Өлең, жыр, ақындар

Қозы қалай өзгерді? (ертегі қойылым)

(Сахнаға қолына суқұйғыш ұстап,​ әндетіп қозы шығады. Өзі егіп, баптап жүрген гүлдеріне су құйып,​ олармен сөйлесе бастайды.)

Қозы:
— Гүлдер,​ гүлдер ақ гүлдер,
​ ​ ​ ​ Қызыл гүлдер,​ көк гүлдер.
​ ​ ​ ​ Жайқалыңдар,​ өсіңдер,
​ ​ ​ ​ Тозаңданып көшіңдер!
​ ​ ​ ​ Эх,​ менің гүлдерім қандай әдемі? Мен сендерді өте қатты жақсы көремін, нәзік гүлдерім!
(Осы кезде сахнаға орындық көтеріп шыққан ешкі, гүлдердің жанына келіп жайғасады. Артынан үш лағы ере шығады. Лақтардың бірі гүлдерді иіскеп, бір-екеуін жұлып алады.)
Қозы:
— Лақ,​ гүлдерді жұлмашы..​ (дейді жалынышты дауыспен.​ Осы кезде сөзге ешкі араласады.)
Ешкі:
— Ей, қозы!​ Саған бұл жерді иемденуге кім рұқсат берді?​ Қане,​ қайқай?!
(Қозы жерге қарап жылап, үндемей кете барады. Осы кезде алдынан Маймыл шығады.)
Маймыл:
— Сүйкімді Қошақанды кім ренжітті екен? Неге көңіл-күйің түсіп кеткен қымбаттым?
Қозы (жыламсырап):
— Ме-ме-менің гүлзарымды ешкі алып қойды.
Маймыл:
— Қазір,​ мені күте тұр! (Ешкіге барып):
— Ешкі ханым,​ мұнда лақтарыңды ойнатуға кім саған рұқсат берді?
Ешкі:
— Оо, заңгер Маймыл! Сен-ақ кіріспейтін жерге кірісіп жүреді екенсің?!​ Лақтарымды қайда ойнатсам да өз еркім.​ Өзім білемін!
Маймыл:
— Әрине, орман ортақ.​ Бірақ,​ Қозының гүлзарына иелік етуге хақың жоқ! Қозы бұл гүлдерді ұрығынан егіп,​ күніге суғарғанда неге келмедің? Арамшөп басып,​ гүлдердің өсуіне кедергі келтіргенде қайда жүрдің? Ал бүгін жайқалып өскен, дайын гүлзарға ие бола қалыпсың?!
Ешкі:
— Гүлзар маңында демалғанда тұрған не бар? Қаласам — демаламын,​ қаламасам — кете саламын.
Маймыл:
— Ендеше, кете сал!​ Сақшы иттерді шақырмай тұрғанда!
Ешкі:
— Жарайды,​ не болды сонша «ит, ит»-деп?​ Жүріңдер лақтарым,​ үй жаққа қайтайықшы...?! (кетеді)
Маймыл:
— Қозы,​ кел!​ Гүлзарыңа ие бол!​ Біреу тиіссе маған айт?!
Қозы:
— Рақмет, Маймыл мырза! Енді біреу басынса,​ сізге келіп айтамын!
Маймыл:
— Жақсы. Сау бол! (кетеді.)
Қозы:
— Менің нәзік гүлдерім!​ Сендерді тентек лақ жұлды ма?
Маймыл аға оларды қуып жіберді.​ Енді қорықпасаңдар болады.
(Осы кезде сахнаға бұзауын ерткен Сиыр шығады. Бұзау шауып кеп гүлзарды көріп, анасына былай дейді.)
Бұзау:
— Мөө,​ анашым!​ Осы жерде жайылайықшы?! Әдемі гүлзар бар екен?
Сиыр:
— Жақсы,​ жайыла ғой! Мен біраз демалып алайын?!​ (Сиыр орындыққа келіп отырады.​ Бұзау бір гүлді үзіп алып,​ күлте жапырақтарын жұла бастайды.)
Қозы (жыламсырап):
— Бұзау,​ мұның не? Жайқалып тұрған гүлде нең бар?
Бұзау:
— Жұлғым келді,​ жұлам! Қаласам бәрін жеп қоям!
Қозы:
— Не деген қатігезсің?
Сиыр:
— Ей,​ қозы!​ Қайқай қане бұл жерден?!​ Менің бұзауым өзі біледі.​ Қаласа — жейді,​ қаласа — жұлады.
Қозы:
— Қазір,​ мен сендермен басқаша сөйлесемін! (Маймылды ертіп қайта шығады.)
Маймыл:
— Сиыр ханым!​ Басқа-басқа,​ мен сізден мұндай мінез күтпедім?! Кішкене ғана қошақанға қамқор болудың орнына, неге сес көрсетесіз? Естіген елден ұят емес пе?!
Сиыр:
— А,​ Маймыл мырза!​ Біз әшейін әзілдегенбіз? Неміз бар кішкентай қозыда. Кеттік балам!​ Жоламай-ақ қойшы осының гүлдеріне!​ (Сиыр Бұзау екеуі кетеді)
Маймыл:
— Қозы!​ Қошақан! Неге барлық жануарлар сені басынады?​ Білесің бе?
Қозы:
— Жоқ!​ Неге?
Маймыл:
— Өйткені сенің ішіңде үрей мен қорқыныш өте көп! Егер сен үнемі «маған біреу тиседі»,​ «анау мені жек көреді»,​ «мынау менің бір нәрсемді тартып алады» деп қана ойлай берсең,​ расымен де солай болады!​ Ал «мені айналам түгел жақсы көреді»,​ «маған үлкендер үнемі көмектеседі»,​ «мен ең бақытты қошақанмын» - деп ойласаң,​ расымен де солай болады.
Қозы:
— Рақмет Маймыл аға! Мен сізді түсіндім. Енді айналамдағы жануарлармен қорқып емес,​ тек жақсы көріп,​ еркелеп сөйлесетін боламын.​ Күдіктенуді,​ үрейленуді қоямын!
Маймыл:
— Жарайсың Қошақан! Олай болса кеттік?!​ Барлық​ жануарлармен аралас,​ сөйлес, достас! Сол кезде сені барлығы сыйлайтын болады.
Қозы:
— Жарайды!
(Екеуі кетеді. Қойылым осымен аяқталады.)

Г. Қасенбай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер