Қашқан торғауыттарды қудалау «Тылдағы жорық» деген атпен белгілі. Бұл жорықта халық сансыз көп болды, басқа батырлардың наразылығына қарамастан, хан тұрған орнынан қозғалмай, батыр Баянды күтті. Ақыры ол бес жүз қырық жасағымен келді де, ханның алдына тұрды:
— Қайда? Не бұйырасың? Барлығын орындаймын. Хан халыққа бұрылып былай деді:
— Міне, менің Баянды күткен себебім осы. Дәл осы уақытта бір күндік жерде бес жүз жасағымен қарауылда тұрған Қанжығалы Жантай батыр қалмақтардың қолынан қаза табады. Бұл оқиға былай болған: Жантайдың бауыры үйсінбай жер шолып жүріп қалмақтардан үш түйе алады, қайтып оралғанда, інісі Арқандар батыр сауға сұрайды. Үйсінбай батыр оған: «Қалмақтарда түйе көп, қажет болса қолың бар, ауруың жоқ, өзің барып ал!» — дейді. Бұл ауыр сөздерге қатты намыстанған Арқандар батыр ағасына өзінің ержүректігін дәлелдеу үшін жеті жолдасын, атақты Қонайды (Қоянкөздің ұлы) ертіп, қалмақтарды шауып, тоғыз түйе олжалайды. Арқандар батыр жеті жолдасына түйелерді айдатып жіберіп, өзі қуғыншылардың жолын торып тоқтатып, болмаса басқа жаққа алдап әкетпекші болып, артта қалады.
Алғашында жолдастары оның өкшелей келген жауды алдап әкеткенін көреді, сосын ол қоршауда қалғандай болады. Тауға шығып жан-жақтан қоршаған жаудың ортасында қаза тапқан Арқандар жатқанын анық көреді. Жантай батыр өзінің сүйікті бауырының өлімін естігенде, «не өлемін, не сендердің қандарыңды ішемін!» деп ант берген. Аттарды алғызып, бес жүз адамнан құрылған жасақты ертіп қалмақтардың қолына араласады, олар он мың болады. Өлімге бас тіккен қырғыздар (қазақтар) кескілескен ұрыс жүргізді. Қарны жарылған үйсінбай ішек қарнын киімінің етегіне салып жүріп шайқасып, «Жантай батыр, айтшы, жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма?» — деп сұрапты. Барлығы қаза тауып, Жантай мен сегіз адам және ұлы Тоқыш қалады. Жантай аттан түсіп, тізгінін ұлына береді де: «үйге қайт, сен аман қалмасаң, мен үшін кек алатын адам болмайды», — деп жан тапсырады. Абылай Жантайдың қазасын естігенде: «Қайрауға көнбеген қара болатым-ай!» деп жылаған.
Барлық әскер Ілеге шоғырланып, қалмақтар келгенше барлық өткелді қоршап алады.
Қалмақтар тоқтап, жеті адам елші жібереді. Олардың басшысы қазандай, түлкі тымақ киген ұзын бойлы қара қалмақ жақын келеді, сәлем беріп:
— Алла жар! Мені ұса мен Серен жіберді, қазақ пен қалмақ бауыр, солай болып қала берейік, ақ үйді тартуға алыңыздар, сонымен татуласайық! — дейді. Хан:
— Жүре бер! — дейді де, батырларын жиып, кеңес қылады:
— Ақ үйін алайық, үміттендіріп, сосын шабамыз. Баян:
— Жоқ! Ақ үйін алмаңыз, алдауға тырыспаңыз, Ұса мен Серен жоғарғы және төменгі Қытайды да алдаған, сені де алдап соғады, — дейді.
Хан екі рет қайталады, ол да екі рет айтты. Бірақ хан өз дегенінде қалды.
Қалмақтар көш жерде (сегіз немесе тоғыз шақырым) тұрды. Екі күн күтті, қалмақтар да жоқ, ақ үй де жоқ, кейіннен олардың кеткенін бір-ақ білді. Баян жанына мың адам алып, қуғынға шығады, оларды Қытайға енгенде қуып жетіп, қырық сажын ғана үлгермеді. Қайтар жолда қалмақтар өлік тастаған суды ішіп, қаратышқақпен ауырып, бәрі қаза табады. Әйгілі батыр Баян осылай дүниеден өтті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі