Алдияр жәйші болған кісі еді. Тәуке қарақалпақтарды қоластына кіргізу үшін оларға бірнеше дүркін шабуыл жасаған еді. Бірақ қарақалпақ ханының алдыңғы шебіндегі қырағы сарбаздары тез уақытта халқына, ханына шұғыл хабар беріп, Тәуке әскерінің жолын айтып отырған. Сондықтан олар жорықтардан олжасыз қайтатын еді. Күндердің күнінде Тәуке хан Алдияр батырды шақырып алып: «Сарбаздарыңды дайында, қарақалпақтарға жорыққа шығасың, ханын қолға түсіріп, елін шауып шығыңдар!» — деп бұйрық береді.
Алдияр жасағымен жорыққа аттанады. Қарақалпақ шекарасына бір күндік жер қалғанда батыр құдіретті күш қолданып, жер бетіне тұман түсіріп, аспаннан қалың жаңбыр жаудырып, жаудың алдыңғы жасағына көрінбей жеріне кіріп, ауылдарын шауып, әскерлерінің көбін тұтқынға алып, мал-мүліктерін тегіс жинап еліне алып кетеді.
Жолда тұтқынға түскен қарақалпақтардың бір қызы тұтқындарың ішінен өзінің ханын таниды, бұл жағдайды қазақтың бір батыры біліп қалады. Осы батыр ханды өлтіріп, артынан өзі Алдиярдың алдында «мен ұстадым» деп көрсетпекші болғанда, қарақалпақ ханы батырға алтыннан ақша беріп, жасырын бостандыққа шығып кетеді. Сол күні бұл жағдай Алдиярға белгілі болады. Ол ханның соңынан қуғын жіберіп, ханын ұстап, тірідей Тәуке ханға жеткізеді. Ол қарақалпақ ханын өлтіріп, қанын ішкен екен.
Қазақ хандығымен қарым-қатынас жасау үшін келіссөз жүргізуге қалмақтың қонтайшысы Алдиярды қазақтың бір батыры деп келген екен. Олардың кездесуінің арқасында «алдағы жылдары екі жақ жауласуды тоқтатып, тату, бейбіт өмір сүрейік» деген келісім жасалды. Алдияр Тәуке ханға келіп қонтайшы мен өзінің ойларын, жасаған келіссөзі туралы айтады. Бірақ Тәуке бұған наразылық білдіріп, қонтайшыны ұстап алып келіп, өлтіруге бұйрық береді. Алдиярдың бірнеше рет «о, менің құдайы қонағым» деп, айтқан қолқасын қабылдамайды. Ол да өз қонағымды ұстап бермейін деп, ауылына алып кетеді де, ел сарбаздарын дайындап, ханның шабуылына тойтарыс беруге дайындалады.
Тәуке әскерін жинап, Алдиярдың ауылына шабуыл жасайды. Бірақ батыр туған-туыстарын ұйымдастырып, оған қарсы соғыс ашады. Шайқас Алдиярдың ауылының маңайында болады. Сол заманда Алдиярдың Майлан деген кенже бауыры болған, ол батырлардың ішіндегі ер жүректісі, қаһарманы еді. Алдияр оған әрдайым «Майлан, ажалың әлде қайдан» деп айтады.
Алдияр батыр Құдияр, Ізбасар, Майлан бауырлары және туыстары Тәукемен таң атқаннан күн батқанға дейін шайқасады. Осы күнгі шайқаста жас батыр Майлан қаза табады. Батыр Тәуке әскерінің шабуылдарын тойтарып, оларды кері қайтарады. Ертеңінде қалмақтың қонтайшысын еліне аттан- дырады. Алдиярдың артында қалған ұрпақтарының есінде осы болған шайқас жөнінде мынадай бір өлең жыр қалды:
Ұзынағаш, Тойкеде келді қалмақ,
Хан Тәуке басып барып басын алмақ.
Келмегірдің қалмағы қайдан келді,
Екі қазақ соғысып, Майлан өлді.
Қонтайшы аман-есен еліне оралған соң, тұтқынға түскен қазақтарды ордасына шақырып алып, олардың қайсысы қай рулардан шыққандарын сұрастырып, тек Садыр руының адамдарын ғана емес, барлық найман және Алдиярдың атын естіген тұтқындарды босатып жіберген екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі