Өлең, жыр, ақындар

Мен жазуды қалай қойып кеттім

Менің жолдастарым менен: «жазуды неге қойып кеттіңіз?» — деп көп сұрайды. Орынды сұрау. Бірақ мен жазуды өздігімнен «осыны қояйыншы» деп қойып кеткен адам емеспін.

Мен жоғарыда көп әйел алушылық және әмеңгерлік туралы екі роман жазбақшы болғанымды, оның бірін жазып бола келген де, жоғалтып алғанымды айттым. 1916 жылғы көтерілістен кейін қолыма алған «Бақытсыздардың бір күні» деген романды бітірейін деп жүргенімде жоғалтып алғаннан кейін қазақ аулындағы әлеуметтік мәселені кеңінен суреттейтін «Қисық кегі» деген роман жазу ойымда болды. Бұл романда 1880 жылғы Қисықтың соққыға жығылып өлуінен бастап 1916 жылғы көтеріліске дейінгі қазақ аулындағы әлеуметтің таптық қайшылықты суреттемекші едім. Сонымен қатар «Қазақ аулындағы тұңғыш мектеп» деген аңызды жазбақшы едім. Бұлардың тақырыбы, сюжеті де, идеясы да, басты-басты қаһармандары да дайын еді. Бірақ науқастығымнан осылардың бірде-бірін жаза алмадым.

1913 — 1914 жылдарда-ақ жоғарыда айтқан бас ауруы пайда болды. Сол кездің өзінде маған ой еңбегімен айналысу, әсіресе жазу жұмысымен шұғылдану қиын болған. Дәрігерлер де тыйым салған еді. Бірақ мең қиын бола тұрса да, дәрігерлер тыйым сала тұрса да, жазу жұмысымен шұғылдана бердім. Алайда «Бақытсыздардың бір күні» атты романды жазу үстінде маған жазудың ендігі жерде қиын соғатындығына көзім жеткен еді.

Бері келе ауру асқынып маған ой еңбегімен әсіресе жазу жұмысымен шұғылдануға тіпті мүмкіншілік бермей қойды. Қаншама талаптансам да, қаншама ауруға көнгім келмесе де, асқынған ауру қолды байлады.

Сонымен ауру бірден-бірге асқынып, мені өз дегеніне көндіре бастаған кезде оған 1916 жылдың уақиғасы келіп қосылды. Ел басына түскен ауыртпалық, азаматтарынан айрылып жылаған жұрттың зары, әрине менің де жанымды жеді, көкірегіме улы дерт отын жақты, уайым-қайғы басты. Бұл хал менің ауруымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберді. Дәрігерлер енді жазу жұмысымен айналысуды мүлде қой деп үзілді-кесілді тыйым салды. Тұрып жүргенімнен де жатуым көбейді. Сөйтіп, мен бірте-бірте жазу жұмысынан шеттеп қала бердім. Ендігі жұмысым жалғыз оқытушы ғана болу еді. Дәрігерлер бұл жұмысқа да белгілі бір шек қоюды талап етті, мұның үстіне олар екі-үш жыл демалысқа шығып, емделуге кеңес берді. Міне, менің жазу жұмысын тоқтатуымның негізгі себебі осы еді.

Алайда оқытушылық жұмысынан қалғам жоқ. Дәрігерлер екі-үш жыл демалысқа шығуға, емделуге кеңес бере тұрса да, бірер жыл... әлі де бір-екі жыл істейін содан кейін көрермін деген оймен оқытушы болып істей бердім.

Осылайша аурумен арпалысып жүріп, орыстың үлгілі (классик) педагогтерінің еңбектерін тереңдей зерттеп, қалған өмірімді түгелдей оқу жұмысына арнауға бел байладым.

1917 жылы, март айының бас кезі еді. Бір күні, таңертең, мектепке келе жатсам, есік алдында екі оқытушы тұр екен олар мені көрді де:

— Ура! Спандиярды құттықтаймыз! — деп менің қолымды қатты қысып амандасты да, екеуі мектеп бастығының үйіне қарай жүгіріп кетті. Мен тіпті мұның не екенін де түсіне алмай таңданып қала бердім. Бірақ кешікпей-ақ білдім: Николай патша тағынан түскен екен.

Қуаныш қойынға сыймай кетті. Бостандық таңы атты, теңдік заманы туды деп ойладық. Сез бостандығы басталды. Жиын-жиылыстар көбейді. Шешендер де молайды. Бірақ бостандық, әлеуметтік теңдік іс жүзінде бола қоймады. Патша тағынан тайған шақтағы қуаныш ұзаққа созылмады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз