Өлең, жыр, ақындар

Жаңа технологияны қолданудың маңызы

Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледждің
тарих пәні оқытушысы Омарова Сәуле Орынбасарқызы

«Адам ұрпағымен мың жасайды» - дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. «Надан жұрттың күні - қараң, келешегі тұман» деп, М. Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі-білімді ұрпақ. Сондықтан да, заман талабына сай оқыту мен тәрбиенің соңғы түрлерін жедел меңгеріп, кәсіби шеберлікті ұштап отыру ұстаздың басты парызы. Қазіргі заман ағымына байланысты оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылуда. Сол себепті оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, оқу орындарының тәжірбиесіне енгізілуде. Жан-жақты ізденістің нәтижесінде білім беру аясында жаңа педагогикалық технологиялардың саны да сапасы да өсіп келеді. Шығармашыл мұғалімнің шәкірті де шығармашыл болуы керек. Оқу процесі басқарылатын процесс болғандықтан, жеке оқушының ерекшелігін ескеру - мұғалімнің  міндеті. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болады. Біздің міндетіміз оқушы бойында жасырын жатқан мүмкіндіктерін ашу. Сабақ - мұғалім мен оқушылар тобы, шағын топтар мен жеке оқушы арасындағы қатнас арқылы жүзеге асырылады. Мұғалім кітаптағы тақырыпты тереңдетіп түсіндіріп, баланы осы тақырыпқа, жалпы пәнге қызықтырып, қосымша түрлі әдебиеттерден мағлұматтар бере отырып, оқушыларға өз көзқарастарын өздері айқындап, белгілі бір қорытындыға келуіне мүмкіндік береді.

Технология - белгілі бір істегі адамның әдісі, шеберлігі. Осы шеберлік арқылы мұғалімнің өз сабағын оқушыға жоғары сатыда жеткізуіне мүмкіндік береді. Мұғалім үнемі шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс жасап отырса жаңашылдыққа жақын болғаны. Өзгелердің үлгісін өз ісінде пайдалана білсе, оған өзіндік қолтаңбасын қосып отырса - оқушы тәрбиелеу мен білім берудегі жетістігі сол болмақ.

Педагогикалық технология деп оқудың сапасын жақсарту және жобалық қортындыға жету мақсатында мұғалім мен оқушылардың біріккен технологиялық іс-қимылын айтады. Мұғалімнің сабақты жобалаудағы жауапкершілігі оқушылардың тарих пәнінде нәтижелі қарым-қатынас жасауына мүмкіншіліктер туғызады. Нәтижесінде, «Ұстаз-оқушы»  әріптестігі аз уақытта жаңа технология жәрдемімен үлкен жетістіктерге жете алады. Білім беруде инновациялық технологияларды ендіруі оқушыларға әртүрлі әдістерді жетілдіруге мүмкіндік береді, атап айтқанда: тренингтер, дөңгелек үстелдер, баспасөз-конференциялары және т. б. оқушылардың сабақтағы жауапкершілігін, белсенділігін, өзін-өзі бағалауын қамтамасыз етеді.

Инновация дегеніміз - тек қана, жаңалық енгізу емес, сонымен қатар,  жаңаны дәстүрлі оқу-тәрбие үрдісіне қолдана білу. Білім беру үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану мәселесі өзекті мәселелердің қатарынан орын алуда.

Білім беру үрдісін ақпараттандыруда төмендегідей педагогикалық міндеттерді шешуге болады:

- білім беруде көлемді ақпаратқа қол жеткізе алу;

- білім алуға мотивацияның жоғарлауы;

- өз бетінше жұмыс істеу;

- өзін-өзі бақылау;

- жеке тұлғаны жетілдіру (тұлғаның ой-өрісі, эстетикалық тәрбие, ақпараттық мәдениетін қалыптастыру және т. б. )

Оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру (білім берудің сапасы мен тиімділігін арттыру, танымдық әрекеттің мотивін қамтамасыз ету, пәнаралық байланыстарды тереңдету және т. б). Сөз арқауы компьютерлік технологияның пайдалана отырып, тарих пәні сабағында интернет жүйесін қолдану мәселесі болмақ.

Оқушы мәселені түсінбей, өзіне қажетті ақпаратты ала-алмай, мәселені шешуге шығармашылық тұрғыдан келу мүмкіншілігінен айрылып, өзінше ой қорытып, оны тұжырымдау және қызықты пікірлер айта алу қабілетіне ие бола алмайды. Ал, мәселені шешуде жаңа ой құнды пікір айту өте маңызды. Және ол міндетті түрде қорытындыланып, белгілі бір көрініске ие болса, оның нәтижесі жоғары болмақ. Тарих пәнін оқыту технологиясының тиімділігінің көрсеткіштері мыналар:

- Оқушылардың моральдық, психологиялық  және  жас ерекшеліктерін ескеру.

- Оқуға жағымды көңіл күй қалыптастыру.

- Ұстаз бен оқушы арасынды пікір алмасу, ғылыми қарым-қатынас және әріптестік принципін орнықтыру.

- Оқушылардың еске сақтау қабілеті мен шығармашылық деңгейін көтеру арқылы белсенділігін арттыру.

- Оқуды игеруге мультимедиялық және басқа да техникалық мүмкіндіктерді кеңінен іске қосу.

Білім беру технологиясының үш түрлі типі бар. Олар дәстүрлік, инновациялық және ақпараттық. Бастысы - технологияның жиынтығы емес, оның дәрежесі. Оқушылардың әртүрлі ақпарат көздерін, ресурстарын пайдалану арқылы компьютерлік технологияның көмегімен дербессізденуі арқылы білімді меңгеруде кәсіби шеберлігін шыңдайды. Жаңа ақпараттық технологияға әртүрлі ақпараттарды электрондық әдіспен енгізу, сақтау және беру жатады. Оқушылардың техникалық білімінің кәсіби бағдарламаға сәйкес тарих пәнін меңгере отырып игеруі, олардың осы мақсатта жүйелі түрде технологиялық ақпараттарды және педагогикалық технологияны пайдалана отырып үнемі дайындығын арттыруына, ізденуіне байланысты. Технологияның методикаға қарағанда айырмашылығы мынада: оқуды жобалау, тәжірибиені қорытындылау негізінде емес, оқуды ғылыми тұрғыдан негіздеуге бағытталған.

Қазір білім беру саласында түрлі технологилар енгізілуде, бірақ олардың ішінде қажеттілігін таңдап, сабақтың әр кезеңінде  тиімді қолдану - басты талап. Бұл ретте өзім тарих сабағымда оқытудың көптеген әдістерінен құралған интерактивті оқыту технологиясының тиімді әдістерін қолданамын. Интерактивті оқыту әдістері тұлға аралық қарым-қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын» қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге, сапалы білім алудың алғышарттары болып табылатын таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.

Ақпараттық қоғамның негізгі талабы - студенттерге ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау, құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту,  ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген оқытушы өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, комуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған интерактивті тақтаны пайдалана білетін болуы тиіс. Сабақта жаңа технология ретінде ақпараттық технологияны пайдалану сабақтың тиімділігі мен сапасын арттырып, білім берудің табысты болуына оң ықпал етеді. Тарих сабақтарында ақпараттық технологияны енгізу арқылы сабақтың белсенділігін арттыруға, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға, сабақты шапшаң жүргізуге, өзіндік жұмыстың көлемін көбейтуге болады. Ақпараттық технологиялардың бірі-интерактивті тақта. Интерактивті тақтаның мүмкіндіктері оқытушыларға баланы оқытуда уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндіктер береді. Демонстрациялық материялдар дайындау, топпен кері байланыс жүргізу үшін интерактивті тақтаның мүмкіндігі шексіз. Мен тарих сабақтарында  компьютерді, интерактивті тақтаны пайдаланамын. Тақырыпқа байланысты суреттер, слайдтар, сызбалар, кестелер жасау, термин сөздерді жазу сабақ жазудың мазмұнын кеңейтіп, студенттердің түсінігін тереңдете түседі. Сабақты қорыту кезеңінде сынақхаттар, сөзжұмбақтар, ойталқы  сұрақтарды да компьюерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы жүргіземін. Барлық бақылау жұмыстарының түрлерін және қорытынды тест жұмыстарын тек қана компьютер арқылы жүргіземін. Себебі бұл әдіс уақытты тиімді пайдалану үшін өте қолайлы. Оқу процесі кезінде компьютерді тиімді пайдалану және қолдану оң тәжірбие беріп  отыр. Оқушылардың өз бетімен ізденісі, пәнге деген қызығушылығын арттырып,  шығармашылығын дамытуға, қызметінің мәдениетін қалыптастыруға дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр. Тек сабақ кезінде ғана емес сабақтан тыс кезде де студенттерге компьютермен жұмыс жасауға арналған тапсырмалар беремін. Әр сабақта тапсырмаларды алдын ала беру арқылы студенттерге қосымша материалдарды табудың жолын көрсетіп отырмын. Жаңа сабақ барысында студенттердің әкелген, оқыған, меңгерген материалдары негізінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігі дамиды, пәнге деген қызығушылықтары артады, ақпаратпен жұмыс істеуді меңгереді. Нақты мәліметтер мен деректерге сүйеніп, материалды талдауға, сараптауға, дәлел келтіруге, ақпарат көздерімен ғылыми тұрғыдан жұмыс жүргізе білуге дағдыланады.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, біздің міндетіміз – жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай жасау. Сондықтан да әрбір оқытушы сапалы білім мен саналы тәрбие берудің тиімді жолдарын талмай іздену қажет. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сол жастарды өз мамандығын жақсы меңгерген, теориялық біліммен терең сусындаған, қазіргі қоғамның талабына сай, нарықтық экономиканың сұранысын қанағаттандыра білетін «сегіз қырлы, бір сырлы» түлға етіп шығу мына біздің қолымызда.                       

Қорыта айтқанда, инновациялық технологияларды сабақта қолдану-оның нәтижелігіне қолайлы жағдайды жасаудың бірден-бір жолы, ал  ол өз кезегінде, бірлесе жұмыс жасауға, адами қарым-қатынастарға себепкер болады. Оқытуға жаңашыл көзқарасты қолдану, тәжрибеге бағытталған оқудың үлкен жетістігі болып табылады, сондай-ақ оның сапасы алынған білімнің нақты жағдайда мақсатқа жетуімен қатар өмірдің сапасын көтеруде үлкен сұранысты қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

Пайдаланған  әдебиеттер

1. Н. Ә. Назарбаев 2012 ж14 желтоқсан «Қазақстан – 2050 даму стратегиясы»

2. С. Т. Мұхамбетжанова, Ж. Ә. Жартынова «Интерактивті технологиямен жұмыс жасаудың әдіс – тәсілдері – Алматы, 2008

3. А. Иманбаева «Оқу – тәрбие үрдісін ақпараттандыру » Қазақстан мектебі, №2, 2005ж

4. Журнал  «Ақиқат» №1, 2015

5. Интернет мәліметтері

Тарих сабақтарында заманауи әдіс-тәсілдер мен тиімді педагогикалық технологияларды қолдану арқылы оқушылардың қызығушылықтарын арттыру.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз