1914 жылы еді. Соғыс басталды. Көршілес орыс шаруаларынан армия қатарына алынған орыс жігіттері күн сайын топ-тобымен соғысқа кетіп жатты. Көп кешікпей-ақ орыс селоларында кемпір-шал, әйел, бала-шаға ғана қалды. Сол жылы бітік шыққан егін де жиналмай жайқалып қала берді.
Соғыс қазақ халқына да салмағын сала, ауыртпалығын арта келген. Қалың қара бұқараның басына үлкен ауыртпалық түсті. Қазақтың малын «салық» деп бір алды, «азық үшін» деп екі алды, «көмек үшін» деп тағы да алды, «армияға керек» деп жақсы аттарын да сыпырып алды.
Соғыс туралы елде әралуан дақпырт, лақап бар еді.
— Герман патшасы Россияны өзіне қаратып алмақ екен — десті біреулер.
— Орыс патшасы Стамбулды алып, «Ая София» мешітінің мұнарасының басына крест қондырмақшы екен. Бірақ Герман патшасы Стамбулды Россиядан қызғанып, орыс патшасына қарсы соғыс ашыпты, — десті біреулер.
Орыс тілінде шығатын ресми газеттер бұл соғысты «Отан қорғау соғысы» деп даурықты. Ал «Қазақ» газеті бірден-ақ лепіріп, соғысты жақтап шықты. Газет тіпті бұл соғыс — «әділетті соғыс» деп көкіді.
Күздің күні еді. Мен Федоровкада оқытушы едім. Оқу басталғанына да біраз болып қалған-ды. Бір күні осы поселкедегі бір қарапайым қазақ жігіті маған тасқа басылған екі-үш қағазды әкеліп берді. Оқып қарасам: «Орыс жұмысшыларының қазақ кедейлеріне хаты» деген листовка екен. Хаттың аяғына ешкім қол қоймапты. Мен оны түгел оқып шықтым. Листовкада: «...бұл соғыс — помещиктер мен капиталистердің пайдасына бола жүргізіліп жатқан соғыс. Бұл соғыстың көздейтіні — басқа елдің жерін жаулап тартып алу, басқа елдердің халықтарын құлдану, талау. Бұл жиһангерлер соғысы. Бұған біз, орыс жұмысшылары, қарсымыз. Қазақ кедейлері, сіздер де бұл соғысқа қарсы болыңдар, ешбір көмек көрсетпеңдер!» деп жазылған екен.
— Мұны кім берді? — деп сұрадым жігіттен.
— Ешкім де берген жоқ, тауып алдым, — деді жігіт.
— Қайдан?
— Көшеден. Немене екен езі? Не жазыпты? — деп сұрады жігіт.
Мен жігітке сенер-сенбесімді білмедім, әйтседе мұны басқалар да оқысын деген оймен:
— Мұнда не жазылғанын кейін айтармын. Сен ең алдымен ешкімге көрсетпей, мына қағаздарды қай жерден алсаң, сол жерге апарып таста, өйткені иесі бар шығар, — дедім.
— Жыртып тастасам қайтеді? — деді жігіт.
— Жоқ, жыртпа, қайдан білесің, иесі бар шығар? Іздеп жүруі мүмкін алған жеріңе апарып таста.
— Жарайды, апарып тастайың — деді жігіт.
— Иә, сүйт, апарып таста.
— Мұның өзі газет пе, немене? — деді жігіт тағы да.
— Кейін айтам дедім ғой, ең, алдымен тауып алған жеріңе апарып тасташы.
— Жақсы, — деді де жігіт шығып кетті. Бірақ осыдан кейін ол қайта оралмады.
Мен ол листовканың тарихын революциядан кейін ғана білдім. Мұны жазған Троицкідегі большевиктердің астыртын ұйымы екен. Авторы Дм. Одинцев болса керек. Бірақ листовканың Федоровкаға кім арқылы келгені маған күні бүгінге дейін белгісіз. Білетін адамдар бұл листовкалар Федоровкаға (мұнда екі класты орысша — қазақша мектеп болғандықтан) әдейі жіберілген адам арқылы жеткен болуы керек деп жорыды.
Соғыстың мәнін түсіндірген тың пікір айтқан соғыс туралы менің көзқарасымды өзгерткен осы листовка болды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі