«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған.Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.
Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына Қазақ халқының киімдерінде қаншама жылдардың көшпелі, жартылай отырықшылдық және отырықшылдық тұрмыстарының көркем өнеркәсіпшілік жетістіктері мен негізгі принциптері жинақталған. Неолит дәуірінде өру, иіру және тоқу кәсібі дамып, иықтан, мықыннан киілетін киім түрлері пайда болған. Еңбек бөлінісі күшейіп, адамдар мал, аң терілерін илеп мәнерлеу, жүн иіру, тоқыма тоқу, бояу жасау, тас күйдіріп металл өңдеуге қол жеткізген заманаларда киім-кешек түрлері де кемелдене, түрлене түсті. Көшпелі қазақтардың ішкі-сыртқы киімдері жүріп-тұруға, көшіп-қонуға ыңғайлы етіп тігіліп, негізгі түрлерге бөлініп келген.
Бүгінгі таңда елімізде тек айтулы Көрісу күні, Наурыз мейрамын секілді мерекелерді есептемегенде, күнделікті өмірде ұлттық нақыштағы киімдеріміз киілмейді. Сонымен қатар, қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда ғана киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен көреміз. Яғни, ұлттық дәстүрімізді, салт – санамызды, киімімізді бүгінгі жастарға насихаттау ісі ақсап тұр. Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан бірталай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мысалы, мектеп оқушылары, студенттер және мемлекеттік қызметшілердің костюмдері мен галстуктарына қазақтың ұлттық элементтерін салып, күнделікті жұмысқа кисе несі айып?! Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн. Абайдың айтуынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Сондықтан еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Дегенмен, жастар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында жоғары оқу орындарында арнайы іс- шаралар, тәрбиелік сағаттар,ашық сабақтар, жарыстар өткізудің арқасында кейінгі уақыттарда ұлттық нақыштағы киімдеріміз мен әшекейлерімізді заманауи талғамға сай үйлестіріп жүрген жастар бар. Көшбасшы университеттеріміздің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Наурыз мейрамы қарсаңында студенттер мен магистранттар арнайы қазақи нақыштағы киімдер киіп, қыздарымыз көздің жауын алатын әшекейлерімен сабақ жүргізеді. Ұлттық киімдерімізге арналған қызықты сұрақтар қойып, қазақтың ұлттық аспаптарымен өнерлерін паш етеді.
Ұлттық киім – ұлт бейнесі. Осы орайда студенттер мен университет оқытушылары ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлер тағып ұлт мұрасын ұлықтауға атсалысты. Жас буын бойына патриоттық рух сыйлай білген шара барысы ұлттық нақыштағы қазақи киімдер мен әшекейлерге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында ата-бабаларымыздан қалған құнды дүниелерді насихаттау айтылған болатын. Осы мақсатта университет атқарған іс – шаралар құндылықтарымызды дәріптеу, шеберлеріміздің еңбегін көрсету, халқымыздың тарихы мен ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін жастарға жеткізді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Удербаева С.К.
Қазақстан тарихы кафедрасы.
Мукышева А.М. 1- курс магистранты
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі