Өлең, жыр, ақындар

Қош бол, балалық

Хикаяттар

Олар — үшеу. Кәрім, Бөкен және Мұрат. Кәрім — топ-томпақ, қызыл шырайлы. Темір-терсекке үйір. Бойы тапалтақ. Екі сөзінің бірі «мәс—СА—ғанмен» басталады. Бөкен — сидиған арық. Көп оқиды, зерек.  Білмейтіні жердің астында.  Ал Мұрат... Мұрат жөнінде сөз бөлек.

Мұраттың әкесі жоқ. Анығын айтқанда, әкесі бар. Тірі. Бірақ ол қазір, шешесінің айтуынша, «басқа елде, басқа жерде, басқа балаларға әке болып жүр». Демек, түтіні басқа. Әкесі сонау сұрапыл соғыс жылдары Қап тауы жақтан жер ауып келген екен. Аз уақыттың ішінде шағын ауылға сіңісіп кетіпті. Содан күйеуі соғыстан хабарсыз кеткен осы Мұраттың шешесімен дәм-тұзы жарасып,  біршама уақыт бір шаңырақтың астында түтін түтетіп тұрыпты. Дүниеге  Мұрат  келіпті. Содан күндердің күнінде Мұраттың әкесінің ойына не түскені белгісіз, бір күнде жиналыпты да туған жеріне тартып тұрыпты. Кетерінде Мұраттың шешесіне бір ауыз сөз де айтпапты.

Неге олай еткенін кім білсін. Бала қиялы «неге» деген сұрақтың төңірегінен шыға алмайды. Әкесі әке болып бірде-бір рет іздеп келмепті. Өз баласын сағынбайтын да адамдар болады екен. Шешесінің де мінезі қызық. Әкесінің аты аталса-ақ жыны қозып шыға келеді. Сондықтан Мұрат өзі іштей ойлайтыны болмаса әкесі жайлы сұрап, мамасының мазасын алып, қытығына тигісі келмейді. Ал мамасы болса: «Сенің әкең де, шешең де — мен» дейді. Мүмкін, рас та шығар. Қазір екеуі нағашы ағасының үйінде тұрады.

«Мәссаған, алтыншы класты да бітіріппіз ғой!» деп Кәрім айтпақшы, үшеуі биыл жетінші класқа өткен. Кәрімнің  ғана оқуы орталау. Ал Бөкен мен Мұрат ылғи мақталып жүреді.

Ауыл Шайтантөбе деп аталатын жотаның теріскей тұсында.  Шаңытып жатады. Сол ауылдың алыс шетінде мыжырайған тоқал там бар. Онда Жусанбай деген шал кемпірі екеуі тұрады.

Бірде сол тоқал тамды нұсқап көрсеткен Бөкен әжесінен:

— Әже, Жусанбай атам ауылдың ішіне неге көшпей отыр? Оны жұрт шайтан шалған дейді ғой, сол рас па? — деп сұрағанында:

— Е, қарағым, несін айтасың, — деп күрсінген әжесі, — Шөп қайнаға қайдан көшсін. Ілгеріде үш бірдей баласын сол үйден соғысқа аттандырып салмады ма. Құдай-ау, десеңші, тым болмаса біреуі қайтпады ғой, солардың. Сұм соғыс үшеуін бірдей жұтты да қойды. Солардың әруағын күтеді де. Қарашықтарының кіндік қаны тамған жерді қалай қисын... Шалды шайтан шалды деген жалған сөз. Қонысы Шайтантөбеге жақын жатқан соң жұрт айта береді де...

Осыдан екі ай бұрын Жусанбай шал дүниеден қайтты. Бір ғажабы, қарт қаза болған күні кешкісін кемпірі де көз жұмды. Ауырмай-сыздамай шалының соңынан жүрді де кетті. Жарықтықтар, тіршілігінде тірі жанға тіс жарып, сыр ашпаған жандар еді. Сол бүркенген күй кете барды. Шаңырағын шайқалтып, үш бірдей боздағынан айырған соғыс зардабын тең бөліскен қос қарияның моласын ауыл адамдары бір жерден қазды. Олар ажал азабын да, сүйекке түскен топырақ зілін де тең көтеруге келіскендей.

Қарттардан қалған жалғыз белгі — айдалада қалқайған тоқал там ғана. Оның өзі мүжіліп, әне-міне құлауға шақ қалып тұр. Азын-аулақ мал-мүлікті жерлеуі мен қырқына жұмсаған. Енді  қалғаны — лаймен сыланған еденге төселген қырық жамау ескі киіз ғана.

Біраз күннен бері осы үйді әлгі үш бала иемденіп жүрген. Бүгін де осында бас қосып отыр.

— Әттең, әк жоқ-ау, әйтпесе мына үйді хан сарайындай даңғыратып қоятын едік, — деді Мұрат төбеден түскен балшық орнына қарап.

— Иә, — деп қостады достары.

— Сендер білесіңдер ме, — деп Бөкен ана екеуін елең еткізді, — осы үйге ирек көшенің  балалары көз салып жүрген көрінеді.

— Кім айтты?

— Өздерінен естідім.

— Рас па?

— Шесни! — деп Бөкен сұқ саусағымен кеңірдегін кесті.

— Мәссаған, енді не істейміз?

Балалар үнсіз отырып қалды. Жусанбай атаның түтінін сөндірмейміз, үйді күтімге аламыз деп келіскен еді. Мына хабар шындыққа айналса... Ирек көшенің балалары бұзық. Әсіресе, Нұрбай араласса мына үйдің бір-ақ күнде астаң-кестеңі шығатыны сөзсіз.

— Ит керек! — деді сәлден соң Мұрат.

— Оны қайтпексің?

— Есік алдына байлап қоямыз.

— Терезеден түсе алмайды деймісің.

— Сол да сөз боп па. Үйді айналдыра сым тартамыз да, шынжырға шығыршық тағамыз.

— Мынау  дұрыс ақыл-ей! Біздің итті байлайық. Қабаған! — деді Бөкен табылған ақылға қуанып.

— Мәссаған, сенің итің канден күшік қой, — деді Кәрім. — Біздің тарғыл төбет ше? Соны алып келейік.

Балалар осыған келісті.

Ымырт үйіріле Кәрімнің үйіндегі арсылдап тұратын тарғыл төбет ұшты-күйлі жоғалды. Кешкі тамақтан қалған жұғындыны құюға шыққан Кәрімнің шешесі итті орнынан таппады. «Шынжырын сүйретіп кеткен екен, бір бұтаққа  оралып қалмаса жарар еді» деп ойлаған ол.

Бұл кезде Кәрім, Бөкен және Мұрат үшеуі тоқал тамда болатын. Тарғыл төбетті «қарауылдыққа» қойған. Үшеуі әлдекімді күтетін тәрізді. Тоқал тамның тұсынан өтетін қасқа жолдың бойына тесіле қарайды. Көз байланып қалған сәт. Шайтантөбеде өлі тыныштық. Тек шам оттары жарқыраған ауыл жақтан бірді-екілі үрген иттің қаңқылы естіледі.

— Мен білсем, бүгін ол бұл тұстан өтпейді, — деді Бөкен күдігін айтып.

— Неге?

— Сол... Мүмкін... тағы да ішіп алып, бір жерде сұлап жатқан шығар.

— Сәл күте тұрайық, — деді Мұрат. Сөйтті де шүберекке орап алған бірдемені ортаға тастай салды. — Мә, мынаны бастарыңа байлап алыңдар. Қорқынышты болады.

Шүберектің орауын жазған Кәрім үндік тауықтың құйрық қауырсындарын көріп:

— Мәссаған, мұны қайдан алдың? — деп таңырқай сұрады.

— Хи-хи-хи... Үйдегі үндіктердің біреуін ұстап алдым да... ха-ха-ха... құйрық қауырсындарын кесіп алдым. Қызық болады екен... хи-хи-хи... құйрық жағы қушиды да қалды!

— Ағаң әкіреңдейтін болды ғой енді.

— Менің жұлғанымды қайдан білсін. Ит қуған екен деп ойлайды.

— Шынында да, мынау тамаша болды-ей, — деп Кәрім басына қауырсындарды дөңгелендіре байлап жатып, — енді шайтаннан айнымай қалатын болдық.

— Тұрдыбек дәл қазір келетін болса ғой, біз оған көрсетер едік, адамды қалай қорқытып, жәбірлеу керек екенін! — деп Бөкен де алақанын ысқылап қояды.

— Енді ешкімге қол көтермейтіндей етеміз, ә.

— Айтпа деймін.

Кенет Шайтантөбенің күнбатыс жағынан түн түнегін айқыш-ұйқыш тілгілеген жарық көрінді. Құлаққа еміс-еміс трактор  дауысы естілді.

— Келе жатыр! — деді Мұрат әйнегі сынған терезеден сыртқа қарап. — Дайындалыңдар! Шешініңдер!

— Мәссаған, қалай?

— Тыржалаңаш! Пештен күйе алып бет-ауыздарыңа жағыңдар! Міне, мен құсап... Сонда бізді тірі кісі танымайды.

Балалар асығыс-үсігіс іске кірісті. Пештің күйесін бір-бірінің үсті-бастары мен бет-ауыздарына аямай жақты. Жылтыраған көздері ғана қалды. Жырқ-жырқ күлгенде тістері әппақ болып ағараңдап, расында да жын-періге ұқсап қалды.

Алыстан көрінген трактор — Тұрдыбектікі болатын. Мына үшеуі бүгін соның жолын тосып отыр. Шайтантөбеде шайтан болып қорқытпақшы. Оның да себебі бар.

... Тұрдыбек Бөкеннің көршісі. Әдемі әйелі, екі баласы, сүйегін сүйретіп әрең жүретін шешесі бар. Жұрт Тұрдыбекті «жынсоққан» деп атайды. Өйткені, ол үнемі ішіп алады да тракторымен Шайтантөбе жаққа  барып келеді. Сөйтеді де «мені жын соқты!» деп, үй-ішінің шәт-шәлекейін шығарады. Әйелін қуып жүріп сабайды. Мас кезінде тіпті аяушылықты білмейді.

Кеше де ішіп келіпті. Әдемі келіншегін тепкінің астына алды дейсің, алды дейсің... Екі баласы екі жаққа безіп кеткен. Араға түскен кәрі шеше бір-ақ итергенде қалпақтай ұшқан. Біраз ауыл адамдары жиналып «жын—соққанның» жынын әзер басты. Келіншегі ағыл-тегіл жылады-ай кеп. Жазығым не, дейді байғұс. Оның орнында басқа біреу болса, баяғыда-ақ төркініне тайып тұратын еді. Ал мұның таяққа еті үйреніп кеткен бе, әлде... маскүнемділікке салынған Тұрдыбекті шынымен қимай ма, әйтеуір, бұл үйден кеткісі жоқ.

Осы оқиғаны Бөкен пен Мұрат көзімен көрген еді. Әдемі келіншекті бас-көзге қарамай тепкілегенде жандары түршігіп, ет-бауырлары елжіреп кетті. Барқыраған Тұрдыбектің басынан бақанмен бір-ақ ұрып жық—қылары да келді. Бірақ оған жолау қайда-а. Қолына түскенді шиырып тұрып лақтырып жібереді.

Сосын екеуі Кәрімнің үйіне қарай тұра жүгірген болатын. Болған оқиғаны оған жыламсырап отырып жеткізді.

— Мұндай әкең болғанша... — деп барып тілін тістей қойды Бөкен. Мұраттың онсыз да сыздап отырған жүрегін қозғап кетті ме, оның көзіне мөлт етіп жас үйірілді.

— Тұрдыбекті ұрайық, — деді сосын Кәрім.

— Қалай?

— Жабылып.

— Әліміз жетпейді ғой, әйтпесе...

— Жоқ — деді Мұрат бір түрлі қатуланып, — біз оны ұрмай-ақ жылатамыз.

— Мәссаған, қайтіп?

— Кәдімгідей. Ол күнде кешкісін Шайтантөбедегі тоқал тамның тұсынан өтпей ме?

— Е-е, иә, иә, оны сол жерден тосып алып, шайтан болып қорқытамыз дейсің ғой сонда, — деп Бөкен Мұраттың ойын түсіне қойды.

— Иә.

— Мәссаған, мынау дұрыс-ей!

...Әлгі қарбалас дайындық осындай ойдан туған еді.

— Қазір былай істейік, — деді Кәрім асыға сөйлеп. — Трактордың жарығын кес-кестеп ерсілі-қарсылы жүгірейік. Сонан соң мен трактордың артындағы соқа тірейтін теміріне жармасамын да терезені соққылаймын. Ал сен, Бөкен, тарғыл төбетті соңыңнан ертіп, тракторды шыр айналып жүгіре бер.

— Мен қиқуға басамын, — деп Мұрат та жанып кетті, — неше түрлі дыбысқа салып, бәлемнің бір есін шығарайық.

— Дұрыс. Бірақ абайлаңдар, — деді Кәрім, — Тұрдыбек жынды тракторымен таптап кетпесін. Ал, дайынбысыңдар?

— Дайынбыз!

Үшеуі бір-біріне қарады. Бастарындағы қоқырайған қауырсындар әжептәуір сес көрсететін тәрізді. Мәз болып күлісіп алған олар жалаңаш етін шапақтап, жүгіре жөнелді.

Бұл кезде трактор да аяңдап жалғыз үйге келіп қалған еді. Тұрдыбек қайдан ішкенін кім біліпті, тағы да қызу. Мұндай адамға дауа жоқ көрі—неді. lздеп жүріп ішеді-ау, шамасы. Жұмысқа шыққанда жан қалтасына сала кете ме, әйтеуір...

Тұрдыбектің екі көзі қанталап кеткен. Алдына тесіле қарап, әлдекімге қыжыры қайнап, тісін шақыр-шақыр қайрайды. Әне, анау көрінген Жу—санбай шалдың жұрты. Шалды шайтан иектеді деуші еді, сол рас болды ма, кемпірі екеуі бір-ақ күнде капут болды ғой, деп ойлады ол. Ал мені, мына мені жын соққан!..

Осылай ойлағаны да сол еді, жарықты кесе-көлденеңдеп үш құбыжық жүгіріп өтті. Тұрдыбектің жүрегі су ете қалды. Көзін уқалап жіберіп, алдына қайта қарағанда әлгі үш құбыжық ербең-ербең етіп, енді қарама-қарсы жаққа жүгірді. Көздері атыздай! Жарқ-жұрқ етіп жарыққа шағылысады.

Тұрдыбектің төбе шашы тік тұрды. Дереу екі қапталдағы есіктерді жауып, тракторының жүрісін баяулатты. «Шайтан!.. Ойпыр-ма-а-ай, шайтан!..» Қол-аяғы дірілдеп кетті. Кенет желке тұсындағы терезе сарт-сұрт соғылып, жабайы дыбыс шықты. Бұл байбалам салып жан ұшыра ыршып тұрған еді, маңдайшаға төбесін оңдырмай соғып алды. «Рру-рру-у-у-у!.. Ха-ха-ха!.. О-о-оњо-њо!.. И-и-ињи-њи!..» Әлдекімдер сақылдап күлетін сияқты, ит болып үретін сияқты. Дүние түгел дүрлігіп кеткендей. «Шайтан!...  Шайтан!..» Тұрдыбекте ес қалған жоқ. Жан-жағы сақыр-сұқыр сүйекке толып кеткен тәрізденді. Жарықтан тағы бір құбыжық өткенде байқап қалды, шашы тіп-тік екен! Тыржалаңаш! Тітіркеніп кетті. Тұла бойын сояудай-сояудай тырнақтар осқылап, әлдекім алқымынан ала түскендей. Арқасы жыбырлап, төбе құйқасы шымыр-шымыр етеді. Терезе мен төбеден соққылаған шайтан тап қазір кабинаға кіріп алып, қасында отырғандай көрінеді. Даусы шықты ма, шықпады ма, әйтеуір ышқына айқай салды: «Апа-а-а!... Өлдім ойбай, Орынша-а-а...!

Әйелінің атын атауы мұң екен, әжесі айтқан бір ақыл санасына сап ете қалды. Тілі күрмеліп, дір-дір етіп: «Піссі-міллә... піссі-міллә... піс-лә» деп үш қайталады. Осылай десе шайтан үркеді-мыс. «Пышақ, пышақ, пышақ!..», «Шақпақ, шақпақ, шақпақ!...»

Мына шайтандарға пышақтың да, шақпақтың да құдіреті жетер емес. Үріккен біреуі жоқ. Қайта үшеуіне төрт аяқты, танадай тағы біреуі қосылды. Арс-арс етеді. «Көрмегенім осы еді, ит-шайтан да болады екен-ау!...» «Мені жын соққан деп кеудемді қағатын едім, ал ендеше!... Сұрағаныүды берді Құдай...»

Қатты қорыққаны соншалық, тісі тісіне тимей, сақылдап барады. «Қала гөр, жаным... Мынау апамның қарғысы. Иә, иә, апамның қарғысы бұл. «Сен Орыншаны ұрсаң, сені пері ұрсын!» деуші еді. Сол! Сол! Айтқаны келді!..»

Трактордың артында тұрған құбыжық енді есікке жармасты. Ашпақ ойы бар секілді. Кабинаға кірсе мұны қылқындырмақ-қой. Бұрылып қарауға жүрек қайда. Газды баса түсіп, сол жақ рычагты қатты тартқан күйі ұстап қалды. Құбыжық секіріп түскендей болды. Трактор бір орнында шыр көбелек айнала берді, айнала берді. Бір-екі мәрте қалт-құлт етіп аударылып қала жаздады. Ышқынған мотор үні жер жарады. Сосын Тұрдыбек қасқа жолдан бағытын тайдырып тоқал тамды бетке алып барады. Тамның тұсында жалғыз өскен тал бар еді. Әлдеқашан қурап, құр қаңқасы қалған. Трактор арқырып барып соған соғылды. Кәрі ағаш шатырлап, ербиген екі бұтағымен жер тірей құлады. Тұрдыбек оған да қараған жоқ, тракторын барылдатып ауылға төтөсінен тартып бара жатты.

х х х

Күлкіге қарық болған үшеуі құлаған ағашты көріп, солай қарай құстай ұшты. Алғашында олар тоқал тамды құлататын шығар деп деп зәрелері қалмаған, Жоқ, әбүйір болғанда Тұрдыбек қураған ағашты қақты.  Кәрі талдың томары қос құлаш жердің топырағын қопарып, сыртқа шығып қалыпты. Бұтақтары быт-шыт болып шашылып жатыр. Бүйірден зер салып қараған адамға  жатысы намазға ебедейсіз жығылған қарт адамның бейнесін елестетеді.

— Мәссаған, тамырын қопарып кетіпті! — деді бірінші болып жеткен Кәрім. Мұрат әлі күлкісін тия алмай жүр.

— Бәлемді әбден састырдық. Терезеден көрдім, ха-ха-ха... бүрісіп қалыпты. Екі қолында екі күліш... хи-хи-хи!... Ой — ішегім-ай!..

— Қатырдық! Енді ешкімге тиіспейтіндей болды, — деді қосыла күлген Бөкен.

— Қол көтермек түгілі, ендігі жүктің астына тығылып үлгерген шығар. Ха-ха-ха!..

—Мәссаған, мынау немене! — деді кенет ойылған жердің айналасына үңіліп жүрген Бөкен. Қолында әлдебір сырықтай зат бар.

— Ол не?

— Қане?

— Міне. Мәссаған, мынау қылыш қой! Қылыш! Міне, мынау — сабы... Мынау — қынабы...

— Қойшы-ей, қане?

Мұрат пен Кәрім тұра ұмтылып, Бөкеннің қолындағы затқа таласа қол созды. Шынында да қылыш екен. Зауыттан шыққан. Ұзындығы бір метрдей. Бірақ қанша тартқанмен қынабынан шыға қоймады.

— Тот басып қалыпты, — деді Бөкен.

— Тот басса жермайға  салу керек!

— Оны қайдан аламыз?

— Тоқал тамда бар емес пе?

— Иә, шынында, Жусанбай аталардан қалған жермай бар. Кеттік!

— Тоқтай тұрыңдаршы, — деді Кәрім жерге қарап, — тағы да қа—райықшы, бәлкім, басқа бірдеме табылып қалар.

Үшеуі қараңғыда төрттағандап жүріп жер сипалай бастады. Қолдарына іліккен нәрсені көздеріне тақап, барлай қарайды. Осы сәт Кәрім баж ете қалды. Қолына әлдене іліккен тәрізді еді, онысын көзіне тақай беріп, анадай жерге лақтырып жіберді. Әлгі зат шақұр-шұқыр етіп ағараңдаған күйі дөңгеленіп жата берді.

— Не болды?

Кәрім сөзге келген жоқ, безіп барады. Соңынан екеуі ілесті. Тоқал там­ға лезде-ақ жетті.

Кәрімнің екі көзі алақ-жұлақ етеді. Қатты қорықса керек, аптығып сөйлей алар емес.

— Не болды-ей?

— Ана жақта... жаңағы жерде... бас!... Бас сүйек жатыр!... Адамның басы!..

Екеуінің де денесінен ток жүріп өткендей болды. Кәрім қолындағы қылышқа қорқа қарады. Қолыма ұстап тұрғаным кездейсоқ жілік-пілік болып жүрмесін деген суық ойдан шошып қалса керек. Жоқ, қылыш. Кәдімгі қылыш.

— Ауылға кетейікші, — деді Кәрім әлі де қалтырап, — бұл жерде шынымен шайтан бар сияқты.

— Кетсек кетейік, — деді Бөкен де әзер тұрғанын сездіріп. — Бірақ мына қылышты қайтеміз?

— Қылышты маған беріңдер, — деді  Мұрат, — мен тығып қояйын. Қазір ауылға кетеміз.  Қалған әңгімені ертең осында келіп шешеміз.

Сөз осыған тіреліп, кетуге ыңғайлана бергенде Мұрат қайта тоқтатты.

— Әй, күйелеш-күйелеш болып ауылға тыржалаңаш барасыңдар ма? Киімдеріңді киіп алыңдар. Тұрдыбекті қорқытқанымыз жайлы тірі жанға айтпаңдар. Жарай ма?

— Жарайды.

Үшеуі апыл-ғұпыл киініп, ауылға қарай құстай ұшты. Бір-бірнен қалысар емес. Барын салып келеді. Әшейінде бүйтіп жарыспас. Артта қалып қойса әлгі бас сүйек бас салатындай. Қуарған қу сүйектің өзінен адам мұншама қорқады, ал әлгі Тұрдыбектің жүрегі жарылып кетпегеніне шүкіршілік, - деп ойлады Мұрат ала өкпе болып жүгіріп келе жатып.

Мелшиген түн бар тіршілікті қылғып қойғандай жаңа ғана ию-қию болған Шайтантөбенің у-шуын меңіреу тыныштыққа алмастырды...

Кәрім үйіне жеткенше жүгірді. Өкпесі өшіп қала жаздаса да тоқтаған жоқ. Жаңа бас сүйекті көзіне тақағанда оның тістері шақыр-шұқыр ете қалғандай болған. Тоқтай қалса, шап беріп ұстап алатындай көрінді.

Арт жағынан ырсылдаған дыбыс  естілгенде бақырып жібере жаздаған. Сөйтсе, тарғыл төбет екен. «Кет! Жоғал!» деп  айқай салып еді, төбет  «бұған бүгін бірнәрсе көрінген бе ?»  дегендей біраз қарап тұрды да, өз жөнімен кетті.

Жаздың жайлы түндерінің бірі емес пе, шешесі Кәрімге төсекті далаға салыпты. Алқына дем алған ол шешіне салып, ақ сейсептің астына қойып кетті. Жүрегі дүрс-дүрс соғады.  Бас сүйек көз алдынан кетер емес.

Кенет дәл қасынан шықыр-шықыр етіп, сүйек қажалғандай болды. Кәрімнің жаны мұрнының ұшына келіп, көзін жұма қойды. «Сол! Қуып келген ғой!» деген суық ой сумаң етті. Құлақ салып біраз жатты. Бай—қатпай ғана көрпенің астынан көз тастап еді... тарғыл төбеті тап қасына жатып алып сүйек мұжып жатыр екен. «Ту-у!  Әтеңе нәлет!» деп орнынан атып тұрып,  итті қаңқ еткізіп бір тепті.

Үйге кіріп жатпақшы болып бір оқталды да көрпе-жастықты тасуға ерініп, қайта жата кетті. Ұйқысы келер емес. Аспанда быжынаған жұлдыз. Әне, анау тұрған «Шөміш-жұлдыз». Оны «Жетіқарақшы» деп атайды деп өткенде табиғат тану пәнінің мұғалімі айтқан болатын.  Дұрысы «Шөміш-жұлдыз» деп атаған ғой. Шөміштен аумайды өзі. Жеті қарақшыға ұқсаса ұқсамай кетсін! Әнебір титтей жұлдыз зымырап жылжып барады. Тіпті тез қозғалады. Манағы өздерінің алда-артына қарамай зытқаны секілді...

Бір сәт ойы манағы қылышқа  ойысты. Мектепте үлгерімі орталау бо—лып, мұғалімдердің солғын қабағына ілінген танитын ол осы қылыштан бір жақсылық күтетін тәрізді.

«Шіркін, жаңағы қылыш Қобыланды секілді бір мықты батырдың қылышы болса... О, онда мұны бүкіл ауыл төбесіне көтерер еді-ау. Тоқсандық қорытындыда мұғалімдер: «Е, Майтасов, сенбісің... саған Қобыланды батырдың қылышын тапқаның үшін-ақ жақсы баға қоюға болады. Отыр, отыра ғой, Майтасов...» деп бәйек болар еді. Онда класком Сатыш та: «Қашанғы сынып үлгерімін кері тартасың, қашан жақсы үлгірімге жетесің?!» деп желкесінде зіркілдеп тұрмас еді. О-о, шіркін!..».

Осындай ойға оранып жатып ұйықтап кетті де елеусіз түрде түс әлеміне енді. Класта отыр екен дейді. Барлық балалар мен мұғалімдер мұны қадірлеп, класком сайлапты. Күнделігі толған бестік. Сатыштың үлгерімі күрт төмендеп кеткен екен. Бұл соның желкесінде тұрып: «Қашан үлгерімге жетесің?» деп сұрайын десе, ол мұның алдын орап, өзіне дүрсе қоя береді. Дауысы тым ащы шығады. Бұған мұғалім мәз болып күледі. Бір ғажабы, мұғалім деп тұрғаны — өзінің әкесі екен дейді...

Оянып кетті. Қараса тап жанында әкесі қарқылдап күліп тұр. Тура жаңағы түсіндегідей. Кеңк-кеңк етеді. Әлгінде түсінде Сатыш сияқты еді, жоқ, шешесі екен. Күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Шешесі бұрқылдап жүр.

— Күйелеш-күйелеш болып... Қай ошақтың отын жағып, күлін шы—ғарып келдің?!. Ол кісі қатты ашуланғанда болмаса, бұлай бұлқан-талқан ашуланбаушы  еді.

— Күнімен ойын, түнімен ойын, ойының осылғыр! Кәшегар болғаннан саумысың өзің?! Кеше ғана жуған мына ақ сейсеп не болды, қу шешек?!

Кәрім түкке түсінбеді. Кәшегары несі? Әкесі неге күледі? Шешесі неге ұрсады? Әншейінде өзімен-өзі отыратын әжесі де бетінің әжімдерін қыртыс-қыртыс қылып, аузында қалған екі тісін ақситып, мәз боп отыр. Бұларды қойшы, мына іні-қарындастарына не жорық, қолын шошайтып. соншама мәз болғаны несі?

Есіне енді түсті. Түнде шайтан болғанда тоқал тамдағы пештің күйесін бет-аузына аямай-ақ жаққан еді. Түнде келгенде сол күйінде жата кетіпті ғой. Қорқып жүріп жуынуды ұмытқанын қарашы. Масқара! Асты-үстіне салынған ақ сейсеп пен жастықтың тысы қап-қара күйе. Өзі де ыржалақтап қоя берді. Қайтеді енді. Мұны көрген шешесі одан әрі күйіп-пісті:

— Неменеңе жетісіп күлесің-ей?! Бетім-ау, енді қайттім? Мынаны қарашы, көрпе-төсектің сау-тамтығы қалмапты. Әй, құрымағыр, тұр  былай! Көстиіп әлі жатыр ғой тіпті. Қайда жүріп күлге аунадың?

— Білмеймін...

— Бит бассын сені! Бит басқыр, басқа жер құрып қалғандай, ошақтың ішінде ойнағаның қай сасқаның?!

Мамасы әлі де ұрыса берер ме еді, қайтер еді, егер көрші Жәміш апа келіп қалмаса. Бұл өзі әңгімешіл кісі. Сондықтан жұрт оны «Радио-апа» деп атап кеткен. Қайдан еститінін кім білген, әйтеуір, ауылдағы жаңалықтың барлығын осы кісі біліп отырады. Кімнің үйіне кім келді. кім кетті, не болды, не болғалы жатыр. бәрін-бәрін осы кісі біледі.  Тіпті бәлен жерде апат болды десең. сол жерге өзі барып көріп келгендей суреттегенде аузыңды ашып тыңдаудан басқа амалың қалмайды.

— Әй, Күлжан, таң атпай айқайлап не көрінді сонша? Сол жағыңмен тұрғанбысың. Әлде сені де шайтан шалып кетті ме, ха-ха-ха!..

«Шайтан» деген сөзді естігенде Кәрімнің құлағы елең ете қалды. Жәміштің  бекерге сөйлемейтінін біледі. Бірдеңе білген ғой.

— Сендер естідіңдер ме, — деп «Радио-апа» самауырдың оттығына сек—сеуілдің шоғын салып жүрген Кәрімнің шешесінің  жеңінен тартып, — түнде Шайтантөбеде Тұрдыбекке үш шайтан шабуыл жасапты. Шаштары тіп-тік, құбыжық дейді. Біресе адам, біресе танадай төбет болып көрінеді дейді. Тұрдыбек ес-түссіз үйге келіп, апасы мен әйелінің аяғына жығы—лыпты. «Апатай, қарғысыңды қайтып ал. Бұдан былай арақты аузыма ал—майтын болайын. Ант етейін!» деп кешірім сұрапты. Өзі өлі мен тірінің арасында.

— Қойшы әрі, — деп Кәрімнің шешесі сеніңкіремеді, — сен де айтады екенсіз. Қазіргі заманда қайдағы шайтан?!

— Ибай-ау, сөзіңе болайын, шайтан заман талғайды екен ғой сонда. Нанбасаң әне, ана Тұрдыбектің үйіне қарай қой. Әне, анау самауырды көтеріп бара жатқан Тұрдыбектің тап өзі. Бұрын оның шай қойғанын көріп пе едің...

Көшенің арғы бетінде көз жетер жердегі Тұрдыбектің үй жағына Кәрім де қараған. Шынында да Тұрдыбек сары самауырдың буын бұрқыратып, үйге кіргізіп бара жатыр екен. Күлкісі кеп кетті. Үш құбыжық дейді... Тана—дай төбет боп көрінеді екен дейді... Хи-хи-хи!..

Мына хабарды тезірек Бөкен мен Мұратқа  жеткізу керек. Сондықтан ол жуынып болған соң бірер кесе айранды сіміріп алды да ақырын жылыстап бара жатыр еді, шешесі байқап қалды:

— Әй, көксоққан, сен тағы да жоғалғалы  барамысың? Енді кімнің ошағын тазалалағалы барасың?.. Уњ... саған айтты не, айтпады не. Бүгіннен бастап үйге жат. Көрдің бе, Шайтантөбеде шайтан бар екен. Бұзықтарды бұғаулайды екен. Сен көксоққанды түнде жатқан жеріңнен көтеріп әкетсе де сезбессің...

— Кәрімжан, есегіңді суара ғой, — деп осы кезде әкесі сөзге араласты. — Кешелі бері су ішкен жоқ.

«Әп, бәрекелді, осы әкем маладес, өзіме тартқан, деп ойлады Кәрім қуанып кетіп, мамамның тұзағынан босатады да отырады».

Есегіне жайдақ міне салған Кәрім шарбақты айнала беріп Шайтан—төбеге  қарай тұра шапты. Жауырынында ойығы бар есегін желдіртіп жеткенде Бөкен мен Мұраттың сонда отырғанын көрді. Осында түнеп шыққан ба дерсің. Қылышты қынабынан суырып қойыпты. Сырты тот—тағанымен қылыштың жүзі жарқ-жұрқ етеді. Екі-үш тұсы мұқалған сияқты.

Көк есегінен домалай түскен Кәрім әлі хабарды жеткізуге асықты:

— Естідіңдер ме, қызық бопты! — деп, есегінің басын ауылға қарай бұрды да сауырынан салып қалды. — Тұрдыбекті...

— Естігенбіз-ей, — деп Бөкен жайбарақат отыр, — баяғыда-ақ біліп алғанбыз.

— Нені естідіңдер?

— Тұрдыбектің апасы мен әйеліне барып жылағанын.

— Мәссаған, рас-ей, — деп желкесін қасыды Кәрім қысылыңқырап. Ең соңынан өзі құлақтанғанына намыстанып та тұр. — «Радио апа» айтты ма?

— Енді кім айтушы еді ?

— Бәсе-е...

— Айтпақшы, түнде қалай ұйықтадыңдар? — деді Кәрім төбеден түскендей етіп.

— Қалайы... қалай? — деп Бөкеннің іші қылп ете қалды. Түнде далаға салып қойған төсегінен қашып, шешесінің қасына жатқан болатын. Мына қу соны сезіп тұр-ау, шамасы деп ойлады ол.

— Былай... жуынып жаттыңдар ма дегенім ғой...

Сұрақтың мәнісін жаңа ұққан екеуі тырқылдап кеп жарыса күлді.

— Мәссаған, сонда сен жуынбай жата кеттің бе?

— Иә...

— Ха-ха-ха!..

— Хи-хи-хи!..

Кәрім мыналардың мазақ күлкісін елемеген болып, қылышты қолына алып, айналдыра қарай бастады. Салмақты екен. Бірақ жігітке онша ауырлық етпейтіндей көрінді. «Қобыланды батыр мұндай қылышты қайтсін?!». Түндегі ойының быт-шыты шыққанына ренжіп те қалды.

— Е-е, — дейді қырық құрақ киізде шалқалай жатқан Кәрім орнынан атып тұрып, — түндегі бас сүйекті барып көрейікші.

— Давай!

— Кеттік!

Үшеуі де ұшып түрегелді. Сосын Мұрат пен Бөкен есіктен,  Кәрім терезеден шығып, қара тал жаққа қарай тұра жүгірді.

Кәрі тал сол теңкиген күйі жатыр екен. Соның түбін айналып біраз іздеді. Сүйек жоқ.

— Ит тістеп кеткеннен сау ма? — деді Кәрім түнде итінің сүйек мұжып жатқаны есіне түсіп.

— Қойшы-ей, қу сүйекті ит не қылсын.

— Кім біледі, түнде біздің төбет бірдеңені қажап жатыр еді...

— Ананы қараңдар! Мәссаған!

Мұраттың даусы біртүрлі қырылдап шықты. Не сыбыр емес, не да—уыстап айтқан емес, түсініксіздеу естілді. Екеуі ол нұсқаған жаққа жалт қарап еді, он қадамдай жердегі шашылған бұтақтар арасында әппақ боп қуарған адамның бас сүйегі бұларға қарап жатыр екен. Ақсиған тістері тіз қатар тізілген. Екі көздің орны ойық. Үңірейіп тұр. Мұрын орны да. Бір түрлі сес көрсетіп, айбат шегіп жатқандай. Тізілген тістер шақыр-шұқыр етіп, арандай ауыз әне-міне ашылып, шап ете түсетіндей.

Үшеуі бір-біріне тығыла түсті. Бөкен түнде мына пәлені қолымен ұстағаны есіне түскенде тіпті тітіркеніп кетті. Балалар мұндай бас сүйекті бұрын мектептен көрген. Бірақ олар мұндай сұсты емес-тін. Сонда да болса Мұрат бір басып, екі басып, сүйекке жақындады. Соңынан Кәрім жүрді. Бөкен тырп етпей тұрған. Сосын жалғыз қалған одан да қауіпті екенін білді ме, ақырын жылжи бастады.

Екеуі соңынан ілескен соң Мұрат батылданып кетті. Еңкейе беріп сүйекті қолына алды. Сол сәт көздің қуысынан тызылдап бір қара қоңыз шыға келмесі бар ма. Мұрат бақырып жіберіп еді, Кәрім мен Бөкен тапырақтап безіп кетті. Қара қоңыз тызылдаған күйі жорғалап жайына кетті. Көздің қуысынан шыққан анық қара қоңыз екеніне көзі жеткен соң ғана Мұраттың жүрегі орнына түсті.

— Ей, бері келіңдер, — деп шақырды құлақтарын қайшылап анадай жерде тұрған екеуін. — Қорықпаңдар, кәдімгі қоңыз ғой...

Кәрім мен Бөкен қайтып келді. Бірақ сүйекке жақындауға жүректері дауаламай тұр. Мұрат қарап тұрғаннан түк шықпасын білген соң, не де болса деп, бас сүйекті қайта қолына алды.

— Абайла, басты қолыңмен ұстама!...— деді де кілт  тиылды Бөкен. Сөзінің соңын жұтып қойды. «Басты ұстама, әкең өліп қалады» демек еді. Мұраттың жоқ әкесін айтып, жүрегін қозғап ала жаздады. Сосын:

— Басты қолыңмен ұстама, қалтырауық боп қаласың! — деп қоса қойды. Табан астында сөз тауып кеткеніне өзі де қуанды. Оның бұл бақсылық жорамалы балалардың күлкісін келтірсе де, бұрынғыдай мәз бола алмай тұр.

— Мә, — деді Мұрат сүйекті біраз айналдырып қараған соң Бөкенге, —дәнеңесі де жоқ. Кәдімгі сүйек...

— Қорқамын...

— Қорықпа, міне, көрдің бе, — деп Мұрат сұқ саусағын қос көздің қуысына жүгіртті. Бөкеннің де  еті үйрене бастаған секілді. Қолын соза бергенде Мұраттың басына бір қулық сап ете қалғаны. Ол Бөкен сүйекті қолына алғанда баж ете қап, бүйірінен түртіп қалып еді, анау ойбайлап тұра қашты. Қашып бара жатса да қолындағы басты тастар емес, екі қолымен қатты қысып ұстап алыпты.

Мұрат пен Кәрім  екеуі екі жерде ішін басып, ішек-сілелері қатып жатыр. Бөкен сонадай жерге ұзап барып оралды.

— Өй, тыриған пәле! Неменеңе күлесіңдер-ей, өліп қалсам қайтесіңдер! —деп аз-кем тұрды да өзі де күліп жіберді.

Енді үшеуі де бас сүйекті батыл ұстады.

— Мұны мектепке өткізейік, — деді Кәрім түндегі қиялының етегінен ұстап. — Қылышпен бірге...

— Тапқан екенсің, — деді Мұрат шын ашуланып, — немене, сен өлгенде бас сүйегіңді кептіріп, мектепке өткізсек жақсы бола ма?!

Кәрім жым болды.

— Онда көмейік, — деді Кәрім.

— Мына басты мен танып тұрмын! Былай... танитын сияқтымын, — деді бір кезде Мұрат.

Кәрім мен Бөкен қу сүйекті «таныған» оған таңырқай қарады.

— Көзінен таныдың ба?

— Бәсе-е, мұрыны саған тартқан екен...

Тағы да күлкі. Мұрат та тартынар емес.

— Жоқ-ә, ой, сендер де... күлкіге айналдырмасаңдаршы, — деп шыж-быж болды.

— Менің апам айтып отыратын: «Түп нағашың батыр болған. Сол кеңес өкіметі алғаш орнаған кезде біраз қарсылық көрсетіпті. Жаңа өкіметті жан дүниесі қабылдамаса керек.  Содан бірде үш-төрт жасар менің әжемді атпен алдына алып кетіп бара жатқан жерінен қызылдар атып өлтіріпті.  Ол кезде ауыл бір жерде отырмай,  көшіп-қонып жүреді екен. Қызыл—дардан қорыққан үш-төрт ауыл адамдары түнделетіп  келіп, атамның денесін  жасырын жер қойнына беріпті. Ал, әжем «мен кішкене сәби болғандықтан нақ қай жерге жерленгенін білмей жүрмін» дейтін.   Мына бас — менің сол бабамның басы сияқты. Өллањи!..

— Бабаңның сақал-мұрты бар ма еді? — деп Кәрім Бөкенге  қарап қулана көзін қысып қойды.

— Иә.

— Ал мынаның иегі тап-таза ғой. Ха-ха-ха!.. — Бөкен де қосылып күліп жатыр.

— Қой, — деді сосын Кәрім күлкісін тиып, — басты күлкіге айналдыр—майық. Кім біліпті, мүмкін, бұл қадірлі болған кісінің басы шығар. Бәлкім, Мұраттың бабасының басы болуы да.

— Маладес, Кәрім, — деді Мұрат масаттанып, — міне, мынау әділ сөз. Менің бабам батыр болған. Демек, мынау батырдың басы. Ал батырдың басын ойынға айналдыруға болмайды.

Мұрат тауып айтты білем, ана екеуі бұл сөзге жығыла кетті. Енді не іс—теу керек. Мұраттың бабасының басын таптық деп бүкіл ауылды ая—ғы—нан тік тұрғызуға болмайды. Оған кім сене қояр дейсің.

Ақыры үшеуі мынаған келісті: Ауылдағы молдаға барып айту керек, осылай да осылай... бас сүйек тауып алдық деп. Содан кейінгісін  көре жатар.

...Молда Шайтантөбеге екі-үш ауыл ақсақалын ертіп бармақшы болды. Апырай десейші, жаназа десе тұра шабатын шал ­ екеш шалдардың да жаны тәтті көрінеді. Түндегі Тұрдыбектің жағдайынан хабардар болған-ау, шамасы. Шайтантөбеге қарай аяқ басқысы келмей, әлденені сылтауратып көбі келмей қойды. Тек Күріш ақсақал ғана кемпірі Бақыттың: «Барма, аузы-басың қисайып қалады!» дегеніне шамданып: «Қисайса қисайып қалсын! Немене, бет-аузымды бүтін ұстап мағын қыз айттырайын деп пе едің?! Әруақтан үлкен емеспіз! — деп етегін сілке түрегелген.

Түбірімен қопарылған қара талды көргенде ақсақалдар астапралласын айтып, жағаларын ұстады. «Құдайдың құдіреті, мынау ірі шайтанның ісі ғой! Сақтай гөр жаратқан!..» деп Молданың сыбыр ете қалғаны құлаққа шалынды. Көктей өткен трактордың ізіне  назар  аудармады.

Төрт шал, үш бала — алтаулап жүріп қара ағашты кейін ысырды. Молдекең бас сүйекті аққа орап, шұңқырға тастады да балаларға қарап:

— Бұдан басқа ештеңе тапқан жоқсыңдар ма? — деп сұрап еді:

— Жоқ, — деді Мұрат жұлып алғандай. Бөкен оған жыпылықтап қарап еді:

— Тыныш тұр. Ол бізден қылыш емес, сүйек сұрап тұр ғой, — деп құлағына сыбырлады.

— Онда мына шұқырды қайта көміңдер, — деді молда беліне қыстырған күрегін алып.

Балалар іске кіріскенде төрт  шал өзара шүйіркелесіп кетті.

— Жарықтық, Жусанбай марқұм бір ауыз сөзді артық айтпайтын бір тоға жан еді. Құдайдың рақымы жауғыр, сонда мынау кімнің сүйегі болды екен?

— Е, қария, — деді  енді бір қарт та таяғымен жер шұқып, — әлгі ашаршылық болған «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген кер заманда кімнің сүйегі қайда қалғанын білмей қалған жоқпыз ба?

— Рас,  рас айтасың - деді шалдар қауқылдасып.

Қопарылған топырақты қайта орнына толтырғанда кішігірім төмпешік пайда болды. Төрт шал беттерін құбылаға беріп, зиратқа дұға оқыды да қағынып-сілкініп ауылға қарай аяңдады. Ендігі әңгімелері Тұрдыбек жайында болып барады.

— Қара ағашты тамырымен қопарған шайтаннан Тұрдыбектің жаны қалай қалған? — деп бір қойды бағанадан бері үнсіз жүрген Жылқыбай қария.

— Е, бәрі де Құдайдың ісі ғой. Адамның басы — алланың добы деген. Бұл жердің Шайтантөбе атануы тегін деп пе ең. Бұрынғылар бірдеңені біліп қойған ғой бұл атауды... — деп молда білгішсінді. — Ал Тұрдыбектің жайы бөлек. Әлі де болса әкесінің әруағы ғой оны желеп-жебеп жүрген...

Төрт шал ұзай берді.

Тұрдыбектің «шайтанға жолығуы» ауыл-ауылға тез тарап, балалар үшін бірталай жақсы жағдай туғызды. Біріншіден, «жынсоққан» атанған Тұрдыбек енді сауықты. Әдемі әйелін тепкінің астына алмайтын, арақ ішпейтін болды. Екіншіден, тоқал тамға ирек көшенің балалары аяғын аттап баспайтын болды. Өйткені, ол Шайтантөбенің ернеуінде тұр ғой. Сондықтан бұл жерге тарғыл төбетті ұстаудың жөні жоқ.

х х х

«Батыр бабаның басын» көмген соң балалар шалдардың көзін алдап, ауылға қарай жүгіре жөнеліп, қыр астынан тоқал тамға қайтып оралған болатын. Әлгіндегі қызу қимылдан кейін және біраз жүгірген соң танаулары пыс-пыс етіп, әрең демалып отыр. Шілденің шығатын кезі. Күн шыжып тұр.

Үшеуі көйлектерін шешіп алып желпінсе де пора-пора тер басылар емес. Әсіресе құрым киіз  үстіне қос тізесін құшақтап отыра кеткен Бөкеннің  тыриған арық денесінен тырс-тырс тер тамады. Оған қарағанда Мұраттың жағдайы тәуір, самайы мен алқымы ғана суға шыланған.

— Айтпақшы, Мұрат, — деді Кәрім, — жаңа сен қылыш тауып алғаны—мызды неге жасырдың?

— Њм!.. Оған айтсаң қылышты алады да екі күннен кейін қорасына қазық қылып қағып қояды. Ол шал не білер дейсің.

— Енді не істейміз?

— Егер келіссеңдер, менде бір ұсыныс бар.

— Қандай?

Кәрім түрегеп отырды. Бөкен де сығырая қарап қалыпты.

— Қылышты Сәмен ағайға көрсетейік. Сол кісі бір жөнін табар.

Сәмен ағай деп отырғаны — мұғалім. Тарих пәнінен береді. Жалпы, жақсы кісі.

— Табылған ақыл! — деп Кәрім қуанып кетті. Өйткені, тарих сабағы деген мұның миына қонбайды. Осы жолы Сәмен ағайдың көзіне түссе... Түндегі ойы тағы да елес беріп өтті.

Бөкен қайдам дегендей иығын қиқаң еткізе салды.

— Онда былай істейік, — деді Мұрат бар салмақ өзіне ауған соң, — қазір үйге барып түскі тамақ ішейік. Сүйектің қызығымен байқамаппын, ішімде ит ұлып, ішегіме жүз құрбақа ұя салғандай шұрылдап жатыр. Сәмен ағайдың үйіне түстен кейін барамыз.

— Қылышты мен алып барайыншы, — деп Кәрім тақ ете қалды.

— Жарайды, — деді Мұрат оның түпкі ойын түсіне қойып, — бірақ жақ—сылап орап ал. Көшеде кездескендердің бірі алып қойып жүрмесін. Сонан соң... бұдан былай бір-бірімізден сыр жасырмайтын, шын мәніндегі достар болсақ қайтеді, а? Ал мына қылыш пен сүйек жөнінде әзірге ешкімге ештеңе айтпағанымыз дұрыс сияқты.

— Мәссаған, сонда қалай, бір-бірімізге не ойласақ, соның бәрін айта береміз бе? Мысалы Бөкен Оразкүлді, Мұрат Күпәнді жақсы көреді дегендей, соның бәрін айтып отырамыз ба? Өзінің кімді ойлайтынын бүгіп қалды.

— Жоқ-ә, ең маңызды деген мәселені жасырмауымыз керек. Ал басқаларға...

— Жымпи — аузыңа құм құй! — деді Кәрім лепіріп.

— Дұрыс!

— Ендеше келістік!

Үшеуі қол алысып, сосын төсерін түйістірді.

х х х

Мұрат дәліздегі шешілген аяқ киімдерді көргенде қуанып кетті. Үйге қонақ келген тәрізді. «Қаңғырып қайда жүрсің?!» деп, арс ете қалып қарсы алатын нағашы ағасының алакөзінен құтылатын болды. Қазір тамаққа тыңқиып тойып алады да...

Келген кісілер — нағашыларының алыстан қосылатын ағайындары екен. Бір қызығы, мұны бәрі де танитын болып шықты. Ал бұл оларды жыға тани қоймады.

Шүңірек көзді, селдіреген жез мұрты бар кісі сәл қызыңқырап отырса керек:

— Әу, мынау Мұрат па? О-о, азамат бопты ғой өзі. Қане, бері келші, бетіңнен сүйейін, — деп мұны алдына алды да шөпілдетіп сүйді кеп, сүйді кеп. Оның оң жағында отырған қатқан қара келіншек те қалысар емес, бас салып сүйіп жатыр. Оның да аузынан арақтың иісі мүңкіп тұр. lшіп алған адамның әдеті ғой, әйтпесе қайбір емешегі үзіліп тұр дейсің, деп ойлады бұл.

Шешесі бұрынғыдай емес, қабағы ашық, жадырап отыр. Ал нағашы ағасының өзі күлгенмен көзі күлмейді. Бұған алара бір қарады да «шыға тұр» дегендей белгі берді. Атауыңды ауызғы бөлмеге барып іш деген емеурінін бірден сезе қойған Мұрат ығысып шығып кетті.

Ағасының зәбірінен шығады-ау. Бұрын қалай еді? Әуелдегі күндерде тап мынадай тасбауыр емес-ті.

... Әлгі Қап тауын асып кеткен әкесі кеткен соң  шешесінің  басқа барар жер, шығар тауы қалмай осы ағасыныкіне нәрестесін көтеріп келген еді. Аға-жеңгесі оны қуана қарсы алды. Өйткені, олар отасқандарына он жылдан асса да бала көрмеген-тін. Сәбиге салған жерден жата кеп жабыссын.

— Сен жассың ғой, баланы біздің бауырымызға сал, — деп екеуі екі жақтан Үрләйдің басын айналдырсын.

«Басқа түссе баспақшыл» деген, Үрләй не десін, табан тіреп келген жал­ғыз туысы осылар болғасын айтқанынан шыға алмаған. Бір жасар Мұратын аға-жеңгесінің бауырына салған.

Ерлі-зайыптылар содан бастап ертелі-кеш Мұратты ермек етіп, асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүрді. Арада үш жыл өткенде жас иіске деген мейірім тас құрсақты жібітті ме, әйтеуір, жеңгесі шекесі торсықтай ұл тапты. Екі жылдан кейін екі егіз қыз келді дүниеге. Содан-ақ нағашы ағасының кеудесіне кесір ұялай бастаған. Мұратқа бұрынғыдай елпілдемей, бөлектейтінді шығарды. Үш-төрт жыл «әке» деп келген үй—реншікті атауын «аға» деп бұздырды. Ал жеңгесі шешесінің көзін ала беріп... желкелейтінді шығарды. Пендемісің деген сол, әне...

Мұрат ауызғы бөлмеде отырып, қарнын тойдырған соң ойнаған болып сытылып бара жатыр еді, ағасының шыға келмесі бар ма.

— Қайда жүрсің-ей, қаңғырып?! — деп зірк ете қалды. — Ана қара си—ырды қаталатып өлтірмекпісің? Әлде оған да мен жүгірейін бе, а?! Бала—ларды алдап әкеп, ана ағаштарды аралатып таста деп айтқаныма қанша күн болды?  Желкеңді үзіп, сирағыңды сындыратын жүгермексің ғой!..

Ағасы жұдырығын ала жүгіргенде Мұрат босағада тұрған шелектерді қаңғыр-күңгір еткізіп, сыртқа тұра қашты. Ренжіп қалды. Ренжігенмен не бітірмек, бұған да ет үйрене бастады ғой. Шешесіне айтайын десе, онсыз да жарымжан адам құса болып өле ме деп қорқады. Ал аға-жеңгесі шешесінің көзінше көп тиісе бермейді.

Ол қораға барып, қара сиырдың астын тазалады. Сыңар мүйізді сиыр шынымен-ақ қаталап қалыпты, үш жарым шелек су ішті. Қай жағына кетіп жатқанын кім білсін.

Сосын кеше ғана шарыққа салынған балтаны алып, ағаш жаруға кірісті. Анда-санда үйге қарап қояды. Ағасы темекісінің түтінін бұрқ-бұрқ еткізіп есік алдында тұр. Бағанағы жез мұрт қасында. Ол Мұраттың қимылына риза сияқты. Бірдеме-бірдеме деп ағасына жалпақтап жатыр.

Әудем уақыттан кейін ағасы қонақтарын ертіп үйге кіріп кетті. Енді екі-үш сағатсыз шықпайды. Соны пайдаланып қалғысы келген Мұрат Сәмен ағайдың үйіне қарай тұра жүгірді. Балтаны жарылған ағаштың арасына жасыра салды.

Бөкен мен Кәрім тағатсыздана күтіп тұр екен.

— Тойға жиналғандай жүріп алдың ғой тіпті, — деп Бөкен ренжіп жатыр.

— Жарайды, жүріңдер кеттік, — деп Кәрім алға ұмтылды. Мұрнының үсті бырс-бырс терлеп тұр. Онысын білегімен олай-бұлай сүрткенсиді.

Кәрім қылышты жаялық секілді шүберекке орап алыпты. Біреу-міреу жармаса кетсе тірі тұрып айырылмастай, қатты қысып ұстап алған. Әншейінде  мұғалім атаулыдан қашқақтап, алға басқан аяғы кері кететін еді. Сәмен ағайдың есігін бірінші болып сол қақты.

— Кто там? — Арғы жақтан сызылған қыздың даусы естілді. Кәрім сыртқа қарай серпілді.

— Орыс қой...

Есік жайлап ашылып, іштен шашы желке тұсынан қиылған қара торы қыз шыға келді. Өзі шалбарланып алыпты. Беттері айғыз-айғыз балаларға таңырқай қарап тұрды да:

— Вам кого? — деп тағы сұрады.

Кәрімде дыбыс жоқ. Бөкен де жанарын тайдыра берді. Мұрат сүйкімді қызға сұқтана қарап, состиып тұрып қалған. Үшеуінен үн шықпасын білген соң қара торы қыз қайтадан ішке кіріп кетті.

— Сәмен ағайдың мұндай қызы жоқ еді ғой, — деп Кәрім енді ғана тілге келді.

— Қонақ шығар. Өзін орыс екен десем, қазақ сияқты, — деп Бөкен долбар жасады. — Қазақша білмеуіне қарағанда қаладан келген-ау, шамасы.

Мұрат үн-түнсіз тұр. Қара торы қыз шыға келгенде кеуде тұсы солқ етіп, сасқалақтап қалған болатын. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, әлдебір сиқыр арбағандай, қатты толқып кетті. Екі көзі есікте, меңірейіп әлі тұр.

— Е-е, сендер ме едіңдер, — деп біраздан соң Сәмен ағайдың өзі шықты. — Иә, Ассалаумағалейкумдер,  қайдан жүрсіңдер?

— Сәлеметсіз бе, ағай...

Балалар неден бастарын білмей, қипақтап біраз тұрды. Қысылшаң шақтан Кәрім құтқарды:

— Мынаны алып келіп едік, — деді қолындағы ораулы қылышты көрсетіп. — Сізбен ақылдассақ деп...

— Е, бұл немене еді? — деп Сәмен ағай ораулы затты қолына алды.

— Қылыш, — деп тақ ете қалды Кәрім.

— Қылыш? Не қылған қылыш?

— Кәдімгі қылыш, — деді Кәрім даусын сәл көтере түсіп, — тауып алдық.

— Не дейді? Қане, көрсетші? Қайдан таптыңдар?

Ағай қылыштың орауын жазып, айналдыра қарай бастады. Қынабынан суырып алып:

— Оњо, мынау шынында да қылыш қой-ей, — деді. Қайран қалғанын жасыра алмай тұр. — Қайдан таптық дейсіңдер?

— Шайтантөбеден, — деді Бөкен мен Мұрат қосарланып.

— Шайтантөбеден?

— Иә, Жусанбай атамның жұрты бар еді ғой...

— Тұра тұр, тұра тұр, — деп Сәмен аптыққан Бөкеннің сөзін бөліп жіберді. Сосын ішке қарап, — Гуля, Гуля, бері келші, — деп дауыстады.

Үйден манағы қыз шықты. Ағай оған қылышты көрсетті. Орысшалап әлденелерді айтты. Қыз да қылышты қолына алып таңырқап:

— Да?.. Молодцы! — деді қиғаш қасын сәл кере түсіп. Сол сәт Мұратқа жалт қарап еді, екеуінің көздері түйісе кетті. Бұрын-соңы мұндай мөлдір көзді кім көрген. Кластағы ең сұлу деген Панзаның көздері мынаның қасында әдірем қалады. Тіпті жәудіреп тұр. Мұрат асып-сасып жанарын тез тайдырып әкетті. Манағы ма­на­ғы ма, жүрегі атша тулап қоя берді. Осы көзді, мына дидарды бұрын да бір рет көрген тәрізді. Түсінде көрді ме, әлде... Бәлкім, балаң қиялымен дәл осындай бейнені армандаған болар. Әйтеуір, таныс сияқты.

— Балалар, — деді ағай есік алдындағы сәкіге жайғаса беріп, — сендер асықпай, бәрін басынан баяндаңдаршы. Қайдан, қалай таптыңдар дегендей. Келіңдер, мына жерге отырыңдар. Ал қайсың айтасың?

Үшеуі бір-біріне қарады. Мұрат қып-қызыл болып, қара терге малшынып тұр. Бір түрлі біреуден қысылып тұрған сияқты. Бөкен тамағын кенеп, ім-м-м... деп бастағанша Кәрім бастырмалата жөнелді:

— Шайтантөбе жақта Жусанбай атамның жұрты бар еді ғой, — деп бастады да болған оқиғаны тәпіштеп  тұрып айтып берді. Сабақ айтқанда да өстіп зырылдаса ғой, бестіктен көз ашпас еді. Бірақ ол Тұрдыбекті өздерінің шайтан болып қорқытқанын, қара талды соның тракторы құлатып кеткенін жасырып қалды. Себебі — құпия ғой. Қулыққа салынып «ойнап жүріп тауып алдық» деп құтылып кетті. Бас сүйектің хикаясын, оны молдаға айтып көмгендерін де баяндап шықты.

Мұрат көзінің қиығымен бағып тұр: ағай «Гуля» деп атаған қыз Кәрім—нің аузына қарап қалыпты. Табылған қылыштың хикаясы қызықтырып-ақ тұрса керек. Әттең, ана тілін білмейтін тәрізді. Әйтпесе, қазақтың-ақ қызы...

Ағай аз-кем ойланып отырды. Біраздан кейін:

— Жусанбай ақсақалдың жұрты дейсіңдер ә? — деп бір қойды. Тә-әк, тә-әк... Жусан-ба-ай... Жу-се-ке-ең.. Е, тұра тұр! Анық сол тұс па?

— Иә, — деп қалды да Кәрім бірдемені бүлдіріп алдым ба дегендей Мұрат пен Бөкенге  кезек қарады.

— Дұр-ры-е-ес... Мен бала күнімде бір әңгіме естім ем. Сол расқа айналмаса нетті, — деп ағай әлдебір оқиғаны есіне түсіргісі келгендей ойға шомып отырып қалды.

— Өздерің сүйекті ұстап көрдіңдер ме? — деді аздан соң.

— Иә, — деді Кәрім жырқ-жырқ күліп, — мына Бөкенді қорқытып едік, тұра кеп қашқаны.

— Ешқандай дақ жоқ па екен?

Кәрім мен Бөкен бір-біріне қарады. Ондайды байқамаған секілді.

— Шүйде тұсында сызат бар болатын, — деді әңгімені әр тұсынан бір естіп отырған Мұрат міңгірлеп. Сөйтті де қызға көз салды. Ол да бұған қарап отыр екен. Жанарлары тағы да түйісіп қалды. Мұрат қипақтап тағы да төмен қарап кетті. Неткен көз! Көз емес, иірімі бар көл тәрізді. Тұзағына түссе тұңғиығына тартып кететіндей.

— Сызат бар болатын деймісің? — деп ағай Мұраттың ойын бұзып жіберді. — Анық көрдің бе?

— Иә.

— Дұр-ре-ес!.. Ендеше тыңдаңдар, мен сендерге бір қызық әңгіме айтып берейін. Оның мына қылышқа қатысы бар. Мүмкін, мен айтқандай бол—мауы да... Бірақ мына қылыш менің есіме бала күнімде әкемнен естіген бір әңгімені түсіріп отыр. Өздерің білетін Жусанбай марқұм, — деп бастады ағай хикаясын, — бұл жаққа кеңес өкіметі орнағаннан кейін бірер жылдан соң келсе керек. Большевиктер мал-жанды да, дүние-мүлікті де ортаға салады екен деген қаңқу сөзге құлақ қойған жұрт үдере көшіп, Қытайға өтпек болады. Осы тұсқа жеткенде Жусанбай ағайын-туыс, қара орма—нынан бөлініп қалады. Атамекенін, туған жерін қиып кете алмайды. Ол кезде қылшылдаған жігіт шағы. Сөйтіп, осы жердің бір азаматы болып сіңісіп кетеді. Шаңырақ көтеріп, отау құрады.

Бір күні ауылды ақ гвардияшылар басып қалады. Осы төңіректе кеңес өкіметінің мақсат-мұратын насихаттап, жер-жерде ячейка құрып жүрген Шодыр деген комиссар, дұрысы Федор болуы керек, қапылыста ақтардың қолына түсіп қалады. Жаудың атаманы қол-аяғы байлаулы комиссардың қасына атын ойнатып келіп, қылышымен салып өтеді. Қансыраған большевикті Шайтантөбенің қабағындағы баяғыда қаңсып қалған құдыққа апарып тастайды.

Кеш қарая Жусекең әкеме келіпті.

— Құрдас, бір шаруа болып тұрғаны, — дейді ол жұмбақтап.

— Не айтарыңды сезіп отырмын, — дейді әкем оның алдын алып.

Шодыр жайы ғой?

— Иә. Обал ғой тіпті...

— Көму керек пе?

— Жоқ, ойбай, ол тірі жатыр!

— А-а!.. — Әкем тілге келместен орнынан атып тұрып, киіне бастайды. — Қайда апарып жасырамыз? Ауыл іші түгел ақтар.

— Біздің жеркепеге аяқ баспайды. «Шайтантөбеде шайтан бар» дегенді естігенде шоқынып, естері шыққанын көргенмін. Бағана Шодырды апарған­да да алды-арттарына қарамастан безіп кеткен.

Сөйтіп, екеуі Шайтантөбедегі құдықта шалажансар болып жатқан комиссарды шығарып алып, Жусанбайдың жер кепесіне алып келеді. Тая тисе де қылыштың жүзі шүйдені жарып кетсе керек, Шодыр ес-түссіз екі-үш күн жатады. Көп қан кеткендіктен түрі бозарып, тілге келмей қайтыс болады.

— Құрдас, — дейді Жусекең үшінші күні әкеме келіп, — Шодыр дүниеден қайтты. Жақсы жігіт еді, жас кетті... Басына белгі ретінде қара талдың көшетін отырғыздым. Аумалы-төкпелі заман ғой, кім білген, мен анау-мынау боп кетсем көз қырыңды салып жүрерсің...

Ағай үнсіз қалды.  Балалар да ұйып отыр. Боркемік Мұраттың көзіне мөлт етіп жас үйірілді.

— Қалай ойлайсыңдар, мынау сол комиссардың қылышы емес пе? — деді ағай үнсіздікті бұзып.

— Солай шығар, — деді Кәрім еміне түсіп. Қобыландының болмаса да, революционердің қылышы болып шыққанына қуанып-ақ қалған.

— Сендердің айтқан жалғыз түп қара ағаштарың да, сүйектегі сызат та, ең ақыры мына қылыш та осы оқиғаға дәл келетін сияқты. Рас, көзі тірі куәміз жоқ. Менің әкем отыз жетінші жылғы«халық жауы» атанған дүрбелеңге ілініп, итжеккенге айдалды. Жусанбай ақсақал да марқұм...

— Мен де солай ойлаймын, — деді Мұрат қыз жаққа жасқана қарап қойып. — Бұл қылыш Шодыр комиссардікі. Себебі, Жусанбай атам комиссарды қылышпен бірге көмуі мүмкін ғой.

— Шынында да, — деп Бөкен де қосыла кетті. — Өйткені, тым жас екен.

— Немене тым жас екен? — деді ағай түсініңкіремей.

— Бас сүйекті айтам...

— Оны қайдан білдің?

— Тістері түп-түгел. Сақал-мұрты жоқ... Иегі тап-таза...

Мұрат мен Кәрім тырқылдап кеп күлді. Түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір, Гуля да жымиып отыр. Бір тәуірі, Сәмен ағай оған онша мән берген жоқ. Мырс етті де қойды. Оның ойы алысты орағытып отыр.

Гуля жымиғанда тіпті әдемі болып кетеді екен. Ертегілерде айтылатын Айсұлу, Күнсұлулар осындай-ақ болар, сірә деп Мұрат  күрсініп қойды. Әттең, орысшаға шорқақ. Әйтпесе, әлгідегі Кәрімнің айтқанын пүчі-пүчі деп орысшалап берсе, Гуля ішек-сілесі қатқанша күлер еді. Бір рахаттанып қалар еді. Әттең... Бұдан былай орысша үйренбесем әкел қолыңды, деп өзіне-өзі іштей серт берді Мұрат.

— Е-е, марқұм Жусанбай-ай... Сырыңды сен жасырғанмен жер ашып берді. Міне, сола-ай... Ал, балалар, — деп кенет ағай серпіліп кетті, — енді мұны не істемексіңдер?

— Соны сізден сұрайық деп келген жоқпыз ба? — деп пысықсынды Бөкен.

— Ә-ә, онда дұрыс екен. Тә-әк. Дұре-е-ес. Мектептен мұражай ашсақ қайтеді, а?

— Мәссаған! — деді де Кәрім жым болды. «мәссағанын» кез келген жерге тықпалайтын әдетін үдетіп жіберді.

— Бірақ мұражай болу үшін оған көп тарихи дүниелер, экспонаттар керек. Ондай заттар біздің ауылдан табыла қояр ма екен?

— Табылады ағай, — деді Бөкен желпініп, — табамыз!

— Табылуын табылсын делік. Алайда сол табылған заттардың тарихи мәні, маңызы болуы керек қой.

Сәмен ағай Гуляға қарап әлденелерді сұрап еді, қыз басын изеп:

— Да, есть! — деді жүзі бал-бұл жанып.

— Міне, мына Гуляның мектебінде де сондай мұражай бар екен.

Мынандай қылыштар да бар көрінеді. Және ол қылыштар қай заводтан шыққан, иесі кім, қай жерден табылған, кім тапсырған деген секілді деректер де мол көрінеді.

— Бізде де ондай деректер бар емес пе, — деп Кәрім тыныш тұра алмады. Мәселен, қылыш комиссар Шодырдыкі. Оны мұражайға мен... ім-м.. біз тапсырамыз...

— Жақсы, — деді ағай, — балалар, сендер былай істеңдер онда. «Ұрпақтар мұрасы» клубын ұйымдастырыңдар. Архивтерге хат жазайық. Мына қылыштың иесі туралы дерек іздейік. Кім біледі, біреу болмаса біреу дәлелді пікір айтып қалар. Қыркүйекке дейін басқа да тарихи заттарды жинай беріңдер. Қандай заттар жинау керек екенін Гулядан сұрап алыңдар. А-а, айтпақшы, мен сендерді таныстырмаппын ғой. Қане, танысып қойыңдар. Менің Алматыдағы жиен қарындасым.

Қыз «Гуля» деп қолын ұсынып еді, Мұрат түсініңкіремей қалды білем, бірдеме сұрап тұрған екен деп қалтасын қармана берді.

Бөкен бірдемені сезді ме, жырқ-жырқ күлді.

— Танысып қойыңдар, — деді ағай Мұраттың қып-қызыл болып қысылға­нын жуып-шайып, — қол алысып танысыңдар.

Еді Мұрат қолын ұсынды.

— Мұрат...

Гуляның алақаны ыстық екен. Тіпті от дерсің. Мұраттың денесінен ток жүріп өткендей  болды. Қыз Кәрім мен Бөкеннің де  қолын алып танысты.

— Хе-хе-хе, — деп күлді Сәмен ағай, — сөйтіп сендер Жанай молдаға орыс жігітінің моласына құран оқыттық деңдер. Хе-хе-хе!.. Ал енді мыналарың жарамайды: қалада тұратындарың қазақша білмейсіңдер, далада тұратындарың орысша білмейсіңдер. Жарамайды, жарамайды...

— Біз орысша үйренеміз, ағай — деп қалды Мұрат қапелімде.

— О, бұларың дұрыс! Гуля, сен қазақша сөйлеуге төселуің керек.

— Ладно, ага.

— Ағай, қылышты қайтеміз? — деді Кәрім тершіген танауын сүртіп.

— Әзірге өздеріңде болсын. Басқа оқушы балаларға да көрсетіп, тарихын айтып беріңдер. Ең бастысы — қазір барлығын да қызықтыру. Ынта-ықыласын оятсаңдар өздері-ақ кірісіп кетеді. Ал менің жұмысым бар, ендігісін өздерің реттей беріңдер, —  деп Сәмен ағай үйге кіріп кетті.

Бір-бірімен жөнді тілдесе алмаған балалар да тарай бастады.

— Мәссаған, комиссардың қылышы екен ғой! — деді Мұрат былай шыға бере.

—    Ал сен не деп едің, — деп Кәрім шап ете қалды.  — Бас сүйекті «менің бабамның басы, менің батыр бабамның басы» деп зар-зар еткенің қайда?

Пәлені тілінен тапқан Мұрат тақырыпты тез арада  басқа арнаға бұрып жіберуге асықты.

— Жаңағы қыз Алматыда тұрады деді, ә. Бәсе-е, орысшаға тақылдап тұр.

— Несі бар екен. Ол орысшаға тақылдап тұрса, мен қазақшаға қақылдап тұрған жоқпын ба? — деп Бөкен тырқ-тырқ күлді.

Мұрат оған алая қарады. Жақтырмай қалған түрі бар. Сосын Кәрімге  бұрылып:

— Қылышты сен тығып қой, — деді. — Енді ертең жолығамыз. Тоқал тамда. Мен үйге кеттім.

Ол үйіне қарай жүгіре жөнелді. Мұрат бұрын-соңды мұндай мінез байқамаған екеуі аңырап біраз тұрды да түкке түсінбеген күйі үйлеріне бет алды.

Бұл кезде күн ұясына қонуға бет алған еді. Мал өрістен қайтқан шақ. Көше бойы шаңытып, дабыра-шуға толып кетті. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой-ешкі.  Ию-қию қайырыс.

Батыстағы көкжиекке белуарынан батқан күн жапан далаға жамырата шашып жіберген қызыл арай шапағының соңғы сәулелерін жиып алғанда ауылда кешкі тыныштық орнап, ел орнына отырды. Төңіректі қараңғылық жайлап, аспан әлемі жұлдыздары жымыңдаған алқаракөк шәлісін жамылды.

х х х

Ертеңінде Мұрат тоқал тамға бара алмады. Ағасы тырп еткізбеген. Кешегі қонақтар көрші ауылға қыдырыстап кетіпті. Темекісінің түтінін бұрқ-бұрқ еткізген ағасы қасынан кетпей жүріп түске дейін қара жұмысқа салды кеп, салды кеп.

Ми қайнатардай аптап ыстықта бырс-бырс терлеп көң ойды. Қалған қиды бір жерге үйіп, үстіне су құйып, аяғымен езуге кіріскен. Үсті-басы көң сасиды. Езілген қиды қалыпқа салып кірпіш тәрізді етіп құйып бола бергенде жеңгесінің:

— Әй, мынау болбырап әлі жүр ғой, түге. Тездетіп дүкенге барып кел. Үйде нан таусылып қалыпты. Шай дайын болып қап еді... — деген даусы естілді.

Ағасы иек қақты. Амал жоқ, баруға тура келеді. Жуынайын деп құдыққа беттеп еді:

— Әй, саған қарап отырамыз ба, барып келген соң-ақ жуасың ғой! — деп шаптықты.

Қарсыласуға болмайды. Қолына дәу қара сөмкені алды да дүкенге жөнелді. Дүкен ұзын көшенің бойында. Сәмен ағайдың үйінің тұсынан өте бергенде әлдекім мұның атын атағандай болды. Жалт қарап еді, өз көзіне өзі сенбеді. Бұған қарай қолын бұлғап Гуля жүгіріп келеді екен. Тоқтау керек пе, не істеу керек? Қидың иісі бұрқырап тұр. Ұят-ай!.. Аяғы анау — тізесіне дейін езілген тезек. Масқара-ай!..

Гуля жетіп келді де мұның аяғына көзі түсіп шошып кетті. Қып-қызыл болып, ұяттан жерге кіре жаздаған Мұрат:

— Тезек.. Қыста отқа жағамыз... — дей берді.

— Ну, ничего, — деді қыз Мұраттың қатты қысылып тұрғанын аңдап, —ты оказывается работяга!

Мұрат  селк ете қалды. Балалармен «соғыс» ойнағанда тұтқынға түс—кендері «раб, раб», «сен енді құлсың!» деп мазақтайтын еді. Гуля да «сен құл  екенсің ғой» деп табалап тұрғандай көрінді.

— Молодец! — деді Гуля жайдарланып. — Сен жұмысты жаксы  истеиди екенсин!

Мұның жүрегі енді орнына түсті. Мақтап тұрғаны екен ғой.

— Ты куда? — деді қыз басын қиғаштай бұрып. Өзі құлпырып кетіпті.

— А-а... дүкенге, Қылеб...— деп қалды Мұрат абайсызда.

— А, за хлебом. Молодец! Родителям помагаешь. Правильно.

Үйірсек қыз Мұратты тез баурап алды. Мұраттың да еті үйрене бастады білем, бірдемелерді айтқан болады. Бірі орысша, бірі қазақша сөйлеп, кейде араластырып жіберіп, көп тұрды. Әлдене айтады да сықылықтап кеп күледі. Ымдайды, нұсқайды,  әйтеуір, бірін-бірі түсінетіндей боп қалды.

Мұрат өмірінде бұлай толқымаған. Дүниенің бар бақыты тап осы сәтке кеп тірелгендей. Гуляның үстіндегі үлбіреген көйлегіне, кеуде тұсына тағылған көбелек-белгіге қызыға қарайды. Жанарлары түйісіп қалғанда бейне бір шоқ қарып өткендей болады. Қыз да бұған жылыұшырап, елжірей қарайтын сияқты. Күлген кезде езу тұсына үйіріле кететін дөп-дөңгелек иірімі қандай керемет!

Осы кезде арт жағына қараған Мұраттың денесі дір ете қалды. Анадай жерде адымдай басып ағасы келе жатыр екен! Жай келе жатқан жоқ, көшені басына көтеріп, әкіреңдеп, кіжініп келеді. Қолында екі құлаштай таяғы бар.

— Әй, жұмсаған жерге он жыл жүресің бе а?! Мына тұрған дүкенге сен емес мен жиырма барып, жиырма қайтатын уақыт болды ғой. Сирағыңды сындырайын ба осы!

Мұрат қатты састы. Қызды тастай қашқаны ыңғайсыз. Оның көзінше таяқ жеген тағы өлім. Не істеу керек?

— Кто это? — деді Гуля таңырқап.

— А-а-а... ағам ғой...

— Ну ладно, иди, — деді қыз бұрылып жүре берді.

Ағасы ақырып келеді.

— Шайды алдымызға алып әлі отырмыз, әлі жоқ, әлі отырмыз, әлі жоқ. Қызшылын мұның! Мұрныңның боғын сүрте алмай жүріп... Тұрған же—ріңде тіл тартқызбай қатыра салайын ба! — деп қолындағы таяғын сілтеп қалды. Абырой болғанда Мұрат бұға қойып еді, басынан асып түскен таяқ Гуляға тиіп кете жаздады.

Оған қарауға бет жоқ, Мұрат үйге қарай құлдыраңдап қаша жөнелді. Ағыл-тегіл жылап келеді. Еңіреп келеді. Жолда тырылдап келе жатқан тракторға соғыла жаздады.

Алдынан шаптығып шыққан жеңгесіне де қараған жоқ, үйге қойды да кетті. Түскі үзіліске  шешесі келіпті.

— Не болды, Мұратжан? Не болды? — деп ол соңынан қоса енген.

Төрдегі кереуетке етпеттей құлаған Мұрат солқ-солқ етіп, өксіп-өксіп, еңіреп жатыр. Бұрқ-бұрқ етіп ағасы жетті.

— Немене, жау шапқандай сонша айқайлап?! Есі кірген баланы көшеден қуып келгенің қай сасқаның? — деп шешесі оның алдын кес-кестей беріп еді:

— Ә, араша түс! Баланы асырап, бағып-қағып отырған сен ғой. Арасына түс! Сол қағынғырдыкі дұрыс, біздікі бұрыс! — деп жеңгесі бетбақтанды.

Сол-ақ екен шешесі де көз жасын көлдетіп қоя берді.

— Маған десең бұл жүгермек жерге кіріп неге кетпейді! Кетті ғой әне, әкесі, жоғалып-ақ!.. Қу шешек, сенен көрдім-ау, қу шеше-ек!..

Әкесі тілге тиек етілгенде Мұрат одан бетер егілді. Дәл қазір қамқоршысы — әкесі жоқ екені қабырғасына қатты батып жатыр.

— Е, оның әкесін мен қуып жіберіппін бе?! Өзіңнен көр, о несі-ей! — деп жеңгесі долданып қояр емес. Бұрын бетін аша алмай, ішкі қыж-қыж қайнап-ақ жүр екен. Тарс жарылып, ашық кетті. — Осы уақытқа дейін барымды алдарыңа тосып жүрсем... Дәм-тұзым атсын сендерді!..

Мұрат көп жылады. Солқ-солқ етіп өксігенде бүйрегі бүріп, дем ала алмай қалады. Көмейіне тобықтай түйнек кептеліп қалғандай. Бір-екі рет жеңгесі келіп:

— Әй, жүгермек, аяғыңды күс-күс қылмай тұр былай! Әкеңнің үйінде жатырмысың! Үйдің ішін қи сасытып жібердің. Шалжиып жатысын көрдің бе!.. — деп жұлқылап кеткен. Мұрат тұра қоймады.

Сол жатқаннан кешке дейін тырп етпеді. Теріс қарап жатты да қойды. Ойы он саққа жүгіреді. Қос қолын төбесіне қойып, қаңғырып кетсе ме екен. Бірақ қаңғырғанда қайда барады. Шайтантңбеден әрі ұзап шықпаған бала. Шешесін кімге тастайды. Ол жалғыз қалса мыналар түтіп жейді ғой.

Әкесі жайлы ойлады. Тіпті сағынған да сияқты. Оның кім екенін, түр-түсінің қандай екенін білмейді. Әйтеуір, көз алдына елестетуге тырысады. Көлбеңдеп бір бейне келеді де бұлыңғырланып, алыстай береді

Кімсің сен, әке, деп ойлайды бұл, адамбысың әлде айуанбысың?! Бір уақ келіп, балаңның мына түрін, жәбір көрген сиқын көрсең нетті?! Осыншама тасбауыр, тасжүрек болар ма едің?!.

Мейлі, кім болсаң да келші, әкетай!.. Алып кетші мені!.. Сені сағындым... Мені қойшы, шешеме  обал болды ғой...

Кәрім мен Бөкен қандай бақытты! Әкелері қасында. Күнде мойнына асылып, арқасына мініп, асыр салып жүргені. Ал мен... Келші, әкетай, келші енді. Өтінемін... Бір-ақ рет көрінші!.. Адамысың әлде айуанбысың?!. Мейлі, кім болсаң да...

Осындай ойлар оралғанда Мұрат ішегін тарта өксиді. Күңірене күрсінеді. Қолдан келер қайран жоқ. Қайтпек енді?..

Жусанбай қарт жерлеген комиссар туралы ойлады. Жаңа өмір үшін, өзгелер үшін жанын құрбан еткен. Ал, менің әкем... өз баласынан безініп жүр... Уњ-њ!..

Кеш қарая шешесі келді. Қайда  барып солығын басқанын кім білсін, екі көзі бұлаудай болып ісіп кетіпті. Мұраттың қасында қипақтады да жүрді. Бірдеме айтқысы келеді. Бірақ айта алмайды. Бір рет даусы дірілдеп:

— Мұратжан, тамағыңды ішсеңші, — деді. Мұның қозғалмасын білген соң егіле жылап, құшағына алып, қасына жата кетті.

Менікі де дұрыс емес қой, деп ойлады Мұрат, шешеме болысып, жаман ат келтірмеу жағын қарастырудың орнына ойын қуып... Қайран мамам!... Шашың да ағарып барады. Не ойлап жүр  екенсің. Сен де әкемді ойлайсың ба? Сірә, сөйтетін боларсың...

Қараңғы бөлмеде құшақтары айқасқан шеше мен бала түні бойы көз ілмей шықты. Бір-біріне тіс жарып ләм де демеді.

х х х

Ерте тұрған Мұрат  қызарып кеткен көзін уқалап,  сыртқа шықты да қолына айыр алып, мал жайғауға кірісті. Аға-жеңгесі даладағы сәкіде пырылдап ұйықтап жатыр.

Ол тоқал тамға бұл күні де, келесі күні де барған жоқ. Шыдамдары таусылды білем, үшінші күні Кәрім мен Бөкеннің өздері келді. Мұрат аула сыпырып жүрген болатын.  Ауылдың хабары жата ма, болған жәйтті олар да естісе керек. Әңгімелері қиюласпай біраз тұрды.

— Мәссаған, ұмытып барады екенмін, — деді кенет Кәрім. — Жаңа Гуля қалаға қайтқалы жатқан!

Мұрат үндемеді.

— Ендігі кетіп те қалған шығар. Мана аялдамада автобус тосып тұрған. Саған сәлем айтты. Айтпақшы, саған бер деп адресін тастап кетті.

Кәрім Мұратқа бір жапырақ қағаз ұсынды. Орысша жазылыпты. Үйінің адресі болса керек.

Кеудесінің түпкі бір бұрышын ащы өксік тырнап өткендей болды. Сонан соң қолындағы сыпырғышын лақтырып жіберіп, шарбақтан асып жүгіре жөнелді. Ұзын жолдың бойына шығып, көзін көлегейлеп аялдама жақты шолып шықты. Шамасы, Гуля кетіп қалған болуы керек, көзіне ешкім шалына қоймады. «Қош бол, Гуля!..» Сыбыр ете қалғанын өзі де сезбей қалды.

lлбіп басып Шайтантөбеге қарай беттеді. Бағыты — тоқал там. Соны ұға қойған Кәрім мен Бөкен мұның соңынан ерді.

Достары екі күннің ішінде-ақ тоқал тамды түрлі заттарға толтырып қойыпты. Селебе пышақ... Ер-тоқым. Сегіз өрім қамшы. Ескі садақ та бар.

— Ирек көшенің балалары біраз зат тауыпты, — деді Кәрім жаңалықты жеткізуге асығып, — бүгін алып келеді.

Мұрат басын изеді де сыртқа шығып, әнеукүнгі бас сүйекті жерлеген төмпешікке қарай жүрді. Екеуі оған  ілесті.

Жас топырақ кебіңкіреп қалыпты. Сұрқай тартып жатыр. Мұрат қолына бір уыс топырақ алды. Алақанына салып майдалап уатты да қабірге қайта тастады.

— Бұл менің... атамның зираты болсыншы, — деді сосын жыламсырап. —... менің атамның зираты болсыншы!

Ана екеуінің де көздеріне мөлтілдеп жас келді. Әкесі жоқ баланың атасы болушы ма еді. Түсінікті ғой бәрі де.

— Мен мұны күтімге аламын... — деді Мұрат өкси түсіп. — Жусанбай атам құсап, қара талдың көшетін отырғызамын...

Кәрім мен Бөкен оны құшақтай алды.

— Жыламашы, — деді Бөкен.

— Сенің атаңның зираты... — деді Кәрім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз