаймын деп отырып, көтере түссем дей отырып қаншалық оны төмендетіп алғанын аңғармай жүргендей. Бұдан сәл бұрын менің бір жақсы інім "Қазақ жырының Хан Тәңірісі" деп жазып еді. Бұл Мұқағалиды биіктікке балап туған жеріне тарта, бауырына бұра түскісі келгеннен болар. Әйтпесе, Мұқағали Қарасазға да, Қаратауға да тең ортақ. Сарыарқа мен Жетісу, Алтай мен Атырау үшін де бірдей ыстық, әлгінде айтқанымыздай, өз ұлтының ұлы тұлғасы еді ғой. Қазақ жырының Абайы бар, Сұлтанмахмұты, Мағжаны бар, Ілиясы мен Қасымы бар. Сол сияқты қазақ жырының Мұқағалиы да бар. Сонысымен әулие, сонысымен мықты, сонысымен орнықты.
Таяуда тағы бір талантты інім Мұқағали жайлы мақаласын "Қазақ поэзиясының қара бурасы" (қара бұқасы демегеніне де шүкір) деп атапты. Кісіні қайыспас қара нарға теңегенді білуші едік. Қара бураға теңегенді алғаш рет естіп отырмын. Қайткенде де құлаққа жағымды ұтымды теңеу емес екендігі көзге ұрып-ақ тұр.
Сырлаймыз деп отырып сындырып алатынымыз болушы еді. Содан сақтандырып жатқаным бұл. Құрметте, қошемет те ақынның өз басына лайық, бойына шақ, жарасымды болғаны жөн. Әсіресе, ұлтының ұранына айналып отырған Мұқағали сынды ақынға жамау мен жасқау қажетсіз, жараса қоймайды.
"Жетісу" газеті тамыз, 2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі