Керей Бәрдәулетұлы Жәнібек батыр қасына нөкер ертіп Алтайға барып, қоныс шалып қайтады. Тарбағатай тауының үстіртімен суыт жүріп отырып Қарғыба өзеніне жетеді. Қарғыбаның басына қосын тігіп аялдайды. Ол уақытта бұл жерді Қаракерей Мұрын елінің жуаны Жанай ауылдары қоныстап, иемденіп алған. Олар Жәнібек батырды баса-көктеп, килігіп қонғанынан күдіктенеді. «Жәнібектің мына қонысы жай болмас, көшір!» — дейді Шегірге ағалары. Шегірдің жасы жиырманың жуан ортасында, мықты, батыр болам деп жүрген кезі екен.
Шегір ақ беренін киіп, қолына найзасын алып аттанады. Сол бетімен Жәнібек батырдың қосына келеді. Жалғыз аттыны дүбірінен біліп Жәнібек батыр:
— Әй, кім де болсаң аттан түс, бері қоса кір! — деп дауыстайды қостың ішінен.
Жәнібек батырдың жылы лебізін естіп, Шегір сабасына түсіп сабыр қылады. Істің ақырын насырға шаптырмайды.
Шегір қосқа кіріп жайғасады. Ішіп отырған таңертеңгі шайынан Жәнібек оған шай ұсынып, сыйлайды. Шегірдің тектен тек жүрмегенін сұңғыла Жәнібек батыр іштей сезеді. Келген жөн-жосығын сұрайды. Әуел баста «қуам, көшірем» — деп келген бетінен қайтып:
— Сізді ерулікке шақырып келдім, — дейді Шегір.
Алдымен Жәнібек батыр осы қонған жерін сөз етіп, мына шумақты айтқан екен:
— Асан-қайғы іздеген
Жердей екен балмұздақ.
Таласады бұл жерге
Дәті шыдап қай қазақ…
Осылай Тарбағатайдың жерін мақтап, онда әйгілі Қаракерей Қабанбай, Мұрын Боранбай батырдың елі отырғанын айтады. «Ал біз жер жаннаты Алтайға көшпекші болып келеміз». — дейді Шегірге. Содан соң Шегірдің өзін сынып:
— Батырлыққа тән біткен
Нұсқасы бар бойында.
Жауға тура кезенген
Найзасы жүр қолында.
Көрерме еді өзіңді
Жеке шыққан шайқаста, —
деп, найзаның ұшын түйреп, қас жауын жекпе-жекте жайратпай, батыр атағы шықпайтынын айтқан екен. Енді қонақ болу жайына көшіп:
— «Ризық айдап, дәм тартса, бармайын деген жеріне адам баласы үш барады» деуші еді. Құдайым, ризығымнан айырмасын, үйіңе барып, дәм-тұзыңды татайын, — деп ризалық пейілін білдіріпті.
Сол жолы Керей Жәнібек батыр Шегірдің үйіне құтты қонақ болады. Шегірдің жамбасымен сүйретіліп еңбектейтін Күнпейіс деген ұлына қолымен ет асатады. Оның бұдан былай аты «Жамбас» болсын деп Жәнібек батыр қайтадан ат қойып бата береді. Содан кейін:
— Келін жүкті, екіқабат екен, ұл табады. Атымды бердім. Атын Жәнібек қойыңдар, — деп тапсырады.
Аман-есен Жәнібек туады. Кейін оның Дуан деген баласы елді билеп, болыс болады. Керей Жәнібек батырдың берген батасы Жамбас атаға да дарып қонады. Жамбас әрі бай, дәулетті, әрі кісілікті, әулетті болады. Жамбастың бәйбішесі 50 жасында ұл табады. Атын Ыбырай қояды. Ол он бес жасында атқа мініп ру басы — старшын болып сайланыпты. Сөйтіп, Жамбастың бес баласы — бес ауыл болыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі