Өлең, жыр, ақындар

Торғай мен адам

Бір саятшы тор құрып, аң мен құс ұстап күн көреді екен. Бір күні құрып қойған торына бармақтай ғана торғай түсіп қалыпты. Саятшы торғайды тордан босатып алады да уысына қыса ұстап, үйіне қайтады. Жолда келе жатқанда, торғай адамға жалынады:

         – Мен бармақтай ғана торғаймын, аузың толып асайтын етім жоқ. Союға жарамаймын, қабырғам қылтандай, сирағым шидей. Қапасқа қамап қойсаң, құсадан өлемін ғой босқа. Менің аспан астында шарықтай ұшып жүруім керек. Қанатымды сермеп, еркімше самғауым керек. Қоя берші мені, жіберші кең дүниеге. Торғайдың арманы мен тілегін қызық көрген адам:

         – Босатып жіберсем не бересің? – депті әзілдей күліп. Сонда торғай айтыпты: «Өзім білетін екі өсиетім бар еді, соны үйретейін»

         – Ал, ендеше, үйрет сол өсиетіңді, – депті, адам сенер-сенбесін білмей, таң көріп. «Жарайды. Бір өсиетімді қолыңда тұрып-ақ, айтайын. Тағы біреуін сен босатқан соң, жерге түсіп тұрып айтайын. Әйтпесе, сен қос қолдап, уысыңды қысып ұстап тұрғанда, өкпем аузыма тығылып, жөндеп сөйлей де алатын емеспін», – депті, торғай қиналып. Сонан соң адам торғайды уысынан босатып жіберіпті. Мейлі, қиналма, еркін тұрып-ақ айта ғой, – депті.

         – Бірінші өсиетім, – депті торғай адамның уысынан босанған соң, бойын жазып. – Өткен іске өкінбе!

         – Екінші өсиетім – көзіңмен көрмегенге еш уақытта сенбе!

Өсиетіңнің бар-жоғы осы ма? Оны өзім де білемін, – депті, адам онша разы болмай. Жоқ, сен ештеңені де түсінбедің, – депті торғай. Бұған адам таң қалады. Қалайша, нені түсінбедің дейсің?

         – Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар жатыр еді, – депті, торғай күліп.

         Мұны естігенде адам қарсы алдындағы шөпке қонып отырған торғайды ұстамақ болып, тұра ұмтылады. Торғай пыр етіп ұшып, әр жерге бір қонып, ұстатпай қояды. Сонан соң адам өзін алдаған торғайға наразылығын білдіріп:

         – Сен мені алдап соқтың, – деп, өкпе айтыпты.

Сонда торғай:

         – Жоқ, мен сені алдаған жоқпын, сынадым, – депті сендіріп. – Менің жаңағы айтқан өсиетіме сен әлі түсінбеген екенсің. Өзің ойлашы, менің бүкіл тұрқымның бар-жоғы бармақтай ғана, оған жұдырықтай гауһар қалай сыяды? - депті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Бакытжан

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз