... Сары Үйсін, Қасқарау, Жансейіт, Садыр, Шапырашты, Ысты, Ботбай, Сыйқымнан: Қарақойлы, Аққойлы, Қусирақ. Үйсін рулары Сарытауқұм, Үш Алматы, Іленің бер жағын басып алып, сонда қоныс тебеді. Онымен шектеліп қалмайды. Сарыбағыш, Солтыға қол салады. Шанышқылы Бердіқожа деген батыр, Шапырашты Қаумен, Жәпек деген, Кәшке, Дәулет деген бірге туған төрт ағайын екен, солармен бірге Ботбай Тілеуқабыл, Жайсаң деген адамдар мен Қасқарау Малдыбай, Қонысбай дегендер қырғызға тиісе береді. Сарыбағыштың қолынан Кәшке өледі. Солтының қолынан Жайсаң өледі...
Жәпек пен Бердіқожа Үйсіннің жанысы Төле биге барады. Төле би екеуін ертіп, жолай Талас жақтан шағым айта келген үйсіндерді де қосып алып Абылай ханға барады. Абылайдың ордасы ол кезде Әзіреттің Қаратауында екен. Абылай келгендерге кейіп:
— Осымен екі келдіңдер. Енді Төле биді алдыға салып келіпсіңдер! — деп, мән-жайға қаныққан соң: — Кінә — Үйсін жағы, сіздерде! — дейді. Төле би Абылайдың сөзіне тоқтайды. Төле би Шымкентті жайлайды екен. Арыз айта барғандар Төле биге: «Үйсінді қосып бер», — дейді. Төле би оларға басу айтқанымен, Жәпек пен Бердіқожа Абылай мен Төлені тындамай, орта жүздегі арғындардың төресі Көкжарлы Барақ ханға барады. Ол Үйсін мен арғыннан төрт мың қол жиып, қырғызға шұғыл аттанады.
Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп тұрған Есенқұл, Қашыке, Бөлекбай, Кебек билерді шақырып алып:
— Жәпек пен Бердіқожа Төле биді бас қылып, Абылайға арыз айта барған екен, Абылай сөздің төркінін жақтырмапты, оларды қолдамапты. Оған тоқтамаған олар арғынға кетті деп естідік, жаман айтпай жақсы жоқ, тізе қосып, даяр тұралық, — дейді.
— Оқыстан түн жамылып келіп қалуы да мүмкін. Сонша қазаққа барып жәрдем сұрап жүргендері де тегін емес. Сақ болайық, — дейді үш батыр.
...Көкжарлы Барақ сұлтан бас болған үйсін, арғындар ұрланып жетіп, Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылына қол түсіреді. Таң ата жеткен екен дейді бұрынғының шалдары. Даяр тұрған Солты, Сарыбағыш рулары тегіс атқа қонып, күн шыға бере ұрысқа кіреді. Түске дейін қазақты қырған екен дейді. Қастекті асыра қуып, Көкжал Барақты өлтіргеннен кейін, қазақтар қашқан екен дейді бұрынғы шалдар.
Есенқұл, Қашыке, Кебек жарлық шығарып, дүйім елге: «Қазақтар мұнымен тоқтамайды, қарап қалмайды, сақ жүрелік. Өзгесі болмаса да, Қазық мойын қазақ тыныш жатады дейсің бе?» — деген екен. Есенқұл батырдың «Қазық мойын қазақ» дегені — Шанышқылы Бердіқожа батыр екен деседі, оның мойны ұзын екен. Есенқұл батыр айтқандай, Бердіқожа аттанғанын алмай қоймаған деседі бұрынғылар. Қатын-бала да «Қазық мойын қазақ» дегенде уанады екен.
Садыр хан «қазаққа аттанамын» деп Солты, сарыбағыш шақыруға адам жіберіпті. Есенқұл батыр, Қашыке мен Кебек: «Аттанғанды қойсын, қазақ өзі келсе, көріп алдық. Абылай мен Төле би қалыс қалғанда, біздің барып бейбіт ауылға тигеніміз бейбастық болады. Біз аз елміз. Қонысқа бола қазақ Ілені өтіп, бері келгенде тоқтатып алсақ жарады. Сіздер жақтағы қазақтардың бергі бетке өтіп жатқанын көріп тұрсың», — деп сәлем айтып, Есенқұл батыр Садырға Қашыке батыр мен Кебек биді жібереді. Есенқұлды ел-жұрты «Шоң батыр» дейді екен, Кебек Садырға барып: «Шоң батыр мен Қашыке батыр айтты, қайтыңыз райдан», — дейді. Садыр оның сөзіне тоқтамайды. Хан Садыр аттанып кетеді.
Садыр Бердіқожа сияқты болған екен. Тисе де, тимесе де тыныш жатқан елге соқтығысып жүргендіктен, қазақтар оны Абылай ханға көп жамандайды екен. Кебек қайтып кетеді. Талқан — кіші Таластан бері, Көкдөнен шалдың тұсы деген жерде екен. Талқанды Жайыл, Момақан билейді екен. Солтыны Бөлекбай билейді екен. Бөлекбай Қарабалта, Ақсуда екен. Бөлекбайға айтпай, Момақан бас болып, Жайыл да барады. Төлеберді Садырға «қой» десе де, Жайыл мен Момақан көнбейді. Жайылдың қартайып қалған кезі. Төлебердінің сөзге араласқанын жақтырмаған ағалары: «баланың сөйлегені қалай?» — деп қағытады. Төлеберді мен Бөрібай бармай қалады. Садыр көп қолды бастап барып, Шымкенттен бергі қазақты шауып, Шолаққорған мен Созақ қалаларын талайды. Көп олжаға кенеледі. осыдан кейін Төле би үш жүздің баласының билеріне хабар жіберіп, шақыртады. Үш жүздің билері жиналады. Билер Көкжарлы Барақ, Қаумен, Жәпек, Жайсаң және басқа да белгілі батырлардың өлгенін жеткізіп, Садырдын тізесінің батқанын көбірек айтып, Садырдың кейінгі Шымкент қазағын шауып, Шолаққорған, Созақты талағанын айтып, Төле бидің енді Абылайға көнбейтінін тұспалдап, қырғыздың кейінгі қылғанын бейбастық деп, Бұқар жырау деген уәзір һәм ақынға: «Абылайға осыны сен жеткіз», — деп бірауыздан шешімге келеді. Үш жүздің билері осыған тоқтап, есіктің алдына отырып алыпты. Абылайға: «Сыртта үш жүздін билері келіп, есік алдында жиылып тұр», — десе де, істін мәнін білген хан ұқпаған болып, Бұқар жыраумен тоғызқұмалақ ойнап отыра беріпті. Бұқар жырау тоғызқұмалақ ойнап отырып, үш жүздін билерінің не себепті жиналғанын және Төле бидін кесімді шешімін өлеңдетіп айтып жеткізіпті. Қазақтардың оқығандары айтар еді, қырғыздың шалдары айтатын еді, Бұкар жырау сонда былай депті:
— Қырғыз Көкжарлы Барақты алды,
Сартбек қазақты алды.
Шолаққорған, Созақты алды,
Абылай хан, енді, Садырдың
Сені алмағына аз-ақ қалды!..
Сонда Абылай бір жеңін киіп, бір жеңін кимей, қабағы салыңқы, есіктен шыққан екен дейді бұрынғының шалдары. Абылай:
— Бір жағым қоқан, бір жағымда қытай, бір жағымда орыс тұрғанда, азғантай қырғызға қызықпай жөн тұрсақ деп едім, болмадыңдар. Қазақ пен қырғыз бір туған едік. Бәйтік қастық қылып Көкімге у берді. Содан ортамыз бұзылды. Ташкенді бүтін иеленгенде Бәйтік кім болмақ еді?! Қырғыз-қазақтың бұзылғанын пайдаланып қалмақ қайта келген. Қазақ Бұқар кіріп, қырғыз ысар кіріп, ел тентіреген. Сол естеріңнен шықты ма?Тентіреп жүріп табандарың тесіліп «Ақтабан шұбырынды...» атандыңдар, соны ұмыттыңдар ма? Қалмақтан жаңа кұтылып отырсақ, қырғыздың жеріне қызығып мынаны бастадыңдар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің біреуі қол салса, ежелден бір тұқым, бір боз үйлі, кейде қағысып, кейде табысып жүрген кырғыздардың пайдасы тиеді ғой деп едім, болмадыңдар. рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлік салған... Біздің көкжарлы Барақтыкі де айып, жортуыл жасап өзі барған. Бірақ ол өз жазасын тапты. Бізде Бердіқожа бар. ол да қарап жатпайды. Сендер менің айқаныма тоқтайын деп тұрған жоқсыңдар. Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанам! Садыр көнсе, осы уақытта айтармын. Ал бұйрық бердім, аттаныңдар! — дейді. үш жүздің билері аңтарылып:
— Қалай аттанамыз, өзіңіз айтыңыз, — деседі Абылайға қарап.
— Үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адамың бір бие сүтін ішесің. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар, — деп, үш жүздің баласын бастап хан Абылай аттанады. Күзді күні жолға шыққан Абылай келе жатып Ташкенді алады. Қоқан Абылайға тиісе алмайды. Ташкенді алғаннан кейін Абылай қырғызға елші жіберіп, ортадағы шатақты тыныштық жолымен шешпек болады. Солты, Сарыбағыш Есенқұл батыр, Кебек би кеңес қылып: «пәлен барсын, түген барсын» деседі. Есенқұл батыр: «Сарыбағыштан пәлен барсын, солтыдан Жамансарттың ұлы Төлебердіні жіберіңдер, қосылам деушілер болса, өздері білсін. Біздің сарыбағыш пен солтыдан барған кісілерге Төлеберді бас болсын!» — дейді. Бұған Кебек би келісімін беріп, сөз байласып, солты мен сарыбағыштан сөз білген, іс білген төрт кісіге бас қылып Төлебердіні жібереді.
Қырғыздардың басқа руларынан да елшілер қосылып отырып, Ташкенге қырық елші барады. Садырдың елшісі:
— Садыр хан мені хан деп танысын деп айтқыз, — дейді. Абылай үндемей қояды. өзге елшілер де сол сөзге тоқтағанын білдіреді. Абылай оларды жақсылап күтіп, сый-сыяпатпен шапан жауып, жаз шыға еліне қайтарыпты. Төлеберді Абылайға ұнап қалады. Сол кезде Төлеберді жиырма бес жаста екен. Оның Абылайға ұнаған себебі — ханнын құзырына елшілер кіргенде, жас бала соңынан кіріп, әдет бойынша Төлеберді қолын қусырып, кеудесіне қойып, босағада тұра береді. Абылай:
— Балам, сен неге отырмайсың? — дейді. Сонда Төлеберді:
— Мен хан отыр деген жерге отырам, — дейді. Абылай:
— Кел, қарағым, — деп оң жағынан орын береді. Әркім әрнені айтып, өз ойын білдіреді. Бір кезде Абылай Төлебердіге қарап:
— Сен неге үндемейсің? — дейді. Төлеберді:
— Сізден рұқсат болса, сөйлеймін, — дейді. Абылай:
— Иә, сөйле, қарағым, — дейді.
— Тақсыр, біздің қырғыз аз ел. Басынан қандай істер өткенін өзіңіз жақсы білесіз. Қазақ пен қырғыз бір туған бауыр. Сіз әділдік жасасаңыз, қырғыз оған көнеді. Қырғыздың көнбістігі бар. Ол өзі барып ешкімге соқтықпайды, оны өзіңіз білесіз. Садырдың ғана бейбастығы бар. Қырғыз өз арасында оң-сол болып бөлінеді. Оңға — бұғы, саяқ, солты, сарыбағыш, бағыш жатады. Есенқұл деген батырымыз бар һәм әр рудың басшылары бар. Бәрі Есенқұлдың сөзіне тоқтайды. Сол жақтағы ел де Есенқұлды тыңдайды. осы кісі бас болып Садырға айтар. Садыр да сөзге көнер. Көнбесе, оның да жауабын айтар қырғыз. Бәріміздің ханымыз болдыңыз, сөзімді тыңдаңыз, — дейді Төлеберді.
— Иә, балам, сөзіңнің түбі терең екен, айта бер, — дейді Абылай.
— Олай болса, қазақтың кінәлі адамдары мен қырғыздың кінәлі адамдары жазаға тартылсын. Қырғыз аттанып келген жоқ, қазақ аттанып келді. Сол үшін осынша қан төгілді. Қазақта Шанышқылы Бердіқожа батыр бар, тыныш жатпайды. осыны айтам, — деп барып тоқтайды.
Төлебердінің сөзіне Абылай разы болды. Абылай:
— Кұдай қаласа, жазда барамын, басшыларыңа сәлем айтыңдар. Менің іздегенім жақсылық. Қазақтардың арасында бейбастық жасағанның кім екенін білемін, Төлеберді бала! Сол Есенқұл батырға айта бар, Садыр тентек осыдан былай тыныш жатсын. Басқа айтар сөзім жоқ. Мен тыныш жатқан елді шауып, талап, атымды шығарып, ел арасын бүлдірген хан емеспін. Менің ырқыма көнсе, қалыс қаламын, көнбесе, онда көріп алдық, — деп сөзін аяқтап, қырық елшіге хош айтып, шығарып салған екен.
...Бердіқожаға Абылай: «Қой!» — дейді. Үйсіннің төбе биі Төле би де: «қой!» — деп айтады. Бердіқожа соңына ерген үйсінді ертіп алып, қырғызға тиісе берген. Бірде жолы болып, бірде жолы болмаған. Төлеберді бұл кезде қырғызға кайта көшіп келген екен. Қырғыз бен қазақтың арасында бір дау туындаса, араға жүретін Төлеберді екен. Төлеберді Абылайға барып арыз- данады. Абылай:
— Үйсіннің Төле биіне айтқыздым, өзім де айттым, тілімді алмады, енді не амал қыламын? — дейді. Төлеберді:
— Рұқсат беріңіз, біздің сарыбағыш, солты өз жолынан қалмасын, мен сіздің алдыңыздан өтейін деп келдім. Бердіқожаға біздің қырғызға тиесілі жердегі үйсіннің біразы еріп жүр. Егер біздің солты мен сарыбағыш осы Бердіқожаға еріп жүрген үйсіннен жеңіліп қалса, өз обалдары өздеріне, ал егер Бердіқожаны біздің солты мен сарыбағыш жеңіп кетсе, онда оған жаныңыз ашымасын, — дейді. Хан Абылай бұл сөзге:
— Бердіқожаға өз білгендеріңді қыла беріңдер. Оны өлтірсендер де, қалыс қаламын. Үйсіннің Төле биі де оны тентек деп отыр. Одан арғысын өздерің біліңдер, — дейді. Төлеберді келіп Есенқұлға істің мәнісін айтады. Есенқұл батыр мен Төлеберді елдің игі-жақсыларын жиып, кеңеседі. Елді барлап келу үшін солтыдан Бөрібайды, бөлекбайдан Мырзаны және сарыбағыштан екі кісі қосып, төртеуін бас қылып, сексен адамды аттандырады. Бұлар күндіз дем алып, түнде жортып, Бердіқожаның ауылына жақындайды. Бөрібай батырдың алдынан қалың қолмен Бердіқожаның өзі шыға келіп, қолға түсіріп алады. Жолдастарымен уәделескен жерге Бөрібай келмегесін, Мырза батыр: «Бөрібай ішке еніп кетіп, қолға түскен екен, енді қайтайық, Қазық мойын қазақтың жолы болыпты, елге хабар берейік», — деп жөнеп кетеді. Осылайша жолдастары Бөрібайды тастап кетеді.
Бердіқожа Іленің бойында екен. Бөрібайды ауылына алып барып, байлап қояды. Тары оратын кез екен. Бердіқожаның Көкшолақ деген сәйгүлік аты бар екен. Бердіқожа Бөрібайды бұрыннан біледі. Күндіз далаға алып шығып, оны «бауырым» деп көп әңгімелеседі. Көп ұзамай, бір күні кешке Бердіқожа батыр Көкшолақтың шылбырын шұбатып, Бөрібай батырды қасына алып, сөйлесіп отырады. Бөрібай онашалау отырған екен, жанынан өтіп баражатқан Көкшолаққа көзі түскенде, Бердіқожа: «Қарама Көкшолаққа, бауырым, көзің өтеді», — дейді. Сөйткенше болмай, қолын байлаған қыл шылбырды тісімен қиып жіберіп, Көкшолаққа ырғып мінген Бөрібай:
— Хош, батыр! — дейді. Бердіқожа да Бөрібайға қарап тұрып:
— Бауырым, хош! Көкшолақты міндің. Сені қуаламаймын. Қуғанменен, Көкшолақ жеткізбейді, құтты болсын, бауырым! — деп қала беріпті.
Сөйтіп, Бөрібай Іледен өтіп ауылына келеді.
Төлеберді Қордайда екен. Абылайға жүрейін деп қамданып жатқан екен. Есенқұл:
— Қол жиып аттанайық», — десе, Төлеберді оған көнбей:
— Біз өзіміз барып ұрындық, қазақ келіп ауылымыздан байлап әкеткен жоқ. Мен сарыбағыш пен солтыға ризамын, — дейді екен.
Бөрібай келгеннен кейін, солты мен сарыбағыш жиылып, кеңес құрады. Кәрісі Есенқұл мен Кебек, ханы Бөрібай болып «Енді не істейміз?» деп ақылдасады. Бөрібай:
— Қазір Бердіқожаның бекінісі мықты, онда баруға болмайды. Жайшылықта, Бердіқожа Сарытауқұмға келгенде барсақ болады, мен білген Бердіқожа бір келеді, — деп сөзін аяқтайды Бөрібай. Осыған бәрі келіседі. Ел Шу жаққа көшіп жатқанда солты мен сарыбағышты арт жақтан келіп шабады. Қамданып жүрген ел жиылып, күш жинап, қайыра қуады. Қуып отырып Ілеге барып, көп олжаға кенеледі. Іленің ар жағын қыстап отырған үйсіннің малын талап, үйін шауып, Бердіқожаны өлтіріп, көп мал мен адамды қолға түсіріп, мол олжамен үйлеріне қайтады. Сарыбағыш пен солтының шалдары мақтанып отырушы еді. Басшылары Есенқұл, Атеке, Кебек, Бөрібай екен. Ол кезде Төлеберді Абылайға кеткен екен.
Бердіқожаны қалай өлтіргені жөнінде де жаза кетейін. Ілеге жеткеннен кейін Кебек, Есенқұл, Бөрібай, Мырза батыр бұрын қазақтарда аманатта болып, қайтып келген бөлекбай руынан Аша батырды қазақтар арасына жібереді. Оған: «Аша, сіз Бердіқожаны байқап, қайсы үйде тұратынын анықтап келесіз бе?» — деп, Бердіқожаның ауылына жұмсайды. «Мақұл» деп Аша батыр кетеді. Бөрібай мен Мырза батырлар Есенқұл мен Кебекке, Атекеге келіп болған жайды айтады.
— Аша батырды жұмсадық, біліп кел деп, рұқсат берсеңіздер, сарыбағыш пен солтының талапкер батырларын ертіп біз қалайық, Бердіқожаны өлтіріп қайтамыз. Ал сіздер бас болып, қол кете берсін, — дейді олар. Есенқұл батыр бұған риза болып:
— Бауырым, үмітім өзіңсің, кеше Көкжарлы Барақты, Жәпекті, осы Бердіқожаны қуып, Барақ хан мен Жәпекті өлтіргенде батамды беріп, «осы Қазық мойын қазаққа сені салам, бауырым» деген едім. Атеке, Кебек екеуің қолды бастап, қолға түскен мал мен жанды алып жүре беріндер. Мен балаларға бас болып қалайын. Құдай қаласа, Қазық мойын қазақты өлтіріп қайтамыз. Әйтпесе, бұл Қазық мойын қазақ бізге тыныштық бермейді. Қазақтар «қырғыз кетіп қалды» деп енді алаңсыз жатады. Шаршаған немелер қамсыз қалады. Дәл осындай күші сарқылып тұрғанда қазақты қайта қырайық. Аша батыр оның қай жерде жатқанын анық біліп келеді. Ашаның қазақтан айырмасы жоқ, — дейді. Содан кейін Есенқұл батыр қолды жиып: «өз күшіне сенген солты мен сарыбағыштан бізге еріп кім қалады?» — деп жар салады. Білегіне сенген бес жүз адам алға шығады. Атеке мен Кебек би қолды бастап жүріп кетеді. Қыс түскен, қоңыр күздің аяқ шені екен. Түн ұзақ, қоңырсалқын. Бердіқожамен қазақша сөйлесіп, мән-жайды біліп алғаннан кейін Аша келеді. Келгеннен кейін қолға қарап: «Қазақтар арғын мен үйсін аралас отыр екен, екеуі тендей. Ортасынан тоқсан үй беріп, үлкен ақ үйде шалқасынан түсіп жатыр екен мен барсам. Төменгі Шудан келген қазақ болып бардым. Бір қондым, екі бие сойды», — дейді. Аша батыр бас болып ауылдың жанына келеді. Аша батыр «осы ауыл» деп көрсеткен ауылдың тұсына келгенде, Есенқұл батыр колды екіге бөліп, бірін ауылдың басына, бірін ауылдың аяқ жағына орналастырыпты. Өзі Аша батырды алып, жанына Бөрібай батырды ертіп, маңайындағыларға: «Мен ауылға барып, дауысым ұрандап шыққанда, осы жерден ат қойыңдар. «Біздің іздегеніміз Бердіқожа!» деп айқайлай беріңдер, қарсылық көрсеткендер болмаса, үй ішіндегілерге тимеңдер», — деп ескертеді. Сол айтқандай болыпты. Қазақтардың ауылы Іледен алыс екен. Бердіқожаның өз үйінің жанына барып Есенқұл «Жанқораз!» деп ұран салғанда, қалың қол ауылды қоршап алыпты. Бердіқожаның өзі үйінің есігін ашып қойған екен. Шырағын жарық қылып, қолына қылышы мен найзасын алып Бердіқожа қарап тұрыпты деседі. Жанындағы адамдарымен атқа міне алмай қалыпты. Есенқұл:
— Үйді көтер! — деп, үйге кірейін дегенде:
— Батыр, мен кірейін, — деп, Бөрібай кіргенше, Есенқұл үйді төңкеріп тастапты. Бөрібайға:
— А, бауырым, келіп қалдың ба? Көкшолақты мініп қашқаныңнан-ақ осы істің боларын біліп едім, — деп Бердіқожа тұра ұмтылады. «Бердіқожа мен Бөрібай екеуі тіресіп тұрғанда, Есенқұл келіп Бердіқожаны жағадан алды», — дейді шалдар. — осынша батыр келіп, өзгең тыныш тұр, — деп, Бердіқожаның адамдарын, қатын-баласын бөліп тастап, Бердіқожаның өзін байлап, ауылдан шыққан екен деседі. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп Есенқұл мен Бөрібай ауылдан тыныш қана шығып кетіпті. Бердіқожаны Есенқұл: «өлтіріңдер!» деп өлтіртіп, «Ал, Бердіқожаның өлігін», — деп, кескілеп, жүріп кеткен екен дейді бұрынғы шалдар. Ал менің Бердіқожаның өлімін жазғанымды айып көрмеңіздер.
Содан кейін қазақтар Абылайға арыз айтып барыпты. Төлеберді сол уақытта Талас қырғызының дауы үшін Абылайдың жанында екен. Қырғыздан Есенқұл мен Кебек барыпты. Абылайдың алдында қырғыз бен қазақтың игі жақсылары айтысып отырып, бітімге келген екен дейді шалдар. Бердіқожаның құны тоғыз байталға кесілген екен деседі олар. Осыдан кейін қазақ пен қырғыз арасы Абылай дәуірінен Қоқанға қарағанға дейін тыныш болыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі