Бір қоян өте айлакер екен. Байқаусызда өзін ұстап алған қасқырға да, түлкіге де айламен құтылып кетіп жүреді.
Бір күні қалың бұталы сайды аралап келе жатады да апанының аузында алқынып, шаршап отырған аюды көреді. Қалқиып қарсы алдына тұра қалады да оны мазақтап, әндете бастайды
– Әй, Қорбаңбай, Қорбаңбай,
Күнің қараң болған ба-ай?
Кезіп қалың ағашты,
Жүруші едің ордаңдай.
Әлің бітіп қалыпты,
Енді өлесің, сормаңдай!..
Оның бұл қылығына ыза болған аю тап берген кезде, қоян зыта жөнеледі. Түбір-түбіртіктерден орғып, ұстатпай кетеді. Сол бетімен бұта-бұтаны аралап, әр жерден жүрген қояндарды жинап алады.
– Жүріңдер, мен сендерге бір қызық көрсетейін, – дейді. Оның лепіргеніне қояндар таңданысады. Сонда да әуестеніп:
– Ол қандай қызық? – деп сұрасады.
– Еріңдер соңымнан, барған соң білесіңдер.
– Жүр, ендеше, – деп, басқа қояндар соңынан ілеседі.
Сытырлаған сыбырды естіген аю қалың бұтаның арасына тығыла қалады. Әлгі қоян аюды апанында жатқан шығар деп ойлап, тақап барады да:
– Әй, Қорбаңбай, тыңда, – дейді де әндете өлең айту үшін тамағын кенейді. Сол кезде тасада тұрған аю шап беріп, қоянның едірейген құлағынан ұстай алады.
– Ә, бәлем, түстің бе қолға? – деп кіжінеді. Мұндай оқиғаны күтпеген қоянның зәресі ұшады.
Басқа қояндардың күліп тұрғанын байқаған соң барып, тез есін жинайды да:
– Аю аға, жаңағы ағаттығым үшін мен өзіңнен кешірім сұрағалы келіп ем, – дейді, жалбарына айлаға басып. – Мына қояндарды куә болсын деп, әдейі ертіп келіп ем.
Мұны естіген соң:
– А, солай ма?.. – деп, аңқау аю қоянды босатып қоя береді. Сөйтіп, айлакер қоян тағы да амалын асырған екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі