Бұрынғы өткен заманда, қазақ-қалмақ жау болып жер таласы болып, жаушылық қатты болғанда, Түркістаннан бір бала қашып шығып керейге келіп сіңіп, шанышқылы деген елге келіп сіңген екен. «Атым — Арықмерген» деп, бір байға бала болып, малын бағып жүріпті. Бір өзенге бұғы, марал көп келеді екен.
Арықмерген бір күні «Мен аң аулап келемін» деп иен өзенге келіп, айтқанындай бұғы, марал, құлан, киік көп екен. Маралды атып тастап қайтып келе жатқанда, бір иен жерде бір өзенде бір топ жігіт, өңшең әдемі киім, әдемі ат мінген, жарысып келіп: «Күйеу келеді, күйеу келеді, жүр, жүр аман-есен жүрсің бе?» — деп араға алып, «жүр-жүр» деп ала жөнеліпті.
Есім шығып кетті. Айдап бір жотаны асып едім, о дағы өзен екен. Жер асып, ауыл қонып жатыр екен. Есім шығып кетті. «Міне күйеу келді, үй тігіп жіберіңдер», — деп жастар әлгі айғай салып еді, өңшең сұлу қыз-қатындар жиылып келіп бір үй тігіп жіберіп, жүр-жүр деп қамалап, әлгі отауға кіргізіп, қымыз құйып күте бастады. Күн батты, неше түрлі тамақ беріп күтіп, қыз-қатын, бозбалалар, ән салып, өлең айтып, екі-екіден айтысып, түн ортасы болған уақытта, «Мынау сенің қалыңдығың» деп бір қызды қасыма беріп: «Екеуің ойнап-күліп жатыңдар» деп қолыма берді. Сонан соң мен қызға: «Сен менің қайдағы қалыңдығымсың? Қай елсің? Жөніңді айтшы?» дедім. Қыз айтады: «Сен бүгін өзің ұйықтамай таң атыр, содан кейін менің жөнімді сұра, айтайын. Егерде ұйықтасаң, қай елсің? Менің қалыңдығымсың ба? деп сұрама» деп айтпай, «егер қолың сұғып «қосыламын» десең, рұқсат, өзің біл» — депті.
«Тәуекел, не болса да сұлумен қосылайын» деген ойыма бітіп, қызбенен қосылып, құшақтасып жаттым. Бір уақытта ұйықтап қалған екем, оянып, бас көтеріп көзімді ашсам, әлгі ауыл да жоқ, қойнымдағы қыз да жоқ, басымда үй де жоқ, көшіп кетіпті. Ер-тоқымды басыма жастап қойыпты, атымды арқандап қойыпты, бәрі кетіп қалыпты. Не қыларымды біле алмай, атымды еріттеп мініп, жүріп кеттім. Елге келіп айтып едім, бұл не нәрсе болды? Жын ба, шайтан ба? Айтсам ел мазақ қылады ғой деп, әлгі аңға кісі жіберіп арттырып алғыздым. Содан соң аңға бармай қорқып жүріп, күзге жақын тағы да барайын деп сол өзенге келдім. Тағы да аң қалың екен. Бір бұғы атып тастап қайтып келе жатсам, тағы бұрынғыдай бозбала шауып келе жатыр. «Күйеу келді» деп, «Күйеу аман жүрсің ба?» — деп, «Жүр-жүр» деп тағы да айдап келіп еді, бұрынғыдай сауық қып жүрген қыз, бозбаласы: «Күйеу келдің бе?» — деп, үй тігіп қонақ қылып, тағы қызды әкеліп «Екеуің ойнап-күліп жатыңдар» деп, бұрынғыдай тамақ беріп қосып қойды. Қалыңдығыма: «Сен жөніңді айт, қалай айтпайсың? Өзің адамбысың? Сайтанбысың? Жөніңді айт», — деп сұрап едім, «Мен қалыңдығыңмын, рас. Бірақ мен қазір айтсам, өлемін, сен адам баласысың ғой, бір түнге шыдап ұйықтамай таң атырғанға шыдасаң, мені алып қаласың. Содан кейін мен жөнімді айтайын, егер ұйықтасаң, тағы да айрыласың» — дейді. Содан соң мен шыдаймын деп ұйықтамай отырдым. Таң таяп қалғанда, қалғып кетіп отыр едім, қара басып ұйықтап кеткен екем, күн шығып қапты.
Тағы да баяғыдай атымды арқандап, тоқымымды жастап кетіп қалыпты. Енді қайтем, мынау мені масқара қылды ғой, енді адамға айтайын деп ұялып жасырып қойдым. Аңды арттырып алып қыстай шықпай, жаз шығып, жер көктеп, мал семірген заманда тағы да барайын деп тәуекел қыла жүрдім.
Бұрынғы иен өзенге келіп, бір құланның биесін атып тастап тағы келе жатсам, бір жотадан бір топ жігіттер шауып келе жатыр. Бір желмая түйеге мінгізіп алған, бір әйел адам, бір жігіт бір бесікті алдына өңгеріп алыпты. Қарасам өзімнің әйелім сықылды. «Күйеу, сүйінші-сүйінші! Мына әйелің аман босанды, мына балаң еркек бала, жүр-жүр, ауылға сүйінші бер», — деп тағы да айырып ала жөнелді. Ауылға алып келді. Және қонып жатыр екен үй тігіп. «Мына күйеуге үй тігіп жібер», — деп қайта алып келді. Бір жерге үйді тігіп, мені түсіріп кіргізіп, әлгі бесікті қасымызға алып қойып: «Міне балаң, міне қалыңдығың», — деп тағы да күтті. Сонда қыз жылады. «Апырым-ау, ұйқыдан кісі өле ме? Бір түнге неге шыдамайсың, обалыма қалдың ғой, бүгін өлсең де, шыда. Бүгін ұйықтамай шыдасаң, мені алып қаласың, содан кейін мен жөнімді айтайын», — деді. Сол күні ұйықтамай отырдым. Қыз-бозбалалар ән салып, өлең айтып, тағы да өлең айтып таң таяу болғанда тарқап кетті. «Енді шыда, ұйықтама», — деп қалыңдығым жылап отырды. Таң қауым беріп, жарық тартып қалғанша ұйықтамай отырдым. Бір уақытта қалғып кеткен екем, ыбыр-жыбыр басылып қалған сықылды, шыдай алмай қалғып кетіп отыр екем, үйді жығып, екі түйе қомдап, жүкті артқалы үйдің ішін буып-түйіп тағы да кеткелі жатыр екен. Оянып кетіп: «ой, бұларың не?» деп сөйлеп қалып едім, «ой, байқұс күйеу ояу екен», — деп тұра- тұра жөнелді, күлісіп кетіп қалды. Сонда қомдаған екі түйе қалды. Үйдің ішін буып-түйіп қойған екен. Бәрі қала берді.
«Ал енді айтам деп едің ғой, қане, сен сөйлеші», — деп қалыңдығымнан сұрадым. Мен енді айтайын: «Біз иранғайып деген ел боламыз, біздің ішімізде бал ашып, кітаппен сөйлейтін молдаларымыз болады. Солар айтқан «Сен қазақ баласына берілесің» деп біздің молда-қожаларымыз сөйдеп, соған амалсыз өзінің жолымен шариғат үкім қылған соң амалсыз көніп, сондағы бұйырған адамым сен болып, мені қимай, әке-шешем, бауыр-туысқандарымыз сені ұйықтатып тастап, ұрлап алып жүргені сол еді. Мен сенен буаз болып, міне бір жыл өтті, мына бала сенің балаң, ұл бала. Енді қорықпа, Құдай бұйрығымен сенің балаң, міне, сенің балаң болды» деп, жылап соны айтты. Сонан соң қуанып үйді артып алып, екі түйеге баланы, әйелді алып елге келдім. Бағанағы құланның биесін содан кейін арттырып алып той қылып, «Қожаң берсе, қойныңа сал» деген мақал бойынша баланың атын Бердіқожа қойып, осындай үйлендім деп Арықмерген айтқан екен.
Сол бала ержетіп он-он беске келген соң, батыр болып, неше түрлі өнер бітіпті. Түсінде ұйықтап жатып шошып ояныпты. Түсінде басына бір нәрсе келіп, сырылдап шошытып мазасын алып қорқытыпты. Шошып оянса, түсі екен. Бұл не нәрсе деп қорқып, түн болса ұйқы жоқ, ұйықтаса бір нәрсе сырылдап, шошытып ұйқы көрмепті. Сонан соң бақсыларға бал аштырып, үйіне апарып баққызыпты. Біреу анау, біреу мынау деп ешкім таба алмай жүргенде, аққу терісін киген бір дуана келіп ат үстінен айғай салып келіп: «Сырылдаған нәрсеге қорықпа, саған дарығалы жүрген бұл сыбызғы екен. Сен өзеннен қара қурай әкел, соны сыбызғы қып тартқызайын, сен сол сыбызғы дарыған соң бәрінің тілін білесің», — деген екен. Бердіқожа барып бес-алты қара қурай қиып алып дуанаға берген. Дуана үйіне түсіп қурайды жонып, сыбызғы қылып тартқызған екен. Хайуандардың тілін біліп, сыбызғышы болып кетіпті. Сол Бердіқожа батыр болып, Арықмерген баласы атанып жүріпті. Қалмақ-қазақ жаушылық заманда жалғыз кетіп жылқы алып, асқан жайшы болып елге олжа салып, батыр атақ алған екен. Анық аты Бердіқожа, ел қойған аты — «Бала батыр» деп қойса керек. Нағашысы — иранғайып, әкесі ел шапқанда қашып келген, Шанышқылы керейге сіңген деп айтады естуіміз. «Арық мергеннің басқаша да аты бар шығар, біздің естуіміз осылай» деп айтады бұрынғы ұлы кәрілер.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі