Өлең, жыр, ақындар

Сапасыз бұйымдар, жауапсыз басшылар

Клара Б. ботинка алғалы базар басындағы дүкендерді аралады. Ақырында "осы лайық" деп табылған, көруге сүйкімді, бауырынан жарап, жылмиған ботинкаға келісті. Клара оған 150 сом бергеніне өкінген де жоқ, тұрғызып қараса жұтынып тұр, жүргізіп байқаса" өзі жүріп" кететіндей көрінді. Клараның бұл саудасын ағасы Нұртай да, жеңгесі Ағила да дұрыс деп тапты.

Бірақ, ботинка бірінші күннің өзінде-ақ "әндететінді" шығарды. Күн ыстығы тиген сайын тыжырынып, екі ұрттығы бұлтия бастады. Кешегі сұлулықтан бүгін-ақ айрылған ботинканы Клара су бүркіп, сүртіп, гуталин жағып жылтыратты. Ылғалы кепсін, май сіңіп жібісін деп күншуаққа қойып көрді. Сол-ақ мұң екен ғой, ботинканың жұлығы көпсіп, тұмсығы түріліп, өкшесі опырылып, судан шығып қалған лақаның аузындай ырсиып қақырады да қалды. Алғашқы көргенде "түсім бе, әлде өңім бе деп, Клара өз ботинкасынан өзі шошып кетті, жүгіріп ағасы мен жеңгесін ертіп келді. Үшеуі жүріп, ұнатып алған "сұлу ботинкасының" орнында өңі кетіп, бозарып қалған, шортан ауыз бір зат жатыр екен.

Берекесі қашқан құнсыз ботинка ертеңіне "Промартельде" өз құныңдай ақшаға қайта жамалып, Клараның аяғында көп шегенің күшімен қайтадан қыдия қалды. Оның неше күнге дейін қыдиярын кім білсін...

Бізге әдемі киім, жақсы мебель, жібек мата, сұлу ботинка, сапалы бұйым керек. Ендеше, Клараның ең болмаса екі күн киюіне жарамай қақырап қалған ботинканы тіккен, "жүрдім-бардым" бұйымдар шығарған қалалық промкомбинат пен артельдерге "бұл сұмдығыңды жөнде, брагыңды өңде" деудің артықтығы болмас дейміз.

Кімде-кім бұл оқиғаның анығына шек қоятын болса, қаладағы толып жатқан артельдер шығарған бұйымдарды сататын базар басындағы дүкендерге баруын ұсынамыз. Сол жердің өзінен-ақ толып жатқан фактілер табуға болады. Ең шеткі дүкенде "3-я пятилетка" артелінің құйған қазандары мен қаңылтырдан құраған аспалы құмандары тұр. Қазан дегеніміз — ортасы шұқыр, ербиген құлағы бар, насыбайшылардың тостағы секілді бір зат. Қорытуы жетпеген қоланың ірімтігі қазанның түбіне шөгіп, иіріліп - иіріліп шоғырланып қалыпты, ойып алмасаң өңделетін емес. Ал, аспалы құмандарының кейбірі — құйса су тұрмайтын, ашылса жабылмайтын, басылса ашылмайтын қаңылтырдан соғылған қиықша... Қысып қалсаң қабырғасы қайысып, майысып тұрған құранды. Оларды көрушілер көп те, алушылар аз. Осыған қарағанда көпшілікке керекті де, қажетті де бұйымдар екені байқалып тұр. Әттең сапасы жоқ, саны бар бұйымдар... Оған жалғас дүкенде қалалық промкомбинаттың балаларға арнап шығарған сандалдары ілулі тұр. Бұлар да қиындыдай құрастырылған, құрбақаның терісіндей құрысып қалған өңкей шыңылтыр. Арқалығын көтерсең, өкшелігі қушиып, өкшелігін тартсаң белдігі шошайып тіпті икемге келер сиқы жоқ. Тағы бір артельдің дүкенінде артель "шеберлері" тігіп шығарған жеңді майка ілулі тұр. Мұнысы жағасы жайлауына кетіп, омырауы оспадарсыз салбырап, етек-жеңі қиыспай, қалай болса солай созылып жатыр. Бейне бүйен секілді бір нәрсе. "Мына түрінде кімге шақтап тікті екен?" деп көріп тұрған Нартай ақын:

— Шіркін-ай, мына майкі, қандай майкі?

Жағасы жайлауында жатыр қайқы.

Арты ұзын, алды қысқа етегінің,

Болды екен неше мың сом мұның нарқы!..—

деп сықақтап, еді, айналаның бәрі күліп жіберді. Базаршылардың кеңкіліне байқамай еліктеп сатушының өзі де қосылып кеңкілдеді. Бірақ, батырық, артелі үшін қысылды білем, маңдайынан тері де шып-шып сорғалап қоя берді. Комбинат пен артель бастықтарының маңдайына да осы ұяттың шеті тиген болса, бұл сияқты сорақылықтың өмірі қысқарып, санына емес, сапасына көңіл бөлер еді. Сондықтан да оқиғаның "майда -шүйдесіне" қарамай мәселе көтердік. Мұнымызды "баға жетпейтін" заттарды сатушы мен саттырушылары болмаса, ешкім де теріс деп айтар ма екен?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз