Өлең, жыр, ақындар

Мұхаметжан Сералин - редактор

Мұхаметжан Сералин - қазақтың арыстарының бірі, ақын, жазушы, публицист, редактор, қазақ журналистикасының атасы.

Жас кезінен өлең, мақала жазумен, оларды өңдеумен айналысқан. Алғашқы мақалалары Айқап журналында жарық көріп отырған. Кейіннен келе , «Ұшқын», « Ауыл», «Еңбекші қазақ» газеттерінде әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени мәселелер жайында мақалалар жариялады. М.Сералин сол замандағы қазақ даласында болып жатқан оқиғалар мен мәселелерді ашық баяндап ауқымды мақалалар жазып, газет пен журналдарға жарыққа шығарған. Яғни ол қазақ журналистикасы мен қазақ даласының оянуына, егемендікке ұмтылып, көздері мен көкірегі ашық болуына үлкен үлес қосқан. Ол «Ұшқын» газетінің редакциясында жұмыс жасап , Қостанайдағы «Ауыл» газетінің редакторы қызметін атқарған. Қазіргі таңда шығып жүрген мемлекеттік басылым «Егемен Қазақстан» газетінің негізін қалаушыларының бірі болып табылады.

Мұхаметжан Сералиннің қоғамдық қызметі 1911 жылы Троицкіде шыққан «Айқап» журналынан басталады.. «Айқап» журналын алғашқыда халықтың ақшасына шығарып жүрді. Біраз уақыттан соң журнал өз қаржысымен шыға бастады, оған жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен, қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айына бір реттен, кейде шағын көлемді болып жарық көрді. Жәрдемдесушілер көбейіп және өзі қаржыға ие болғаннан кейін, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен, 12-14 бет көлемде шықты. Профессор Қ.Бекхожиннің дәлелдеуінше, «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген. «Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыптылықты, жүйелілікті танытады. 1915 жылы тамыз айында «Айқап» журналы тоқталғанда «Басқармадан» деген мақала жазып, Мұхаметжан Сералин журнал жұмысының барлық нәтижесін, атқарған жұмыстарын қорытқан. 1915 жылы «Айқап» журналы жабылған соң, Мұхаметжан Сералин Троицкіде біраз уақыт орыс тілінде шығып тұратын «Степь» газетінің редакциясында қызмет істейді. 1916 жылы өз ауылына көшіп, 1919 жылдың басына дейін сонда тұрады. Мұхамеджан Сералин 1919 жылдың басында Орынбор қаласына барып, алғаш рет кеңес өкіметінің қызметіне кіреді.

1920-1921 жылдары М.Сералин Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы және партия ұйымының хатшысы болған.

1922 жылы Қостанай өз алдына губерния болып құрылды. Осы жылы Мұхаметжан Сералин губерниялық қызметке шақырылды, онда әуелі губерниялық жер бөлімінің бастығы әрі губерния атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. 1923 жылы қыркүйекте Қостанай губерниялық партия кеңес комитетінің «Ауыл» газетін шығарады. 1924 жылы қаңтарда Кеңестердің бүкілресейлік II сьезіне делегат болып сайланды. 1926 жылға дейін газеттің редакторы болды. 1928 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитетініне мүшелікке өтеді. Осы жұмыста жүріп қаны тасу кеселімен ауырып, 1929 жылдың жазында дүние салады.

Мұхаметжан Сералин «Айқап» арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған сара жолдың одан әрі дамуына өз үлесін қосты. Ол қазақ халқының наңыз жанашыры, қоғам қайрайткері ретінде ел есінде қалды. Ол қазақ халқының рухани дамуы үшін бар күш-қайратын сарқылта жұмсап, қазақ басылымдары арқылы елдің саяси жағдайы, мәдениеті, тарихы, әдебиеті туралы маңызды тақырыптар қозғап, ұлт санасын оятқан. Ол барлық жұмысшылардың тағдырын ойлаған. Халықты тек оқуға, білім алуға итермелеп, сауаттылығын ашуға бар күшін салған. Редактор қызметі халыққа қажетті, пайдалы, сүзгіден өткізілген, тексерілген жұрыс ақпартты жеткізу болып табылады. Мұхаметжан Сералин осы қызметті өз жауапкершілігіне ала білді. Халықты теріс ақпарат көздерінен сақтады. Дұрыстап тексеру арқылы және өзі де қазақ даласындағы ауқымды мәселелерді көтеріп ғана қоймай, шешуге тырысты.

Мұхаметжан Сералин ұлтының болашағын ойлаған, халқына көмек берген, жарыққа шығуы үшін күрескен нағыз азамат, ерекше тұлға. Себебі, өз өмірін халқы үшін арнайтын азаматтар көп емес. Оның бұл істері бізге,яғни жастарға үлкен үлгі өнеге болуы қажет.

Ауғамбай Анель Қанатқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз