Өлең, жыр, ақындар

Үшмұрын

Ертеде бір бай болыпты. Ол сол алаптағы елдің ең байы, әлдісі, онан асқан төңіректе бай жоқ екен. Дүние-мүлік, мал дегендер көп, бірақ бала жоқ. Бәйбішесі мен байдың өзі ғана.

Зарығып жүріп бір ұл көреді. Бай қуанып маңайдағы елдің бәрін шақырып той жасайды. Отыз күн ойын, қырық күн тойы болады. Жақын достарына сыйын береді. Көп жылдар өтті. Бала ер жетті. Байдын бәйбішесі дүниеден қайтты. Үй, мүлік иесіз қалған соң, бай баласына әйел әперуді мақұл көріп, төңіректен қыз іздеді. Бірақ көңілге ұнарлықтай жасаулы сұлу қыздар кездеспеді. Ақыры көрші елдердің бірінен бір байдың қызына сөйлесіп, құда түсті. Күйеу қайынына барып, қалыңдығын көріп, қалыңдығына көңілі толып қайтты. Қалың малға жылқыны үйірімен, қойды қосағымен айдатып жатты.

Күйеудің қайынға баратын уақыты да жақындады. Осы кезде бай дүниеден қайтып, күйеудің сапарына бөгет болды. Иесіз үйді күзетіп отыруға болмады. Қалыңдығын әкелуге касына бір жігітті ертіп, қайынына жүріп кетті.

— Күйеу келді! Күйеу келді! – деп жеңгелері мен балдыздары күйеуді қарсы алды. Күйеудің жолдасы мән-жайды айтып, көп жатуға болмайтынын айтты. Құдалар бұл ұсынысқа қарсы болмады. Күйеуді жөнелтуге қам істеді. Көптен ауыр қазамен көңілсіз жүрген күйеу жеңге, балдыздарымен ойнап көңілі көтеріліп қалды. Балдыздары оған көп қыспақтар жасады. Туысында өлең айтып, ертегі айтып көрмеген күйеуге «өлең айт» деп те қысады. Күйеу жолдастың үйреткен өлеңін айтам деп, өгіздің дауысындай жуан дауысымен айқай салғанына жеңгелері күліп мазақ етіп, мүлдем ұялтып бітірді.

Жүру уақыты таянған соң қайынағалары қонаққа шақыра бастады. Ертең қалыңдық ойнатамыз деген күні кіші жеңгесі қонаққа шақырды. Күйеу жолдасымен, ата-енесі, қалыңдық, балдызы – бәрі қонаққа отауға келді. Ойнап-күліп, арақ-шарабын ішкеннен кейін ет келеді. Қонақтарда пышақ жоқ болып, үйде бір ғана пышақ болғандықтан, үлкен үйден пышақ әкелуге кіші балдызы кетті. Ет туралып болып қалды. Қыз әлі жоқ. Енді қызға қарамай етті жей беруге тура келді. «Келер, артынан ішер» деген, бәйбішенің сөзінен кейін етті жей бастады.

Қыз жүгіріп үлкен үйге келсе, бір дыбыс шығады. Есіктен кірмей қыз тыңдап еді, тіпті қорқынышты сөздер айтылып жатыр екен. Қыз кім екенін білу үшін жабықтан сығалап қарап еді, бөтен үш адам отыр. Бірі төрде, екеуі екі жақ босағаға таман отыр. Мұрындары тіпті ғаламат. Үшеуінің мұрны от басында біріне-бірі тиісіп отыр. Не деген ғажап! Қыздың жүрегі көргенде зу етіп тас төбесіне шықты. Бірак өзін-өзі тоқтатып, не де болса сөзін тыңдайын, кім екенін білейін деп, жабықтан сығалап тыңдап тұрды. Әңгіменің түрі қорқынышты. Жездесіне қауіп төніп тұр. Қайдан шыққаны белгісіз, әйтеуір дос емес жау. Қыз әңгімені басынан ести алмағанына қапаланды. Оның естіген сөздері мынау: «Күйеу қызды алып бара жатқанда мен оның жолында жанат ішік болып құлпырып жатайын. Күйеу алдымен келе жатып, атынан түсіп мені киеді. Сонда мен оның иығынан басып, масыл болып, өлтірейін».

«Күйеу құдалардан озып кеткенде, мен оның қарны ашқан кезде алтын табақта тағам болып жатамын. Сол уақытта ол мені сөзсіз жейді. Мен оның ішіне кірне болып жабысып, ішін тесіп өлтірейін».

«Күйеу өмірінде көрмеген, мінбеген бір жорға болып үстіме алтын ер-тоқым ерттеп алдынан тайпалтып өте шығамын. Жорғасы болдырып келе жатқан күйеу тамаша жорғаға қалайша мінбейді. Мен сол уақта оны жапан далаға алып қашып апарып өлтіремін».

Қыздың естіген әңгімесі осы еді. Осыны айтып болған соң үш мұрын жоқ болды. Қыз не ғажап екенін білмеді. Өңі қашып не істерін де білмейді. Қалай да жездесін құтқару керек. Бірақ осы мезгілде ол қалай құтқаруды да ойлап таба алмады. Тек құтқару деген ой оның басынан шықпады, жүректің басынан кетпеді.

— Еркем, неғып тұрсың? – деген жеңгесінің сөзі оның ойын бөліп, есіне келтірді.

—От сөніп қалған екен, үй қараңғы болған соң қорқып тұрмын. Пышақсыз қайтып баруға жездемнен ұялып тұрмын, – деді қыз: «Несіне ұяласың, жүр тамақ іш. Мен айтпайын, басқа бір жұмысқа айналып қалдым де», – деп жеңгесі қызды ертіп кетті. Қыздың көріп-білгенін адам білген жоқ. Той аяқталды. Күйеуді жөнелтуге қам істеп баратын құда-құдағилар да әзірленді.

— Шырағым, сен осы үйдің шаруасына ие бола тұр, біз қайтып келгенше, біз келгеннен соң сен барарсың, –деді шешесі қызға. Қыз бұған ішінен кейіп:

— Апа, менің жездеммен бірге барғым келеді. Бірге барып тәтемнің қасында болайын, – деді. Қыздың тәтесі де: «Менімен бірге жүрсін, ұлықсат ет, апа», – деп өтінді. Ұзатылып кетіп бара жатқан қызының сөзін екі қылмады. Шешесі ертіп жүрді. Дәл жүрерде қыз қойнына ағасының ақ семсерін тығып алды. Жездесімен бірге салт атқа мініп жүріп отырды. Алдымен озып келе жатыр еді, жолдың жиегінде бір жанат ішік жатыр.

Балдыз, менің ішігімді сен ки. Мен мына ішікті киейін.

Мен әпере қояйын, жездеке! – деп аттан қарғып түсіп, ішікті ақ семсермен қыз тілгілеп быт-шытын шығарды да, атына мініп жүріп кетті. Күйеу ішінен «япырмай, мына қыз ішікті маған қимағаны ма? Неге жыртып тастады?» деп, қызды жек көрді.

— Балдыз, ішікті неге кескілеп тастадың? Кию керек еді ғой!

— Үстіңізде ішік бар. Далада жатқан киімді киген ұят емес пе? Сіз арланбағаныңызбен мен арландым, – деп қыз жауап берді. Күйеу қызды ұнатпады. Ата-енесінен ұялғанынан еш нәрсе дей алмады. Тағы алға жүріп кетті. Күйеудің қарны ашып келе жатыр еді, бір алтын табақ толған тағам тас үстінде тұр екен. Қыз тағы секіріп түсіп: «Жесеңіз алып берейін», – деп күйеуді түсірмей, тағамды төгіп топыраққа араластырып, аяғымен таптап тастады. Күйеу ішінен тағы ызаланды.

— Бір суға жеткенше тамақтанатын, неге төктің оны?

— Даладағы қалдық тамақты жеу сіз сияқты үлкен адамға ұят емес пе, жезде? Қалайша арланбайсыз? «Саған дауа болмас» деп, күйеу ішінен тынып жүре берді. Аты болдырыңқырап қалды. Сондықтан жүрісті баяулатты. Дәл осы мезгілде қаңтарулы алтын ер-тоқымды қара жорға тайпалтып өте шықты. Күйеу қуанып кетіп: «Дыр-р-р, жануар!» – деп еді, жорға тұра қалды. Қыз күйеуден бұрын жетіп, ақ қанжарды көк жоннан салды да бір-ақ тартты. Жорға құлап түсті. Күйеу қатты ренжіді. «Сен қарға істемесем бе? Тұра тұр» деп, ішінен тынды. «Бұл қыз маған дос емес, қас екен» деді ішінен.

— Жездеке, сіз бұған ренжімеңіз. Далада біреудің кетіп бара жатқан жорғасын ұстап міну сіздей бай баласына ұят деп білемін өзімше,– деді қыз.

Онда ол атты неге өлтірдің? «Өлтіргеннен көрі сіздің астыңыздан біреу танып аударып алып жүрсе, маған сол ұят. Сондықтан өлтірдім». «Жарайды, маған қу далада кездескен дәулетті қимайды екенсің. Енді соңғы келе жатқандарды тосайық», – деп аттан түсіп, екеуі де үн қатыспастан отырысты. Құдалар келінді әкеліп салып, аз күннен соң еліне қайтты. Балдыз жездесінің үйінде қалды. Тәтесін жалғыз тастағысы келмеді. Бірақ жездесі қыздың бақытсыздығына қарай, табанын тіліп, күң етіп қойға салып қойды. Қысы-жазы қойдың соңында жүріп зарлаумен күні өтті. Өткен оқиғаларды естіген тәтесі де «дұшпансың» деп, сіңілісіне жаны ашымады, күйеуіне қосылды. Қыз қойда жүріп ұршықпен жіп иіріп, екі-үш жылғы иірген жіптерін жинап, қалаға барып-келіп жүретін бір саудагер бар еді, соған «базардан үстіме көйлек әкеліп бер, сонсоң бір ақ тас, бір көк тас (қасиетті) бар. Соны әкеп беріңіз» деп берді. Өзі күңдікпен күн өткізіп жүре берді. Талай таяқ та жеді. Бірақ не істесе де шыдады. Ақыры саудагер қожа келді. «Тас қымбат екен, көйлек алуға пұлың жетпеді» деп, екі тас әкеп берді. Бір күні қыз ауыл адамын жинап алып, ақ серкенің мүйізіне қаладан әкелген екі тасты байлап, көптің ортасына шығып, жездесі қайнына барғанда, отауда қонақта отырып үлкен үйге пышаққа барып, дәу үш мұрынды көргенін, олардың сөзін, жолда ішікті тіліп, тағамды былғап, жорғаны өлтірген себептерін түгел айтып шықты. «Осы сөзімнің шындығына мына ақ тас пен көк тас куә. Егер осы сөзім шын болса, мына ақ серке қабынан жарылып өледі» деп, сөзін аяқтады.

Осы мезгілде ақ серке қабынан жарылып өлді. Халықтың шындығына көзі жетті. Көпшілік қыздың жездесін кінәлап, қызды киіндіріп, сыйлап айып әперді. Еш кінәсі жоқ таза қыз жездесінен теңдік алып, қой бағудан босап, көксеген арманына жетті. Жездесі жұрт алдында кінәсін мойнына алып, балдызын күтіп сыйламақ болды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Али

Қызық ертегі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз