Сахнаға екі қыз бен қыздарына бұйрық беріп әкесі шығады.
Әкесі:
— Назым, неше сайт жасадың қызым?
Назым:
— Әке, үш сайт жасадым.
Әкесі:
— Неге аз қызым? Қашан жылдам жұмыс жасауды үйренесің?
Назым:
— Әке, қиын ғой! Арасында сабағым бар. Ұйықтағым, ойнағым келеді.
Әкесі:
— Түнде нешеде ұйықтадың?
Назым:
— 21-45-те.
Әкесі:
— Нешеде тұрдың?
Назым:
— Таңғы 4-30-да.
Әкесі:
— Сенде таңғы асқа дейін 3,5 сағат сағат уақыт болды ғой? Неге тиімді пайдаланбадың? Бүгін қайтсең де төрт сайт жасап, сабағыңа да үлгеретін бол! Креативті идеямен жаса!
Назым:
— Жақсы әке! (көңілі түсіп кетеді)
Әкесі (өзге қызына қарап):
— Гауһар, сен ше? Кешегі мен берген компанияның есебін бітірдің бе?
Гауһар:
— Бітірдім әке! Менеджерге тексертуге жібердім. Әке!
Әкесі:
— Ау, қызым?!
Гауһар:
— Неге бізді мектеп бітірмей жатып компанияның жұмыстарына салып қойдыңыз? Неге біздің әр минутымыз жоспарлы? Неге біз тамақты да сіз белгілеп берген минутпен ішеміз?
Назым:
— Әскери бөлімшедегі сарбаздар секілдіміз.. (бұртияды)
Әкесі (екеуіне қарап тұрып):
— Сендердің армандарың ауысып кеткен бе не?
Назым:
— Жоқ әке! Мен «ең мықты, ең атақты бағдарламашы» болғым келеді.
Гауһар:
— Ал мен «ең қымбат есепші болам» деген ойымнан айныған емеспін.
Әкесі:
— Олай болса неге ренжіп отырсыңдар? Армандадыңдар ма, мақсат қойыңдар! Мақсат қойдыңдар ма, жұмыс жасаңдар! Арман — армандаған сәттен бастап жоспарлы түрде жүзеге аспаса, ешқашан орындалмайды!
Назым:
— Дұрыс қой, әке! Бірақ өте қатты қинаудың не қажеті бар?
Әкесі:
— «Балаңды аясаң — аяма!»-деген. Мен сендерді аяғандықтан қинап жүрмін. Әлі осы үшін маған алғыс айтасыңдар?! Қазір жылдам жоспар бойынша істеріңе кірісіңдер! (Қыздарына қабақ шытып қарайды. Қыздар үндемей шығып кетеді. Әкесі сахнаның келесі жағына кетеді. Сахнаға автор шығады).
Автор:
— Арада бес жыл өтті... Назым мен Гауһар бұл күні ең ірі кәсіпкерлер. Олар көптеген атақты жобалардың инвесторлары. Қайырымдылық қорларына миллиондап ақша аударатын жомарт мұсылман қазақ қыздары.
(Сахнаға Назым мен Гауһар басқа киіммен шығады.)
Гауһар:
— Әпке, құтты болсын министрліктен алған орденіңіз! Сізді президентіміздің өзі жұмысқа шақырғаны рас па? Әкем солай деді ғой?
Назым:
— Ия, сіңлім! Әпкеңді құттықтап қойсаң болады! Әкеме ғана айтқам. Әзірге ешкім білмейді. Анамызға айтпай қоя тұр.
Гауһар:
— Мақұл. Әпке, есіңізде ме? Әкемізге қатты ренжуші едік қой?! «Компанияның жұмысын істетіп қойды» — деп. Әкеміз өте көреген, данышпан адам екен. Сол кезде шаршадық, жыладық, қиналдық... Ал қазір рахаттанып жемісін жеп жүрміз.
Назым:
— Ал біздің сыныптастарымыз — қазір біздің жұмысшыларымыз! Солай болады деп кім ойлаған?
Гауһар:
— Әкеміздің бізді қатаң тәртіппен, жан-жақты ғып өсіруінің нәтижесі ғой бұл. Құдайға құр қол жая бермей, амалын жүз пайыз жасаңдар!- деп айта беретіні әлі есімде.
Назым:
— Әкешім мен анашымды қажылықтан келгеннен кейін, қалаған мемлекеттеріне қыдыруға жіберейікші..? Бірнеше мемлекетті саяхаттап, демалып, ел көріп, жер көріп қайтсын!
Гауһар:
— Дұрыс шешім әпке. «Еңбектің наны — тәтті, жалқаудың жаны — тәтті»-деген осы. Ата-анамызды қуантып, елге қызмет етіп, өзге қыздарға үлгі болып жүре берейік?!
Назым:
— Ылайым солай болсын! Ата-анасы жұмсаса ренжитін қыздарға айтып қояйын.. Мектеп жасынан болашақ мамандықтарыңызды таңдап, өздеріңізді дамытуды қолға ала беріңіздер! Ешнәрседен қорықпаңыздар!
Гауһар:
— Біздің қыздар өте талантты, дарынды деп ойлаймын әпке! Біздің мектептен ең мықты ғалымдар мен кәсіпкерлер шығады деп сенейік?! Оған дейін біздер, шай ішіп келейік?!
(Екі қыз сәл бастарын изеп, сахнадан кетеді.)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Ескен Елубаев
- Дмитрий Иванович Писарев
- Мишель де Монтень
- Платон
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі