Бұрынғы заманда бір патша бар екен, ол патшаның бір жақсы уәзірі болыпты. Сол уәзір тағдыр жетіп өліпті. Өлген уәзірдің бір жақсы баласы қалыпты. Баланы патша шақырып алып:
— Сен маған әкеңнің орнына қызмет қылып, уәзір болуға жараймысың? – депті. Бала тұрып сонда:
— Сіз уәзірлікке ұнатсаңыз, жарар едім, – деп жауап беріпті.
Патша оны қабыл көріп, уәзірлікке алады. Бала патшаға күніне тоқсан үйрек атып беріп қызмет етеді және қандай қызметке бұйырса да әкесінен артығырақ етіп орындап, патшаға жағымды болады.
Күндерде бір күн бала көл жағалап, үйрек атып келе жатып, тоқсан түрлі бедерленген жүні бар бір үйректі атайын деп, мылтығын көтергенде, үйрек сөйлеп қоя береді:
— Ей, уәзір, мені атпаңыз. Мен Қиыр патшаның қызы едім. Осы көлге шомылып жүргенде, екі апамнан адасып қалып, сонан бері жалғыз жүрмін. Егер атпасаң, сенің сүйікті қалыңдығың болайын, – деп жалыныпты.
Жігіт:
— Қыз суретіне кірсең, атпаймын, – депті.
Үйрек сұлу қыз суретіне кіріп, су жағасынан шығып, балаға тиіп, екеуі бір үй салып, мекен етіп жатыпты.
Бала патшаға бармай кеткен соң, патша басқа екі уәзіріне іздетеді. Екі уәзір іздеп, дария жағасындағы үйге келіп қараса, үйде уәзір отыр, қасында бір алтын сандық жатыр екен. Бұлардың іздеп келгенін біліп, алтын сандық болып жатқан уәзір баланың келіншегі, пері қызы, екен.
Екі уәзір патшаға барып:
— Уәзіріңіз сіздікінен жақсырақ бір алтын сандық құшақтап жатыр, – дейді.
Патша:
— Оны алып кел! – деп жарлық береді. Қыз күйеуіне:
— Сені патша шақыртуы мүмкін. «Неше күндей ауырып жатқанымда, көңілімді сұрауға бір кісі жібермедіңіз, тым болмаса, жолдас ақым үшін, өзіңіз келіп, халімді білмедіңіз!» – деп өкпе айт, – дейді.
Екі уәзір келіп, баланы патшаға алып барады. Патша баладан оның неге келмегенін сұрайды. Бала тұрып:
— Неше күндей ауырып жатқанымда, көңілімді бір сұратпағаныңызға өкпеледім, – дейді.
— Менен де жақсы алтын тапқаныңды білдім. Пәлен шаһарда тоқсан түрлі бедерленген жүні бар бір бүркіт бар, бір жұманың ішінде сол бүркітті алып кел. Егер де алып келмесең, басыңды алам! – дейді патша.
Уәзір бала үйіне қайтып келіп, уақиғаны әйеліне айтады. Әйелі бір орамалға үшкіріп қояды, орамал бүркіт болады. Уәзір оны патшаға алып барады.
Патша әмір етеді:
— Пәлен шаһарда жүні тоқсан түрлі құбылған бір аю бар, бір жұмадан қалдырмай соны алып кел. Айтылған күннен қалсаң, басыңды аламын! – дейді.
Бала үйіне қайтып келіп, уақиғаны әйеліне баян етеді. Әйелі дұға оқып, орамалды аю қылып береді. Айтылған күнінде аюды патшаға алып барады. Патша үндеместен аюды алып қалады да уәзірлерін шақырып алып:
— Барса келмеске екі жол бар еді, уәзірімді жазасы үшін соған жіберіп едім, ол тапсырған жұмысымның бәрін де орындап келді. Ал, енді сендер бір жол табыңдар, соған жұмсайын. Егер де тапсырған нәрсені алып келмесе, басын аламын, келмей қашып кетсе, онан әрмен кетсін. Егер де мен жұмсайтын барса келмес жолды таба алмасаңдар, сендердің бастарыңды аламын! – депті.
Уәзірлер патшадан қысылып, екеуі екі етек алтын алып, шаһарды аралап қыдырып: «Барса келмес жолды білетін кісі болса, осы алтынды береміз», – деп жар салады. Ешкім білмей, сасып тұрған кезде бір соқыр кісі:
— Барса келмес жол - «онда бар да мұнда әкел» деген жол, сонан қиыны жоқ, – дейді.
Екі уәзір патшаға келіп:
— Барса келмес жолы - «онда бар да мұнда әкел» деген жер, – дейді.
Патша уәзір баланы шақырып алып:
— «Онда бар да мұнда әкел» деген жерді тауып кел. Бір жылға шейін келмесең, басыңды аламын! – дейді.
Уәзір үйіне келіп, патшаның жарлығын әйеліне айтады. Әйелі:
— Қандай залым патша еді? – дейді де әйелі күйеуіне мән-жайды түсіндіреді. «Онда бар да мұнда әкел» адамзат жерінен табылмайды. Мұнан былай пері шаһарын аралайсың. Саған мына бір орамалды беремін. Кісі үйіне қонғанда, кісі орамалына қолыңды, жүзіңді сүртпе, осы орамалға сүрт. Өзің келгенше, осы үйде пеш болып тұрамын. Өлсең, орамал өзімді табады, содан білемін, – деп күйеуімен қоштасып қала береді.
Уәзір жүре-жүре бір шаһарға жетеді. Шаһарда ешбір жан көрінбейді, тек айқай-ұйқай дауыс естіледі. Дауыстың қайдан шыққанын уәзір білмейді. Көшеде жүгіріп бара жатқан біреуді етігімен қағып қалған екен, ол талып қалыпты. Барлық перілер оның басына жиылып, кітапқа қарасып: «Адамзаттың салқыны тиген екен», – депті де бұғып жатқан уәзірді тауып, патшасына алып барады. Пері патшасы онан жауап сұрайды.
— Әз патшамның әмірімен, «Онда бар да мұнда әкелді» іздеп жүрген бейшарамын, – дейді.
Пері патшасы қызметкерлеріне:
— Баланы тамаққа тойғызып босатып қоя беріңдер, – депті.
Сол кезде патшаның ханымы уәзір баланың бетін сүртіп отырған орамалын көріп, қайдан алғанын сұрайды. Уәзірдің өзімдікі дегеніне болмай, шынын айтпаса басын алмақшы болады. Уәзір қорыққанынан:
— Әйелімнің орамалы еді, – деп шынын айтады. Сонда пері патшасының ханымы:
— Аһ, дариға, көлде ойнап жүргенде, кіші сіңілім жоғалған еді, соның орамалы екен ғой. Жұмысыңды айт, – дейді.
—«Онда бар да мұнда әкелді» іздеп жүрмін, – дейді бала.
—Бабаң келсін, ол білер, осы шаһарда болса, алып берермін, жоқ болса іздетемін, – дейді.
Бірақ, «онда бар да мұнда әкелді» бала бұл шаһардан таба алмай, бала кете береді.
Ол жүре-жүре бір шаһарға келеді. Бұл шаһарда жан жоқ. Көшеде кетіп бара жатқан бір баланы қағып жіберген екен, перілер жиылып кетіпті де уәзірді ұстап, патшаға апарыпты.
— Не іздеп жүрген адамсың? – депті патша.
— Өз патшамның әмірімен, «онда бар да мұнда әкелді» іздеп жүрген бейшарамын, – дейді.
Патша оны өзінің үйіне қонақ болуға жібереді. Ол патшаның үйіне келіп, тамақ ішіп отырған кезде, жүзін орамалымен сүрткен екен, патшаның ханымы:
— Мынау орамал менің сіңілімнің орамалы ғой, қайдан алдың? – депті.
Уәзір бала шынын айтыпты.
— Томаркөлде шомылып жүргенде, адасып кеткен менің кіші сіңілімнің орамалы, жұмысыңды айт, – дейді ханым.
Уәзір:
— Іздегенім, «онда бар да мұнда әкел» еді, – депті.
— Хан бабаң келсін, бар болса, алып береді, жоқ болса, алдырып береді, – дейді ханым.
Пері патшасы келіп, барша уақиғаны сұрап біледі де:
— «Онда бар да мұнда әкелдіні» білетіндерің бар ма? – деп, еліне жар салады.
Сонда құдық ішінде жатқан бір бақа:
— Мен білемін, алтын берсең, айтамын, – депті. Патша құдықтағы бақаға алтын төгіп берген екен, ол:
— Шеберлерге гауһардан, інжуден, меруерттен кеме жасат, сол кемемен барып әкелеміз, – депті.
Патша айтқанын әзірлегеннен кейін, бақа уәзірмен екеуі кемеге мініп, сапарға жөнеліпті. Бірнеше күндер өткенде бақа: «Көзіңе не көрінеді?» – деп сұрайды.
— Дарияның ар жағында бір қалың ел көрінеді, – депті уәзір.
— Ол көрінген ел - үлкен зор патшалы ел. Патшасы - туғалы үйіне кісі жібермеген, ешкіммен сөйлеспеген адам. Кемеден түскен бетіңде патшаның сарайына бар. Жат жұрттан келген адам екеніңді білсе, патшаның өзі шығар. Сен оған сәлем бер, ол қарсы алар. «Онда бар да мұнда әкел» дер. Бір самаурын шай, бір табақ ет алып, бір жігіт жетіп келер. Бір шыны аяқ шай ішіп, екінші аяқ шайыңды сол жігітке бер. Егер де ол жігіт берген шайыңды ішсе, - жолыңның болғаны, ішпесе - өлгенің, – дейді де бақа дарияға түсіп кетеді.
Уәзір патшаның сарайына келген екен, патша өзі шығып қарсы алды да кіргізеді. Патша:
— «Онда бар да мұнда әкел» деген екен, бір самаурын шай, бір табақ ет алып, бір жігіт жетіп келеді.
Уәзір бір шыны аяқ шай ішеді, екінші шыны аяқ шайды әлгі жігітке береді. Жігіт шайды алып ішкен кезде, патша отырып:
— Әй, «онда бар да мұнда әкел». Бұл патшасынан қысым көріп шыққан жігіт екен. Сен оған барасың, – депті.
«Онда бар да мұнда әкел» ойланбастан:
— Тақсырым! Сізге туғаннан бері қызмет етіп едім, ешкімге бір шыны аяқ шай түгіл, бір шыны аяқ су бермейтін едің, мен бұл жігітке барамын. Бұл бір шыны аяқты өзі ішті де екіншісін маған берді, құрметті бірдей істеді. Бұл тегін адам болмауы керек, – деп, уәзірді кемесіне мінгізіп қоя беріп, өзі соңынан бармақшы болыпты.
Уәзір дарияның ортасына барған кезде, артынан жаңағы жігіт қуып жетіпті. Екеуі келе жатса, алдыңғы жақтан қалың кеме көрінеді.
Сонда жігіт уәзірге:
— Мынау тоғыз мың кеме - бізді тамашаға қоршап келе жатқан керуен. Тоғыз мың кеменің әрқайсысында мыңнан кісі бар. Соларды біз қонақ қылайық. Егер керуен басы мені сат десе, алдыңғы кемедегі көк сандыққа сат та жүре бер. Өзің шаһарға барғанша, мен де барармын. Бірақ, сол сандықты ашпағайсың, – дейді.
Екеуі тоғыз мың кемедегі барлық адамды бір самаурын шай, бір табақ етпен конақ етті. Керуен басы уәзірге:
— Мына жігітіңді сатамысың? – депті.
— Сатамын.
— Не сұрайсың?
— Алдыңғы кемедегі сандықты сұраймын.
Керуен басы үндемей жүре берген екен, қасындағы жолдастары:
— Баяғыдан бері көк сандықтың қызығын көрдік қой, енді мына жігіттің де қызығын көрейік! – деп шулапты.
Ақырында олар көк сандықты беріп, «онда бар да мұнда әкелді» алып жөнеледі. Уәзір келе-келе дариядан шығады.
Мінерге аты жоқ, киерге киімі жоқ, ішерге тамағы жоқ, бәрі біткен, сондай ауыр халде отырған кезде, «онда бар да мұнда әкел» жетіп келіпті. Екеуі тамақтанып, тыңайғаннан кейін уәзір:
— Мына көк сандықта не керемет бар? Аузын ашшы, – дейді.
Жігіт сандықтың кілтін бір бұрағанда, жаңбыр жауады, екінші бұрағанда, қар жауады, үшінші бұрағанда, дауыл болып, күннің көзі ашылады. Тағы бір бұрағанда, қалың әскер «жау қайдалап» күй тартып, барабан қағып шыға келеді.
Жігіт: «Жау жоқ, жатыңдар!» – деген екен, қайтадан сандыққа кіріп кетіпті.
Енді бір бұраған екен, баяғы дарияның жағасындағы үйіне келіпті. Уәзірдің әйелі алдынан шығып, құшақтай алады. Таң атқан соң қараса, «онда бар да мүнда әкел» қанша тамаша сарайлар тұрғызып қойыпты. Патша жарқыраған сарайларды көріп: «Не ғажап екен, біліп келіңдер», – деп, екі уәзірін жіберіпті.
Уәзірлер барған екен:
— Патша өзі келсін, өзіне қараған барлық жұртын жиып келіп, тамаша көрсін, – депті сарайдағылар.
Патша бұл сөзіне қаһар қыла алмай, жұртын жиып барады. Патшаны биік мұнараға отырғызады да келген халыққа екеу арадан бір самаурын шай, бір табақ ет береді, бір кісідей күтеді де патшаға барлық кереметтерін көрсетіп болғаннан кейін, «онда бар да мұнда әкел» көк сандықты ашын жіберіп, қонақтың бәрін қырғызып тастапты.
— Жау жоқ, жатыңдар! – деген соң, әскерлер қайта сандыққа кіреді де қырылған барша қонақтар қайта тіріліп кетеді.
Баршасын биік мұнарадан көріп отырған патша қорыққанынан үндемей, үйіне қайтып келгеннен кейін, елін жинап:
— Сіздер «онда бар да мұнда әкелді» маған алып беріңдер. Егер алып бере алмасаңдар, мен патша болмаймын, – дейді.
Халқы кеңінен кеңеседі: «Алын береміз десек, манағыдай қырғын көреміз, алып бермесек, патшамыз бізге қаһар қылар. Одан да осы патшаны өлтіріп, сол уәзірді патша қояйық», – деген ақылға келеді де патшасын өлтіріп, уәзірді патша сайлап, «онда бар да мұнда әкелді» уәзір етіп қояды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі