Өлең, жыр, ақындар

Жеңімпаз Жәмила (ертегі-қойылым)

1-Автор:

— Алматы деген шаһарда, Жәмила деген қыз өмір сүріпті.​ Бірде Жәмила көшеде келе жатып,​ жолдан 10 000 теңге тауып алады. Осы кезде оның миында, екі түрлі ойдың тартысы басталады.
(Сахнаға ақ киім киген екі қыз және қара түсті киім киген екі  қыз шығады.)
1-ші Ақ Ой:
— Жәмила,​ ешқайда кетпей,​ осында тоса тұр.​ Ақшасын жоғалтқан адам қазір келеді.
1-ші Қара Ой:
— Жәмила,​ айналаңа қарашы?​ Ешкім жоқ!​ Ал да кете бер! Кім сені кінәлайды?​ Ешкім!​ Тез,​ кетіп қал.​ Жылдам!
2-ші Ақ Ой:
— Жәмила,​ төбеңнен Жаратқан Иең қарап тұр.​ Екі иығыңдағы періштелер жазып жатыр.​ Ана дүниеде жауап бересің!​ Кетпе! Тұр осында!
Жәмила:
— Жақсы, күтемін.​ Иесіне қайтарып беремін.
2-ші Қара Ой:​
— Қап,​ мына қыздың қырсығын-ай!​ Қазір..​ (жүгіріп кетіп қалады да, балмұздақ сатушыны алып шығады.)
Балмұздақ сатушы:
— Балмұздақ сатам,​ балмұздақ!​ Дәмі тіл үйіреді.​ Жаңғақ қосылғаны, құлпынай,​ таңқурай қосылғаны,​ шоколадты,​ шоколадсызы бар.​
(Жәмила ақшаға бір, балмұздақ сатушыға бір қарап алып, бірнеше мәрте оқталып, бірақ алмай қайтып кетеді.)
Сатушы:
— Әй,​ қыз!​ Аласың ба? Алсаң жылдам алып ал,​ сосын қайта келмеймін.
Жәмила (тамсанып):
— Ммм, қап,​ не ғой.​ Жарайды,​ ешнәрсе емес! (Өз-өзін зорға ұстап, тұрып қалады. Сатушы кетіп қалады. Ыза болған 2-ші Қара Ой, киім сататын саудагерді ертіп келеді.)
Саудагер:
— Көйлек сатам көйлек!​ Он мыңға екі көйлек беремін. Қызылы бар,​ жасылы бар.​ Жылтыры бар,​ асылы бар.​ Алам десең алып қал!​ Мұнда қайта келмеймін!​ Енді арзанға бермеймін!
(Жәмила көйлектерге қызығып қарап қалады.)
Саудагер:
— Әй,​ қыз!​ Аласың ба? Егер алмасаң қайттым?!
Жәмила:
— Жоқ,​ рақмет! Алмаймын!
(Саудагер кетіп қалады. 1-ші Қара ой  аспазды ертіп шығады.)
Аспаз:
— Дәмді бәліш бар.​ Тәтті күлше бар.​ Анаңа апарып бер де,​ алғысын ал!​
(Жәмила жүгіріп барып, тұрып-тұрып қайтып кетеді.)
Аспаз:
— Әдемі қыз!​ Анаңа тәтті бәліш алмадың ба?​ Неге айнып қалдың?
Жәмила:
— Рақмет апай!​ Келесі жолы алармын.​ (Тұра береді.​ Осы кезде сахнаға бір қыз шығып,​ жерден әлдене іздегендей болады. Жәмила қасына жетіп барады.)
Жәмила:
— Сіңлім,​ не іздедің?
Қыз:
— Он мың теңгемді түсіріп алдым. Анам ұрсатын болды.(Жыламсырайды.)
Жәмила:
— Жылама,​ ақшаңды мен тауып алдым.​ Келгенің қандай жақсы болды! (Қуанып, қызға ақшасын қайтарып береді. Осы кезде фан-фара ойнап, сахнаға блогерлер шығады.)
1-ші блогер:
— Қарындасым,​ жарайсың!​ Есімің кім?
Жәмила:
—Жәмила!
2-ші блогер:
— Жәмила,​ бұл «пранк» болатын. Яғни «ойын».​ Сені тексергіміз келді.​ Мына 10 000 теңге сенікі!​ Оған қоса мына 20 000 да!​
3-ші блогер:
— Саған осындай дұрыс тәрбие берген анаңа мың алғыс! 
4-ші блогер: 
— Саған тәтті бәліш! Өзіңе әдемі көйлек. Үлкен балмұздақ сыйға береміз! Жүр,  үйіңе жеткізіп қояйық?! 
(Жәмила қуанғаннан бір жылап, бір күледі.​ Барлығы оны құттықтап, улап-шулап шығып кетеді. Сахнаға Ақ Ой мен Қара Ой қайта шығады.)
1-ші Ақ Ой:
— Қара Ой,​ жеңілдің бе?! Үнемі сенің жолың бола бермейді.​ Қазір адал, жақсы жастар көп! Шүкір!
1-ші Қара Ой:
— Ия,​ бір жолға сенен жеңіле тұрайын.​ Келесі жолы міндетті түрде жеңемін! (Кетеді)
Автор:
— Құрметті оқушылар! Егер сендер де ақша тауып алсаңдар,​ қай Ойдың тілін алар едіңдер?​ Кім нәпсінің тілін алады,​ ол шығынға ұшырайды.​ Кім ақылға бағынады,​ мол сыйға кенеледі!​ Ойланыңдар!

(Кетеді.)

Г. Қасенбай 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз