Өлең, жыр, ақындар

Үш ұры мен патша

Күндердің бір күнінде үш ұры тегін олжа іздеп ұрлыққа шығыпты. Дәл сол уақытта әлгі елдің патшасы да қол астындағы халқының тұрмыс жағдайын білмекші болып, үстіне жұпыны киім киіп, қаласын аралауға шығады. Үш ұрыны көрген патша қастарына барады да:

— Сендер кімсіңдер, бауырларым? — деп сұрайды.

— Біз ұры едік, жымқырып кететіндей бірдеңе бола ма деп жүрміз, — дейді олар.

— Ал өзің кімсің?

— Мен де ұрымын. Ал сендер ұры болсаңдар, жұрттан асқан қандай өнерлерің бар? — деп сұрады патша.

—  Менің көзімнің өткірлігі сонша, — деді біреуі, — қандай құлыпқа қарасам да өзінен өзі ашылып кетеді.

— Менің иіс сезгіштігім сондай, — деді екіншісі, — жеті қат жер астындағы кез келген қазынаны қателеспей табам.

— Ал мен бір көрген адамымды жүз жылдан кейін де жазбай тани аламын, — дейді үшіншісі.

Соны айтқан олар:

— Енді өзіңде қандай өнер бар, соны айт, — дейді.

— Егер мен басымды бір жағыма изесем, — деді патша, — кез келген адам дереу дарға асылады, ал екінші жағыма изесем, ол өлімнен құтылады. Сондықтан ұрлыққа бір шығатын болсақ, алған олжамыздың жартысын маған бересіңдер. «Бұл бізге өте керек адам екен,— деп ойлайды ұрылар.

— Өйткені біз қашан болса да қауіп-қатерде жүреміз, ал мынамен бірге болсақ, қорқатын дәнеңе қалмайды». Сөйтіп олар патшаны қатарларына қосып алды. Патша ұрыларды өзінің қазына-байлығы сақталған жерге ертіп апарды. Бірінші ұрының көзі түсуі сол екен,  қойманың есіктері өзінен өзі ашылып жүре берді. Екінші ұры қазынаның қайда жатқанын көрсетеді. Ұрылар алтын-күмісті қойын-қоныштарына толтырып алып, енді кете бермекші болғанда күзетшілер жетіп келіп, үшеуін де қолға түсірді. Олай болатыны — ұрылардың көзін ала беріп сытылып кеткен патша күзетшілерін сонда жібере қойған екен. Дедектетіп алдына әкелінген ұрыларды патша дарға асуға әмір етеді. Сол сәтте олар өздерінің жаңа серігін естеріне алып: «Қап, ол бізді өлімнен құтқарып қалатын еді», — дейді сандарын соғып.

Алғашқы екі ұры:

— Ау, бауырым, біздің әлгі жаңа досымыз қайда? — дейді үшіншісіне. 

Ол айнала жағалата қарайды да, тақта отырған патшаны нұсқап:

— Ол... әне! — дейді.

Сол-ақ екен, үш ұры бірдей бас ұрып:

— О, патшам, біз саған бар өнерімізді көрсеттік. Енді сіз де қолыңыздан келетінін көрсетіңіз, нағыз жолдаспыз деген сөзіңіз бар еді ғой! — дейді. Патша басын бір жағына қарай изегенде күзетшілер дереу ұрыларды босата қояды. Сонда патша олардың қазынадан алған асыл тастарының тең жарымын өздеріне қайтарып беріп, содан былай ешуақытта бөтен біреудің мүлкіне қол сұқпауды бұйырған екен.   


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз