Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек, жас ұрпақты әдепті, зерделі, сабырлы, арлы болып өсуге баулиды.
Бата — халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар — оның рухани өмірінде тұтастық, бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады.
Болашақтың тұтқасы, иесі — ұрпағына амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттілік, мейірім, өнер-білім, құт-береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеу — ежелден адамзаттың асыл мұраты болса керек.
Халықтың ежелгі қонақжайлық салты бойынша, құрметті мейманға арналып қой немесе тай сойылады, қонақасы беріледі. Сойыс малы қонаққа көрсетіледі. Себебі, ол малдың күйін, дені таза екендігін көреді. Сонан соң бата жасайды. Алғыс яки бата сөзде үй иесінің сау- саламат болып, пәле-жаладан амандығын тілейді.
Ахмет Байтұрсынұлы былай дейді: «Бата — біреуге алғыс білдіргенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады».
Сондай- ақ шешен, ақын, зергерлер өздерінің қасиетті өнерін ізбасар шәкірттеріне аманат етіп тапсырғанда, ақ батасын береді.
— Тең құрбыңның ішінде Үстем болсын талабың! Үйіңе мейман келгенде, Ашық болсын шырайың!
— Әлдеріңнен келгенше Жығылғанды көтеріп, Сүрінгенді сүйеңіз. Тарығып келген адамға Бермесек, отқа күйеміз. Бергенді тым-ақ сүйеміз, Жомарттық қылық қолдансаң Үйіңізден кетпесін Мереке мен тойыңыз!
— Құдай жарылқасын, Бақ қарасын, Қыдыр дарысын! Айдан аман, Жылдан есен қылып, Үйдегі, түздегі Мал, басты аман қылсын!
— Лұқпандай мың жаса, Ер дарысын жасыңа, Инабат берсін қызыңа, Дәулет берсін ұлыңа, Жұрт жиналсын тойыңа! Тасың өрге домалап, Өсе берсін ырысың!
— Беретін батам асыңа, Амандық берсін басыңа! Бар екем деп тасыма, Жоқ екем деп жасыма. Еңбек етсең ерінбей, Дәулет келер қасыңа!
— Арыстандай болсын айбатың, Аюдай болсын қайратың. Гүлге толсын өңірің, Көңілді өтсін өмірің, Асқа толсын табағың, Ашық болсын қабағың! «Бата» дедің маған, Бақ дарысын саған. Дастарқаныңнан кетпесін, Адал тапқан тағам!
— Пейіліңе қонақжай, Бата берем, қолың жай. Ақ жарылған жүрегің, Қабыл болсын тілегің! Бізге сойдың қой, Үйіңнен кетпесін той!
— Рақмет дәміңе, Ризалық берсін бәріңе. Аман болып басыңыз, Жүзге жетсін жасыңыз! Дастарқаның тоқ болсын, Уайым- қайғың жоқ болсын. Аман сақтап абырой берсін. Айың тусын оныңнан, Күнің тусын солыңнан. Мал мен басың тез өсіп, Кетпесін дәулет қасыңнан!
— Абылайдай орда бол, Ақ тілеулі жолда бол! Қабанбай мен Бөгенбай Бастап кеткен қолда бол! Жәнібектей өрде бол, Төле бидей төрде бол! Қазыбек пен Әйтеке Айтып кеткен жерде бол!
— Балам, балам, бақты бол, Досқа жұмсақ, дұшпанға қатты бол! Қазыбектей дана бол, Қазып кеткен сара жол. Қабанбайдай қайратты, Бөгенбайдай айбатты, Ақандайын сері бол, Ақыл- ойдың кені бол! Ақылды бол, дана бол, Адасқанға пана бол. Жақсыны мақта, Нашарды жақта, Момынды сыйла! Жарлылық- өлім емес, Дүниеқоңыздық- өмір емес. Қиындық көрсең, мұқалма, Ауырлық көрсең, жұқарма. Қамқоршы бол кішіге, Үлкенді үлгі тұт алға!
— Абайдың басын берсін, Жамбылдың жасын берсін. Әміренің әнін берсін, Сәкеннің сәнін берсін. Құрманғазының күйін берсін, Шараның биін берсін. Қажымұқанның қайратын берсін, Исатайдың айбатын берсін. Мұхтардың атағын берсін, Бауыржанның жүрегін берсін!
— Жас ұрпақ ғұмырлы болсын, Ата- анаға мейірлі болсын. Қуанышты, көңілді болсын, Еңбегі өнімді болсын. Ақылды, сезімді болсын, Халқына сенімді болсын!
— Өмірлі бол, қарағым, Таудай болсын талабың! Өз құрбыңның алды бол, Бақытты бол, малды бол!
— Оң болсын, балам, сапарың, Молықсың дәмің, татарың. Туған елің тапсырған Парызын өте Отанның!
— Жарқын болсын көңілің Жаздың әсем таңындай. Таза болсын өмірің Таудың аппақ қарындай. Жатсын қонақ үйіңнен Күндіз- түні арылмай, Дастарқаның мол болсын. Мызғымасын босағаң Шаңырағың биік боп, Қосағыңмен қоса ағар!
— Білімің қатарыңнан асып өтсін, Бақытың абыроймен тасып өтсін. Артыңнан өлмейтұғын ат қалдырып, Жалғанды жалпағынан басып өтсін!
— Кетпес дәулет, Кең пейіл, Ұшпас бақыт берсін!
— Еліңе елеулі бол, Халқыңа қалаулы бол!
— Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
— Айдай жарқыра, Жұлдыздай жылтыра. Маңдайың ашық болсын, Дұшпаның қашық болсын!
— Жаңбырсыз жаздан сақта, Дос болып, қас болғаннан сақта. Күле кіріп, күңіренгеннен сақта. Нанды басқан кесірден сақта. Мезгілсіз келген өлімнен сақта!
— Бақытың өссін күн сайын, Аспандағы жұлдыздай. Сегіз қырлы, бір сырлы, Қадірлі бол халқыңа!
— Не тілесең, соны берсін, Алдың базар, артың шаһар болсын. Бақыт қонсын, қыдыр дарысын, Кең пейіл, кетпес дәулет берсін.
Оқуға кеңес береміз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі