Бір таудың шағыл тасты бөктеріндегі арса-арса жартастың қуысын қара қарға мекендепті. Одан жоғары көгалды жерді ұлар жайлапты. Бұлар көрші болған соң, көпке дейін бір-біріне барыс-келіс жасап жүріпті. Екеуі ұзақ-ұзақ әңгімелеседі екен. Содан соң сөзден-сөз туындап, бір күні екеуі өз артықшылықтарын айтып, мақтана бастайды. Мақтан таласқа ауысады.
Ақыры екеуі кімнің күшті, кімнің әлсіз екенін сынап көрудің амалын ойласады. Сөйтіп, ұлар мен қарға күресіп, күш сынасуға келіседі. Біріне-бірі былай шарт қойысады: жыққаны жығылғанын жеуге тиіс.
Осылайша, ерегіскен екі құс алыса кетеді. Әрі ырғасып, бері ырғасып, бірін-бірі ала алмайды. Арпалыс жеті күн, жеті түнге созылыпты. Ешқайсысы жығылмапты. Сегізінші күні сәске кезінде өліп-талып, барын салып тұрған қарға сүрініп кеткен ұларды басып қалыпты. Кеудесіне мініп алады да:
– Енді мен сені жеймін! – депті қоқиланып:
Сонда ұлар: «Ей, қарға, серттен таятын өзің, мен емеспін, – депті қайсарланып. – Дұрыс, сен жықтың, мен жығылдым. Сен енді мені жеуге хақылысың. Бірақ бір өтінішімді орында».
Қарға сырлас, тату көршісінің көңілін қимай:
– Мен де тасбауыр емеспін. Өлер алдындағы тілегіңді айт, ендеше, – депті.
Сонда ұлар ақтық өтінішін айтыпты:
– Қарға, сен жерге жатқанның бәрін талғамай шоқи бересің, рас па?
– Тамақ іздеген соң, шоқу керек қой, – депті қарға мойындап.
– Демек, содан тұмсығыңның кірі бес батпан. Менің етім сүттен ақ, қардан таза. Мені сол таза қалпымда жесең, өмірбақи аузыңнан етімнің дәмі кетпейді. Сондықтан бұлақ басына бар да тұмсығыңды жуып, тазалап кел.
Ұлардың бұл өтінішін қарға мақұл көреді де ұша жөнеледі. Сонан өзі су ішіп жүретін жіңішке бұлаққа барады. Көздей ғана жылып аққан судың жағасында отырып, алдымен өзінің шөлін қандырып алмақ болады да суды сіміре бастайды. Күні-түні алысып, әбден қаталап қалған екен, бұлақтың бармақтай көзінен жылтылдап шығып жататын су таусылып, суалып қалады. Қарғаның тұмсығы қара батпаққа батып кетеді де бұрынғыдан бетер былғанады. Енді еркін жуынатын үлкен су іздеп табу үшін таудан-тауды асып, сай-саланы кезеді. Ақыры түбінде мөлдір суы мөлтілдеп тұрған бір құдыққа тап болады. Құдықтың мөлдіреген тұнық суына қызығады. Одан суды қалай аларын білмей, басы қатады, ешбір амалын таппайды. Содан құдыққа өтініш айтады:
– Құдық досым, мына мөлдір суыңнан берші. Онымен тұмсығымды жуайын да ұлардың тәтті етіне бір тояйын.
Бұған құдық қарқ-қарқ күледі:
– Мен бұл суды ыстықта шөлдеп, сусағандардың сусынын қандыру үшін сақтап отырмын. Олай-былай өткен жолаушылар соны ішіп, шөлін басады. Сенің лас тұмсығыңды батырып былғауыңа көне алмаймын. Егер керек болса, бар да шелек тауып кел. Соған құйып берейін.
Қарға шелекті қайдан аларын білмей, ойланып тұрады да тәуекел деп, ұша жөнеледі. Күні бойы жерге қонбай, қалықтап жүріп, бір ауылға келеді. Ауыл үстін айналып біраз ұшады. Бір кезде күресінде жатқан түбі тесік көзеге көзі түсіпті. Қуанып кетіп, көзенің қасына барып қонады. Отыра салып:
– Көзе, досым, бір жолға тілімді алшы. Саған құдықтың суын құйып, тұмсығымды жуайын да ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп қиылыпты.
Түбі тесік көзе орнынан әзер тұрады да:
– Сен мені күресінде жатыр екен деп мазақтама, – дейді, ашуға булығып. – Маған да талай күш, ақыл-ой, өнер жұмсалған!
Шошып кеткен қарға:
– Мен мазақтап тұрғаным жоқ. Сен маған өте қажетсің! – деп, барлық сырын айтады.
Қарғаның мұңын естіп, көзенің жаны ашиды:
– Ендеше, сағыз топырақ тауып әкеліп, балшық иле. Сонан соң менің түбімді жама да тесігімді біте. Одан кейін құдыққа барып, су құйып ал, – деп, кеңес беріпті.
Қарға өлер-тірілеріне қарамай, сағыз топырақты іздейді. Оны бір адырдан табады да қасына жүгініп отыра қалады.
– Досым, сағыз топырағыңнан берші. Онымен көзенің түбін жамаймын. Бүтіндеген соң құдықтан су алып, тұмсығымды жуайын да ұлардың етіне бір тояйын.
– Тіленшіге берер балшығым жоқ, – депті, сағыз топырақ сазара қырыстанып. – Менен көп адам көзе жасайды. Маңдай терін төгіп, өздері қазып алады. Алда-жалда өте қажет болса, киіктің мүйізін тауып әкеліп, өзің қазып ал!
Қарғаның амалы таусылып, қатты қиналады. Осымен-ақ қоя салайын десе, ұлар етінің тәттілігі құлқынын қышытып, өңешін жыбырлатады. Содан кейін тәуекелге бел байлап, тағы да құлшына қанат қағып, әлемді шарлап жүріп, жалпақ далада қос құралайын ертіп, жайылып жүрген киікке кездеседі. Қалбалақтап қасына жетіп барады. Жалынышты кейіппен:
– Киік досым, маған мүйізіңді берші. Онымен сағыз топырақты қазып алып, көзені жамаймын. Бүтінделген көземен құдықтан су тартып, тұмсығымды жуайын да ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп өтініпті. Қарғаның жалынышты үніне киіктің жүрегі елжіреп, жаны ашиды да өзінің ақылын айтады:
- Әй, қарға-ай, мен мына шөл далада ылғи қауіп-қатердің ортасында өмір сүремін. Оның үстіне, міне, көріп тұрсың, балаларым да жас, өз күндерін өздері көре алмайды. Сондықтан мүйізім балаларымды жыртқыштардан қорғау үшін өзіме де керек. Алайда, сен соншама шалғайдан әдейі іздеп келген екенсің, меселіңді қайтармаймын, берейін. Ол үшін сен менің мүйізім қайта өсіп жетілгенше, балаларыма жатып жейтін шөп жинап бер.
Қарға істің барған сайын қиындап бара жатқанына күйінсе де ұлардың тәтті етін ойлағанда, таңдайы жыбырлап, еріксіз тамсанды. Басқа амалы болмаған соң, қайғысын басып, әрі қарай сапар шегеді. Бірнеше күн жерге қонбай ұшып, көгарай шалғыны жайқалған көгілдір тауға жетеді. Етегіне қонып, демін алған соң, тауға мұңын шағады.
– Тау досым, сенің шөбіңді киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақты қазып, көзенің түбін жамайын да құдықтың суын құяйын, сол сумен тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын.
Қалың шөбі толқындай ширатылған тау қарғаның зарын естіген соң:
– Шөпті мен саған қалай беремін? Адам баласы өз қолымен орып алады. Еңбек етеді, тер төгеді. Алыстан іздеп келген екенсің, егер қатты қажет болса, орақ тауып әкел де қалағаныңша орып ала ғой, – депті ырзалығын беріп.
Орақ тауып келуден басқа амалы болмаған соң, орақ іздеп қарға тағы да ұшыпты. Ел-елді шарлап жүріп, егін орып жатқан бір орақтың үстінен түсіпті. Қуанып кеткен қарға:
– Орақ досым, – деп, қиыла айтыпты өтінішін. – Сенімен шөп орып алайыншы. Сол шөпті киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақ қазайын. Онымен көзенің түбін жамап, құдықтан су алайын да тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын!
– Ей, қарғам-ай, мені тыңда, – депті, орақ белін бүкірейтіп тұрып. – Мен өздігімнен орақ бола қалғаным жоқ. Менің темірімді ұста отқа салып қыздырған, шоқ балғамен соғып шыңдаған. Суға салып пісірген, маңдай терін сорғалатып, осы халге жеткізген. Сол ұстаға бар да тілегіңді айтып, жаңа орақ соқтырып ал. Мұнда өзімнің де атқаратын жұмысым басымнан асып жатыр. Тілегіңді орындай алмаймын, ренжіме!
Қарға енді ұлармен күресіп, өзінің жыққанына қынжылыпты. Егер ұлар жықса ғой, бұл азапты сол шегер ме еді, қайтер еді. Ары ойлап, бері ойлап, қарға ақыры ұстаның дүкеніне барады. Ұстаға шеккен азабын айтып, зар еңірейді. Қарғаның көрген азабын естіген соң, ұстаның оған жаны ашиды. Сонан соң ұста:
– Орақ соғып берсем, қалай алып кетесің? – деп сұрайды. Қарға ұстаның сөзіне қуанып, өз білгенін айтады.
– Аяғыма қыстырып аламын ғой.
– Ол болмайды. Көтеріп кетуге әлің жетпейді, жерге құлап түседі. Шеңгелдеп ұстап жүретін қауқар сенде жоқ. Құлатып алсаң, жерге түсіп, біреуді жазым етерсің.
– Ендеше мойныма іле сал, – депті, қарға орақты алып кетуге ынтығып.
– Жарайды қалағаның болсын, – деп, күлген ұста қарғаның мойнына қылп етсе, қыл қиятын өткір орақты іліп береді.
Енді барлық мақсаты орындалатынына масайраған қарға қуанышы қойнына сыймай, отырған жерінен ұмсына ұмтылып, көкке шапшиды. Жерден қарыстай көтеріле бергенде, алмастай өткір орақ қарғаның мойнын қырқып түсіпті.
«Ақылсыздың істеген ісінің ақыры өзін көрге жығады», – депті мұны көргендер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі