Қойсары батыр жалғыз өзі жолаушылап келе жатып, жолшыбай керейт руының ауылына тап болыпты. Сусын ішкісі келіп, бір үйдің қасына атын байлап, үйге кіреді. Сусын ішіп болып сыртқа шықса, жаңа өзі байлап кеткен аты орнында жоқ болып шығыпты. Әлгі үйдің ұрынарға дау таппай, ұрысарға жау таппай жалаңдап отырған екі жігіттен атының қайда кеткенін сұраса, олар: «Әй, шал, сен не деп тұрсың? Біз атты көрген жоқпыз, бізге пәле жапқың келіп тұр ма?» — деп айқайлапты.
Батыр оларға: «Мен сендердің ойнайтын адамдарың емеспін, тез атымды тауып беріңдер» десе, олар: «Жаның тірі қалсын десең, аман тұрғаныңда еліңе қайт!» — дейді. «Саған еліңе жететін бір ат берейік» деп бір мәстекті әкеліп беріпті. «Жарайды, мен кетейін, бірақ бір жылдан кейін келемін, соған дейін атты тауып қойыңдар?» деп үш рет ескертіпті Қойсары.
Бір жылдан кейін Қойсары батыр ауыл-аймағын жинап, болған уақиғаның мән-жайын айтып: «Енді керейттер ауылына барып келуге кім маған серік болады?» — десе, ешкім үндемейді. Сонда Қойсары батыр жиырма жасар, арқасы жерге тимеген палуан Пұсырманды атқосшы етіп алып жолға шығады. Неге екені белгісіз батыр ешқандай қару-жарақ алмапты. Екеуі керейттердің ауылына жақындағанда, ауыл маңына жайылып жүрген қалың жылқыны аралап өтеді. Былтырғы аты жоғалатын жерге, екі ағайынды керейттер үйінің алдына келіп тоқтайды. «Ал, Пұсырман, сен аттарға ие бол, айырылып қалма», — деп қатаң тапсырып, батыр ішке енеді. Үйдегілермен амандасып болған соң жігіттерден: «Былтырғы менің атымды таптыңдар ма?» — деп сұрайды. Ешкімге теңдік бермейтін бәлеқор ұрылар батырға тарпа бас салады. Айқай-шу шығарады. «Әй, балалар байқаңдар, мен сендердің ойнайтын адамдарың емеспін», — деп сыртқа шығып, атына мініп жүріп кетеді. Жаңа ғана ауылға келерде өздері аралап көрген жылқылар жатқан жерге соғады. «Ал, Пұсырман, мына жылқылардан он бір тұяқ жылқыны бөліп алып ауылға айдап кетейік», — дейді. Екеуі он бір тұяқ жылқыны үйірден бөліп алып, алдарына салып айдап бара жатқанда, олардың арттарынан он-он бес атты адамдардың қиқулап қуып келе жатқаны көрінеді. «Сен жылқыларды айдап кете бер, мен оларды тосып алайын», — деп батыр атының жүрісін баяулатады. Пұсырман жылқылармен бір төбенің басына көтерілген сәтте, арт жақта не болып жатқанын көргісі келіп кідіріседі. Сөйтсе, аты жүйрік бір қуғыншы батырға жетіп келіп найзасын Қойсарының арқасына сілтейді. Сонда батыр найзаны қолымен ұстап алып, атын тебініп қалғанда, қуғыншының найзасы қарсыластың қолында кетеді. Батыр атының басын кілт бұрып, қуғыншыны найзамен шаншып өлтіреді де, Пұсырманға қарай жүре береді. Ал арт жақтан келіп жеткен қуғыншылар жерде өліп жатқан қандастырын қаумалап тұрып қалады. Бірақ ешқайсысы Қойсарыға қарай беттеуге бата алмайды.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі