Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті – жалындап тұрған жас өрендердің қанатын қатайтып, биікке самғауына зор мүмкіндік сыйлайтын еліміздегі жалғыз қара шаңырақ. Өйткені, қара шаңырақ студенттерге терең білім берумен қатар, журналистиканың басты қағидасы – сауатты жазуға шыңдайтын шеберлік мектеп. Оған дәлел – 30 жылдан астам ғұмыры бар студенттердің оқу-тәжірибелік «Журналист» газеті.
Журналист мамандығы–қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Төртінші билік өкілдері деп аталатын бұл мамандық иелерінің басты қаруы – сөз, қорғағаны халықтың мүддесі. Қаламын қолға алып, қару еткен, жаңалықтың жаршысына айналған осы бір кәсіп иелерінің қоғамдағы орны айрықша, арқалаған жүгі таудай. Сонау ХІХ ғасырда «Дала уәләяты» мен «Түркістан уәләяты» газеттерінен бастауын алған, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабев, Мұхаммед Сералиндер басшылық еткен қазақ газеттері орыс үкіметінің қысымына қарамай, қоғамдық мүдде қалыптастырып, қазақ халқын бір мақсаттың төңірегінде топтастыра білді. Ел, жер, әйел теңсіздігі, орыс үкіметінің сайқал саясатын бүкпесіз айтып, тәуелсіз ел болу жолында жандарын құрбан етті. Қазірде сол қазақ зиялылары іргесін қалаған қазақ журналистикасының буыны қатайып, іргесі берік салаға айналды. Қаламын жанына серік еткен, үкілеген үмітін арқалап келген жас тілшілердің саны артып, журналист үшін ең басты еркіндік, сөз бостандығына берілді. Ахмет Байтұрсынов бір сөзінде “Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды” дегеніндей, журналистер халықтың хабаршысына, қиналғанда қол созар жанашырына айналды.
Жалпы теледидар болсын, газет болсын, ол – идеологиялық құрал. Журналистиканың ең негізгі функциясы да қоғамды тәрбиелеу. Ұлтты тәрбиелеу үшін тілшілеріміз пайдалы мақала жазып, тележурналистеріміз құнды жобалармен көрерменді көзайым етуі қажет. Ақпараттық соғыс кезеңі деп аталатын бұл уақытта қай елдің ақпарат құралдары мықты болса, сол елдің болашағы да мықты болары сөзсіз. Жас тілшілеріміз айшылық алыс жерлерден жылдам ақпарат алып, оны елден бұрын жария етуі де заманның бұлжымас талабы.
Бастысы – журналист қашан да халық жаршысы, билік пен бұқара арасындағы көпірді жалғаушы, ұлт жанашыры екендігін естен шығармағаны абзал.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі