Өлең, жыр, ақындар

Аю қалай жазаланды?

Бұрын тайганың қожайыны аю ешкімге де күн көрсетпейтін. Барлығын қорқытып-үркітіп, уысында ұстайды. Бүкіл орманға доқ қылып ақыратын еді. Ұсақ хайуанаттар дірілдеп-қалшылдап сақ хайуанаттар ініне тығылса, ірі аңдар беті ауған жаққа қарай қаша жөнелетін. Аю ін мен ұяларды талқандап бұзып, аң-құстарды таптап, ешкімді де аямай, жолындағының бәрін жайпап жүреді. Аң біткеннің бәрі аюды сабырға шақырады, бірақ ол ешкімнің де сөзін құлаққа ілгісі келмейді.

— Тайганың иесі кім? Қаласам, бәрін таптап-жаншимын, — деп ақырады ол. Күз келеді. Алда қақаған қыс. Аңдар қожайынның іс-әрекетінен шаршап, шыдамдары таусылады. Сөйтіп олар жиналыс ашуға бекінеді. Байтақ тайганың түкпір-түкпірінен, барлық өзен-көлдерден, тау-тас пен жазық даладан аң біткен жиналады.

— Аюды талқыға саламыз. Бізді қорлап жәбірлегені жетеді! Ол үшін заң жоқ! — дейді олар.

Бұланды қазы етіп тағайындайды. Хайуанаттардың үлкенінен кішісіне дейін, аң-құстардың ірісінен ұсағына дейін одан көрген жәбірлерін кезек-кезек айтып шағынады. Барлығы да аю кінәсінің қандай зор екеніне көз жеткізеді. Бұлан ойланып отырады да, аюды жарты жылға қамауға алуға үкім кеседі. Үкімді шығаруын шығарады ғой, бірақ оны қай жерде қамап ұстайды, оны кім күзетеді, кім асырайды деген сұрақ туады.

— Онда аю жарты өмірін ұйқымен өткізсін. Бұдан былай ол әр жыл сайын жарты жыл ұйықтайды. Қыс бойы өзінің апанында жатсын, қазан айынан бастап көкек айының аяғына дейін ұйықтасын. Оны асыраудың қажеті жоқ, табанын сорсын. Жарты жыл ормандағылар тыныш өмір сүрсін, — дейді бұлан. Сол кезден бастап аю қыста апанында жатады екен. Қыс бойы ұйықтап, майтабанын сорады. Содан бері ол жазда да жуасып, момақан болып қалған көрінеді.  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз