Қарт түлкінің немересі Жымсыма атасының өнерін әбден меңгеріп алған. Күнде ерте тұрып, тышқан аулайды. Кейде ұядағы жұмыртқаларды жымқырады. Ол бүгін күн көтеріле ұйқысынан оянды. Сәлден соң желе жортып көл жағасына келді. Оңай олжа іздеп жүріп, белуарынан су кешіп тұрған қонжықты көзі шалды. Оның балық аулап жүргенін бірден түсіне қойды. Жымсыма қалың бұтаның көл көрінетін тұсына келіп, жата қалды. Көзін қонжыққа қадаған қалпы не істеу жайын ойлады. Қонжық екі балықты екі қолына ұстап, жағаға шыға бергенде, кенет алдында пайда бола кетті де:
— Сәлем! — деді күлімсіреп.
— Сәлем... — деді Қонжық та бұл кездесуді аса ұнатпағаны дауысынан сезіліп.
— Олжалы екенсің... Батырлық қашанда жеңіске жеткізеді, — деді түлкі баласы жағымды үнмен.
— Құдай мені сен сияқты алғыр етіп жаратпаған. Суға түсе алмаймын, түссем, сүңги алмаймын. Ал балық аулау... оңай шаруа емес.
— Мыналарды осы көлден ұстадың ба?
— Иә,— деді қонжық манағыдан гөрі дауысы жұмсарып. — Құжынап жүр.
— Одан маған не пайда. Өзіңдікіндей тырнағым, оған сай тапқырлығым жоқ. Тәңір мені сорлы ғып жаратты.
Жымсыма мұңайған сыңай білдіріп, күрсініп қойды. Мақтағанға кәдімгідей көңілі көтеріліп қалған қонжық бір қолындағы балықты оған ұсына берді.
— Мә, дәмін татып көр.
— Оразамды ашпап едім, мың да бір рақмет, бауырым! — деді балықты иіскеген түлкі.
— Ас болсын! — деді қонжық.
— Бұл көлді «Сасықкөл» дейді, рас па? — деді Жымсыма басқа бір қулыққа көшіп.
— Рас.
— Ендеше, балығында иіс бар.
— Білмедім.
— Мүмкін, сенің иіс түйсігің әлі жетілмеген. Бізді бала кезден соған тәрбиелеген. Иістенген тамақ асқазанға жақпайды, ауру қылады.
— Солай ма? — деді қонжық тіксініп.
— Солай. Жеуге жарай ма, жоқ па, алдымен мен жеп, байқап көрейін. Сен — жассың, өсуің керек, — деді Жымсыма балықтың басын тістеп жұлып алып, шайнап-шайнап жұтып жіберіп.
— Мен күнде жеп жүрмін, ауырғам жоқ қой, — деді қонжық тамсанып.
— Сабыр ет, ешкім бірден ауырмайды, — деді Жымсыма қолындағы балықтың соңғы түйірін өңешінен өткізген соң.
— Мынаның иісі білінбейді екен. Мүмкін, қолыңдағыңда бір пәле бар шығар... әкелші. Жымсыма екінші балықты жәукемдеп жатқанда алданғанын білген қонжық әкесінің бір әңгімесін есіне алды. Сөйтті де:
— «Айтақ, айтақ» деген не сөз? — деді Жымсыманың көзіне қарап.
— Оны қайдан естідің?
— Осында келе жатқанда қырқаның аржағынан сондай бір дауыстар естілді. Сайдың ішінде сенің жүніңе ұқсайтын қызыл бірдеңені иттердің жұлмалап жатқанын көрдім.
— А, бұны неге ертерек айтпадың? — деді Жымсыма сасып.
— Сұраған жоқсың ғой... — «Айтағың» құрысын сенің! Ойбай, ішім бүріп барады, — деді Жымсыма соңғы балықтың құйрығын қылғытып жіберіп.
— Үйге барып дәрі ішейін, әйтпесе, өліп қалармын...
Соны айтқан Жымсыма ағаш арасына сіңіп, жоқ болды. Мырс етіп күліп жіберген Қонжық басын шайқап қойып, қайтадан көлге қарай аяңдады...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі