Өлең, жыр, ақындар

Бұқа мінген көкжал

Бір күні, таң алдында, апаннан бұқпантайлана шыққан көкжал кісі бойы өскен қамыс пен қалың тоғайды жамыла, қара ойды бойлай жортып, бір ауылдың маңына келіпті. Ол қойдан бөлініп қалған қозыға кез болып, тап беріпті. Үрейі ұшып қатты шошыған қозы қалтырап:

— Қасеке, мен тісіңізге сыздық болам ба? Бір асам етім жоқ, мені қайтесіз, онан да шығыс жақтағы өзенге барыңыз, ондағы құла бие суатында бір құла тай құйға батып шыға алмай жатыр, сізге табылмайтын ас сол, оның еті майлы да дәмді ғой шіркін! — депті.

Қозының сөзіне еліткен көкжал қозыны тастай беріп сол бағытқа қарай жорта жөнеліпті. Ол өзен жағасына келсе, шынында, бір құла тай құйлап шыға алмай жатыр екен. Қуанышы қойнына симаған көкжал оны тамақтамақшы болып тұра ұмтылыпты. Сонда құла тай көкжалға:

— Бәлі! Көкжал неткен ақылсыз едің! — депті.

— Мені қалайша ақылсыз дейсің? — деп сұрапты қасқыр ызаға булығып.

Сонда құла тай аспай-саспай жауап беріпті:

— Мені осы бойында жесең, сары балшыққа араласқан еттен не дәм болмақ? Егерде мені құйдан шығарып таза көгалға апарып жесең, сонда еттің дәмі тіліңді үйірмес пе еді! — депті.

Қасқыр миығынан күліп:

— Жарайды! Ақымақ болғаныңмен жылтың бар екен! — деп құла тайды жалынан тартып құйдан шығарады, сонан ол құла тайдың «жылы-жұмсақ етіне бір тоятын болдым ғой» деп көңілденіп, жеуге ыңғайлана бергенде:

— Ей, атың кім?— деп сұрайды құла тай.

— Жоңғар қойнауының әйгілі ханы боламын! — депті қасқыр күжілдеп.

Құла тай оны төтенше қадір-құрмет тұтқан бейнеде:

— Оһо! Алдияр, ханеке, онда менің сол жақ саныма басылған таңбаны көріңізші? — депті.

— Жарайды, көрмейтін несі бар? — депті қасқыр бейне үлкен оқымыстыдай аяғын кердеңдей баса құла тайдың мінер жағына шығып, ол таңбаға қарай бергенде, құйрығын шаншыған құла тай «тарс» еткізіп көкжалды жалманынан түсіріп, құйын да, құйын зытып беріпті.

Тай тепкен аузы-мұрны қан жоса болған қасқыр орнынан әрең сүйретіліп тұрып, құмға қарай безіпті. Ол солтүстік жақтағы белегірге шыға-ақ, күлім қаққан күн ұясынан шығып шартарапқа нұрын шашыпты. Түнгі жортуылда аузы қызылға тимеген көкжал апанына қарай салып ұрып келе жатса, бір иентікте жалғыз қызыл бұқа жайылып жүр екен.

Қасқыр текпіден дал болған аузын арандай ашып:

— Теріңді тірідей сыдырып, майлы етіңді асаймын, — деп қызыл бұқаға ырылдайды.

— Ей, түздің көкжалы, — дейді қызыл бұқа — осыншалық жасқа келіп қол баққан сиыр етінің қатты шандыр болатынын білмеуші ме едің? Оның үстіне тісің жоқ екен, мені қайтып сүйсініп жейсің! Онан да екеуіміз батыс ауылының қыз ұзату тойына барайық. Табақ-табақ семіз қой етін емін-еркін жеп сыйлыққа бір тояйық, бұл ақылым қалай?

Ұзақ жол жүруге шыдамым жетпес! Сары таңды сарпалдаңмен өткіздім, енді аяғымды бір басуымның өзі мұң болып тұр, — дейді қасқыр тыжырынып.

— Егер қатты шаршап шалдыққан болсаңыз, маған мініп алыңыз.

Бұқаның бұл сөзін естіген қасқыр:

— Мен барсам, адамдар маған қас қылмай ма? — деп сұрайды.

— Тақсыр-ау! Сіз адам баласы той-тілеу күні біреуге қастық істейтін жаман ырымға барады деп қашан естіп едіңіз? — дейді бұқа аспай-саспай түсіндіріп.

Бұқаның сөзінің қисынына сенген көкжал:

— Көп сөз көжеге қатық болмас, барсақ барайық! — дейді семіз қой етін жегісі келіп.

Сонан ол бұқаға мінеді де, тойға қатынасу үшін ауылға бет алады.

Қызыл бұқа көкжалды арқасына мінгізіп алып, той болып жатқан ауылға келеді. Тойға жиналған ел-жұрт бұқаға мініп алған қасқырды көре сала айқай-сүрен салып, мылтығы барлар мылтығын алып, иті барлар итін қосып лап қояды. Бұқа осы кезде мөңкіп көкжалды жерге жығады. Жағдайдың насырға шапқанын білген көкжал құйрығын бұтына қысып, Ырымбай құмына қарай зытып береді. Сонан өз апанының қасындағы биікке жетіп, шоқайып отырады да:

Жол жөнекей жолыққан қозақанды,
Берген еді бір Алла өзі сыйлап, аа-ұу.
Алып шықтым құланы әлектеніп,
Жемедім неге оны жатқан құлап, аа-ұу?!
Таңбасын көріп нем бар еді соның,
Қолқанат болмаған соң ханға мияат, аа-ұу.
Бұқаға обидым ғой иесінше,
Адасқан ақылынан мен шын бейбақ ,аа-ұу!
Сиыр етін жеместен той тойладым,
Жақынындай сол қыздың жанды қинап, аа-ұу, —  деп сәтсіз сапарының зарын айтып ұлиды.

Көкжал қасқыр қасіретпен ұлып отырғанда ту сыртынан аңдып келген аңшы, оны бір оқпен атып алады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз