Өлең, жыр, ақындар

Феминизм ол не?...

Бұл сөзді естімеген жан жоқ шығар, сірә, бірақ оның түпкі мағынасын көпшілігі түсіне бермейді. Соның нәтижесінде, бұл түсінік жайлы теріс пікір қалыптасып кеткен. Менің жеткізгім келіп отырған ойым да осы мақсатта болмақ. Бұл тақырыпты көтеруге түрткі болған - қазір қоғамда әйелге күш көрсету, сондай-ақ, отбасылық зорлықтың құрбаны болған әйел адамдарды қолдау немесе көмек көрсету ретінде бейресми қозғалыстың пайда болғанын байқап жатырмын. Қоғамдағы феминизмнің деструктивті идеяларының дамуына жол бермеу үшін мәдениеттанушы ретінде оның негізгі идеясын түсіндіруге өзімді міндеттімін деп есептеймін. Ең алдымен, феминизм түсінігіне анықтама беріп кетсем, ол – барлық әйелдер нәсіліне, жасына, бағытына, әлеуметтік жағдайына және басқа факторларға қарамастан тең құқық үшін күресуі және қазіргі таңда өзекті проблемалардың бірі болып есептеледі, бұл әйел «отбасы мен ас үй үшін жаралған» типіндегі стереотиптерге қайшы ағым. Феминизм әйелдің кез-келген мамандықта жетістікке жете алатынына, жетекші орындарды иелене алатынына және ерлермен қатар тең мүмкіндігі бар екендігіне сендіру. Бір сөзбен айтқанда, әйел феминистік тұрғыдан тәуелсіз тұлға ретінде саналуы – олардың басты мақсаты. Бірақ оның бүгінге күнге жеткен сипаты өз күшіне енген қарсы ойларды тудыруда. Бұрыс интерпретациялануы салдарынан хайп-фарсқа, адамды жек көрушілікке әкеп соқты. Нақты идеядан феминизм пиардың және танымалдылықтың құралына айналды. Гендерлік теңдіктің орнына әйелдердің ерлерден артықшылығын дәріптейтін идеялар көбірек таралуда, ал, бұл, өз кезегінде, матриархатқа көбірек ұқсайды.

Осы мақсатта, феминизмнің бастамасына көз жүгіртетін болсақ, әйелдер мен ерлердің тең әлеуметтік құқықтары идеясы XVIII ғасырдағы Француз революциясының уақыты және адамның «табиғи құқықтары мен бостандықтары» либералдық тұжырымдамасын бекітумен басталды. 1789 ж «Адам және азамат құқықтарының Декларациясы» қабылданды. Әйелдердің дауыс беру құқығы 1948 жылы халықаралық құқықтың бір бөлігі болып, БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен негізі қалыптасты.

Осы орайда, қызықты факт: БҰҰ-ның ресми сайтында көрсетілген деректерге сәйкес Шығыс Еуропа мен Орталық Азия секілді дамушы елдерде әйелдер ең көп құқықтарға ие екен. Ал Оңтүстік Азия, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада әйелдер сайлау құқығынан айырылған болып саналады екен.

Феминизмді түсіну не үшін керек?

Жалғыз басты аналар, отбасылық жағдайға байланысты мамандандырылған білім ала алмай, соның салдарынан жалақысы төмен жұмыс жасайды, ал кәсіби білім алған адамның мүмкіндігі көбірек, әрине. Сонымен қатар, отбасында күйеуі тарапынан зорлық-зомбылық, қысым көріп, балалары үшін осы қорлыққа шыдап келе жатқан жағдайларды да кездестіруге болады. Осы факторлар адамды күйзеліске, әр түрлі ауруларға шалдықтыруы, тіпті, өлімге әкеп соғуы ғажап дүние емес. Сондықтан, мұндай жағдайда феминизм әйел адамның құқығын қорғауда өте қажет.

Осы жағдайда дәлелденген шынайы факттермен бөліскім келіп отыр. 2001 жылы зерттеуінде белгілі бихевиористтік экономисттер Теренс Оден мен Брэд Барбер ерлер мен әйелдердің портфолио құрылымын талдап, салыстыра отырып, ерлер сауданы әйелдерге қарағанда 45%-ға белсендірек жүргізеді деген қорытындыға келген еді, бірақ әйелдер еркектерге қарағанда шығынға аз ұшырайды деп тұжырымдаған.

Алысқа бармай ендігі кезекті Қазақстанға берер болсақ: Білім саласындағы көрсеткіш: Орта біліммен қамту: әйелдер - 99%, ерлер - 98%; сауаттылық деңгейі: әйелдер – 99,8%; жоғары білім алу деңгейі: әйелдер – 55,2%.

Бизнес саласындағы көрсеткіш: Бизнестегі әйелдер үлесі – 50%; ауыл шаруашылығындағы әйелдер үлесі – 20,3%; жер иеленуде әйелдер үлесі – 30% (1,1 млн).

Мемлекеттік басқару: Парламенттің төменгі палатасындағы әйелдер үлесі – 42%; жергілікті атқарушы органдардағы әйелдер үлесі– 22,2%. Осы көрсеткіштерден біз білімді әйелдер қатарының белсенді екенін көреміз, ал бұл өз кезегінде мемлекет экономикасына да үлесін тигізбей қоймас.

Тағы бір айта кететін жайт, өкінішке орай, феминизм барлық әйел теңсіздігіне байланысты проблемаларды түгел жоя алмайды. Тіпті, ол әйелдердің жоғарыда аталған және басқа да көптеген мәселелерін қалай шеше алатыны жолдары туралы өте аңғал: мысалы, егер барлық әйелдер баланы дүниеге әкелуден немесе тұрмыс құру және еркектерге бағынудан, құлақ асудан бас тартса, не болмақ? Шындығында, ол мүмкін емес, одан барлығы болмаса да, көбісі бас тартпайды. Бұл процесс ерте кезде де орын алған, қазір де орын алып жатыр, болашақта да орын алады. Отбасындағы келеңсіздіктер мен қақтығыстарды да толықтай жоюға қарқаусыз. Өйткені, бұл – табиғи процесс, әлеуметтік процесс. Қазақстан демократиялы ел болғанымен патриархалды билік басымдау, оның мысалдарына басшылық қызметтерде және саясатта әйелдердің шектеулі санын, қыз алып қашу фактілерін, «ене мен келін» сияқты стереотиптерді келтірсек болады. Бірақ феминизмді теріс түсіну нәтижесінде қазақтың отбасына, тұрақтылығына, ерлердің мәртебесіне қауіп төндіретін құбылысты байқаймыз. Сонымен қатар, феминизмді аға буын дұрыс түсінбеуі салдарынан елдің ұлттық құндылықтарын ығыстырады деген үрейден, ұлттық мәдениетке сай емес, батысқа тым еліктеушілік деп санап, әйел адамдар ерлерден күші басым болып кете ме деген қауіптен феминизм десе төбе шашы тік тұрады. Алайда, феминизмді қолдайтындар да аз емес, соның ішінде, мансап қуған мақсаты басымдау жас қыздарымыз. Феминизм түсінігіне гуманизмге тән тұрғыда қарау керек. Ғылыми дәлелденген фактілерге сүйену арқылы, мәселеге обьективті баға беру. Оны оң және теріс жағынан да қарап, қоғамға берер пайдасы бар екенін дәріптеу керек.

Тең құқылық деп нені түсінеміз?

Құранда келтірілген хадисте ер адамның ақылы әйел адамға қарағанда басым екендігі айтылған екен. Бұл олардың табиғи жаратылысы. Соған мысал ретінде, XX ғасырға дейін Нобель сыйлығының лауреаттарын алатын болсақ: физик, математик, жазушы, суретшілер тізімінде әйел адамдардың саны саусақпен санарлықтай. Неге? Себебі, ерте кездері қай елді, қай мемлекетті алсаң да әйелдерде ғылыммен айналысуға мүмкіндік болмады. Әйелдер баланы дүниеге әкеліп, оған лайықты тәрбие берді, себебі, ол кезде балабақшалар болмағандықтан, бала толықтай анасының қолында өсті. Онымен қоса, әйел үй шаруаларымен айналысты. Еркектер болса отбасын асыраушы, оған жауапты адам болғандықтан түзде жүрді, сондықтан да олардың ғылым-біліммен айналысуына уақыты жеткілікті болды. Ал, қазір жағдай басқаша, өйткені, заман талабының өзгеруіне қарай әйел мансап құруына, шет елге шығып, білім алуына, ғылыммен айналысуына, көлік айдауына, тіпті әскерге баруына да рұқсат. Яғни, өзін саясатта да, ғылымда да, өнерде де көрсетуіне жағдай бар. Міне, осыны тең құқылық деп айтуға болады.

Еркек пен әйелдің негізгі функциялары қандай?

Еркектің де, әйелдің де өз функциялары бар. Соның бір мысалы ретінде, үйдегі ішкі-сыртқы саясатты айтуға болады. Сыртқы саясатқа ер адам жауап береді, ол үйдің отағасы, асыраушысы, қорғаушысы, тірегі, ал ішкіге әйел адам жауап береді, себебі, ол отбасы ұйытқысы, шырағы, ұрпақты жалғастырушы, балаға тәрбие беруші. Бірақ әйел еркектің құлы дегенді білдірмейді, әйел оның көмекшісі, қолдаушысы. Маңызды шешімді ері мен әйелі өзара ойларымен бөлісіп, ақылдасып барып қабылдайды. Айта кету керек, әйел адамның бірнеше жұмысты қатар жасай алатын қабілеттері де бар: олар тамақ пісіріп жатып, сөйлесе алады, теледидар көріп жатып, тоқумен айналысады, үй жинап жүріп, киім үтіктейді. Осыған орай, қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербейді, екінші қолымен әлемді тербейді» деген керемет сөз де бар. Ал, еркекте ондай қабілет жоқ, себебі ол әйел адамның функциясын атқара алмайды. Мысалы, бала түнде жылап, мазасызданса, әкеде бірінші: «Балаға не болды? Неге жылап жатыр?» деген сұрақ туындаса, ана ойланбастан баласына жүгіреді, тыныштандырып, қарны ашса тамағын беріп, ауырса емдеп, түнімен қасында болады. Себебі, ана баланың жылағанына шыдап тұра алмайды, әйел адамдағы нәзіктік, аналық сезімі ер адамда жоқ. Яғни, отбасындағы бірлікті, балансты сақтап тұру үшін әйел мен ер адамның атқаратын өз функциялары бар.

Қорытындыға айта кетерім, феминизмді оң жағынан да, теріс жағынан да қабылдау өзімізге байланысты. Проблемалар бар және оларды шешу керек, сондықтан феминизм маңызды. Бірақ, оның өзі мәселені түп-тамырымен шеше алмайды. Мысалы, дәрігер адамды аурудан толықтай айыра алмайтыны сияқты. Бірақ соған қарамастан, феминизмді қажетсіз деп санайтындар көп. Неліктен олай? Көбінесе бұл феминизмнің шынайы мақсаттары мен мәнін білмеуден туындайды. Қоғамның мәселелеріне немқұрайлылық және қызығушылық танытпау оның қандай қозғалыс екендігі туралы түсініктің дұрыс қалыптаспауына әкеледі. Сондай-ақ, феминизмнің өзге бағыттары оның түпкі идеясын өзгертуі де феминизмге теріс көзқараста қарауына әсер еткен жағдай. Сондықтан, осындай тақырыптарды қозғау, феминизмнің шынайы мәнін, оның тарихы мен жетістіктері туралы айту керек деп санаймын.

Мақала авторы - Өлмесова Аружан. «Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті», «Философия және Саясаттану факультеті», «Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы», «6B03102 -Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы, 3 курс студенті

Жетекшісі - Кудерина Айжан Нурхамитовна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз