Өлең, жыр, ақындар

Адам өмірі

(Бразилия ертегісі)

Елдің айтуынша, біржолы бамбук* пен тас сөз таластырған екен. Әрқайсысы адам өмірі өзінікіне ұқсаса депті. Ал, онда екеуінің не турасында қызыл кеңірдек боп айтысқанын тыңдап көрелік...

Тас:

— Адам өмірі менікі секілді болу керек. Сонда, ол мәңгі дәурен сүреді.

Бамбук:

— Жоқ, жоқ, адам өмірі менікіндей болуы қажет. Мен ажал құшам, алайда артынша-ақ тірілем.

Тас:

— Жоқ, негізі, бәрі басқаша болғаны жөн. Адам мендей-ақ болсын. Мен соққан жел, жауған жаңбырға да қыңқ етпеймін. Суға да, суыққа да, ыстыққа да — төзімдімін, көнбіспін, мықтымын, қаттымын. Менің өмірім — шексіз, мәңгілік. Жаныма батар ештеңе жоқ, қайғы-мұңнан да адамын, қамсызбын. Адам өмірі де сондай болуға тиіс.

Бамбук:

— Жоқ, қателеспе, адам өмірі менікіндей болу керек. Мен өлгеніммен де, өсімтал ұрпағым кейпінде қайта жаңғырамын, жаңарамын, байлығым да — солар. Дұрыс па? Жан-жағыңды бір шолып шықшы, бәрі — менің ұлдарым, баршасы — балаларым, ұрпағыммен — баймын. Олардан да үрім-бұтақ өрбиді, тарайды, олар да өсіп-өнеді, жайқалады, бәрінің терісі: жып-жылтыр, жұп-жұмсақ, аппақ әрі тегіс болады.

Тас — үн-түнсіз. Түнерген күйі кетіп қалады.

Сөйтіп, бамбук оны сөзден ұтады.

Міне, неге адам өмірі мен бамбук өмірі — өзектес, туыстас екенін енді ғана байқаған шығарсыздар?!..  

*Бразилия — бамбук өсімдігіне бай мемлекет, өйткені оның алуан-алуан түрі бар және жергілікті халық аталған астық тұқымдасына жататын ағашқа асқан құрметпен қарайды.   

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз