Өлең, жыр, ақындар

Ел бірлігіне ұйытқы болған – «Егемен Қазақстан»

Ғасырлық тарихы бар республикалық басылым – «Егемен Қазақстан» газеті тұңғыш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді.

Сол кездегі газет төңірегіндегі топтасқандарға назар аударсақ, арасында аттары бүкіл алаш жұртына айбын болған, бесікте жатқан қызыл қарын жас баланың қамы үшін, қазақ дейтін маңдайының соры қалың елдің ертеңі үшін жандарын шүберекке түйіп, отқа, суға түскен жақсылар мен жайсаңдардың, халқымыздың аяулы арыстарының барын көреміз.

Жан – жүректерімен, күллі ой – саналарымен уақыт тынысын дәл ұғып отаршылдық ойранына қандары қас екенін қаймықпай айтқан осынау ұлы перзенттерінің дені әр жылдары газетке тікелей басшылық жасаса, көбі қолдарына қалам алып, ұрпақ тәрбиесіне ат салысып отырған.

Өз сөзін оқырманына бүкпесіз айтып келген бұл газеттің бастау бұлағында Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Бернияз Күлеев, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов секілді рухымыздың рухани күшінің басшылары, күрделі заманның ғажайып ұлы тұлғаларының тұруы бұл газеттің беделінің қаншалықты зор болғандығын аңғартады.

1919 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» газетінің алғашқы саны шықты. Алғашқы редакторы Т. Сәниев болды.

Газеттің бірінші саны Бернияз Күлеевтің «Ұшқынға» деген өлеңімен ашылды. Осы кез Бернияз Күлеевтің Халел Есенбаев, Тәмимдар Сафиевтермен бірге газетке басшылық жасаған тұсы.

Газеттің алғашқы санынан бастап сол кездегі көкейкесті мәселелер – ел басқару, жер-су, оқу-білім, әйел теңдігі, азық-түлік, жалшылар, тап күресі, соғыс, әскер, жергілікті өкімет орындарына көмектесу, шаруашылық, ел хабарлары және тағы басқалары жайында үнемі жазылып отырды.

1920 жылғы 13 қарашада Орынбор қаласында Қазақтың Орталық Атқару Комитеті мен РКП(б)- ның ұйымдастыру бюросы атынан «Еңбек туының» бірінші номері жарық көрді. Оның басты ұйымдастырушысы Сәкен Сейфуллин «Манап-Шамиль» деген бүркеншік атпен газеттің жетекшісі болып саяси мақалалар жазып отырды.

«Еңбек туының» жалғасы болып 1921 жылдың 7 қарашасында Орынборда «Еңбекші қазақ» газеті шықты. Редакторы Әбдірахман Байділдин болды. Одан басқа шығарушылар ұйымында Темірбек Жүргенов пен Ерғали Алдоңғаров та жұмыс істеді.

Смағұл Сәдуақасов – 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы болып қызмет атқарды. Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды. Көркем әңгімелері де жарық көрді.

1932 жылы қаңтар айында «Еңбекші қазақ» газеті «Социалды Қазақстан» атына ие болды. Осы жылдың мамыр айында газеттің редакторлығына Әйтіке Мусин бекітілді. 1934-1936 жылдары Ғабит Мүсірепов, 1937-1938 жылдары Жүсіпбек Арыстанов редактор болды.

Газет атауы 1937 жылы мамырда «Социалистік Қазақстан» болып өзгертілді. Алғашқы редакторы – Жүсіпбек Арыстанов болды. Газетте Ахмет Елшібеков, Жайық Бектұров, Бәри Мәзитов, Жекен Жұмақанов, Ғайса Сармұрзин, Сейділдә Төлешов, Ғали Орманов, Ғабдол Сланов, Нұрсейіт Ерубаев сынды азаматтар қызмет етті.

Уақыт өтіп «Социалистік» деген сөз бұрынғы мәнін жоғалта бастады. Газет 1991 жылдың маусымында «Егеменді Қазақстан» аталса, 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін «Егемен Қазақстан» атымен шығып келеді.

«Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің бабасы «Қазақ» газетінің ұрпағы. «Егемен Қазақстан» елдіктің мінбері. Мемлекетіміздің іргетасының қалана бастауынан бүгінге дейін жұрттың ой-санасын, ұлттық дүниетанымын қалыптастырған, тәуелсіздігіміздің жауапкершілігі туралы ойландырған, еліміздің бірлігіне ұйытқы болған бірден-бір басылым – «Егемен Қазақстан».

Төлеуханова Айша

Журналистика факультетінің 1-курс студенті

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р. С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар