Өлең, жыр, ақындар

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ баспасөзі

Қазақ халқының басынан қаншама ауыр күндер өтті. Сонау жаугершілік заманнан бастап  отаны, елі үшін сұрапыл сұм соғысқа төтеп беріп, елін, жерін сақтап қалу үшін халқымыз жан алысып, жан берісті. Осындай басымызға қара бұлт үйірілген кезеңдердің бірі-Ұлы Отан соғысы жылдары.

Фашистік Германияның опасыздықпен тұтқиылдан шабуыл жасауы елімізге қауіп-қатер төндірді. КСРО-ның отаршылдығында, қанауында жанын шүберекке түйіп отырған халық үшін бұл соғыстың басталуы ауыр қасірет еді.

Осындай қиын да, қилы заманда халыққа қай жағынан болмасын үлкен көмек керек болды. Әсіресе халыққа жігер беру, мойынсұнбау, алға жету, жеңіске жету үшін ынталандаруды қажет етті. Аласапыран заманда халықты сабырлыққа шақырып, жауға қарсы күшке  жұмылдырудың ең басты әрі күшті құралы баспасөз болды. Сол кезеңдегі баспасөздердің саяси-моральдық мәні зор болды. Әрине сол жылдарда қиын жағдайдың, қаржы тапшылығының болуы көптеген газеттердің жұмысын тоқтатуына себепші болғанымен де, кейбір газеттер өз жұмысын атқара отырып, жұмыстың мән-маңызы халықтың күш-жігері мен ынтасына, ойы мен үмітіне арнады.

Ұлы Отан соғысы басталысымен баспасөздің бүкіл мазмұны партия алға қойған айбынды ұранмен бастау алды. Баспасөздерде «Барлығы майдан үшін!» «Барлығы жеңіс үшін!» деген жігерлі ұранмен бағындырыла отырып, жұмыстарын алға тартты. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылы 22 маусым айында жарыққа шыққан нөмірі бейбітшілік сарынмен бастау алды. Социалистік Қазақстан газеті Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ өз жұмысын соғыс жағдайына, қаһарман кезең талабына бейімдеп, қайта құрды. Оның бас мақалалары, корреспенденциялары болсын, хабарлары ,  фельетондары мен очерктары  болсын барлығыда майдан мүддесіне сай жазылды. Газет нөмірі сайын қазақ халқының жауға өшпенділігінбілдіретін мақал- мәтелдерді жариялап отырды. Социалистік Қазақстан сол бір күндерде былай деп жазады: «Қазақ халқы Қызыл Армиямыз бен Әскери-Теңіз флотымызға жауды жеңіп шығуы үшін барлығвын беріп отырады.» «Ұлы Отан соғысына бүкіл халқымыз аттанып отырғанда, «Жау дегенде жайнаған, бес қаруын сайлаған» қазақ халқы бұл аттаныстың алдыңғы шебінде болады. »

Ал республикалық «Казахстанская правда» газетінің 1941 жылы 22 маусым күнгі нөмірінде әдеттегінше совет халқының бейбіт өмір тіршілігіне байланыс материалдармен шыққан. Онда таңдаулы еңбек адамдары туралы, жарты жылдық жоспарын мерзімнен орындаған Үшінші бесжылдық атындағы бүкіл халықтық жарыс озаттарының табыстары туралы айтылған. Сонымен бұл газет «Демалыс күннің бетшесі» деген тақырыппен совет адамдарының бұл күнгі тынығу-серуендеу салтын әзілі аралас әңгіме етіп көрсететін әдетін одан әрі жалғастырған.

Соғыстың алғашқы күндерінде советтік адамдардың патриоттық сезімін сипаттайтын, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсететін матриалдар облыстық газеттерде жарияланды.

Жалынды публицистиканың тамаша үлгісін қазақ жазушылары да жасады. Бұған Мұхтар Әуезовтың соғыстың алғашқы күндерінде «Ерлік-елдің сыны» дегені айқын дәлел. «Біз- деп жазды ол, қанішер Гитлер басына әлі-ақ ажал оғын атамыз. «Отан үшін!» - деген қасиетті ұранымыз майданда шабуыл ұраны болса, тылда-ерлік сертінің ұраны. Қарсы шығар дұшпанды жеңеміз де жоямыз, жеңісті тойлайтын біз боламыз» - деп күш-жігер беріп, қара бұлттың артынан жайма шуақ күн туатына үлкен үмітпен қараған.

Бүкіл еліміздің баспасөздері сияқты Қазақстан баспасөзі соғыстың соңына дейін «Барлығы майдан үшін!» «Барлығы жеңіс үшін!» деген қасиетті ұранды басты бағытқа алды. Газеттер күн сайын дерлік әрбір нөмерінде «Жанқиярлық еңбегімізбен Қызыл Армияның жауды талқандауына көмектесейік!», «Отан қанша тілесе, сонша жұмыс істейік!», «Майдан қажетіне он еселеген жігермен жұмыс істейік!» деген сияқты тақырыппен, мақалалар мен корреспонденциялар жариялап отырды.

Халық ақыны Жамбыл Жабаев осы сұрапыл күндерде өзінің «Ленинградтық өренім» атты өлеңдерін шығарды. Жамбыл өлеңі  халықтың жалынды жүрегінің патриоттық тілегін білдірді. Ленинград қаласына деген қазақ халқының сүйіспеншілігін білдіріп, басқыншыларға қарсы аяусыз күреске шақырды. Жамбылдың өлеңдері, хаттары Ленинград газеттерінде жарияланды.

Тек республикалық газеттер ғана емес қазақ тіліндегі майдандық газеттерде елеулі орын алады. Майдан газеттері-совет жауынгерлері мен тылда еңбек еткен халқымыздың өшпес ерлігінің жарқын шежіресі. Қазақ тіліндегі майдандық газеттері ретінде «Отан үшін», «Майдан правдасы», «Қызыл әскер правдасы», «Жауға қарсы аттан» атты газеттері шығып тұрды. Бұл газеттерде майданда, тылда еңбек еткен халықтың ерлік істері жазылып отырды. Бұл газеттерді шығару ісіне Ахмет Елшібеков, Үмітбай Балқашев, Қасым Шәріпов, Әбу Сәрсенбаев, Қалмахан Әбдіқадыров, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин сынды журналисттер, жазушылар мен редакторлар, газет  қызметкерлері мен тілшілер қызмет атқарды.

Тыл мен майдан газеттерінің материалдарынан қазақ жауынгерлерінің соғыс кезіндегі ерлік істерін, тыл еңбеккерлерінің өмір тынысын, соғыстың өн бойында майдан мен тылдың үнемі байланыста болғанын көреміз. Қазақ халқының ер жүрек қыздары мен ұлдарының Ұлы Отан соғысында көрсеткен батырлығы мен қаһармандығы біздің талай ұрпағымызға үлгі-өнеге болып қала береді.

Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ баспасөзінің орны ерекше. Себебі сол заманда бұл баспасөздер ынта-жігер беріп, жеңіске ұмтылуға шақырып, халықты рухани тұрғыда оята отырып, мықты болуға шақырса, ал бүгінде бұл баспасөздер сол заманның тарихына, тұрмыс-тіршілігіне үңілуіне мүмкіндік беретін асыл қазынамыз.

Алтынай Төлеубекова ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Фил. ғ. к. , доцент Р. С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер