1934 жылы негізі қаланған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне биыл 90 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында университеттің белгілі түлектері туралы сөз қозғамақпыз. Соның бірі – тарих факультетінің 1990 жылғы түлегі, меценат, бизнесмен Мұрат Сейдәліұлы Иманқұлов.
Иманқұлов Мұрат Сейдәліұлы 1963 ж. 6 қаңтарда Алматы облысы Гвардия ауданы Урицкое ауылында (қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Ақбастау ауылы) дүниеге келген. 1980 ж. Талдықорған облысы Бөрілітөбе ауданы Көкжиде ауылындағы М.Мәметова атындағы Ерікті орта мектебін бітіріп, одан кейін құрылыс саласында еңбек етеді. 1981-1983 жж. аралығында Кеңес әскерінің қатарында әскери борышын өтеп келген соң, 1984 ж. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) дайындық бөліміне оқуға түседі. 1985-1990 жж. аралығында ҚазМУ-дың тарих факультетінің КОКП тарихы кафедрасында оқиды.
Мұрат Иманқұлов оқуға түскен күннен бастап факультет пен университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласады. Өзінің жауапкершілігінің және белсенділігінің арқасында университеттің дайындық бөлімінің, одан кейін факультеттің комсомол комитеті хатшысының орынбасары болып тағайындалады. Ол 1986 ж. қарашада тарих факультеті комсомол комитетінің хатшысы, ал 3 курс оқып жүрген уақытында университеттің партия комитетінің мүшесі болып сайланады. Оқуымен бірге қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрген Мұрат Сейдәліұлы 1 курсты аяқтаған соң студенттік құрылыс отрядының командирі, кейіннен «Кировец» аудандық отрядының комиссары болады. Осы «Кировец» аудандық отряды ҚазМУ қалашығы кешенінің құрылыс жұмыстарына белсенді атсалысып, қалашықтың дамуына және көркеюіне үлкен үлесін қосқан болатын.
Мұрат Сейдәліұлы «1921-1924 жж. КСРО халық шаруашылығына шетелдік концессияларды тартудағы КОКП тәжірибесі» атты тақырыпта дипломдық жұмысын доцент А.Қ.Құсайыновтың жетекшілігімен сәтті қорғап, 1990 ж. Қазақ мемлекеттік университетін үздік бағамен бітіреді. Оқуын тәмамдаған соң «КОКП тарихы» кафедрасының ассистенті ретінде жұмысқа қалдырылады. Жас маманның университеттегі оқу жылдарындағы қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен жұмысты тыңғылықты орындауы назардан тыс қалмады. Осыдан 2 жыл уақыт өткеннен кейін, яғни 1992 ж. қарашада Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының 1-ші орынбасарының көмекшісі болып орналасады. 1992 ж. тамыз айынан бастап «Кеңес» Қазақстан шағын кәсіпорындар одағының атқарушы директоры қызметіне көтеріледі. Ал, 1994 ж. маусымнан 2001 ж. мамырға дейін «КУМАК» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнының бас директоры қызметін табысты атқарады.
Мұрат Сейдәліұлы еліміздің саяси өміріне де араласып, 1997-2004 жж. Алматы қалалық мәслихатының екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты болып сайланды. 3-ші шақырылымдағы мәслихатта жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, құқықтық тәртіп және т.б. сол кездегі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде көптеген жұмыстарды жауапкершілікпен орындайды.
М.Иманқұлов 2001 ж. наурыз – 2003 ж. қараша айы аралығында «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 832-әскери зауыты» РМК директоры қызметінде болады. 2004 ж. қаңтар – 2006 ж. қараша аралығында «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін табысты атқарады. 2006 ж. қараша – 2009 ж. мамырда «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» Ұлттық әл-ауқат қорының «ДАМУ» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары болады. 2009 ж. қыркүйек – 2012 ж. ақпан айына дейін «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» Ұлттық әл-ауқат қорының Жылжымайтын мүлік қорының басқарма мүшесі және атқарушы директоры лауазымында отырады. 2012 ж. наурыз айынан бастап Ұлыбританияның астанасы Лондонда орналасқан EQUUS PETROLEUM Plc. қазақ-ағылшын мұнай компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі – атқарушы директоры, ал 2015 ж. шілдесінен қазірге дейін – бас атқарушы директоры қызметін табысты атқарып келеді.
Мұрат Сейдәліұлы Иманқұловтың қызмет жолы жастарға үлгі-өнеге. Университеттің 1-ші курсынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қарапайым студенттік құрылыс отрядының командирінен бастаған студент, оқуын бітірген соң еліміздің маңызды салаларының тізгінін қолына алған болатын. Жоғары қызметтерде жүрсе де, ол өзі білім алған қарашаңырақ оқу ордасын қолдауды назардан тыс қалдырмаған. Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында 2016 ж. бой көтерген «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасы құрылысына демеушілік етуі нақты дәлел болады. Сонымен қатар Тарих факультетінің дарынды, оқуда озат, әрі белсенді студенттерінің жеткен жетістіктеріне қолдау көрсетіп, студенттік шәкіртақыларды тағайындауда. М.С. Иманқұлов университетінің, туған елінің, жерінің дамуына, өркендеуіне қосатын үлесі зор ұлтжанды азаматтардың бірі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD, М.Д. Байдавлетова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі