Абылайдан кейін оның балалары Уәли, Есім мен Қасым хандық құруға әрекеттенеді. Бұлар Абылай көздеген ізгі бағытпен жүре алмады. Елді біріктіру орнына ру наразылығын тудырып, бейбітшілік тұрмысқа нұқсан келтірді. Соның салдарынан ел бытырап, хандық үстемдігі күйреуге айналды.
Содан кейін ел билеу ісін Қасым төренің балалары Есенкелді мен Саржан, Уәли ханның әйелі Айғаным, баласы Шыңғыс қолға алып, хандық үстемдікті одан әрі жүргізбек болды. Бірақ, олардың қай-қайсысы болса да, нәтиже шығара алмады.
Осы кезде төре тұқымынан Қасымның аса ширақ жауынгер ұлы Кенесары басқару ісіне сыбана кірісіп, «Абылай!» ұранын көтереді. Оған қазақтың, оның ішінде орта жүздің ақыл иесі, билері мен ержүрек батырлары қосылды. Осы күшке сеніп, оған арқа сүйеген Кенесары елді ақылмен біріктіріп билеу ор- нына жұрт түршігерлік қатыгездік жасады: білектің күшімен, найзаның ұшымен әрекет етті.
Күшпен болса да Орта жүзді өзіне бағындырып алған Кенесары бүкіл қазақты біріктіріп, дербес хандық құруды көздеді. Сол мақсатпен бұдан жүз жылға жуық бұрын орыс патшалығына бағынған Кіші жүзді өзіне қаратып алмақ болды. Ол үшін Кіші жүзді орыс патшалығынан бөлуге әрекеттенді. Бірақ бұл ойы іске аспады, орыс әскерінің тегеуіріне төтеп бере алмай, Кенесары тобы ылажысыздан Жетісуға ауысты.
Ұлы жүздің негізгі бөлегі үйсін елін өзіне қаратып алып, Кенесары Жетісу өңірінде Ұлы жүз бен орта жүз хандығын құрды. Бірақ мұны місе тұтпады. Көршілес қырғыз елін қоса билемек болды. Кенесарының бұл өктемдігіне қырғыз басшылары көнбеді, екі елдің арасында жан түршігерлік ұрыстар болды. Күші басым Кенесары тобы қырғыздардың адамдарын қырды, дүниесін талан-таражға ұшыратты.
Бұл басқыншылық әрекетке қазақтың билері мен батырлары наразылық білдіре бастады. Қырғыз еліне бұл тағылық шабуыл тоқтатылмаса, қаруларын тастап, Кенесарымен біржола қоштасуға бел байлағандықтары байқалды. Осы кезде қазақ билері қырғызбен келіссөз жүргізу жөнінде ұсыныс жасады. Кенесары ылажысыздан бұл ұсынысты қабылдады. Қазақтардың ұнатуы бойынша хан өкілі етіп қырғызға тоқсан жастағы Қалды Қарауыл Бөгенбай би бастаған өкілдер тобы жіберілді.
Ол кезде қырғыздың Шәбден, Жекебатыр, Отаншы, Қарабатыр сияқты тапқыр ойдың иелері, ержүрек батырлары жоқ, келіссөзге Жантай хан бастаған билер мен батырлар қатысты. Әңгіме бірнеше күнге созылды. Сәтті аяқталды.
— Қазақ, қырғыз елі — ата-тегі бір туысқан ел. Бұлардың арасында наразылық тудырарлықтай ешқандай көңілсіз жағдай болып көрген жоқ, болуға да тиіс емес. Олар бұдан былай да бірлесіп, тату-тәтті өмір сүруге тиіс. Енді бұрынғыдай дербес екі хандық болмасын, бір ғана қазақ-қырғыз хандығы болсын, оны Абылай жұрағаттары басқарсын! Екі жақ бірдей шын ризалық көңілмен осындай келісімге келеді.
Қырғыз ханының ордасында ғасырға жуық жасаған Бөгенбай қарт пен Жантай хан бастаған игі жақсылар тобы ақсарбасқа бата қылып, екі жақты келісімді берік сақтауға, оның бұзылуына жол бермеуге серт етті.
Сапары оңғарылып, үлкен қуанышпен еліне қайтып оралған қарт Бөкең хан ордасына келді, сәтті келісім жайын Кенесарыға баяндады. Екі елдің қосылып, бір ғана хандық құруына, әсіресе Абылай жұрағаттарына сенім білдіргеніне риза болса да, өз ойлағаны болмаса басқаның дегеніне көнбейтін бірбеткей, қыңыр Кенесары қырғыздардың ақырғы тілегі — «хан ордасы біздің ортамызда, Алатау қойнауында болсын!» деген тілегіне наразы болды. Бөкеңе суық түспен ежірейе қарап:
— Бөке-ай, алжиын дегенсіз бе?! — дейді.
— Мүмкін, жас болса келіп қалды ғой, — деп қаңқу сөзге налыған қарт ата етегін қағып, орнынан тұра бастады. — Қазақ-қырғыз атынан ақсарбасқа бата қылғандағы сертіме берікпін! — деді.
Ордадан қатты налып шыққан Бөкең атына қонды да, Арқаның сары беліне беттей жол тартты. Қазақтың игі жақсылары: билері мен батырлары ду көтеріліп, құрметті қарт ағасына ере жөнелді. Орда маңында не үлкен, не кіші бірде-бір қазақ қалмады.
Кенесарыға бұрыннан наразы Дулат елі бұл жайды дереу қырғыздарға хабарлады. Бүкіл қазақ-қырғыз елі сенген Батагөй ата Бөгенбай қартты қорлаған, екі елдің келісімін бұзған Кенесары ордасына олар тікелей шабуыл жасады. Кенесары мен оның інісі Наурызбайды тұтқындап, қамап қойды. Табанда жазаламай, қамауда ұстауына себеп — «оларды іздеушілер болар ма екен?» деп күтті. Қазақтан басқа да көршілес елдерден оларды жоқтаушы болмады. «Әлем алдында кінәлі емеспіз» деді де, қырғыздар екі төрені қолекі өздері жазалады.
«Кенесары Абылай принципін сақтай алмады. Дандайсыған аңғал төре, опасыз бастық ор қазды, терең қазды, оған өзі түсті. Халық жауына сол лайық!» — десті осы оқиғаны баяндаған қарттар.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі