Теңіз жағасындағы жарбиған жаман лашықта балықшы мен әйелі өмір сүріпті. Балышқы күн сайын теңізге қармақ салып, балық аулайды екен. Ол бір күні әдеттегідей қармағын салып, толқындана жалтыраған судың сәулесіне көз талдыра қараған бойы ұзақ отырған еді.
Кенет қармағына әлдене ілінген бойда тереңге қарай тарта жөнеледі. Балықшы жалма-жан бауды тарта бастайды. Сөйткенде қармаққа ілінген бір дәу камбала бұлқынып шығады.
Сонда балық оған адамша сөйлеп былай дейді: «Тыңдаңызшы мені, балықшым! Мені қармақтан босатып теңізге қайтарыңызшы, өтінем сізден! Мен — шындығында нағыз камбала емеспін, сиқырланып балыққа айналған ханзадамын. Сіз мені жеп қайтесіз? Менің етімнің дәмі де сізге ұнамас. Онан да мені суға қайтадан жіберіңіз, айдын-шалқарыма кері оралайын». «Жарайды, онда — дейді балықшы, — осыншама сөзіңді шығындап жалынып жатырсың ғой. Әрине, мен онсыз да өзіміздің тілімізде сайрап тұрған сендей балықты босатып жіберген болар едім». Ол осы сөзді айтады да, балықты суға салып, қармақтан босатып жібереді. Камбала болса ізінде шұбалған қанды жолақ қалдырып теңіздің тереңіне сүңги берді. Суға біраз уақыт тесіле қарап тұрған балықшы өзінің жаман лашығында отырған әйеліне қарай беттеп, ілби жөнелді.
— Ал, қанеки, жұбайым, олжаңды әкел, — дейді әйелі, — әлде бүгін қармағыңа ештеңе ілінбеді ме?
— Жоқ, ілінді — дейді балықшы, — бүгін бір дәу камбала ұстаған едім. Сөйтсем ол маған өзінің камбала емес, сиқырланған ханзада екенін айтқан соң, теңізге қайтадан босатып жібердім.
— Сонда сен өзін босатқаның үшін одан ешқандай ақы сұрамағаның ба? — дейді әйелі,
— Жоқ, менің одан не сұрауым керек еді өзі?
— Әй осы сені ме, — дейді әйелі, — мынау айнала сасық иісі мүңкіген саз-батпақтың ортасындағы жаман лашықта осылай қайыршы халде отыра береміз бе? Лашықтан гөрі оңтайлы баспана боларлықтай үйшік сұрамадың ба? Сен отырма, балығыңа қайтадан бар. Балықты шақырып алып, бізге бір тамаша үйшік қажет екендігін айт. Мүмкін беріп қалар.
— Аһ, сені ме! — дейді балықшы, — ендеше мен кетейін тентіреп, солай қарай!
— Сен ол балықты өзің ұстап алып, суға қайтадан босатып жіберген жоқсың ба? Сондықтан ол сен үшін барлығын жасауы керек емес пе?
Балықшының балыққа қайта баруға еш ықыласы болмаса да, әйеліне қарсы сөз айта алмай, теңізге қарай ілби басып кете барды. Ол теңізге келіп жеткенде, судың беті қарауытып тұр екен. Толқыны да таңертеңгідей ақбауырлана жарқырап тұрған жоқ еді. Ол теңіз жағасында тұрып былай деп айқайлады:
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
Осы кезде камбала жүзіп жетіп келіп балықшыдан: «Иә, сізге не қажет болып қалды?» — деп сұрайды.
«Иә, былай ғой, — дейді балықшы күмілжіп, — мен сені бүгін аулап едім ғой. Соны айтып едім, әйелім маған сенен сол өзіңді босатып жібергенім үшін ақысына әлденені сұрап алуың керек еді деді. Сол үшін келіп тұрған жайым бар. Айтайын дегенім мынау: ол бұдан әрі жаман лашықта тұрмаймын, жаңа үйшікке көшіп, сонда өмір сүреміз дейді.» — «Жарайды, ендеше, үйге бара беріңіз, — дейді камбала, — бәрі де сіздің айтқаныңыздай болады.»
Үйге қарай беттеп келе жатқан балықшы алдыңғы жағына қараса — әйелі мен өзі отыратын жарбиған жаман лашығы көрінбейді. Лашықтың орнында еңселі үй тұр екен. Әйелі үйдің алдындағы орындықта отыр екен.
Әйелі балықшыны қолынан ұстап үйге жетелеп келіп: «Үйге кіріп айнала көз жүгіртіп қарашы. Енді біз бұрынғыдан әлдеқайда жақсы өмір сүретін боламыз», — деді.
Сөйтіп олар үйлеріне кіреді. Үйдің ішінде үлкен сенек пен кең бөлмелер бар екен. Екеуінің кереуеті орналасқан жатын бөлме, қоймалы шолан бар. Айнала толған сөрелер. Сөрелерге өздеріне не керектің бәрі салынған екен. Қалайы, мыс ыдыстардың бәрі самсап тізіліп тұр. Ал үйдің артқы жағында үйректер мен қаздарды бағатын аула, аскөк пен көкөніс егетін шағын бақшасы бар екен. «Қарашы, — дейді әйелі, — бұл дегенің тамаша емес пе?». «Иә, — дейді балықшы, — біз енді еш алаңсыз өмір сүретін боламыз.» — «Иә, бірақ, оны көре жатармыз әлі», — дейді әйелі. Сөйтіп олар кешкі астарын ішкен соң ұйқыға кіріседі.
Сөйтіп осылайша екі апта уақыт өткен кезде зайыбы жұбайына былай дейді: «Тыңдашы мені, жұбайым. Мына үйіміз бізге тым тарлық ете бастағанын, мынау аула мен бақша да тым шағын екенін байқап жүрмісің? Сенің әлгі камбалаң бізге бұдан үлкенірек үй сыйласа жақсы болар еді. Менің бұдан былай үлкен тас қамалда тұрғым келеді. Сен камбалаға барып, бізге тас қамал бер деп өтініш айт!» «Аһ, осы сені ме, зайыбым! — дейді балықшы. — Бізге мынау үй де әбден жарап тұр еді ғой. Ау сонда біз сол қамалда қалай өмір сүрмекшіміз?» — «Япырау, осы сен неге түсінбейсің айтқанды? Камбалаңа бар енді: оның қолынан бәрі келеді.» — «Жоқ, зайыбым! — дейді балықшы, — камбала осы жақында ғана бізге мына үйімізді сыйлаған жоқ па? Менің оған қайтадан баруға бетім жоқ: оның ашуланып қалуы мүмкін ғой.» — «Барсаңшы енді! — дейді әйелі. — Ол сен үшін бәрін де жасайды және шын ықыласымен жасайды! Кет енді!»
Балықшы әйелінің бұл қлығын жүрегіне соншама ауыр қабылдады. Оның мүлде барғысы жоқ еді. «Бұлай істеуге болмайды ғой!» — деді іштей. Бірақ ақырында бармауға амалы қалмады.
Ол теңізге келіп жеткен кезде, судың беті түнере түскен екен. Бұрынғыдай ашық жасылдау емес, көкшіл-сұрғылт түске еніпті. Дегенмен әлі де болса толқындай қоймаған, тымық екен. Балықшы сонда жағада тұрып былай дейді:
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
— Иә, әйеліңіз тағы нені қалап отыр? — деп сұрайды камбала. «Уа, балығым, былай ғой, — дейді қырынан қысылған балықшы, — ол енді үлкен тас қамалда тұрғысы келеді.» — «Бара беріңіз, қалауыңыз есіктің алдында тұр», — дейді камбала. Балықшы мұны естіп кері бұрылады. Үйіне таяп келіп қараса, алдында тұрған зәулім тас сарайды көреді. Әйелі қамалдың бір бүйірінде, сарайға кірмек болып тұр екен. Әйелі мұның қолынан ұстап: «Жүр, бірге кірейік», — деді.
Кірген соң айналаға көз салып қараса, қамалдың еденіне тұтастай мәрмар тақта төселген екен. Әр бұрышта қызметшілер тұр. Олар бұл екеуіне айқара есік ашып қызмет көрсетуде. Әдемі түсқағаздар жапсырылған қабырғалар жарқ-жұрқ етеді. Бөлмелердің әр тұсында алтын жалатылған орындықтар мен үстелдер қойылған. Төбеде хрусталь шамдалдар салбырап тұр. Әр тұсқа қалы кілемдер төселген. Үстел үсті дәмді тағамдар мен ең сапалы шараптарға толып тұр. Ал қамалдың артқы жағында атқора мен сиыр қорасы бар үлкен аула орналасқан екен. Қорада ең жүрдек жегін жылқылары мен арбалар тұр екен. Және сондай-ақ әсем гүлдер мен жеміс ағаштары самсаған үлкен әрі ғажайып бақ бар екен. Бақ аумағының көлемділігі сондай, қамалдан бері қарай шамамен жарты мильге созылып жатыр. Бақтың ішінде тола аңдар: бұғылар, жабайы ешкілер мен қояндар жүр. Қысқасы, мұнда жаның не қалайды соның бәрі бар екен.
— Қанеки, — дейді дән риза кейіптегі әйелі, — мұның бәрі тамаша емес пе? «А, иә! — дейді балықшы. — Осымен енді тоқтатайықшы. Бұдан былай осы ғажайып қамалда өмір сүретін боламыз. Енді бізде қамсыз өмір сүруге қажеттінің бәрі бар.» — «Иә, оны ойланып көре жатармыз», — дейді әйелі. Сөйтіп олар ұйқыға бас қояды.
Ертеңінде әйелі таң жарықтап қалғанда оянды. Төсегінде жатқан қалпы, қамалдың айналасында кеңінен көсілген берекетті, бақуатты еліне көз жіберді.
Күйеуі әлі де тұяқ серіппестен ұйықтап жатқан еді. Браздан соң әйелі күйеуін шынтағымен бүйірден түртіп-түртіп оятып алып, оған былай деді: «Жұбайым, төсегіңнен жыдам тұр да, терезеден айналаға көз салып қарашы. Осы маған тағы бір ой келіп тұр: мынау байтақ елдің королі мен патшайымы болып алсақ тіптен жақсы емес пе а? Әлгі дәу балығыңа бар да, біздің король отбасы болғымыз келетінін айт?" «О, құдайым-ай, — дейді балықшы, — оу, біз қалайша король мен патшайым болмақпыз? Мен ешқандай да король болмаймын!» — «Ал, сенің король болғың келмесе, ендеше менің патшайым болғым келеді. Шық енді, дәу балығыңа бар да менің патшайым болғым келетінін жеткіз.» — «Аһ, зайыбым-ау! Сен қалай патшайым болмақшысың сонда? Мен мұны оған тіпті де айта алмайды екенмін!» — «Неге айта алмайсың сен а? — деп айқайға басады әйелі. — Қазір жылдам жет оған — менің патшайым болғым келеді!»
Балықшы әйелінің жанынан алыстаған сайын, оның патшайым болмақ ниетіне қатты ұялып, амалсыз кетіп бара жатты. «Олай болмауы керек, олай болмауы керек!» — деп ойлады ол іштей. Сөйтіп теңізге қаншалықты барғысы келмей тұрса да, амалсыз жағалауға келіп жетті. Ол теңізге келген кезде, айдынның беті қарақошқылданып толқындап жатыр екен. Суы да бұрынғыдан лайлана түскендей.
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
— Иә, әйеліңіз тағы нені қалайды? — деп сұрайды камбала. «Уа, балығым, — дейді балықшы, — ол енді патшайым болсам дейді!"
— Үйге бара беріңіз, дәл әйеліңіздің айтқанындай болады, — дейді камбала.
Балықшы үйіне беттейді. Келіп көз салып қараса, алдыңғы қамалдың көлемі барынша өсіп, бұрынғысынан анағұрлым кеңейіп, үлкейіп кетіпті. Қамалдың қақпасы биік әрі әдемі екен. Қақпаның алдында күзетшілер тұр. Қамалдың айналасы толған барабан мен керней ұстап самсаған әскерлер. Сарайдың ішіне кіріп көз жіберсе — жан жағы түгелдей алтын жалатылған мәрмар, барқытпен безендірілген. Ішінде алтын тола дәу сандықтар жиналып тұр. Мұның алдынан залдың есігі айқара ашылды. Сарайда көпшілік қауым жиналып қалған екен. Ол алмаспен безендірілген еңселі алтын тақтың үстінде, басына биік алтын тәж киген, қолында таза алтынмен, асыл тастармен безендірілген асатаяғы бар өзінің әйелін көрді. Әйелінің екі жағында бірінен бірі өткен сұлу қыздар алты-алтыдан сап құрып тұр екен.
Балықшы әйелінің алдына келіп қол қусырып: «Ал, мінекей, зайыбым, сен енді патшайым атандың!» — дейді. «Иә, — дейді ол, — мен енді патшайыммын!»
Ол біраз уақыт өткенде әйелінің алдында кібіртіктеп, көзіне жасқана тіктей қарап тұрып былай дейді: «Ал енді, зайыбым, осылай патшайым болып өмір сүргенің жақсы болар бәлкім? Енді ешқандай қалауың болмас деп ойлаймын!» — «Жоқ, жұбайым, — дейді сонда әйелі зілденіп, — мен патшайым болудан да жалықтым. Бұдан әрі патшайым болмаймын. Бар да, дәу балығыңа айт, мен қазір патшайыммын, енді кайзер болғым келеді". «Ау, зайыбым-ау! Кайзер болудың қажеті қанша еді саған!» — «Жұбайым! Дәу балығыңа барып айт: бітті, менің кайзер болуым керек!» — «Оу, мұның болмайды ғой! — деп үн қатады балықшы. — Ол сені кайзер қылып қоя алмайды: король көп, ал кайзер біреу ғана емес пе! Менің білуімше, ол сені кайзер етіп қоя алмайды. Қолынан келмейді, қолынан ешқандай келмейді!" «Бұл не әдет өзі? Мен патшайыммын, ал сен бар болғаны — менің күйеуімсің. Маған қарсы келуге сенің қалай дәтің барады а? Қазір дереу балығыңа бар! Мені патшайым болғыза алған дәу балықтың қолынан кайзер қылып шығару да келеді! Естіп тұрсың ба, менің кайзер болғым келеді. Қазір-ақ дәу балығыңа барып айт!»
Мінеки, сөйтіп балықшы байғұстың теңізге тағы да баруына тура келді. Теңізге қарай беттеп келе жатып ол қалшылдай дірілдеп: «Іс насырға шауып барады! Мұның кайзер болғысы келгені — мүлде ұяттан жұрдай болғаны ғой. Бұл әйел өзінің ақымақ іс-әрекеттерімен дәу балықты әбден жалықтыратын болды», — деп іштей ойлаумен болды.
Осылайша ойлай-ойлай ол теңізге де келіп жетті. Ал бұл кезде теңіз болса қарауыта түсіп, жел гулеп тұр екен. Судың бетінде көбікті толқындар сарпылдап, екпіні күшті жел балықшының үрейін ұшырып ысқыра бастады. Балықшы жағалауда тұрып айқайға басады:
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
«Иә, әйеліңіз тағы нені қалайды?» — деп сұрайды камбала. «Ау, камбалажан! Әйелім енді кайзер болғысы келіп отыр!» — деді балықшы. «Әйеліңізге қарай қайта беріңіз, — дейді балық, — оның қалағаны болады.»
Балықшы сөйтіп үйіне беттейді. Таяп келіп қараса, алдында жып-жылтыр мәрмармен жылтырата қапталған, алебастр мүсіндер мен алтын жалатылған әшекейлерге толы еңселі де үлкен қамал тұр екен. Қамалға кірер қақпаның алдында әскерлер кернейлерін бақылдатып, барабандарын ұрғылап, маршпен сап түзеп келеді. Қамалдың ішінде барондар мен графтар, герцогтар қызметшінің міндетін атқарып, әрі-бері зыр жүгіріп жүр: олар мұның алдынан есікті айқара ашты. Есіктер де таза алтыннан жасалған екен.
Залға келіп кірген кезінде балықшы саф алтыннан құйылған еңсесі биік алтын тақтың үстінде отырған әйелін көрді. Басында үш қарыс биік, тұтастай гауһар мен жақұт тастармен безендірілген алтын тәж киген. Бір қолына асатаяқ, ал екінші қолына держава ұстаған. Тақтың екі жағында бірінен бірі өткен сымбатты, әрі ең ұзын еңгезердей үлкенінен, шынашақтай ергежейлісіне дейінгі бой ұзындығына қарай орналасқан күзетшілер екі қатардан сап құраған екен.
Тақтың алдында князьдер мен герцогинялар тізіліп тұр.
Әйелінің алдына келіп тұрып, күйеуі оған былай деді: «Ал, зайыбым, сен енді кайзер болдың!» — «Иә, мен енді кайзермін!», — деді әйелі. Ол әйеліне сүйсіне қарап тұрып: «Бәлкім, осы кайзер болып қала бергенің жақсы шығар?» — деді. «Ал, сен мұнда неғып тұрсың? — дейді әйелі. — Мен міне кайзер болдым. Енді папа болғым келеді. Дәу балығыңа бар да, осыны айт». «Ау, зайыбым-ау! Тағы нені көксей қалдың? Сен папа бола алмайсың: папа — бүкіл католик әлемінде біреу ғана ғой! Дәу балықтың қолынан бұл келмейді!» — «Жұбайым! — дейді әйелі. — Менің папа болғым келеді! Қазір дереу теңізге жөнел! Дәл бүгін папа болғым келеді!» — «Жоқ зайыбым, дәу балыққа мұны айтуға менің дәтім жетпейді! Бұл ойың дұрыс емес, иә бұл ойың тым өрескел: камбала сені папа ете алмайды!» — «Кайзер болғызу қолынан келген соң, папа да болғыза алады! — дейді әйелі. — Қазір дереу теңізге бар! Мен кайзермін, ал сен — менің күйеуімсің! Барасың ба, жоқ па өзі?». Әйелінен қорқып кеткен балықшы, көңіл-күйі әбден түсіп, бейне ыстығы көтерілгендей қалтырап, екі тізесі дірілдеп ілбіп барады.
Ол теңізге жеткен кезде, теңіздің үстінде аспандағы бұлттарды қуалай соққан қатты жел гулеп, батыс жақта аспан түнеріп, ағаштардың жапырағы сытырлай жұлынып, теңіз толқындары жағаға шалп-шұлп соғылып, алыста көрінген кемелер толқынмен шайқала қалқақтап жүзіп келе жатыр еді. Дегенмен бұлттардың арасынан аядай болса да зеңгір аспан жылт етіп көрініп қалады. Оңтүстік жақтан дауыл келе жатқаны да анық аңғарылып тұрды. Үрейі ұша қорыққан балықшы жағада тұрып былай деп айқай салды:
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
«Иә, әйеліңіз тағы нені қалайды?» — дейді камбала. «Аһ,балығым— дейді балықшы, — әйелім енді папа болғысы келеді!» — «Бара беріңіз үйіңізге, әйеліңіздің қалауы орындалады», — дейді камбала.
Балықшы кері оралғанда алдында жан жағын сарайлар қоршаған өте үлкен кирха (шіркеу) тұрғанын көреді. Қаптаған қалың топтың арасынан әрең дегенде ары қарай өтіп шығады.
Кирханың ішінде жағылған мың-мыңдаған шамдар самаладай жарқырайды. Үстіне таза алтыннан жасалған киім киген, басында үш айыр үлкен алтын тәжі жарқыраған әйелі биік тақта отыр екен. Айналасы тола — мәртебелі дінбасылар. Тақтың екі жағында ең үлкені дәу бөренедей, ең кішентайы — болмашы жылтыраған шырақтай көлемдегі шамдар екі қатар бойлай жағылған екен. Ал кайзерлер мен корольдер папаның алдында тізе бүгіп отырып, оның етігін сүюде.
— Зайыбым, — дейді балықшы, әйеліне қарап, — сен шамасы папа болдың ғой сонда?
— Иә, мен енді папамын!
Ол әйеліне көз салып еді, өзін бейне қызғылт сары күнге қарағандай сезінді. Біраз уақыт өткен соң балықшы әйеліне: «Ау, жан жарым, папа болған жақсы шығар енді?» — деді. Әйелі болса күйеуінің қарсы алдында орнынан қозғалмай мелшиген қалпы қаққан қазықтай болып отырды. Сонда күйеуі: «Зайыбым! Енді осыған ризасың ба? Сен енді папа болдың, бұдан әрі ешкім болғың келе қоймас?» — дейді. — «Иә, мен осы жөнінде әлі ойланып отырмын», — деп жауап береді сонда әйелі.
Осыдан кейін олар ұйықтауға беталады. Алайда әйелі қолындағы бұл билікке әлі де қанағаттана қойған жоқ еді. Оның ашкөздігі өзіне ұйқы бермейтін болды. Ол әрдайым осыдан кейін енді әлі де қандай билік иесі болсам екен дегенді ойлап жатты.
Күні бойы жаяу жүріп қалжыраған күйеуі қалың ұйқыға кетті. Ал әйелі болса керісінше, екі бүйіріне кезек-кезек аунап, енді тағы қандай тілек орындатсам деп түнімен дөңбекшісе де, ештеңе ойлап таба алмапты.
Сөйтіп жатып, таң атқан кезде, ол атқан күннің шапағын көрді. Төсегінің шетіне жылжып келіп отырған қалпы, көкжиекке көтеріліп келе жатқан күнге терезеден телмірумен болды.
«А, иә — деп ойлады ол, — Күн шығуы мен Айдың тууына неге әмірімді жүргізе алмайды екенмін осы?»
Сөйтеді де: «Жұбайым, а, жұбайым! — дейді ол күйеуін шынтағымен бүйірден түрткілеп оята бастады. — Тұр, оян! Тағы да дәу балығыңа бар. Бар да айт, менің енді Құдай болғым келеді!»
Оянып кеткен күйеуі ұйқысын әлі аша қойған жоқ еді. Сонда да әйелінің бұл сөзін шала-пұла ести сала төсегінен қарғып тұрды. Ол мұны қате естідім деп ойлады. Көзін уқалап жіберіп әйеліне: «Әй, зайыбым, сен осы жаңа не айттың?» — деді. «Жұбайым, — деді әйелі, — мен Күннің шығуына, Айдың тууына әмір жүргізе алмайды екенмін ғой. Күннің қалай шығатыны мен Айдың қалай туатынын көре алмайды екенмін. Енді бұдан былай Ай мен Күнге өз әмірімді жүргізгенге дейін мүлде тыныштық табар емеспін!»
Осыны айтып ол күйеуіне қараған кезде, бұл етінен сүйегінен дейін суық өткендей қалтырап тұрған еді. «Дәл қазір теңізге жөнел! Менің дәл Құдайдың өзі болғым келеді!» — «Ау, зайыбым! — деп айқайлап жібереді балықшы. Сөйтеді де етпетінен түсіп оның аяғына жығылады. — Камбала мұны жасай алмайды ғой! Сені кайзер де, папа да қылу оның қолынан келді. Ал енді мен қазір сенен жалынып сұраймын. Ақылға келші, осы папа қалпыңда қала берші!»
Осы кезде ашу-ызадан басындағы шашы үрпиіп кеткен әйелі бар даусымен шарылдап айқайға басты: «Менімен былайша сөйлесуге қалай батылың жетті сенің! Олай болмайды! Тез кет, бар балығыңа!
Зәресі ұшқан балықшы есін жиып алды да, жынды адамдай сенделіп теңізге қарай ілбіді. Теңізде бұл кезде күшті дауыл тұрған екен, екпіні күштілігі соншама, мұны ұшырып кете жаздады: үйлер мен ағаштар күтірлей құлап, таулар мүжіле шайқалып, жартастар шытынай жарылып теңізге жұтылып жатыр. Аспан қап-қара болып түнерген, күн шатырлай күркіреп, найзағай жарқылдай ойнайды. Теңіздің бетіне ақ көбік атқан таудай биік толқындар көтеріліпті. Жағаға жеткен соң бар даусымен айқайлаған балықшы тіпті өзі айтқан сөзін әрең естіп тұр.
Балығым-ау, балығым,
Теңізде жүзген камбалам!
Өтінішімен жарымның,
Еріксіз келдім мен саған!
«Иә, әйеліңіз тағы нені қалайды?» — деп сұрайды камбала.
— Әттең, балығым — деп міңгірлейді балықшы, — енді Жаратушы Құдайдың өзі болғысы келеді оның!
— Қамықпаңыз, үйіңізге қайта беріңіз, әйеліңіз өздеріңіздің бәз-баяғы лашықтарыңызда отыратын болады!
…Олар әлі сол лашықта тұрады екен, телміріп көк теңізге қарайды екен.
Аударған: Асылбек Байтанұлы
Жандос
Гриммдерге де, аударғанға да, жариялағанға да үлкен рахмет