(Башқұрт ертегісі)
Баяғы өткен заманда бір маймақ аю өмір сүріпті. Ол аюдың түлкінің құйрығы сияқты үлпілдеген ұзын құйрығы болыпты. Аю балды өте жақсы көріпті. Оның бал жемеген бірде-бір күні болмапты. Сондықтан, оның күндіз-түні балды қайдан табудан басқа ойы болмапты. Ол аралар үймелеп жатқан ағаш қуысын көрсе, қуаныштан жүрегі жарылыпты. Аю осы ағаштың үстіне шығып, аралардың үйін бұзып, олардың жинаған балын жейді екен. Бейшара аралар өз үйлері мен балдарын қанша қорғағысы келгенмен, аюға шамалары жетпейді. Оның терісі қалың, жүні ұзын ғой. Ал араның тілі өте қысқа еді. Аюды шақпақ болып, жүніннің арасына кірген аралар оның жүніне шырмалатын. Аюға да керегі сол, ол ағаштан түсе салып, жерге аунап, араларды өлтіріп тастайтын. Ол аз болса, аю өзен суына сүңгіп, қалған аралардың түбіне жететін, содан кейін ағашқа қайтадан барып, балды емін-еркін жей беретін.
Бірде орманға отын шабуға бір адам келеді. Ол ағаштың үстіне шығып алып, балды құныға жеп, өзінің ұзын үлпілдек құйрығымен араларды үркітіп отырған аюды көреді.
«Ах! Сен оңбаған аю, аралардың ұясын бұзып, жинаған азықтарын жеп, оларды тонап жатыр екенсің ғой. Мен саған араларға әлімжеттік жасағаның үшін сазайыңды беремін!» деп кіжінген адам аю отырған ағашқа өрмелей жөнелді. Ол аюға жетіп, балтасын сілтеп қалды. Балта аюдың мойнына емес, оның үлпілдеген ұзын құйрығына тиіп, оны түбінен кесіп түсті. Құйрығының кесіліп түскен жері қатты ауырған аю, ағаштан тоңқалаң асып құлап түсті де, орманның ішіне қарай өкіріп, жүгіріп кетті. Содан бері аюдың құйрығы жоқ болыпты.
Ал адам болса, араның тоналған ұясын орнына қойып, үйіне кетіпті.
Мұны көрген аралар таңғалып, өздерінің Ара-аналарынан:
Сіз адамның балды неге алып кетпегенін, әйтпесе аю құсап жемегенінің себебін білесіз бе? Оған ешкім кедергі келтірген жоқ қой! — деп сұрапты.
Ара-ана не айтарын білмепті. Себебі ол да таңғалып отырған. Сондықтан балаларына:
— Адамды қуып жетіп, себебін өзінен сұраңдар, — депті.
Аралар адамды қуып жетіп, оның балды неге алып кетпегенін, неге жемегенін сұрапты. Адам оларға:
— Мен сендердің балдарыңды алып кетсем, иә жеп қойсам, сендер қыстан қалай шығар едіңдер? Сендер қысқа жетпей-ақ аштан қырылар едіңдер ғой, — дейді.
Аралар өз ұяларына қайтып келді. Олар Ара-анаға адамның айтқандарын жеткізді. Ара-ана ормандағы барлық араларды жинап, кеңес құрады. Бұл кеңесте аралар адамға барып, өздерін аюдың шабуылынан қорғап, оларға қамқорлық жасап жүруін өтіну керектігін айтады.
Аралар адамға келіп:
— Адам, сен бізді аюдың шабуылынан қорғап жүрші! Әйтпесе, бізге бұл бұзық маймақ күн көрсетпейді. Біз саған сол үшін алғысымызды айтып, иісі аңқыған тәтті балымыздан беріп тұрамыз, — дейді.
Адам келіседі. Сол кезден бастап адам мен ара достасып, бір-біріне көмектесетін болыпты. Еңбекқор аралар күндіз-түні еңбек етіп, бал жинап, адамдарға өздерінің тәтті балын сыйлайды екен. Ал адамдар оларға қамқорлық жасауды қолға алыпты. Оларға жылы ұя жасап, жыл сайын қыстан аман-есен шығуын қадағалап отырады екен.
Орыс тілінен аударған: Бибісара ОМАРОВА
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі