Өлең, жыр, ақындар

Әке махаббаты (Көрініс)

(Көрініс)

(Әкесі қағаздарын жайып тастап, бірнәрсені есептеп отырады. Осы кезде сахнаға қызы жүгіріп шығып, әкесінің қасына келіп еркелеп сұрақ қояды.)

Асыл:

— Әке,​ сізден бір нәрсе сұрасам бола ма?

Әкесі:

— Болады,​ қызым!​ Не керек?​ Ақшаң таусылды ма? (Қызына қарамастан есептеп,​ жазып,​ сөйлеп отырады)

Асыл:

— Жоқ әке.​ Ақшам бар.​ Осы сенбі Көркемнің туған күні.​ Соған Апортқа киноға барсақ бола ма?

Әкесі:

— Қызым, егер киноға,​ театрға баратын болсаң, анаң екеуміздің біріміз ертіп барамыз. Я болмаса отбасымызбен қыдырамыз. Ал тек құрбыларыңмен,​ мен сені ешқайда жібере алмаймын!​ Құрбыларыңмен ойнағың келсе, үйге әкелері әкеліп тастасын.​ Кешке дейін ойнаңдар.​ Бірақ өздерің қыдыруға болмайды.

Асыл:

— Әке... (Бұртиып, ренжіп қалады.)​

Әкесі:

— Болды қызым! (Қабағын шытып) Менің көңіл-күйімді түсірме.​ Бекерге ренжісіп қалмайық?!

(Қызына ашуланып қарайды. Асыл ренжіп жүгіріп шығып кетеді. Әкесі соңынан қарап, басын шайқап, қағаздарын алып кетіп қалады. Асыл анасымен сахнаға қайта шығады.)

Асыл:

— Айтыңызшы,​ анашым?!​ Неге менің әкем ғана осындай қатал?​ Өзге қыздар үнемі қалада емін-еркін қыдырып,​ ойнап-күліп жүреді.​ Ал мен үнемі отбасыммен ғана қыдырамын.​ Қызық емес қой олай?

Анасы:

— Асыл,​ сен не деген шүкірсізсің, қызым? Сен білесің бе? Жаңадан туған кезіңде сені ай сайын емханаға апаруға денсаулығым жарамады. Сол кезде әкең сені бөбекдорбаға салып,  сүтіңді ысытып алып,  тексертуге өзі апаратын.  Кейін дәрігерлер күліп жүрді. Біресе қолғабын,  біресе бас киімін түсіріп,  қызын қобыратып әкелетін сіздің жолдасыңыз ба еді?-деп. «Ондай қамқор әкелер аз қазір.  Нағыз әке екен!»-деп,  мақтаған болатын. 

Сенің былдырлап тілің шыққанда, күніге саған ойыншық, жеміс-жидек, тәттілер әкелетін. Жұмыстан келгенде сені арқасына көтеріп, үйдің ішін бір-екі мәрте аралап барып жерге түсіретін.

Ал мектепке баратын кезіңде, саған қосымша оқулықтар мен бояулардың, әдемі қаламдардың небір түрін әкеліп берді. Тісің ауырса апарып емдетіп, ауруханаға жатып қалсақ үнемі тамақ таситын. Саған ең әдемі мектеп формасы мен көйлектерді де өзі таңдап алып беретін.  Қызым.. Сенің әкеңе ренжуге мүлдем хақың жоқ!

Асыл (ұялып):

— Анашым...  Кешіріңіздерші..?! 

Анасы:

— Әлбетте, кешіремін күнім! Әкең сенің бей-берекет қыдырғаныңа неге қарсы? Білесің бе?!

Асыл:

— Жоқ...

Анасы: 

— Өйткені әкең сені болуы мүмкін жамандықтардан қорғағысы келеді. Сен түгілі ағаңды да туған күндерге жіберген емес! Кел, одан да екеуміз әкеңе жақсылап тамақ даярлайық?!

Асыл:

— Анашым, әкем расында жақсы адам екен ғой, ия? Мен не деген бақыттымын! Және.. не деген шүкірсізбін?! Осындай әкем болғанына Жаратқанға сан мыңдаған алғыстар мен шүкірліктер айтамын! 

Анасы:

— Тек алғыс айту жеткіліксіз қызым! Расымен әкең екеумізді қуантқың келсе, сабағыңды жақсы оқы! Үлгілі, тәртіпті, ең жақсы қыз болуға тырыс!

Асыл:

— Жарайды, анашым!  Мен сізге уәде беремін! Енді ешқашан әкеме ренжімеймін. Сіздерге ең жақсы қыз болуға тырысамын!

Анасы:

— Ақылдым сол! Жүр маған көкөніс аршуға көмектес. Тездетіп тамақ жасайық! (Екеуі сахнадан шығып кетеді. Сосын барлығы бірге шығып сәл ғана бастарын изеп, көрермендерге құрмет көрсетеді.)

Гүлмекен Қасенбай
07.09.2023 жыл


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер