...Ол кезде осы бір алып мемлекеттің бір бұрышындағы шағын ғана ауылға техника, интеграция, ғылым, тіпті діннің өзі әлі дендеп, ене қоймаған. Ауыл тұрғындары болса қарапайым тіршілігін жасап; жер жыртып, мал бағып, одан қалды диірменде бидай жинап, азды-көпті нәпақасын тауып жатқан-ды. Ауылдың түтіні түзу ұшатын үйлері некен-саяқ демесең, табиғатында тіл жетпес әсемдік бар. Ал, кеш қарайса еркектерді жын иектей ме, дүкен жағалап кететін. Бір шиша шарапты ортаға алып әр-әр жерде бас қосатын. Олардың мәйханалары да сол ауыл шетіндегі төмпешік немесе көл жағасы, кейде қорасы, бірде талдың саясы болатын. Бірілері жұмыстан келген соң ғана масаятын болса, үйдегі қатын-қалаштары: «осыған да тоба, жұрттың байына қарағанда біздің бай жұмыс істейді. Мейлің, тапқанының жартысын ішсе, жартысын үйге әкеледі. Жұрттың байы құсап не тауып жатқан пұлы жоқ, сонымен қоймай арақ деп зар қақсап жатқан жоқ» деп мақтанған болады. Бұндайда жұрт кімді меңзеп жатқанын түсінгендей Асанның өлмеусіреген шам жанған үйіне көз тастайды.
Ауыл қатындары ымырт үйірілсе болды бір — бірінің үйін жағалап «әй, біздің шалды көрмедің бе, біздікін ше» деп жоғалған малын іздегендей әр шарбақтың алдында тұратын. Сондайда байын тапқан қатындар өрістен мал айдап келе жатыр-ау деп ойлайсың. Қолына шыбық алып қисалаңдап келе жатқан үй егесін алдына түсіріп алып үйіне қарай айтақтап бара жатады. Әумесері басқа жолға түсіп бара жатса «әй, былай қарай» деп шыбығын шошаңдатып, арасында қайырып қояды. Сондайда Қияш жұрт құсап байын үй үйден іздемейді. Ол жұрттан ерекеше жота мен төбені, сүрлеу-соқпақты аралап шығады. Құдды бір ауру, құрттаған тоқтысы жатып қалды ма дерсің. Жоқ, баяғы сол ері Кесекті іздейді дә. Ол жора-жолдастарымен бір ішсе есінен танғанша ішіп алып, аяқасты үйіне қайтуды ұйғарады да тар сүрлеуді бетке алып шыққан бойда үйіне жетпей жол ортасына жамбасын төсеп домалап, ұйықтап жатады. Ол жер қатты, суық демейді, тікен бар, біреу басып кетер, итқұс жеп кетер, онымен де жұмысы жоқ. Шаршады ма «бір минут мызғып алайын» дей ме екен, сол жатқаннан мол жатып қорылдайды-ай дейсің... Ал Қияш қасына қайнысы мен ұлын ертіп алып байын жер жерден, шырылдап жүріп, қарғысын жауыдырып жатып іздейді-ай келіп. Құдай оңдап байын тапқан соң қайнысы мен ұлы оның томардай денесін әзер көтеріп әкетеді. Ауыл қатындары ол жайында сыпсыңдап өсек таратып жатқанын құлағы шалып қалса: «Құдайға шүкір, біздің бай жұрттың байы сияқты ақылын ішіп жатқан жоқ», - дейтін күйеуін жақтаған болып. Бұл жолы да оның кімді меңзеп отырғанын ауыл қатындары іштей сезетін. Баяғы Асан... Мұның бәрін естіп-біліп отырған Күлзира амалсыз іштен тынып, дастархандағы шыбын түскен топсасына телміріп отыратын да қоятын. Әкесі — Асан бар да 5 жасар қызы ойын ойнамайды. Тек ол жоқта ғана, әйтеуір әкем көріп қоймасын деген үреймен кереует астындағы қуыршақтарын шығара бастайды.
Көзі жастан құрғамаған Күлзира масаң байының мең-зең отырысына жеркене көз тастады. Дастархандағы қатқан нанды шәйіне матырып талғажау ғып отыр. Асан алайған көзін төңкеріп «Басым-ай, басым сынып барады Күлзираш, тапшы, тезірек тауып келші» деді жалынғандай. Әкесі аузын ашқалы үрей жұтқан бала әкесіне бір, шешесіне екі жалтақ-жалтақ қарап тұр. Көзіндегі мөлт еткен сәуледе «ұрыс басталды» деген қорқыныш жазулы тұрғандай.
— Өліп барам, ойбай, басым...
— Өлмесең, өмірем қап!
— Әй, сен өзі не деп тұрсың, ше-шең...
— Атауыңды ішсең, бар да жабыс!
— Бір шөлмек таппасаң ұйықтамаймын...
— Ей, сорлы-ау, үйде шөлмек түгілі тіске басар бірдеңе қалды ма?
— Қанағатсызсың, Күлзираш. Өмірге риза болу керек...
— Ризамыз, дән ризамыз... — деп мысқылдаған әйел бетін бөстекке басып тұншыға жылады.
— Бұндай берекесіз үйден кеттім... — деген Асан күндегі әдетімен тағы көше жағалай шықты. Қайдан, қалай табатыны беймәлім араққа сылқия тойып алып таң бозында оралады. Уайымнан әлі көз ілмеген Күлзира есік аңырап ашылғаннан-ақ іштей шүкірін айтып, терең бір тыныстап алады. Асан болса аяғын зорға көтеріп табалдырықты аттаған бойда үйге жеттім бе, жетпедім бе дегендей гүрс құлайды да, демде қорылға басады. Мұнысын көрші-қолаң байқап қалды ма, кім білсін ақыры бұ сыбыс Қияшқа да жетті. Ол дастархан басында көкбеттеніп Кесекке ызғарлы көз тастады: «Жұрттың байы қанша жерден ішсін үйіне кіріп, табалдырықты аттаған соң ғана құлайтын көрінеді. Ал сен сүмелек көрінген жерді төсек қып жата кетесің. Бір күні мүрдеңді көтеріп келмесек етті» , - артынан өз ойынан өзі шошып, - тфә-тфә, - деп үстелдің қырын ұрғыштады. Есін жинады ма, әлде шамданып қалды ма Кесек оған қырын қарап, зілмен «тәйт» деп қойды. Кесек кімді айтып отырғанын іштей бағамдап тұр.
Асан үйіне таңда келіп, сәскеге шейін бір мызғып алған соң, қайта арақ қамымен жолға аттанады. Ал Күлзира ақша табамын деп тауық бағып, жұмыртқа сатып, картоп, қызанақ егіп, ақыға киім тігіп, не керек, әйтеу күн ұзақ күйгелектенеді де жүреді. Қасынан қуыршақ көтерген қызын екі елі тастамайды. Қызы да әрнені түсінетін болса керек, анасына болысып, қимыл-әрекетімен оны қолдап тұрады. Кейде үйде көрген-білгенін ойынға араластыратыны бар. Бірде қызы ойыншығын масайғандай қисалаңдатып әкелді де, қарғап-сілеп ойыншығын төсекке итере жатқызып тастады. Сосын бетін басып өтірік жылады. Бұл ойынына куә болған шешесі аз-кем үнсіз ойланып терезеге қарағаны мұң екен, жол жақта қисалаңдап байы келе жатты. Бетін бері бұрып еді, ендігі қызы масайған ойыншықпен алысып-жұлысып төбелесіп жатыр екен... Есік боздаған ботаның даусындай ыңырси ашылды.
Асан тәлтіректеп, сүріне-қабына көшеде кетіп бара жатса дүйім жұрт есік алды сәкі де отырып ап: «Ее-е, Алқаш-Асан кетіп барады» деп сөз қылады. «Байқұс, келінге обал» десіп Күлзираны аяйды. Бірде қатын-қалаштардың басы орталықтағы дүкенде қосыла қап еді, бір-біріне сып-сып өсек айтып, өтіп бара жатқан Күлзираны мүсіркеген болатын. Күлзира бұндай көзқарасты жеккөргені сонша, кектенгендей басын тік ұстап, кербез амандасып өте шығатын. Сондайда Қияш оны тоқтатып алып:
— Айналайын, құрбыжан-ау, мен жаман болсын деп айтпаймын ғой, білесің. Осы Асан сені аямаған да, сен Асанды аяйсың ба? Одан да төркініңе біржола кетіп қалмаймысың? Бай деген аты ғана болмаса, қолынан түк келмейді. Кім біледі төсекте де пысық емес шығар, - деген қуақылана.
— Бетім-ау, не деп малтаңды езіп тұрсың! Бай сенікі емес, менікі. Бұл үйдің түтіні ол тірі тұрған да өшпейді.
— Жанымыз ашығаннан айтамыз дә.
— Ол енді менің шаруам... — деп Күлзира басын жүк көтергендей тік ұстап үйіне келетін де табалдырықтан аттай салысымен иығы кемсеңдеп, ағаш еденге отыра қап ал жыласын кеп.
Ал Асан күн-түнін, арман-мұратын, бағдар-жоспарын бір шөлмектен екінші бір шөлмекке жалғап жүре берді, жүре берді... Ауылда той-томалақ болса шақыртусыз-ақ еніп кетеді де бір-екі бөтелкені қойын-қонышына құшақтап шығып бара жатады. Оның ылғида араққа бола кез келген тірлікті істейтініне үйреніп қалған ауыл тұрғындары «Алқаш-Асан ананы әкел, мынаны өйт, бүйт» деп құлша жұмсап алатын да қас қарайғанда бір шиша шарап берсе берді, бермесе ол да жоқ. Қор болғаны аздай шет ауылдың бұзықтары ұрып-соғып бет-аузын көк ала қойдай ғып кететін. Қарғап-сілеген Күзира мен бір алысып алады да, шарабын ішіп ұйықтап кетеді. Ондайда Күлзира оған жаны ашып жарасын таңып, дәрі жаққан болады. Көз шырымын сәл алған соң бас жазу қамымен түнделетіп кетеді де, елең-алаңда табалдырықтан аттар-аттамас гүрс құлап, қорылдай түседі. Кезінде табалдырықта жатқанын көрген Күлзира оны сүйрелеп кееруетке әзер жатқызатын. Кейін еті үйренді ме, сүйрей белі майырылды ма, «жатпасаң, жатусыз қал» деп үстіне жамылғы жауып қоятын болды. Жамылғыны жабуды да жұмыс көрді ме келе-келе «жаурамасаң, әдірем қат» деп тиіспейтін де болды. Ауыл алқаштары басқа-басқа Асанды араларына қосуды намыс көретін. «Ол жатып ішер нағыз алқаш. Ішу мәдениеті жоқ. Ішкен соң маңдай термен, адалынан ішу керек қой» деп көсемситін. Қатындары да байларын қолдай кетіп: «Тіл-көзіміз тасқа. Біздің бай Асандай емес, ішсе де ысырап етпейді» деп бір-біріне мақтанып қалатын.
Күлзира бір күн бойғы ауыр бейнеттен денесі сіресіп кеп түн баласы ұйықтайын деп төсегіне қисайып еді, қанша жерден шаршағанына қарамастан ұйқы жарықтық жуи қоймады. Сықырлаған есікті айқара ашып байы кіріп келетін уақытты күтіп отыр. Қаншама жылдан бері Асанды осылай күте-күте еті де үйреніп қалған. Ол келген соң ғана көз шырымын ала алады. Бірақ бүгін Асан күндегіден кешікті ме, әлде қатты шаршады ма таң әлетінде әне келеді, міне келеді деп сандырақтап жатып ұйықтап кетіпті. Бірнеше сағаттан соң көзін ашса күн шақырайып терезеден түсіп тұр. Түс боп қалған көрінеді, кіреберісте Асанның қарасы жоқ. «Ойбай-ау, бұл бар болғырды жер жұтып қойды ма, әлде келіп, қайта кетіп қалды ма» деген оймен есіктен сыртқа шыға бергені сол көрші Жантас жүгіріп келіп:
— Жеңге, жездемнің мәйіті ауыл шетіндегі сартап жолдан табылды. — деді аяқ асты көктен жай түскендей абдырап. Осы кезде Күлзираның не сезінгенін тап басып айту қиын. Нешеме жылдан бері көз жасы құрғамаған ол бұл жолы жыламады. Сұп-сұр болып, қан-сөлсіз міз бақпай тұрды да қойды.
Күлзира жерлеуден соң, ешкіммен қоштаспай ауылдан біржола кетті. Автобустың терезе жағында отырған қызы ойыншығын тізесіне қойып алып: «тш-ш-ш, ұйықтай ғой, әкешім, демала ғой, көкешім» деп еркетелете тербетіп отыр. Ауыл тұрғындары шаңдатқан сары автобусты көздерімен шығарып сап тұр. Ал сол сәт Алқаш-Асан үйінің есігінде үлкен қара құлыптың тесігінде жасырынған түн бар демесең, табалдырығына күн сәулесі еркін түсіп тұрған-ды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі