Өлең, жыр, ақындар

Алтын қалам

Кеше ғана мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан, қаламының ұшындағы қарымымен дарынын тең жетілдірмек болып, үкідей үлпілдеген үміттерін алақанында аялап университетімізге алғаш студент болып түскен жастар, соның ішінде қоғамды әр қырынан жете танып кәсіби деңгейде жаңалықтардың жаршысы болып халыққа жеткізуді арман мақсат еткен журналистика факультетіміздің студенттері бүгінде тек оқу күніндегі білім аясында емес, әр түрлі шараларды да ұйымдастырып үлгерді. Бұның бір айғағы айта кетейік, өткен аптада  «Алтын қалам» атты кешіміз сәтті мәресіне жеткен болатын.
 
Кешті 1 курс студенттері бір қолдан дайындап, ұстаздармен жоғары курстағы аға-әпкелерін қуантуға тырысты. Еңбектерінің жанғанының куәсіндей ұстаздар және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ақпарат газетінен келген қонақтар жақсы бағасын беріп, сәттілік тілей тарасты.

Кеш шымылдығы ашылғаннан кейін ұстаздар барлығы шетінен тілектерін айтса, студенттер өз бойына сіңіріп жастайынан ұштаған ән, би, күй, өлең-жір оқып орындап өнерлерін сахнада көрсетіп көрермендердің шексіз ықыласына бөленді. Біздің кино медиа мамандығынан 1 курс студенті Мадияр Болысбек әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің «Әл-қиса» күйін шеберлікпен орындап және қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін гитарада тамылжыта орындады. Кино медиа мамандығының студенті  Гүлайна Амангелді қазақ айтыс өнерінің майталманы Ринат Зайтовтың «Қазақпын мен деп мақтанам» өлеңін мәнерлеп оқып, жүрекке жеткізе оқыды.
4  курс студенттері де қонақ кәдесі ретінде сахнада өнер көрсетіп, кештің тартымдылығын одан әрі арттырды. Әсіресе Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-әу» әнін Жақсылық Зинешов орындағанда студенттер тік тұрып шапалақ соғып, шексіз құрметін білрдірді.

Кеш соңында "Алтын қаламды" 4 курс студенттері 1 курс студенттеріне табыстап оқуларына табыс, терең білім, студенттік өмірлеріне сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін айтса, 1 курс студенттері аға- әпкелерінің алдағы сапарына сәттлік тілеп, жазарларыңыз таусылмасын деп, озат оқуға уәде берді. 

Кеште болған барша студенттердің есінде мәңгі қалатындай тарихи сәт болып, көңілді де мағыналы  кеш мәресіне жетті.
 
Адалбек Шұғыла
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің,
Кино&медиа мамандығының
1 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер