Өлең, жыр, ақындар

Би бала

Рамазан төртінші сыныпта оқиды. Ұлдардың ішінде​ күш пен білім жағынан басым. Тағы бір ерекше қыры, қандай дау-жанжал болмасын, тек сөзбен шешеді, сөзбен тоқтатады. Бірде екі досы шарт та шұрт төбелесіп қалды. Екеуін зорға ажыратып, не үшін төбелескендерін сұрады.

— Мынау менің сөмкемді жыртты! — деді ызаға булыққан Әли.

— Әдейі жыртпадым! — деді Досым. Сосын абайсыз тұрғанда артынан әлдекімнің итеріп қалып, құлап бара жатып Әлидің сөмкесіне жабысып, жыртып алғанын айтты.

Рамазан алдымен итерген кім екенін анықтап алды. Досымды ойнап итерген Нұрбол болып шықты. Барлық ұлдарды жиып, Рамазан сөз бастады:

— ​ Уа, жігіттер! Балалық — бассыздық, — дейді үлкендер.​ Ақылды бала болса, жәй тұрған Досымды, Нұрбол итермеген болар еді.​ Досым да ақымақ. Жығылғанды жер көтереді. Сөмке — зат, сөмке алатын ақша — қат. Кісі киімі — кіршең, заты — бүлінгіш келетінін білмеген бе? Жаратқанның жеріне қос қолын тірей құласа, қақ жарылмас еді ғой?! Әлиді де жақтамаймын. ​Сөмке — дүние. Дүние — адамнан құнды емес! Жұдырық ала жүгіргенше, досына жай сөзбен түсіндірсе болады ғой?!

— Жай сөз ешнәрсені шешпейді. Ақшасын төлесін, — деді Әли.

Сөмкені қолына алып, асықпай қараған Рамазан:

— Мына сөмке ары кетсе қара базарда бес мың теңге тұрады.​ Жыртығы тігістен кетіпті. Демек тігуге болады. Әли үйіне ала кетіп, тігіп берсін. Анасы көмектесер. Ал Нұрбол екі досына екі шоколад алып берсін. Тәтті — көңілді көтереді,​ осылай араздық өтеледі.​ Келесі жолы ешкімді итермейді, ешкімге тимейді. Енді тисе жаза күшейеді. Құн — молаяды. Жалғыз Нұрбол ғана емес,​ бұл сөз барлығымызға тиесілі. Не дейсіңдер?

— Әділ шешім. Мен разымын! — деді Әли.

— Мен де! — деді Досым.

— Жарайды, — деп міңгірледі Нұрбол. Тәттіні ертесі алып беруге келісті. Тек енді аналары түсініспей жүрмесе болғаны... Өйткені Нұрболдың анасы өте ұрысқақ адам. Әй, өзі шешер ақша жағын. Бастысы сынып жиналысына түсіп, ата-анасынан ұрыс естімесе болғаны..

Гүлмекен Қасенбай


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз