Өлең, жыр, ақындар

Пьеса Тағдыр Ойыны

Тағдыр ойыны

(әфсана) 

©️ Нарша Булгакбаев 

 

Жас Батыр – Құлдықтан босап шығып, Сүлейменді жауыздардан қорғап қалған батыр 

Сүлеймен – асыранды бала, 18 жаста, болашақ Патша

Әкесі – Сүлейменнің қамқоршысы 

Анасы – Сүлейменнің қамқоршысы

Жауыз Патша – Басты жауыз кейіпкер

Уәзірі – Хабар тасымалдаушысы

Әулие – Патша сарайының көріпкелі

Құл Досы – Болашақ Жас Батырдың құлдықта жүрген кездегі серігі

Құл Иесі – Құл иеленуші

Екі жалдамалы жаналғыштар – Жауыз Патшаның Сүлейменді өлтіруге жіберген женденттері 

Нұрлы Жарық – көрінбейтін дауыс

Нәресте – 6 айлық нәресте, өздерінің баласы 

 

 

1 Құлдықта 

 

(екеуі диірмен тартып отырады, аяқ қолдары кісендеулі) 

Жас Батыр: Ана аспандағы жарқырап тұрған жұлдызға қарашы. 

Құл Досы: Қайда қара дейді? 

Жас Батыр: Сол жұлдыз маған бір нәрсе айтқысы келетін сияқты. 

Құл Досы: Саған нансыз қалмай, қожайыннан таяқ жеме деп айтқысы келеді, басқа не айтады дейсің? 

Жас Батыр: Өмір бақи құл болып өмір сүре береміз бе? Мен бұл жерде мәңгілік қалмаймын. 

Құл Досы: Арманың күшті екен, бірақ ол ешқашан орындалмайды. Жас Батыр: Біздің қожайын бар ғой, нағыз тиран, біз бір үзім нан үшін күні түні жұмыс істейміз, ал ол болса ойына келгенін істейді. Бізді пайдаланып, өзі түк бітірмейді. 

Құл Досы: Ертең бір үзім нанға зәру болып қалып жүр ме, қожайын еңбегімізге сай тамағымызды беріп отыр, одан артық не керек? 

Жас Батыр: Білмеймін, маған бостандық керек, мен шаршадым. Құл Досы: Әрине шаршайсың жұмыстың бәрін мен істесем. 

Жас Батыр: Біз жабық шеңберді айналып жүрік, ал уақыт болса өтіп жатыр. 

Құл Досы: Білмеймін, маған уақыттың өтіп жатқаны білінбейді. Өз тағдырыма ризамын. 

Жас Батыр: Тшш… Қожайын келе жатқан сияқты. 

Құл Досы: Қане? 

Жас Батыр: Ойнап айтам, бірден қорқа кеттің ғой. Су әкеп бетіңді жуайын ба? 

Құл Досы: Сен менімен ойнама, оданша жұмысыңды адал атқар. 

Жас Батыр: Құлдықта болу бұл жұмыс емес. Мына шынжырларымыз қашан шешіледі екен. 

Құл Досы: Қожайынның көңіл-күйі қашан жақсы болады, сол кезде…

Жас Батыр: Оның көңіл-күйі қашан жақсы болып еді. 

Құл Досы: Малға қарайтын кезде қашуға талпынып жүрме, әйтпесе, алдындағыдай сабап тастайды, тағы да аш қаласың. 

Жас Батыр: Өтті кетті, қай қайдағыны еске түсіріп. (Қожайындары келеді) 

Қожайын: Малға қарайтын уақыт, кісендеріңді босатайын. (Қожайыны келіп, қашуға ұмтылған Жас Батырды қуалайды, ақыры ұстап алған соң, ұзын қамшымен сабайды) 

Қожайын: Бүгін енді, тағы да аш қаласың, сорлы байғұс! Енді тағы да қашуға ұмтылатын болсаң, онда бұл өмірмен қоштасасың, түсіндің бе? 

Батыр: Ә-әрине… 

 

2 Қуанышты хабар  

 

Бала: Мен сізге бір нəрсе айтуым керек? 

Әкесі: Айта ғой ұлым. 

Бала: Маған Нұрлы Жарық хабар берді, Патша боласың деді. 

Әкесі: Бұл тамаша жаңалық қой. Бірақ қалай, сен әлі… Жассың ғой… 

Бала: Нұрлы Жарық сенің қолыңнан келеді деді. 

Әкесі: Қолыңнан келсе… Бірақ қазір мен ешнәрсеге таңғалмайтын болдым… Анаңа бұл туралы бір нәрсе айтқан жоқсың ба?

Бала: Жоқ, бірақ бізге сапарға аттану керек деді, болашақ Патша болып сол жерде атанасың деді. 

Әкесі: Аспанда Нұрлы Жұлдыз қайдан пайда болды десем, содан екен ғой. Мынаны қара, сені шыныменен болашақ Патша боласың деді ма? 

Бала: Иә Патша боласың деді. 

Әкесі: Нұрлы Жарық мен туралы еш нәрсе айтқан жоқ па?

Бала: Бізге дереу сапарға дайындалу керек, әке! 

Әкесі: Сапарды қоя тұр. Мен бірінші бұл сүйінші хабарды кемпіріме жеткізейін. 

(сахна сыртынан) 

Анасы: Әкесі! Әкесі, қайда жоғалып кеттің. 

Әкесі: Міне, өзі де келіп қалды.

(Анасы кіріп келеді) 

Әкесі: Кемпір, мені үш бөлмелі пәтердің ішінен қалай жоғалтып жүрсің? 

Анасы: Үйіміз үлкен, оның үстіне кемпіріңді сағынбай кеттің. Ұлым, жаным, қалың қалай?

Бала: Құдай деп. Сізге жеткізгіміз келіп тұрған бір жақсы жаңалығымыз бар. 

Анасы: Айтыңдар онда, не жаңалық?

Бала: Маған Нұрлы Жарық хабар берді, Патша боласың деді және қазіргі Жауыз Патшаны тақтан тайдырып өзің отырасың деді. 

Анасы: Патша? Сонда бұл қалай болғаны? Бұл расыменен, халықтың барлығы айтып жүрген, аспандағы жарық жұлдыздың белгісі ме? Сен бұны қалай қабылдадың, Әкесі? 

Әкесі: Мен қолдағым келген. Бірақ сені… жалғыз өзіңді, бұндай ұзақ сапарға қалай жібереміз? Мен сені ешқайда да жібермеймін ұлым, сен маған ренжіме. 

Бала: Бұл Нұрлы Жарықтың бұйрығы болса да ма? 

Анасы: Әй Әкесі, бізге Құдай ұл берді. Енді оны Патша қылмақшы. Кемпіріңнің айтқанын тыңда. 

Әкесі: Оның жалғыз өзін ұзақ сапарға қалай жібереміз сонда? 

Сүлеймен: Жалғыз емеспін, әрдайым Құдайымыз қасымызда емес пе деп өздеріңіз үйреткен жоқсыздар ма? 

Әкесі: Біз алда не боларын білмейміз Сүлеймен, сақтық өзімізден, сақтық өзімізден. 

 

3 Жауыз Патша 

 

Патша: Ана аспандағы жұлдыз, не жұлдыз?! Не үшін жарқырап тұр? Қарасам көзім шыдамайды. Халықтың барлығы мен туралы бірдеңе деуді қойды. Барлығының әңгімелейтіні осы жұлдыз. Басқа әділ Патшаға үміт етеміз дейді, сонда бұл қалай… халықтың барлық жағдайын жасап отырған менен не, үміт жоқ па не? Әлде менің жасаған барлық жақсылығымды халық ұмытты ма? 

Уәзірі: Әулиенің айтуы бойынша, сіздің орныңызды басатын болашақ Патшаға он сегіз жасқа толған кезде, аспанда нұрлы жұлдыз пайда болады және ол, он сегіз жасар бала Патша болғанша дейін бүкіл әлемге жарқырап тұрады. Оның айтуы бойынша осы жолы бұл ерекше жаратылыс болады, әділдік орнататын Патша, әрі Дана, әрі Ғалым, бүкіл әлемге жақсылық пен жаңалық әкелетін болады. 

Патша: Мен! Бүкіл әлемдердің патшасы, Мен! Бар білетінің сол ғана ма? Біліп қой, күллі әлемнің патшасы менің әкем болған, ол патшалықты маған тапсырды, менен кейін бұл таққа менің ұрпағым отырады. Басқа ешкім емес, түсіндің бе? Басқа ешкім емес! Халықты тек мен, және менің тұқымым ғана басқаратын болады. Ал мына сенің нұрлы жұлдызың, біздің асыл тұқымымызға кедергі бола алмайды. 

Уәзірі: Дұрыс айтасыз. 

Патша: Сен былай істе, күллі әлемде халық санағын жарияла, барлығын бір жерге жинап, біртіндеп тіркеуден өтетін болсын. Мен бүгін түс көрдім, түсімде әкем осындай тапсырма берді. Сосын Әулиені шақыршы маған. 

Уәзірі: Өкінішке орай ол келе алмайды, мен айтып көріп едім, ол күлді де қойды. 

Патша: Қалай сонда келе алмайды, патшаның алдына, оның мені келемеж еткені үшін жазаға тартамын. 

Уәзірі: Патшам! Оны білесіз ғой, әулие емес пе, онымен абай болу керек, ертең бізге бәлесі тиіп жүрсе.

Патша: Ендеше ол маған келе алмаса, мен оған өзім барамын. Әулие мені алдады. Менің болашағым қалайша өзгермеген. Мен барлығын жасадым ғой. 

Уәзірі: Бәлкім тағдыр жазып қойған өмір өзгермейтін шығар. 

Патша: Өзгереді, әлі-ақ көресің, өзгереді. 

 

4 Құлдықтан қашу

 

Батыр: Мен қайдамын? Неге бәрі қараңғы, ей! 

Нұрлы Жарық: Сен түстер әлеміндесің, сабр ет. 

Батыр: Қызық екен. Ал сен кімсің? 

Нұрлы Жарық: Сен ұйқыдан тұрасың, сосын болашақ Патшаның өмірін аман сақтап қаласың. Сен болашақ батырсың. Тағдыр сені таңдады. 

Нұрлы Жарық: Патша? Батыр? Сен менің Құл екенімді білесің бе? Бұның бәрі әншейін кездейсоқ шығар. 

Нұрлы Жарық: Бұл өмірде кездейсоқтық жоқ. Сүлеймен дүниеге келгеннен бастап аспанда жарық жұлдыз пайда болды, және де оны барша халық көре алатындай жарқырап тұрады.

Батыр: Сүлеймен? Тоқта, тоқта, тоқта… (оянады) Бұл жай түс екен ғой. Ал не өзгерді, сол баяғы Құлдық? 

(Құл Досының қасына барып) 

Жас Батыр: Білесің бе? Мен бүгін бір түс көрдім. 

Құл Досы: Білмеймін, айтпасаң қайдан білемін... Айтсаңшы енді, адамды қызықтырмай!

Жас Батыр: Түсімде маған бір Нұрлы Жарық, менің артымнан ер деді, сенің өміріңнің мәні сол деді. 

Құл Досы: Тағы да сол баяғы өтірік түстеріңнің бірі емес па?

Жас Батыр: Жоқ, осы жолы шын түс, маған қалайда мына жерден құтылып шығу керек. Қашанғы біреудің малын бағып, астық тартып жүре береміз. 

Құл Досы: Дұрыс айтасың, кісен шешілді ме?

Жас Батыр: Қандай кісен? 

Құл Досы: Шынжырларыңның шешілгенін әлі байқаған жоқсың ба? Сен бүгін құлдықтың бұғауын үздің, неге қуанбайсың? 

Жас Батыр: Темір шынжырды, қалай? 

Құл Досы: Таптық қой жолын. Қаш, міне енді сенің аңсаған мүмкіндігің, мені уайымдама, қаш, қожайын келмей тұрып, қаш! 

Жас Батыр: Рахмет саған, сенің жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын. 

Құл Досы: Ұмытпасаң болды. Сәттілік тілеймін саған, жолың болсын. 

Жас Батыр: Ал сен ше? Сенің жағдайың не болады?

Құл Досы: Айттым ғой мен саған, мені уайымдама деп, қаш, қожайын келе жатыр, қаш!

Құл Иесі: Ей, бедірек құлдар! 

Жас Батыр: Ендеше мен кеттім, бостандыққа. Біз қоштаспаймыз, сау бол, аман бол! 

 

(Қожайын жүгіріп келеді, бірақ осы жолы әрі айналып, бері айналып, ұстап алуға тырысады, бірақ Батыр Жігіт қашып үлгереді) 

 

5 Үйдегілермен танысу 

 

(Жас Батыр Нұрлы жарыққа таянады) 

Жас Батыр: Сен кімсің, қайдан келдің? 

Нұрлы Жарық: Қорықпа, мен саған артымнан ер дедім. Және осында айдап алып келдім. 

Жас Батыр: Мен қорқып тұрған жоқпын. Сонда бұл жер кімнің үйі? Неге дәл осы жерге? 

Нұрлы Жарық: Болашақ Патшаның шаңырағымен танысқан соң бәрін түсінесің. 

 

Әкесі: Сен кімсің? Қалай кірдің біздің үйге? Сенің кеткенің дұрыс болар, бейтаныс жігіт. 

Батыр: Есік ашық тұр екен, сосын кіре алдым. Мен қалай кетемін. 

Нұрлы Жарық мені осында айдап әкелсе? 

Әкесі: Осы сендердің Нұрлы Жарықтарың бәле болды

Жас Батыр: Жарайды, басқаша түсіндірейін, мені тағдыр айдап алып келді, аспандағы жұлдыз шырақ. 

Әкесі: Яғни, тағдырға сенемін де? Тағдырға сенсең, Құдайға сенесің ба? 

Жас Батыр: Әрине, ол мені құлдықтан босатты, арманыңды осы жерден табасың деді. 

Әкесі: Саған ақша керек болса, бірден айтып қояйын, біз бай емеспіз, біз қарапайым гос. служащилармыз. 

Жас Батыр: Маған сіздерден ақша қажет емес. Сіздердің кім екендеріңізді сұрайын деп келдім. 

Әкесі: Оны не қыласың? Ақылменен бұл жерден кеткенің дұрыс болады, әйтпесе… Сен өзі жынды емессің ба? 

(Сүлеймен кіріп келеді) 

Сүлеймен: Не болды? 

Жас Батыр: Сүлеймен деген кім, маған сол кісі керек еді?

Әкесі: Оны не қыласың? 

Жас Батыр: Мен дұрыстап түсіндірейін, мен бір түс көрдім, ол маған дәл осы жерге кел де, болашақ Патшаның қорғаушысы бол деді. 

Әкесі: Ей жігіт, оданша қайдан келдің, сонда қайт. Қорғаушы (күледі) Сенің өзіңе қорғаушы керек сияқты. 

Сүлеймен: Мүмкін ол шын айтып тұрған шығар. 

Жас Батыр: Әрине. Мен әрең дегенде құлдықтан босап, өз үйімді таптым, үйім болғанда, өмірімнің мәнін. Кешіріңіз, болашақ Патша сіз боласыз ба? 

Сүлеймен: Иә, мен боламын, танысқаныма қуаныштымын. 

Жас Батыр: Мен де, рахмет. Менің негізі есімім жоқ, мені жай ғана Жас Батыр деп атасаңыздар болады. Енді Сүлейменді жауапты миссия күтіп тұр алда. Жауыз Патшаны тақтан тайдырып өзің отырасың. 

Әкесі: Оның басы істемейтін сияқты (Ұлының құлағына сыбырлайды). 

Жас Батыр: Мен бəрін естіп тұрмын. 

Әкесі: Ақылмен кеткенің дұрыс болады, шырағым! 

Жас Батыр: Түсімдегі берілген тапсырма сіздерді қорғау болатын. 

Әкесі: Немене дейді? Кімнен? Бізді тек бір Жаратушы ғана қорғайды. Сен бірінші өзіңді қорғап үйреніп ал. Оның үстіне сен әлі білімсізсің, әрі өмірлік тәжірибең жоқ. Біз өзімізді өзіміз қорғай аламыз, Құдайымыз барында.

Жас Батыр: Ал менің түсімде сіздер қорғай алмадыңыздар, Жалмауыз Патшаның ең мықты дейтін жендеттерінен қаза таптыңыздар. 

Әкесі: Сен өтірікті жақсы ұйқастырады екенсің. Мен сенен расында қорқайын дедім, әлде бәрін алдын-ала білетін көріпкелдігің бар ма?

Жас Батыр: Негізінде мен сіздерге керекпін, қолымнан келмейтінім жоқ, тамақты онша көп жемеймін, бірақ жауынгерліктің хас шеберімін! Бала кезімде әкем тәрбиелеген, әкемнен айырылып қалған соң, амал жоқ… тегіннен-тегін құлдыққа түсіп қалдым. Тағы да қайталап айтайын, түсімде дәл сіздерді көрдім. Нұрлы Жұлдыз мені осы жерге алып келген. 

Әкесі: Сен өзіңнің жынды емес екеніңе нақты сенімдісің бе? Қайда енді ал, Нұрлы Жұлдызың? 

Сенімді болмасаң үйіңе қайтқаның дұрыс. 

Жас Батыр: Менің үйім осы жер, бұл жерге мен өз еркіммен емес, Нұрлы Жарықтың айдауымен келдім. 

Сүлеймен: Әке! Мені тыңдасаңыз, бізбен бірге болсын, серік болады, əрі сапарға шығатын болсақ жол да қауіпті, қорғанымыз болады, расымен Құдайдың бізге айдап алып келгені шығар. 

Әкесі: Қайдан білесің, оны да саған Нұрлы Жұлдыз айтты ма? 

Сүлеймен: Бұл өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды, бұны өзіңіз емес пе маған үйреткен. 

Батыр: Халықтың бəрі жұлдыздға қарап, болашақ Патшаның түрін көргісі келеді. Нұрлы Жарық Хан Тәңіріне сапарға шығасың деп айтты, сіздер де сол жаққа барайын деп дайындалып жатқан шығарсыздар. 

Әкесі: Амал жоқ, баламыз үшін көнеміз. Сүлеймен үшін ғана, болашақ ұлымның Патша болуы үшін ғана. 

Жас Батыр: Патша, демекші… негізінен барлық кедергілер мен тосқауылдардың басты себепкері сол!

 

6 Жауыз Патша 

 

Патша: Көріпкел қайда, көндіре алдың ба? Болашақты тағы да бір көргім келеді. 

Уәзірі: Иә патшам, дәл сіз айтқандай ертіп әкелдім, қазір келеді. 

(Әулие кіріп келеді) 

Патша: Анасы, кім екен, соны білесіз бе? 

Әулте: Мен білмеймін. Патша, мына жынның артынан ерсең болашақ Патшаның жанұясына барасың. 

Патша: Яғни… Болашақ, күллі әлемнің патшасы әрі данасының, қалай әке-шешесі бар? Сен алдында да, осы кезде де жетім деп айтқансың. Сонда сен бәрін алдын ала білген екенсің ғой? 

Әулие: Дәл солай! Мен не көрдім, соны айттым. 

Патша: Ендеше оның асыранды анасы мен әкесі, сен айтқан отбасында тұрады де. Менің әкемнің түсіме кірген себебі сол екен ғой. Сол үйге жендеттер жібер деген. 

Әулие: Асықпа, олар Хан Тәңіріне сапарға шығады. Оларды бәрібір қуып жете алмайсың. 

Патша: Ал, баланы қалай көзін құртуға болатыны туралы ойың бар ма?... Неге үндемейсің? Ол бала менің тағыма жоламауы тиіс, қандай жағдай болмасын… Сен былай істе, маған ең мықты дейтін жаналғыштарды тап. 

Уәзірі: Сосын… 

Патша: Егер де менің тапсырмамды мүлтіксіз орындайтын болсаң, оларды мол байлыққа кенелтетінім жайлы айт. 

Уәзірі: Ол сонда не тапсырма? 

Патша: Көп сұрақ қойма, тап дедім ба, тап! 

Уәзірі: Табылады, патша, табылады. 

Патша: Оларға айт, мына жынның артынан ерсін де. Сонда біз Баланың қай үйде тығылып жатқанын біле аламыз. 

Уәзірі: Құп болады патшам, құп болады, сонда сіз … 

Патша: Иә, соңғы нүктені қойсын, анасын оның жоқ қылсын, баласын оның мерт қылсын. 

Уәзірі: Сіздің басыңыз бас қой, табамын мен, табамын. 

Патша: Дереу тап! Бізге кешігуге болмайды. 

Уәзірі: Мен сізге кім керек екенін білемін, онымен шартты түрде келісім жасаймын, және ол барлығын дәл сіз айтқандай жасайды. 

Патша: Жарайсың! 

Уәзірі: Алғыс, патшам, алғыс. 

Патша: Мына жұлдызға қайта қайта қарап, өз-өзіме маза бермейтін болдым, осы жұлдыз сөнбейінше, маған тыныштық жоқ! 

 

7 Сапарға дайындық 

 

Әкесі: Мен өз жұмысымды тастап ешқайда да барғым келмейді. Не себепті Сүлеймен таудың шыңына шығуы тиіс? Не үшін екенін айтпайсыңдар ма?  

Жас Батыр: Себебі ол жұлдыз Хан Тәңірінең жарық болып көрінеді екен, оның үстіне бұл Нұрлы Жарықтың бағыттауы. 

Әкесі: Осы сендердің Нұрлы Жарықтарың бәле болды. 

Сүлеймен: Оның үстіне болашақ Патша ретінде Құдайдың батасын алуым керек. 

Әкесі: Мен қартайған шағымда жолға жарамаймын, оның үстіне жаяу қаншама километр биіктікке. Сендер мені өлтірейін дедіңдер ме? 

Сүлеймен: Жақсы ұшақпен барамыз. 

Әкесі: Ура, дұрыс шешім, молодец! 

Сүлеймен: Ойнап айтам Әке, Нұрлы Жарық бізге жаяу бару керек деген 

Әкесі: Әй, оңбаған сендердің Нұрлы Жарықтарың. Мен өз жұмысымды тастап ешқайда да бармаймын. Ұлымыз аяқ астынан не ғып Патша бола қалды. 

Батыр: Оданша қуанбайсызба, ұлыңыз бүкіл әлемді билейтін Патша болады. 

Анасы: Құдай қолдайды, сондықтан тәуекел етіп жолға шығамыз, Батыр Жігіт дұрыс айтады. Біздің қаһарман қорғанымыз. Мінезі де көркем, сабырлы, салмақты, нағыз бастық болатын жігіт. 

Сүлеймен: Қайақтың бастығы анашым?! Батыр деңіз. Оның бізді Хан Тәңірінің шыңына дейін жеткізетініне сенімдімін. 

Әкесі: Мен ол жындыға сенбеймін, ол жынды бізді орта жолда өлтіреді. 

Анасы: Әкесі қой болды, өзіңнің де ақыл иесі екеніңді ұмыттың ба? 

Әкесі: Қайдан білейін, оның үстіне жаңа дүниеге келген өз сәбиімізге не болады. Оны да таудың басына шығарамыз ба? Құдай сүйіншілеген баланы орта жолда арам өлтіріп аламыз. 

Анасы: Сен де бір қай-қайдағыны шығарып? 

Әкесі: Онда сол Нұрлы Жарық неге маған хабар бермеді екен, а? 

Анасы: Құдай бізге беретіннің бәрін берді, Әкесі, берді! 

Әкесі: Қайдан білейін, кішкене тәжірибесі мол, жолды білетін жетектеуші болса. Әйтпесе… сеніп отырған батырларың, құлдықтан енді босап шыққан жап-жас жігіт қой. 

Жас Батыр: Мен жас болсамда, күш бола аламын, жарайды миым жоқ шығар. 

Анасы: Қазір елдің барлығы, сол жұлдызға қарап тұр, Хан Тәңіріне бару керек болса, жолды Нұрлы Жарықтың өзі көрсетіп тұрса, Құдайымыздың өзі қолдап тұрса, несіне алаңдаймыз, иә, батыр жігіт! 

Жас Батыр: Әрине, сапар ауыр болмайды. Бастысы, менің түсімде маған жүктелген тапсырма, болашақ Патшаны, әрі данышпанды, қорғап қалу. 

Анасы: Әкесі, барғым келмейді деген әңгімені қой. 

(Анасының қолында алты айлық сәби болады) 

Анасы: Қараңдаршы сондай сүйкімді. Ертең сенің ағаң Патша атанады. Екеуің бірге адамзаттың барлығын ақиқатқа шақыратын боласыңдар. Адалдық, әділдік, теңдік жолында күресетін боласыңдар. (қолындағы сәбимен сөйлеседі) 

Анасы: Сондықтан Әкесі, біз жолға шығамыз, кемпіріңнің айтқанын тыңда! 

Әкесі: Кейде бар ғой, мен жұмыстан мүлдем шыққым келмейді, кемпірімді көргім келмейді. 

 

8 Сапар

 

Әкесі: Сапарымыз шынымен ауырлап барады… 

(Боран соғады) 

Нұрлы Жарық: Батыр Жігіт, жеміс ағаштары, әлденіп алыңдар, бұлақтың таза суы, шөлдеріңді қандырыңдар. 

Жас Батыр: Ана жерде жидек ағашы мен бұлақты көрдіңіздер ме? 

Әкесі: Қане, қақаған қыста қайақтың жемісі?

Анасы: Сүлеймен сен әлсіреп келе жатқан сияқтысың, бізге асығу керек. 

Сүлеймен: Жоқ, бәрі жақсы анашым, жай, аздап шаршағаным ғой. 

Анасы: Бастысы уайымдама, бәрі жақсы болады. 

(барлығы жемістер жеп әлденіп алады, бұлақтың суын ішіп шөлдерін қандырады) 

Әкесі: Сапарда қырық күн жүріп келеміз, шаршайтын түрлерің бар ма, жоқ па? Мен шаршадым. Әй, мыналар кімдер? 

(Екі жауыз жендетпен кездеседі, біреуінде қылыш, біреуінде найза)

Сүлеймен: Қалай? болашақ Патшаның батыры болған оңай ма екен? 

Жас Батыр: Оңай, батыр болу менің қадір-қасиетім, барлықтарыңыз алға басып жүре беріңіздер… Мен оларды… өзім жайрата саламын. 

Әкесі: Сендер шайқаса беріңдер, мен қолымнан келгенше дұға етейін. 

Жас Батыр: Дұрыс ата, дұғаңыз артық болмайды. Мен оларды тізе бүктіргенше, бұлақ пен ағаш жаққа қарай бара беріңіздер.

(барлығы жемістер жеп әлденіп алады, бұлақтың суын ішіп шөлдерін қандырады) 

 

(Батыр Жігіттің қолында қылыш қана, шайқас басталады) 

Жас Батыр: Болашақ Патшаның амандығы, менің аманатым. 

(Шайқастан Патшаның жендеттері жеңіледі) 

— Біз енді залымдармыз, ешқашан түзелмейміз, өлтіре сал оданша. 

(қылышты кезеп тұрып) 

— Қанша жерден ит болсаңдар да, Құдай кешірімді, ешқашан да кеш емес. Сондықтан жақсы адам болуға болады. Ең бастысы Құдайдан басқа ешкімге тәуелді болмаңдар, сонда еркіндікке шығасыңдар. Құлдықтан өздеріңді босатыңдар, жауыз Патшаның сендерге берген ақшасында береке жоқ, таңдау сендерден. 

(қылыш, найзасын тастайды) 

Біріншісі: жауыз Патшаның дәулеті өзіне, бізге бостандық керек, бізге жақсы адам болу керек, бізге Құдайдың ақ жолы керек. 

Екіншісі: Мен де әділдікті таңдаймын. Зұлымдыққа құл болудан жалықтым. Маған өзгеріс керек. Маған да Құдайдың ақ жолы керек. 

Жас Батыр: Тамаша, дұрыс таңдау жасадыңдар. Ендеше бізбен бірге жүріңдер, болашақ Патшаның қалай Хан Тәңіріне шыққанын көресіңдер. Кеттік бірге, қуып жетейік болашақ Патшаны. 

 

9 Жауыз Патша 

 

Патша: Маған менің болашағымды көрсет. 

Әулие: Көруден жалықпайсыз ба, патшам. 

Патша: Көрсет дедім ба, көрсет! 

Уәзірі: Он сегізге толған, жетімдер үйінен шыққан жас жігіт сенің әскерлеріңді талқандап, сенің тағыңды тартып алады. 

Патша: Мен тағдырды өзгерту үшін барлығын жасадым. Неге өзгермейді енді, неге өзгермейді?!

Әулие: Тағдырды өзгерту оңай шаруа емес. 

Патша: Ендеше былай істеңдер, жендеттермен болса да ойымыз іске аспады, одан да қатаң шараларға көшу керек, он сегіз жасқа толмаған балалардың барлығының жанын… білдіртпей аласыңдар. Ешкім бұл туралы білмеуі тиіс, тарихта жауыз патша болып қалғым келмейді. 

Уәзірі: Бұл нағыз жауыздық емес пе, Патшам? 

Патша: Білдіртпей қырыңдар дедім ба, қырыңдар… тек халық көтеріліп кетпесін. Бұл тек екеуміздің арамыздағы ғана үлкен құпия, түсіндің бе?! 

Әулие: Бұл қаскүнемдік қой. Балаларды аясаңшы. Құдайдың қаһарына ұшырайсың ғой. Қатыгездігің қашан тоқтайды? 

Патша: Жап аузыңды, сені сарайдан қуатын уақыт келді. Бір жаттанды тағдырды маған көрсете бересің. Сенің енді маған керегің жоқ. 

Әулие: Жарайды, өзімнің де бұл сарайыңда қалғым келіп тұрғаны шамалы. 

Патша: Ендеше кет, қазір кет. Көзіме енді көрінбей. Мен әлі бұл елді талай жылдар басқарамын. Оның үстіне менде… одан басқа амал жоқ. Салықты көбейт. Адам құқықтарын шекте. Ауыр қылмыс жасағандарды қуғын-сүргінге жібер. Сыбайлас жемқорлықты күшейт. Ол жұмыссыздыққа алып келеді. Жұмыссыздық кедейлердің көбеюіне алып келеді. Авторитарлық, тоталитарлық режимдер енгіз. Автократиялар, диктатуралар, цензура, инфляция, клептократия, олигархия, бұларды халықтың арасынан ешкім түсінбейді. Сондықтан мафиялық мемлекет екенімізді халық білмеуі тиіс. Менен ешкім тағымды тартып ала алмайды. Мен, бүкіл әлемнің Патшасымын, Мен, басқа ешкім емес... Мен! 

(Патша ашуланып кетіп қалады)

Уәзірі: Расымен… Патшамыздың есі ауысып бара жатқан сияқты. Әулие: Оны патшалық жынды қылып жіберді. Көрмейсің бе, мен жорыған болашақты өзі тілеп алды. Тағдырымды өзгертемін деп, сол қаламаған тағдырын шынайы өмірге айналдырды, алайда күнәсі өзіне, өз күнәсі өзіне. 

 

10 Сапар 

 

Жас Батыр: Шыңға жетіп қалдық, Сүлеймен, қобалжып тұрған шығарсың? 

Сүлеймен: Жоқ, бәрі норм. 

Әкесі: Мен өлейін деп бара жатқан сияқтымын. 

Анасы: Сәби мәз болып, күлімдеп жатыр. Ал сен болсаң сәби құрлы жоқсың. 

Әкесі: Шыңдарың қайда, шыңдарың? 

Жас Батыр: Аз қалды, сәл шыдаңыз. Батыр атану оңай болыпты, өзім де шаршап келемін. 

Анасы: Ұлымның Болашақ Патша болуын тағатсыздана күтудемін. 

Әкесі: Таудың басына халықтан бұрын біз жеттік, бізде арман жоқ. 

Сүлеймен: Мен шыңға шыққанда не істеймін, Нұрлы Жарық? 

Нұрлы Жарық: Қолыңды аспанға соз Сүлеймен, қолыңды аспанға соз. 

Құдай: Жауыз Патша, мен жаратқан, адамдардың мекені қылған жерде бүлік орнатып, халықтың барлығына обалдық жасады. Өзін Құдай санап кетті. Енді оны өзінің лайықты орнына қоятын кез келді. Мен саған көп әскер мен сақина беремін. 

(Сүлеймен жоғарғы шыңнан төмен қарай жерге түседі) 

Сүлеймен: Құдайдың ақ батасын алдым, ол маған көп әскер беретінін айтты, енді төмен қарай түсіп, Жауыз Патшаны тақтан тайдыруымыз керек. 

 

11 Әділ Патша 

 

Уәзірі: Патшам! Хан Ием! 

Жауыз Патша: Жақсы жаңалық айтатын бол!

Уәзірі: Біздің әскер жеңіліске ұшырады, біздің әскер жеңілді Патшам. 

(Жас Батыр мен қалғандары жүгіріп келеді) 

Жас Батыр: Босат орныңды, әйтпесе басыңды шауып аламын. 

Уәзірі: Сіздің тұрғаныңыз дұрыс болар, әйтпесе 

Жауыз Патша: Әйтпесе не? Тұрмаймын мен өз тағымнан. 

Сүлеймен: Жақсы, ендеше сізбен басқаша сөйлесейік. Сақина көзін соқыр қыл. 

(Патша орнын босатады, барлығының қуанған сәті, Сүлеймен таққа отырады) 

Уәзірі: Оның есімі кім? 

Әкесі: Оның есімі… Құдай қалауымен Сүлеймен. 

Анасы: Барша адамзатқа жіберілген, Құдайдың ақ батасын алған, Әділ Патша Сүлеймен. 

Жас Батыр: О қасиетті күн! Сүлейменнің күні. 

Анасы: Бұл сəтті ел-жұрт бірнеше ғасырлар бойы еске алатын болады, себебі бұл біздің ұлымыздың таққа отыратын күні. 

Әкесі: Әділ Патшаның, ұлымның таққа отыруының құрметіне орай бұл күнді мереке деп жариялау керек деп ойлаймын.

Батыр: Сорлы Құл, Патшаның құтқарушысы болады деп кім ойлаған? Батыр атанарымды кім білген?

Сүлеймен: Өзіңді олай айтушы болма. Нағыз герой сенсің. 

Жас Батыр: Ал, енді сізге халықтың алдында сөйлейтін сәт туды. Халық сізден теңдік пен әділдікті күтеді. 

Әділ Патша: Менің алғашқы жарлығым… Халық біздің мафиялық емес демократиялық мемлекет екенімізді білуі тиіс. Саяси биліктің авторитарлық, тоталитарлық немесе олигархиялық режимде емес, демократиялық режимде екенін халық түсінуі керек. Мен диктатор емеспін. Жұмыссыздық пен кедейлікті, сондай-ақ жемқорлықты пен клептократияны толық жою шаралары жүзеге асырылады. Адам құқықтары қорғалатын болады. Саяси репрессияларға жол жоқ. Қоғамның ой-пікірі мен санасына манипуляция жасалмайды. Жазалау цензурасы қолданылмайды. Инфляция — тауарлардың бағасы қатаң бақыланатын болады. 

Жас Батыр: Әулие келді, әулие келді!

Сүлеймен: Әулие, сіз бұл жерде қайдан жүрсіз, кетіңіз. Әулиенің келгеніне неге сонша қуанып жатсың, бұл кемпір Жауыз Патшаның сиқыршысы емес пе? 

Жас Батыр: Ол жаман адам емес сияқты. Қайта сенің болашағыңды болжап береді. 

Сүлеймен: Есіңде болсын, бұл ең жаман амал, бұл — адамды адастырады. 

Әулие: Менің Сүлейменге айтар сөзім бар, барша адамзатты басқармас бұрын ол өзінің кім екенін білуі тиіс, ащы да болса шындықты білуі керек. 

Сүлеймен: Сонда мен кім екенмін, ол не шындық соншалықты? 

Әулие: Өзіңнің жүрегіңді тыңда, сонда барлығын түсінесің

(таяғын Сүлейменге бағыттайды, Сүлеймен қатты дауыспен айғай салады, тізерлеп отырады)

Әулие: Барлығын көрдің бе? Барлығын сезіндің бе? 

Сүлеймен: Мені жетім қылған, туған әке шешемнің жанын алған, Жауыз Патша екен ғой… (жылайды) 

Әулие: Жауыз Патша жетімдер үйін өртеген кезде, сен жалғыз аман қалған сәби болатынсың, мен сені тауып алып, сені асыранды әке-шешеңе табыстадым. Сен қайғырма, жылама, сені Ұлы Болашақ күтіп тұр. Енді өзіңнің кім екеніңді таныдың ба, білдің бе?

Сүлеймен: Мен Жауыз Патшаның құрбанымын, мені жетім қылған. 

Әулие: Бірақ қазір сен енді жетім емессің ғой. Өзіңді неге жетім санайсың? Құдайға шүкір әке шешең бар. 

Сүлеймен: Ата-анама өкпелімін. Менің жетім екенімді айтпаған.

Әкесі: Біз, анаң екеуміз, сені заңды түрде асырап алғанбыз. 

Әулие: Өзіңді жетім санама. 

Сүлеймен: Енді сонда мен кіммін? 

Әулие: Әділдік орнататын Патшасың. Сені халық ғасырлар бойы аңсады. 

Сүлеймен: Жауыз Патшаның жанын аламын. 

Әулие: Одан не өзгереді?

Сүлеймен: ... Білмеймін, бірақ 

Әулие: Уақыты келгенде ол да бұл өмірмен қоштасады. Сен асықпа, тағдырға қалдыр. Сен асықпа… 

Патша: Көріпкел оңбаған сен не білесің?! Мен ол жетімдер үйін өртеп жібергенмін. Бірде бір бала тірі қалмаған. Ата-анасының көзін құрттым. Неге ендеше тағдыр өзгермеді?

Әулие: Мен нені көрдім, соны айттым. Осы тағдырды өзіңе өзің тілеп алдың. Сен мен жорыған болашақты өзіңе өзің тілеп алдың.

(Жауыз Патша басы айналып құлайды) 

Уәзірі: Патшам сізге не болды, бәрі дұрыс па? 

Патша: Жүрегім қысып барады, жүрегім. 

Уәзірі: Мүмкін дәрігерлерді шақырайын. 

Патша: Жоқ, керек емес… дәрігер керек емес… маған тағыма қайтып отыру керек! 

Уәзірі: Қазір, мен дереу дәрігерлерді шақырамын. (кетіп қалады) 

(Патша жорғалап, тағына қарай жылжып бара жатады) 

Патша: Тағым, менің тағым… мен әлі өлген жоқпын… өлген жоқпын… 

(шымылдық жабылады).

 

 

 

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар