Өлең, жыр, ақындар

Үлкендер жолы - ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып

Ю.Гагарин орта мектебінде А.Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойын негізге ала отырып, " Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға"тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті апталығы жоспарланып, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қорытынды кеш "Үлкендер жолы- ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып" тақырыбындағы ардагер ұстаз Мәмбет Гүлнар Қалекес қызымен кездесуге ұласты

Аяулы қара шаңырақта өткен жылы кездесуде оқушылар өлең оқып, ұстазға жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Гүлнәр Қалекесқызы зейнеттік демалысқа шықса кітап оқудан,ізденуден әрқашан тоқтамайтынын айтып өтті. Ардагер ұстаз туған өлке тарихын білу әрбір жас ұрпақтың қасиетті борышы екендігін зерделей отырып, Зинеден ауылындағы мәдениет үйінің жанында шағын мұражай ашу жұмысын ұйымдастырды.

«Қазіргі уақытта ауылдағы Ю. Гагарин атындағы орта мектебінің тарихын зерттеп, осы мектепте  бұрын қызмет еткен қазір  бақилық болған ұстаздардың еңбектерін жинақтап, мұражай ашу басты мақсатым дейді»,-ұстаз

Тағылымды кештің соңы оқушылардың әдеби-сазды бағдарламасына ұласып, ұстазға сыйлықтарын ұсынды.

Гүлнәр Қалекесқызының ғұмыр жолына қысқаша шолу

Гүлнәр Қалекесқызы- педагогикалық салада шығармашылықпен еңбек еткен ізденімпаз ұстаздардың бірі. Ол - қоғамның интеллектуалдық қуаты білімді де дарынды, шығармашыл тұлға тәрбиелеуді негізгі ұстанымым деп санайтын жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды.

Сонымен бірге белгілі ғалымдар Д. Б. Эльконин мен В. В. Давыдовтың дидактикалық жүйесі негізінде дамыта оқыту моделі және Блумның жүйесі бойынша мақсат қою технологиясын негізге ала отырып, тіл мен әдебиетке бейім баланы тани білу, тәрбиелеу және дамыту мақсатында қабілетті балаларға арналған бағдарлама жасақтап жұмыс жүргізді.

Соның нәтижесінде оқушылары облыстық пәндік олимпиада, ОҒЖ байқауы, «Алпамыс батыр» жыр байқауы, Махамбет, Абай, Мағжан оқулары және түрлі жыр сайыстарының бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Ұстаз соңғы жылдары оқушылардың республикалық және халықаралық интеллектуалдық сайыстарына және шығармашылық байқауларына қатысуын да басты назарда ұстады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, оқушыларды ҰБТ-ге дайындаудың өзіндік үлгісін қалыптастырды.

Өзінен тәлім алған шәкірттері облысымыздың әр қиырында өз мамандықтарының үздіктері ретінде танылуда. Сонымен бірге еліміздің іргелі оқу орындарында тілші-әдебиетші, журналист мамандықтары бойынша білім алуда.

Гүлнәр Қалекесқызы ұстаздық еңбек жолында сынып жетекшілік қызметін де қоса атқарды. Сынып оқушыларын зерттеудің арнайы бағдарламасын құрастырды. ОҒҚ-ның, «Жас мұғалімдер» мектебінің және пән бойынша әдістемелік бірлестік пен кабинеттің жетекшісі болды. Өз атында «Озат тәжірибе» мектебі құрылды. Іс-тәжірибесі «Жас мұғалімдердің тәлімгері», «Өнеге-жетекшіден», «Кабинет-білім ұясы» тақырыптарымен «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» басылымдарында жарияланды.

«Әдіскер- мұғалім» атағын және «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісін иеленген. Ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін екі мәрте «Жыл үздігі» атанған. Атырау облысы мұғалімдері энциклопедиясының 2-томына және Республикалық «Ғылым» баспасының «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» жинағына есімі енгізілген. ҚР-сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған.

Гүлнәр Қалекесқызы алдына келген әр шәкіртке жеке тұлға ретінде қарайтын, өз жүрек жылуын шәкірттеріне бере білген, ұжымның және көпшіліктің құрметіне бөленген, ғибратты істері мол ұстаз бола білді.

Нұркен Мағриденұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер