Күндердің күнінде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Екеуі біріне-бірі барыс-келіс жасап тұрады.
Бір күні түлкі қыдырып, қасқыр досының үйіне келсе, жейтін түгі жоқ, аштан бұралып отыр екен.
Түлкінің осындай қысылтаяң кезде келгеніне қуанған қасқыр:
– О, досым, келгенің қандай жақсы болды. Тіске басар түгім жоқ, қарным ашып, ішім шұрылдап отыр. Сен епшіл, амалшылсың ғой, айлаң да көп. Бір амалын тауып, мені бір тойдыршы, – деп қиылыпты.
Досының зары жанына батқан түлкі:
– Аштық не қылмайды. Әлің кеткен екен, бір амалын жасайын, – деп, сыртқа шығып кетеді. Қасқыр оның қайта оралуын күтіп отыра береді.
Түлкі сай-сайды сағалап келіп, етектегі адырда жайылып жатқан бір қора қойға барып, ішінен бір тоқтыны ұстайды да қасқырға әкеліп береді. Оңаша отырып, именбей жесін дегендей, өзі кетіп қалады.
Тоқтыны көргенде, қасқырдың көзі оттай жанады. Тілімен езуін жалап-жалап алып, тісін ақситып, ұмтыла бергенде, тоқты:
– Ей, қасеке, мал танисың ғой өзің де. Мені қазір жегеніңмен, етім тісіңнің арасында ғана қалады. Қарныңа жұғын да болмаймын. Онан да артыңды ойла, мені қазір қоя бер. Күзге дейін тойынып, семіріп алайын. Күз түскенше, мен де үлкен қой боламын. Сол кезде сені өзім іздеп келейін. Сонда жерсің, – дейді.
Қасқыр қарсы алдында тұрған жұдырықтай тоқтының бүкіл тұрқын шола қарайды да қазір жегеннен аузым толмас деп, айтқанына көніп, босатып жібереді. Сөйтіп, тоқтыдан айырылады. Одан кейін жейтін түгі болмай, қарны ашып, өлермен күйге түскен соң, амалсыздан түлкі досына барады.
– Досым, жаңағы әкеліп берген тоқтың тым арық екен. Өзі де жұдырықтай, аузым толмайтын болды. Содан «күзге дейін семіріп, жетіліп, алдыңа өзім келемін» деген соң, босатып жібердім. Енді қарным ашып, аштықтан өліп барамын. Амалың көп қой, тағы барып, бір семізін әкеліп берші, – дейді өлімсіреп.
Айдалада жайылып жүрген қойды аясын ба, түлкі шығып кетеді де әлгі адырдағы қойға барып, бір нән тұсақты жетелеп әкеліп береді. Еркін жесін дегендей, тағы да өзі кетіп қалады.
Аш қасқыр жалақтап, енді ауыз сала бергенде:
– Тақсыр,–дейді тұсақ маңырап. – Мені жалғыз өзің тауыса алмайсың. Артылып қалған етім күн ыстықта бұзылады. Бүлінген ет ысырап болады. Одан да сендердің сауаптарыңды алайын, аш жүрген серіктеріңді шақырып кел. Бәрің бірігіп жерсің. Мен осы арада тоса тұрайын. Қасқыр тұсақтың бұл сөзін жөн көріп, айтқанына нанады да:
– Сен ешқайда кетіп қалма, осы жерде тоса тұр. Қашып кетсең, бәрібір іздеп тауып аламын. Енді мен серіктерімді ертіп келемін, – дейді де жүгіре жөнеледі. Қасқыр ұзай бергенде, тұсақ та бас амандығын ойлап, қораға қарай безеді.
Қасқыр әр жерде сүмеңдеп жүрген серіктерін іздеп тауып, ертіп келсе, уәделі жерінде тұсақ жоқ. Әрі іздеп, бері іздеп ешқайдан таба алмайды. Серіктері оны мазақтап-мазақтап, өз жөндеріне кете барады.
Өзіне әкеліп берген дайын жемнен тағы да айырылып қалған қасқыр намысты қойып, түлкі досына қайта барады сүмірейіп. Содан соң болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап береді. Ақырында:
– Ей, досым, қайыр қылсаң бүтін қыл деген емес пе, сен де енді бұл істі аяғына шығар, – деп, жабысып тұрып алады.
Түлкі бұл жолы да досының тілегін қабыл алып, бір шұңқырда үйелеп жатқан бір аттың қасына ілестіріп алып барады да:
– Міне, мынау ат шұңқырда жатыр, ешқайда қашып кете алмайды. Осыны жей ғой, – дейді де өзі кетіп қалады. Әрі таман барып, сыртынан бақылап тұрады.
Қасқыр құлшынып, жейін деп, оңтайлана бергенде, ат айтады:
– О, қасеке, сері едің ғой. Менің табаныма бір шеге кіріп кетіп еді. Содан мына шұңқырға құладым. Бірнеше күннен бері осы арада азап шегіп жатырмын, Арманда кетпейін, тым болмаса, сол шегені суырып алып тастап барып жеші...
– Айтқаның болсын. Обалыңа қалмай, алып тастасам, алып тастайын, – дейді қасқыр.
Ат артқы аяғын көтереді.
– Шеге, міне, осы аяғымда, – дейді.
Қасқыр аттың табанына үңіле бергенде, мүйіз тұяқпен шекеден салып кеп жібереді. Қасқыр қаңқ етіп, аузы-мұрны қанға толып, шалқасынан түседі.
Сол арада түлкі жетіп келіп:
– Сенен-ақ көрдім ғой көресіні, ақымақтығың өзіңмен кетсін, – депті де серейіп жатқан қасқырдың ішек-қарнын ақтарып, тойып алыпты. Содан кейін түлкінің қасқырға жаны ашымайтын болыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі